Жатсынғаным жанашырым екен
Иманипедагогика - көшпелі мәдениет пен түркі өркениетінен рухани бастау алатын қазақ халқының ұлттық болмысына, халықтық тәжірибесіне сай балалар мен ересектерді тәрбиелеу, дамыту заңдары мен заңдылықтарын зерттейтін ғылым. Ол - кемел кісі қалыптастыру, имандылыққа, ізгілікке, еңбекке және өмірге баулу қатарлы тәлім - тәрбие беру қазақтың ілім - біліміне сүйенеді, олардың ұстаным қағидаларын басшылыққа алып, заманауи тәрбиелеу, дамыту жолдарын айқындайды, келешегіне бағыт - бағдар береді. Имандылық тәрбиенің бүкіл жүйесі гуманистік мазмұнға толы, рухани негізде жеке адамның жан - жақты дамып жетілуіне бағытталған. Алайда, иманипедагогика - ислами педагогика, гумани педагогика және этнопедагогикалардың жәй көшірмесі ғана емес, сондай - ақ материалистік педагогиканың заманға лайықталған жаңа атауы да емес. Иманипедагогика - заманауи тәрбие теориясы. Ол осы дәуірдегі іргелі педагогикалық ілімдердің бір арнаға тоғысуы. Анығырақ айтқанда: Материалистік педагогика, Гумани - педагогика, Этнопедагогика, Исламипедагогика ғылымдарының заңды байланыстарына сүйеніп, олардың өзара ықпалдасуынан туған синтездік ғылым.
Иманипедагогика əлеуметтiк жəне қоғамдық жағдайлардың ықпалымен орныққан ұлттың өзiне тəн тəрбие саласында қалыптасып, жүзеге асқан өзiндiк ерекшелiктерiнде: дiни iлiмдерде; халық шығармашылығында; отбасы өмiрiнде; тұрмыста; салт - дəстүрлерде орын алған халықтың жалпақ жұртты тəрбиелеу мен үйрету (оқыту) туралы бiлiмiн, халықтың бүкiл даналығын, сондай - ақ кісінің əлеуметтiк жəне тарихи - мəдени тұрғыда қалыптасуына ықпал ететiн философиялық, этикалық, педагогикалық ой - пiкiрлерi мен көзқарастарын зерттеу барысында қалыптасқан педагогикалық қағидаларын, ережелерiн, заңдылықтары мен принциптерiн, құралдарын, əдiс - тəсiлдерi мен амал - жолдарын жинақтап, жүйеге келтiредi, зерделейді.
Тәрбие процесінде мұғалім, мектеп, отбасы және қоғамдық ұйымдардың күш - қуатын үйлесімді педагогикалық бірізділікке бағыттау. Тәрбиенің әлеуметтенуі, әлеумәлеуметтік педагогиканың қажеттілігі өте артқан мына заманға сай, қай педагогика болмасын жеке дара қызмет ету мүмкіндігі мүлдем болмай қалғанын ескеріп, иаманипедагогика барлық адамтану ғылымдарымен тығыз байланыста болады. Иманипедагогика - бауырмалдық ынтымақ береке педагогикасы болуы тиіс. Қазақтың отбасылық педагогикасы имандылық педагогикасымен өте жақсы үйлеседі. Айталық: әулет педагогикасында елжандылық - туысжандылық, ауылжандылық, ружандылық, ұлтжандылық деген сатылармен қалыптасады.
