Салт - дәстүр сөйлейді: Асты «біссіміллә» деп баста!
«Асты біссімілләсіз жеме» деген тыйым бар. Діни кітаптарда біссімілләсіз ас Ібілістің қорегі делінеді. Бұл жайында мынадай аңыз бар.
Ертеде Әбіл қой бағып, Қабыл егін егіп, тынбай еңбек етіпті. Қарындары ашып, тамақтанар кезде қастарына Ібіліс келіп «маған да үлес тиіп қалар ма екен?» деп дәмеленеді екен. Әбіл асына «біссіміллә» деп қол созғанда, шайтанның үміті кесіліп:
– Қап, бүгін жолым болмады. Тамағына ортақтасам деп күні бойы жанында жүріп едім. «Біссіміллә» деп асты адалға айналдырды. Маған бұл жерде орын жоқ, – деп ызаланып кетіп қалады екен.
Қабылдың жанына келгенде, ол асты қалай болса солай жей береді екен. Қабылдың осы қылығын шайтан жақсы көріпті. Біссімілләсіз асқа Ібіліс те келіп ауыз салыпты. Қабылдың Әбілді өлтіруіне осы жағдай әсер еткен екен. «Біссімілләсіз жеген ас – Ібілістің тамағы» деген сөз осыдан қалған деседі.
Шиш пайғамбарға Адам ата: «Құттың басы – біссімілләда. Құт жұқсын десең, Құдайға шүкіршілік етіп, бетіңді сипа!», – деп өсиет айтады. Содан бастап Шиш өсиетті қаза етпей, дәстүрге айналдырыпты.
Ібіліс қарғыс қамытын киген кезде Тәңірден дат сұрыпты.
– Датыңды айт, – дейді Құдай.
– Ұзақ жыл құлшылық еттім. Сендей Ұлық Аллаға құлдарының еңбек ақысын қайтармау лайық емес. Соның өтеуін бер, – дейді.
– Не сұрайсың? – дейді Құдай.
– Мені дәргейіңнен қуып, Адамға баспана бердің. Енді менің баспанам қайда болады?
– Монша мен дәретхана – сенің мекенің.
– Дәргейіңде жүргенде құлшылық қылатын жерім бар еді. Енді оны қайдан табамын?
– Базар атаулы сенің құлшылық орның болар.
– Адамға оқу үшін Құран бердің. Маған не бересің?
– Сыпсың сөз, өсек - аяң сенің қасиетті кітабың болар.
– Адамға қорек үшін дәм - тағам бердің. Менің тамағым қайда?
– Біреу «біссімілләсіз» ас ішсе, дастарқанда бата қайырмаса, сол ас саған бұйырсын! – депті.
Ібіліс алған олжасына масайрап, Құдайдың дәргейінен қуылып кете барады. Содан бері өзімнің қорегімді жеймін деп, әр үйдің дастарханын аңдиды екен. МәшһүрЖүсіп Көпейұлы жырлаған аңыз нұсқасында Ібіліс:
– Жаралған әурелікке менің басым,
Не керек мұнша дәурен сүрген жасым?
Ac, қорек адамдарға тағам бердің,
Кәнеки, ішіп - жейтін менің асым?! – деп сұрайды. Сонда Тәңір3сі:
– Еңбегін еш пенденің жемейміз біз,
Өз пиғылың болып тұрған өзіңе кез.
Тағамың сенің, малғұн, осы болсын:
Ac ішсе егер біреу біссімілләсіз, – деп жауап берген екен.
Тағы бір аңызда Ібіліс барлық шайтанды жинап:
– Бүгін тойға барамыз, тамаққа тоямыз. Бала - шағаны түгел жинаңдар! Бір пақыр той жасап жатыр. Өзі дінге әлсіз, тыйым - талапқа салақ. Қарын бір тойса, соның дастарханынан тояды, – дейді. Барлық шайтан қуанып, тойға асығады.
Тойда тойбастар басталып, әулеттің сөз ұстайтын беделді ақсақалы алға шығады да:
– Біссіміллә, – деп сөз бастапты. Бұл сөзді естігенде Ібіліс:
– Қап, бұл ас бізге бұйырмады, – деп шарасыз хәлде отыра кетіпті.
Бұл жайында жыр - дастандарда:
Айтылған имамдардан кітаптар көп,
Бәрінің басында бар біссімілләсі.
Дүниеде жүргенінде әрбір адам
Айтпастан біссімілләні ішсе тағам.
Қосылып шайтан лағин бірге ішеді,
Ада ғып болғанынша бәрін тамам, – деп айтылады.
«Қисса сүл - әнбия» аңызында Нұх пайғамбардың «біссіміллә» сөзімен Құждың қарнын тойдырғаны айтылады.
Құж кесір мінезді, оң істі терісінен істейтін қыңыр болыпты. Ұзын бойы таудан асып, бұлттар алқа сияқты мойнына киіліп тұратын. Жалғыз өзі таудың үңгірінде жататын. Құждың бір ғана қайғысы – қарнын тойғызу. Ішегі тәулік бойы шұрқырап тұратын. Ертелі - кеш орманнан отын шауып, нәпақасын айырып жүреді. Бірде Нұх Құжды шақырып, ағаштарды тасып беруін өтінеді. Сонда Құж:
– Қарнымды тойғызсаң, ағашты тасиын. Тойып тамақ ішу – маған арман. Майлы ас жеп, қарным жұбанған емес, – дейді.
– Айтқаның болсын! – дейді пайғамбар. Құж ертесіне Нұхтың ағаштарын тасып берді. Жұмысы біткен соң, Нұх оның алдына бір шелпек әкеліп қояды.
– Өй, мынауың жұмырыма жұқ болмайды ғой, – деп Құж ашуланады.
– «Біссіміллә» деп же, сонда тоясың! – дейді пайғамбар. Құж «біссіміллә» деп шелпектің жартысын жегенде тоқтығы білінді. Жартысын қалтасына салып алды. Қарны тойғанына мәз болып, жөніне кеткен екен.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Салт - дәстүр сөйлейді: Асты «біссіміллә» деп баста!
- ramuk_b
- 24 қыркүйек 2024
- 184
- 0
- 0
Ілмек сөздер: салт-дәстүр, асты біссіміллә деп же, аңыз әңгіме, дін
Ұқсас жаңалықтар:
Салт - дәстүр сөйлейді: Сәлемдесу үлгісі
Пайғамбар миғраждан үмбетіне тоғыз қасиетті зат әкеліпті. Олар: жастық, жайнамаз, бөрік, шапан, орамал, намаз, дастархан, Құран, сәлемдесу үлгісі...Салт - дәстүр сөйлейді: Тұсау кесу
Тәңірі тағала Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жаратып, жер бетіне жібереді. Олар өте ажарлы, сұлу болған екен. Бір - бірін ұнатып қалады....Құмырсқаға тиіспе
Қазақ халқы құмырсқаға құрметпен қарайтын болғандықтан, оны жөнсіз өлтіруге болмайды деп санайды. Себебі құмырсқа діни аңыздарда Нұх пайғамбардың...Сақалымды сипама
Алла тағала ең алғаш жер бетіне иелік ету Әбілет пен Тәбілет деген екі мақұлықты жібереді. Оларға қақ тастан үй салып беріп: Сендерді жер бетіне...Ашына атауы
Әбілет пен Тәбілеттің алғаш туған баласы Ібіліс екен. Онан кейін Ашына деген қызды туыпты. Артынша Дию мен Жын деген егіз баласы дүниеге келіпті...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.