Сайтқа кіру Тіркелу

Гүлшат-Шеризат дастаны

Жігітке құдай берген қиын емес,
Болғаным менің ақын биыл емес.
Бетіне ақ қағаздың салып шимай,
Қиссасын "Гүлшат - Шеризат" қылдым кеңес.
Нәсілім - Сүйіндікпін, елім - Күлік,
Жасымнан шыға қалдым өнер біліп.
Кәріптің жұрт ішінде көңілі өссін деп,
Сөйледім қыз Гүлшатты өлең қылып.
Сөзімді естіген жан ұғып алсын,
Қапалы кәріптердің мейірі қансын.
"Байғұстың бір сөйлеген сөзі ғой" — деп,
Кейінгі бозбалаға мирас қалсын.
Жүйріктің сөз сөйлейтін келді кезі,
Ойласам, дөп - дөңгелек дүние жүзі.
Қыз Гүлшат Шеризатпен ғашық - машық,
Бозбала, қалай тыңда қисса сөзді.
Ішімде бара жатыр өнер қайнап,
Кетемін, сөз сөйлесем, оттай жайнап.
Дүниеге кім келмеген, кім кетпеген,
Қалайық осындайда күліп - ойнап.
Ертеде бір патша өткен, аты - Көркін,
Өзіне берген құдай дүние - мүлкін.
Билеген жеті жұртты асып күші,
Тұрақтап кімге тұрар дүние, шіркін?!
Жалғанда ондай болған патша жоқ - ты,
Жігіттер, әуес қылма бұзықтықты.
Болмаған мұңсыз пенде бұ жалғанда,
Сол патша перзент үшін болған күпті.
Тұрады кімнен өтпей дүние жалған,
Әртүрлі патша Көркін сарай салған.
Келгенше ел ортаға бала көрмей,
Қайғымен бала үшін қапаланған.
Көре алмай бір жас иіс әлі күнге,
Жоқ болып еш мұқтажы мұнан өңге.
Құдайдың берер ұлы былай тұрсын,
Қыз түгіл зарық болды қызыл жүзге.
Қайғысы патшаның болды қатты,
Үйінде қырық күн тұрмай, жылап жатты.
"Құдайдан - маған перзент тілеңдер!"- деп,
Жидырған пақыр, міскін жамағатты.
Құдайға кәріп пенде қылады наз,
Жалғанда кім бар дейсің қайғысы аз?!
Тілегі қабыл болып, пақырлардың,
Қатыны патшаның болды буаз.
Патшаға буаздығы болды мәлім,
Аямас шаһи Көркін енді малын.
"Бір қамал - әр зауалға!" - деген мақал,
Айтайын қалай болған енді халін.
Жас едім қариялардың сөзін ұққан,
Аруағы жақсылардың маған жұққан.
Қапалы, шат болған соң, көңілдері,
Ат мініп, шаһи Көркін аңға шыққан.
Он түрлі сайман алған бір басына,
Қырық жігіт жолдас алған өз қасына.
Далада құлан аулап келе жатып,
Килікті қалың орман ағашына.
Жігіттер, естісеңіз, сөзім майда,
Сөз есті қызықпенен осындайда.
Ішіне қалың орман барып кірсе,
Айбатты бір арыстан болды пайда.
Арыстан қарсы алдынан ақырады,
Патша мұны көріп тоқырады.
Ат үркіп, арыстаннан, жығып кетті,
Құдайдың құдіретін көр, не қылады?!
Жығылып аттан патша жерге түсті,
Қырық жігіт қашып кетті, зәресі ұшты.
Патша аттан жығылып түскенінде,
Арыстан жағаласып бірге түсті.
Арыстан патшаны басып қалды,
Шошынып патша жаман сасып қалды.
Ақ алмас қылышпенен шапқан екен,
Арыстан өліп, патша жараланды.
Қиындық мұндай патша көрмеген - ді,
Қылышын, қысылған соң, сермеген - ді.
Ажалды өліп қалды, қылыш тиіп,
Ажалсыз патша мұңдық өлмеген - ді.
Жиылып келді бұған нөкерлері,
Құм болып, "Көрмедік!"- деп, жігерлері.
Патшаны теңге салып алып қайтты,
Ағаштан жасап теңді шеберлері.
Патшаны алып келді теңге салып,
Жылайды мұны көріп, жұрты налып.
Болуы түбінде адам екі талай,
Ажалдан тұрса - дағы бүгін қалып.
"Патшадан әділетті айрылдық!"- деп,
Шуласып, зар жыласты барша халық.
Жиылып елі - жұрты бәрі келді.
Патшаны жараланған көзі көрді.
- Өсиет бір сөзім бар жарандарға!-
Деп патша жылап тұрып жауап берді.
Жылайды жұрты көріп мұндай халді,
Салған соң басқа құдай қайғы - зарды.
Патшаға аса жақын жүретұғын,
Парахзат деген бір қу уәзір бар - ды.
Сөйлейді сөз болсын деп жамағатқа:
- Болдық - деп - біз бармақшы ақыретке!
Мал - мүлкім, иесіз қалған көп жұртымды,
Тапсырдым аманат қып Парахзатқа.
Парахзат, ал қолыңа мал - мүлкімді,
Билеп тұр аздырмастан ел - жұртымды!
Ренжітпей қалың елді тыныштық қыл,
Таза қыл арамдықтан іш - құлқынды!
Аманат саған қойдым малы - жаным,
Билерсің мен өлген соң мүкәммалым.
Халқыма дәл өзімдей әділдік қыл,
Ренжітпей жетім қалған кәріплерім (ғаріпларым)
Ей, халқым, риза болшы, бәрің маған,
Кешіңдер, жерім болса, ұнамаған.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×