Сайтқа кіру Тіркелу

Қыз жібек жыры

Мен сөйлеймін, жарандар,
Тыңдап құлақ салыңыз.
Аз әңгіме қозғайын
Келгенінше қалымыз,
Зекетсіз болса пайда жоқ,
Қасықтап жиған малыңыз.
Қыз Жібекті тыңдаңыз,
Замандас еркек, ұрғашы,
Ақ сақалды шалыңыз.
Жүсіпбек қожа жырласа
Қыз Жібектің сөзінен
Енді әбден қаныңыз.

1
Басында менен жайылды
Қиса болып Қыз Жібек
Бас - басына қарасам
Бәрі жала әзінің
Еңіреп жылап жүр жүдеп:
Басында менен шыққанда
Тыңдаған адам жылаған.
Сүйейін мұны бір демеп,
Қисығын қайта түзейін,
Аруақтарың бар болса
Сіздер де мені жүр жебеп.
Осыны бұрын баспаға
Кім жазғанын білмеймін.
Қисынсыз болған сөздері
Жыламақ түгіл күлмеймін,
Мыңнан озған жорғамын
Ұлы дуға салғанда
Қамшыласаң желмеймін.
Қисайғанды түзеткен
Басында тәңірім жаратты,
Әр нәрсеге бір себеп
Қиса қылып жазып ем
Әуелі бұрын басында.
Қайғылықпен жазып ем.
Үйсінге алғаш келгенде
Жиырма үш жасымда
Сол кездердің уақытында
Бар еді қайғы басымда.
Бір күндерде қарасам
Баспа бопты бұл Жібек
Қисынсыз кетіп сөздері
Баспаға жазған адамның
Әр сөзіне қарасам
Ноғай ма екен өздері.
Қазақшаға түсе алмай,
Далаға көбін жіберген
Әйтеуір бар іздері
Егер қазақ жазғанда
Жоқ па екен деп айтар ем,
Басындағы көздері.
Ал тыңдаңыз жарандар
Өзге сезді қоялық.
Қыз Жібектің сөз қозғар,
Қызығына тояйық.
Сыры түскен жерлерін.
Жаңартып қайта боялық.
Сөз дүкенін құрған соң
Тамақ керек әркімге,
Бір тоқтыны соялық.

2
Кешегі өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Кіші жүздің ішінде
Жағалбайлы елі бар
Жағалбайлының мекені
Ақ теңіз деген көлі бар.
Жаз жайлауын сұрасаң
Қара теңіз жағасы
Ұлан жамбыл елі бар.
Жағалбайлы елінде
Базарбай атты байы бар.
Байлығын оның сұрасаң
Өлшеу қылып айтуға
Есе жетпес жайы бар.
Байлығында өлшеу жоқ:
Жеті жүз түйе жүк екен.
Ділдәсі мен жамбысы,
Мың түйе жүк тағы да
Қант пенен шайы бар.
Аяқты малда есеп жоқ.
Айдалып бағып жайылар.

3
Сол байда үш қатын бар тоғыз ұлы,
Есебін тәңірі берген мұнша пұлды.
Еліне оба келген бір кеселден
Бірі қалмай тоғыз ұл бәрі өлді.
Тоғыз ұл ажалы жетіп бәрі де өлді
Ашу мен алты қатын тағы да алды.
Базарбай сексен жасқа келген шақта
Тапты кіші қатын бір ұғылды.
Оны тапқан қатыны қырық торт жаста,
Бала жоқ өзгесінде мұнан басқа.
Періште сипат ұлды берді Құдай
Жүргенде көзі толып қанды жасқа.
Төлеген деп қойыпты ұлдың атын,
Құдай артық жаратқан оның затын.
Баланы сипат қылып айтып болмас,
Көрген жан ақылынан бір талатын.
Базарбай баласына көңілі тойды,
Қайғының ішіндегі бәрін жойды.
Тоғыз жыл артынан бір ұл және туды,
Жұрт жиып Сансызбай деп атын қойды.

Қыз Жібек жырының толық нұсқасы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×