Иманипедагогика осы ұстанымды тура басшылыққа алады. Алайда оның көшірмесі емес. Анығырақ айтқанда иманипедагогика - отбасылық қазақ педагогикасын, этнопедагогиканы, гуманипедагогиканы, материалистік педагогиканы ығыстыруды көздеген тәрбие теориясы да емес. Бір дәуірде тәрбие теориялары жеке бағыт алып, өте дәлдікпен салаланып, тармақталып дамығаны белгілі. Ендігі бір дәуір де олар қайта бірігіп ұштасу дәуірі болуға тиіс деген ұстанымды басшылық етіп, оларды бір арнаға бейімдеу үшін жасалып отырған талпыныс. Әлем педагогикасында ондай үрдіс осы күннің өзінде бар. Ал, шындыққа келсеңіз қазақтың отбасылық педагогикасы - иманипедагогика болатын. Иманипедагогиканың осы бағытты ұстануының басты себебі, тәрбиелік іс әрекеттер әлеуметтік тәрбиелік институтары мектеп, медіресе, білім ордасы, сонымен қатар мәдениет өнер шаңырақтары қатарлы сан - салалы қоғамдық мекемелерде: музей, кітапхана, театр т. б. әдебиет және мәдениет, техникалық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдар жүйесі арқылы жүзеге асырылып жатқандықтан қоғамның барлық қатпарына бірдей етене араласып кіріге алатын педагогикалық көзқарастың жалпыға ортақ үлгісі қажет болды. Осы қажеттілікке сай иманипедагогика өмірге келді. Оны қоғамдық орта жатсынбай қабылдауда.
Қазақ тарихында топқа кіріп сөз бастаған билер мен шешендердің, атқа мініп қол бастаған батырлардың, ұлтын ұйытып ел бастаған көсемдердің, ақыл - парасатымен даналығы арқылы әлемге танылған ғұламалардың барлығы дерлік - қазақ дәстүріндегі ұлттық тәрбиенің жемісі. Қаныш атаның сөзімен айтқанда «оқымаған академик әжелер мен аталардың» алдын көріп, үлгі өнегесін алып, біліміне қанығып, Ана және Дана мектептерін
бітірген, Дала консерваториясын тамамдаған өнер иелері, Жыраулық және Ақындық академиясының түлектері; философ - жырау, әнші - ақын, сері - сал, т. б. қазақтың ақылман ойшылдары, әулие абыздары, көріпкел білгіштері, бақсы - бәлгері, адамтанушы сыншылары, шипагер - тәуіптері, тарихшы - шежірешілері, дін күтіп, жалпақ жұртқа иман таратқан пірлері бәрі - бәрі - Қазақ Педагогикасынан нәр алған, оның ұлт өкілін қалыптастыру қазанында қайнап пісіп, өңделген, шыңдалған - КІСІЛЕР. Олардың тәрбиелік үлгі өнегелері, білімдері тым терең, шексіз аумақты, өте асыл қазына. Осы қазынаны зерттейтін педагогика ғылымының бір саласын - ИМАНИПЕДАГОГИКА деп отырмыз. Қазақ халқының жалпы ұлттық қасиетті ұғымына айналған имандылық сөзінің түп төркіні мен ілкі бастауының да мұсылман дінімен тоқайласып жататындығы белгілі. Иман ұғымы әуел баста Құран арқылы адамдардың санасына сіңсе де, уақыт өте келе халықтың ежелден қалыптасқан салт - дәстүрімен, таным - түсінігімен, наным - сенімімен біте қайнасып, жаңа бір сапалық деңгейге көтерілген ұғым. «Имандылық» деген ұғымның аясына бір Аллаға деген сеніммен бірге адам бойындағы барлық ізгі қасиеттер жатады. Қазақ барын қанағатпен пайдаланып, сабыры мен шүкірін тең ұстаған адамды «иман таразысы түзу» деп айтады Имандылық - біздің ұлтымыздың адамгершілікке қатысты негізгі өлшемі. Халық түсінігіндегі иман сөзі діни шеңберден шығып, жалпы ұлттық, бүкіл адамзаттық құндылықтарды қамтитын ауқымды дүниетанымдық категорияны білдіреді
Иманипедагогикада тәрбиелеудің түпкі мұраты - кемел кісі қалыптастыру болып табылады. Кемел кісі қалыптастыру іс - әрекеті ұзақ уақыт бойында, ыждаһаттылықпен жүргізілген педагогикалық кешенді процесстің нәтижесінде жүзеге асады. Ол бірнеше кезеңдер мен белестерді басып өтіп, дамудың сан - салалы сатыларын бастан кешіріп, түпкі мұратына жету жолында алдына ашық айқын мақсаттар қояды. Осы мақсаттың алғашқысы -«иманды ұл, ибалы қыз» тәрбиелеу болмақ. Иманды ұл, ибалы қыз балалық шағында(3 - 15 жас аралығында) мына үш адами сапаны игеруге тиіс.
