Менің жерім мына жер - сенің жерің,
Жарасып тұр сол жерге келулерің.
Осы алқапта сенің де малың жатыр,
Жайқалып тұр шабылмай егіндерің.
Менің көлім мына көл - сенің көлің,
Сенің арқаң көңілге семіргенім.
Жоғалмасын, ағайын, жоғалмасын,
Жетем деген сол көлге сенімдерің.
Менің тауым мына тау - сенің тауың,
Ақбас шыңын алты ай жаз жуған жауын.
Жалғыз рет көрсең де тірлігіңде,
Мұмкін емес сол тауды сағынбауың.
Туы да бір ішетін суы бардың,
Әуреледі бұл жерден қуып әр кім.
Мына орман менікі, сен де соның,
Ағашынан үйіңе уық алғын.
Көрдің бәрін, көп түсті жан да азапқа,
Түскен кезі көп және ар мазаққа.
Тоғайдағы толғағыш құстар да ортақ,
Дүниені жайлаған бар қазаққа.
Мынау өзен менікі, ел күніге
Сүйінеді ұрпақтың ерлігіне.
Қимай кеткен сол суды аталарың,
Бетін жуып соңғы рет мөлдіріне.
Мынау теңіз менікі - сенікі ол да,
Ел ырысы дәл бүгін бекем қолда.
Әр бұтасы, ағашы туған жердің,
Ыстық тарта береді екен жолда.
Желбіреді көгімде міне туың,
Тұлпарым да дайын тұр мінетұғын.
Мынау үлкен мәңгілік қалаларда,
Үйлерің тұр көшіп кеп кіретұғын.
Келші, бауырым, кешікпей кір қатарға,
Меңіреуге меңіреу тіл қатар ма.
Мына тауда сенің де жылқыларың,
Жату керек шұрқырап күн батарда.
Жазым да ерек, биылғы күзім бөлек,
Алмам да ерек мол биыл, жүзім де ерек.
Мына көлде сенің де балаларың,
Асыр салып тал түсте жүзу керек.
Кел, бауырым, несіне жүрсің жырақ,
Ішің де ұнап тұр маған, сыртың да ұнап.
Сендердің де бір салған әндеріңе,
Бар таулары қазақтың түрсін құлақ.
Жеңдік біздер тіршілік күресінде,
Әні есіңде еліңнің, жыры есіңде.
Қай қиырға ұшсаң да қазақ болсаң,
Абайыңды еске алмай жүресің бе?!
Жастау болсаң жайқалып, жалындап ал,
Бақыт өзі кеп сонда қолыңды алар.
Қазақ болып туғаның рас болса,
Сарыарқаға сағыныш қаныңда бар.
Туған елсіз ешқашан көгермейсің,
Кім қашанғы бұғауға көнер дейсің.
Қазақ болып туғаның рас болса,
Алматыға бір келмей және өлмейсің.
Мүлгисің бе жырыммен ұшықтасам,
Қуатым деп Сыр суын ішіпті Асан.
Қазақ болып тудым деп айта көрме,
Алатаудың басына бір шықпасаң.
Оянады көңілден қайдағы арман,
Бақыт желі ескендей жайлап алдан.
Президентім бар менің елі түгел,
Ақ киізге көтеріп, сайлап алған.
Туым биік бүгінде, нуым да әсем,
Естілер шақ кетті өтіп үнім бәсең.
Қазақпын деп айпа сен, жан бауырым,
Алматыныны тірлікте бір көрмесең.
Қауқылдасып қалдық-ау, есендесіп,
Таңнан тағы тербетті шешем бесік...
Қарсы алуға дайын тұр бауырларың,
Өз жеріңе бәрің де келсең көшіп...
Бауырлар
- ramuk_b
- 27 желтоқсан 2018
- 4475
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Бауырлар, Бауырлар туралы өлеңдер, тақпақ, жыр, Тұманбай Молдағалиев өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Әйел - сенің ақылшың
Сенікі ме, менікі ме сонау гүл, Арман үшін жүрміз жазып алау жыр. Жат біреуге бақыт болып туатын, Әйелдерді еркелеткен жөн-ау бір....Арыз жазып кетейін
Бүгін менің туған күнім. Ой, бәле-ай! Мына адамдар неге жатыр тойламай?! Банкет жасап берер едім өзім-ақ, Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай....Барлығы да менікі
Барлығы да менікі: Мына дәуір, мына өмір, Мынау аспан, мына күн. Мына мұхит, мына жер - Мына менің тұрағым....Әке
Әке, сенің жасыңнан асып барам. Кезі-кезі келгенде тасып та алам, Кезі-кезі келгенде жасып қалам, Мына өмірге, бәрібір, ғашық балаң....Тәуелдік жалғау – окончание принадлежности
Тәуелдік жалғау – окончание принадлежности...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.