Бірінші. Жаратушыдан берілген ақыл - парасаты молығып, нұрлануы шарт. Көкірек көзі ашылу басталып, ақыл көзі айқындала түсу керек. Бұл оқу - тоқу жасалмаса, оның интеллектуалдық дамуы жасалмаса иманды ұл, ибалы қыз қалыптаспайды. Осы заманғы ғылымның анықтауы бойынша Адам интеллектісінің 40 - 50% бес жаста, 60 - 70% жеті жаста, 9 жаста 92%- ға дейін және 15 жаста толық қалыптасады. Қазақта осы жастағы балалардың интеллектісін қалыптастыратын арнаулы ойын - ойыншық, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақ (оның өзі бес бағытта), ертегі, есеп, әңгіме бар екен. Бұларды жинақтап, іріктеп, зерделеп, отбасында, балабақшада, мектепте оқытып үйретіп, пайдаға асырушылар да бар.
Екінші. Кемел кісі қалыптастыру қазақ ілімінде адамның әрбір даму кезеңінде, жасының ерекшелігіне сай игертуге тиісті биязы әдеп, жібек мінез дағдылары бар олардың игерілу дәрежесіне қоятын талап, игерілу дәрежесін сынау амал - айласы өте айқын болған оны бақылап байқап, сынап тексеріп отыратын жүйелі безбендеу әрекетін қатаң ретпен жүзеге асыратын. Айталық, бала 3 - 13 жас аралығында биязы әдепке жаттықпаса, жібек мінез игермесе, дағдыланбаса әдепті өз бетімен ізденіп, қалауы бойынша кез - келген ұлттың әдебін бойына сіңіреді. Оны қайыра түзеу қиынға соғады. Әдеп пен мінез «қайта тәрбиелеуге оңай көнбейтін» сезім. Бұл турасында талай келеңсіздікті бастан кешіріп келеміз. Әлі де, секем ала қойған жоқпыз. Соңы қайырлы болсын делік.
Үшінші. Иманипедагогиканың ең елеулі бір заңдылығы баулу іс - әрекеті - бір ізді, сабақтас әрі жүйелі болу керек. Осы заманғы отбасында, балабақшада, мектептегі тәрбиелеу ісінде жүйелілік жоқ. Әр сатылы мектептің әр сыныбына аталмыш оқу жылында биязы әдеппен жібек мінездің қандай үлгілерін ұқтырып үйретіп, келесі сатысында қандайын үйретуге тиісті екені белгісіз, жоспарсыз, бағытсыз, есепсіз күн кешуде. Үйретіп ұқтырғанымыздың қаншасы қай оқушының бойына қаншалықты сіңгеніне бағам жасауға тіптен дәрменсізбіз. Солай бола тұра, «биязы әдеп - адамшылық айнасы», «жібек мінез - бақытқа жету бастамасы»- деп сарнаймыз.
Имандылық, ізгілік, сүйіспешілік - иманипедагогиканың асыл өзегі. Тәрбиелеу қазақ ілімінде мынандай тұжырым бар: «Басына бақ жұғысып, құт қонатын қазақтың ұлы құлықты, қызы қылықты келеді. Себебі - қазақ, Алладан сұрап, қалап алған ұрпағын олар қанша көп болса да, «Алла аманаты, Тәңір сыйы»,- деп көріп, оларды -«Сүйіспеншілік бесігіне бөлеп, Махаббат жөргегіне орап, Мейірім уызымен ауыздандырып өсіреді.» Сондықтан қазақ баласына сүйіспеншілік, махаббат, мейірім, сыпайылық, имандылық қатарлы асыл қасиеттер ана сүтімен беріліп, дамып жетіледі. Қазақ ұрпағын жетімсіретпейтін, тіптен уақытша болса да сәбилік шағында бөгдеге асыратып бақтырмайтын себебі осында. Жастай жетім өскен ұрпақ аталмыш бесікке бөленбей мейірімділік уызына жарымайды.«Мейірімділік - мылқаулар сөйлей алатын, кереңдер ести алатын тіл»»,- дегенге жүгiнсек, iзгiлiк қазақтың қанында бар қасиет екендігіне көзіміз әбден жетеді. Сүйіспеншілік аталатын нәзік сезімнен көптеген адами сапалар туындап, махаббат алақанында әлпештеніп, жайсаң мінездер қалыптасады. Перзенттік борыш, ата - аналық махаббат, туысқандық мейірім, достық мейірім, ұлтжандылық, отансүйгіштік, елжандылық, бауырмалдылық - осы асыл қасиеттің тарамдалып жетілуі, көгеріп көркеюі - ізгіліктің, сүйіспеншіліктің шынайы көрінісі. Бұл басқаның беретін бағасы, қайрымдылардың тартар сыйы емес. Ал адамның жан дүниесі сүйіспеншілік болғанда ғана өзгеріске түседі. Сүйіспеншілік қорқынышты білмейді, сүйіспеншілік өтірікпен өш. Сүйіспеншілік тілдің ұшында, ақылдың шыңында емес – ол жүректің төрінде. Сүйіспеншілік кешірімділер мен жаны жомарттармен бірге, өзімшілдік ала берсем деп ойлап, жақсылықты тез ұмытып кететіндермен сиыспайды. Сүйіспеншілік - барлық руханилықтың тамыры, барлық шығармашылық пен ізденістердің мәні, барлық талпыныстардың қиылысқан тұсы, адамдардағы шабыт көзі. Қиянат жасамау, яғни басқаларға зиян келтірмей өмір сүру - бұл сүйіспеншілік пен ынтымақтастық рухы, кешіре білу, қайырымдылық, қоршаған орта мен өзгелерге қамқорлық, бауырмалдық және теңдік сезімі ұлттық сана, өзгелердің мәдениеті мен түрлі рухани дәстүрлеріне деген құрмет. Ұлттық рух - ұрпақ тәрбиесінің арқауы. Ұлттық рух дегеніміз - өз ұлтыңа деген ерекше сүйіспеншілік. Ол сүйіспеншілік қайдан пайда болады? Егер де ұлттың топырағында туып өссең, оның тәніңе сіңірсең, тілін меңгерсең, тарихын, мәдениетін, әдет - ғұрпын білсең сүйіспеншілік пайда болады. Жалпы, Сүйіспеншілік атты адамның асыл қасиеті Жасағанның сыйлаған нәзік сезімі, ерекше несібесі. Оның нышаны тілі шықпаған «жанды бақа» нәрестеден де сезіліп тұрады. Сүйіспеншілікті Яссауи бабамыз, Абай данамыз Аллаһты танудың жолы, оны «көрудің» ерекше көзі десе Шәкерім атамыз Әлемді танудың, саналы іс - әрекеттің басы деп көрсетеді. Қазақтың зеректігі дін мен ділдің, тіл мен сөздің, өмір мен тарихтың, ұлт пен ұрпақтың қасиетін біріктіретін қабілеттің рухына қол жеткізе алуында. Бұл деңгейде бабаларымыздың өмір сүруіне ықпал еткен бір ғана қасиет тектілік, қанағатшылдық ұғымы. Барлық ізгі қасиеттерді тізбелегенде, «кісілік» деген бір - ақ ауыз сөзге саяды. Өйткені, бұл сөздің өзі адамның бүкіл болмысын ашып беретін ұғым. Яғни, адамгершілік адамға ғана тән сипат. Әрбір ақыл иесі бойындағы адамгершілікті басты ізгі қасиет деп санаса, сол адамгершіліктің тұғыры имандылық болып саналады. Иман - қазақ халқының рухани дүниетанымындағы парасат пайымымен сабақтасып жататын өте кең өлшемді ұғым. Ата - бабаларымыздың ақиқатқа жетелер сенімінің де басты тірегі - осы. Барлық бет - болмысының, мінез - құлқының айнасы. Имандылық(атауы әр түрлі болғанымен)- барлық наным - сенімдерге ортақ ұғым. Адамдардың діни сеніміне байланысты, имандылықты алалауға болмайды. Қай діндегі болсын адамдардың баршасын имандылыққа баулу қажет. К. Д. Ушинский өнегелі тәрбиеге үлкен мән берген, оның негізін дін деп санаған. Дінді ол, ең алдымен, өнегелі тазалықтың кепілі деп түсінген. К. Д. Ушинскийдің «Тәрбие халықтық ілтипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» - дейді. Иман ұғымы бізде ұлттық сипатқа ие болған. Имандылық - ұлттық шеңберде шырмалып қалған тар ұғым да емес. Имандылық - қазақ үшін, жалаң ислами ұғым да емес. Ол наным - сенім ретінде, қашаннан бар, ұласып келе жатқан түсінік. Асылында, исламдық иман ұғымымымен астарласып іштей қабысқан қазақтың дүниетанымдық сенімі, тарихи даму барысында өзіндік имани әдет - ғұрып, салт сана, әдеп - ереже қалыптастырып, қазақи иман ұғымын өмірге әкелді. Қазақтың бұл ұғымы, ой - пікірлері, түсінігі жалғасып, сабақтаса отырып санаға сіңіп, имани қазақ дәстүрін түзді. Тарихи даму барысында ол жүйеде өзгеріс, даму, іркіліліс, сондай - ақ бұлқыныс, сілкініс болғаны да рас. Алайда, ұлттық тамырынан мүлдем арылып, сабағынан үзілмегендіктен, адамдар арасындағы қатынас, жұрттың күнделікті өмір тіршілігінен олардың көрініс беріп отырғаны баршаға аян.
Иманипедагогикада текті жан (үш жастан) қырыққа дейін (кей нұсқада 45 - ке дейін) қалыптасып, жетіледі. Қырық жас - қынынан суырылған қылыштай жарқыраған, ақыл - естің толысқан, қүш - қуаттың молайған, өнер білімнің өрістеген мезгілі. Қырық жас - Мұхаммед (с. у. с.)- ға пайғамбарлық қонған жас, Алла Тағаланың адам денесін өз қолымен саз балшықтан илеген уақыты. Ер жігіттің қамал бұзар толысқан жасы. Ал, ғылым бойынша: Кісі - ержеткен, бұғанасы қатқан, ақылы толған, өз ісіне өзі жауап бере алатын, өзінің дүниеге көзқарасы бар адам. Кісі әлеуметтік іс - әрекет иесі ретінде өндірістің, қоғамдық қатынастың, қоғамдық сананың субъектісі болып табылады. Тұлға - әртүрлі дәрежедегі қоғам топтарының да жауапкершілігін өзіне ала алатын кісі. Иманипедагогикада тәрбиелеу дегенді біздің осы күнгі түсінігімізден бөлекше сипаттайды. Ол бойынша: ізгілікті іс - әрекет, ниет, көмек – тікелей жүргізілген татымды тәрбие. Оның орны тым бөлек. Қазақтың тәрбиелеу ілімінде алтын әріппен жазылған қағида мынау: «Тәрбиенің пәрменділігі мектептің, жанұяның, әлеуметтік ортаның балаға, жалпы жасқа мінез - құлықтың пайдалы дағдылары мен әдеттерін қалыптастыру туралы қаншалықты қамқорлық жасалуына байланысты.»Қамқорлық шанақты, пәс болса, тәрбие нәтижесіз, жұтаң не көлгір келеді. Фараби бабамыз: «... тәрбиелеу дегеніміз қамқорлық жасау»- десе ата бабамыз тәрбиелеуді – баулау – деген. Баулау - баптау, жәй - күйін келтіру. Жасөспірімдер биязы әдеп, жібек мінез игеретіндей, көкірек көзі ашы - латындай олардың жәй - күйін келтіріп, қамқорлық жасап аяласаң еңбегің далаға кетпейді. Ізгілік педагогикасының ұлттық мәні осында жатыр. Иманипедагогика тұп тура осы заңдылыққа сүйенеді. «Жақсы ниет – ниет қана қарасаң, дұрысы оны іс қылуға жарасаң»деп Ж. Баласағұн атамыз айтқандай, әрине, ізгі жолда әрқашан дұрыс іс - әрекет жасау керек.
Иманипедагогикада отбасы – адамзат ұрпағы үшін еш нәрсемен салыстыруға жатпайтын алтын діңгек, қасиетті өмірлік мектеп. Мектеп деп баланың ақыл - парасаты мен ой - өрісін жетілдіретін тәлім - тәрбие алатын орданы, ошақты, ұжымды айтамыз. Мәселен өмірлік мектепке отбасы, ошақ қасы, той мереке, ойын сауық алаңы, медіресе - мектеп, еңбек мейрамы, ақындар айтысы, кітапхана, музей, жастардың техникалық үйірме өткізетін немесе спорттық жаттығулар жасайтын ордалары, спорт алаңдары бәр - бәрі жатады. Қазақта мұндай мектептер көп болған, кәзір де жұмыстап жатқандары баршылық: Ақсақалдар мектебі, Қарашаңырақ мектебі, әжелер мектебі, ана мектебі, жеңге жезде мектебі, т. б. Баланың алғашқы тәрбие алатын мектебі – отбасы. Барлығына қойылатын талап мынау: балалардың, жастардың, ересектердің ақыл - парасаты мен ой - өрісін жетілдіруге, оларға дене және патриоттық, сондай - ақ, жалпы тәлім - тәрбие беруге асқын мүмкіндік жасалған, қайырымдылық пен мейірімділікке малшынған, жағдайлы жәй - күйдің толық болуы. Ол - мәжбүрлеп білім беріп, тәрбиелейтін орын емес. Жәй - күйі, мүмкіндігі шәкірттің өз бетімен ізденіп білім алып, тәрбиеленуіне Он мүмкіндігі толық «мектептерде» кейде ұстаз да болмайды. Шәкірттер қаласа, әрине қасынан табылады ғой! Жұмыр Жерде ондай мектептер көп болмаса да жұмыстап тұр. Ыбырай атамыз: «бала тәрбиесі оның табиғи ортасы мен халқының салт - дәстүрі рухында тағлым болса, оның сана - сезімінің дамып, жетілуі де ұлты мен халқына қызмет ететін көкірегі ояу, тұлға болып өседі» деп, сонау заманда айтып көрсетіп, ескертіп түйіндеген екен. Атамыздың айтқаны осы заманға дәл келіп тұр. Оны жатсынар жоқ.
Қобдабай Қабдыразақұлы (ғалым - жазушы) 01. 03. 19
Жатырқағаным, жанашырым екен
- Абай аға
- 1 наурыз 2019
- 1504
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Заманауи тәрбие теориясының ғылыми негізін баяндаған мақала
Ұқсас жаңалықтар:
Көпірме адамгершіліктің зияны көп
Көпшілік сұранысына ие бола бермейтін көпірме адамгершілік ілімдерінен аулақ болуға үндеген мақала....Ұрпақ тәрбиесі - ұлттық педагогика негізінде
Қазіргі заман талабына сай мен де оқушыларды тәрбиелеуде халықтық педагогиканы басты бағдар ретінде ұстанғанымыз жөн болар еді. Қазіргі заман...Отансүйгіштік және рухани адамгершілік тәрбиенің бастауы - балабақшада
Қызылорда облысы, Әйтеке би кенті, №2 «Айгөлек» балабақша әдіскері Жалмагамбетова Кунасыл Исламовна...Тәрбие туралы көзқарасым
ШҚО, Риддер қаласы, «№14 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бастауыш сынып мұғалімі Ибраева Гульмира Тельмановна...Адамгершілік – асыл қасиет
Адамгершілік — бұл рухани тәрбие. Адамгершілік - адам бойындағы ең асыл қасиет және адамзат баласының ең жоғарғы мақсатына бағытталады....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.