Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос,
Тепсінісіп шығатынға,- дедің бе екен,- тақым бос,
Тепсініскен бабаларың тентіресіп кеткен-ді,
Ойқастамай, ойласайық, одан да, бауырым, ақыл қос.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей жұмыр басты адаммын,
Сен сияқты мен де емгенмін аппақ сүтін анамның,
Сен сияқты мен де далмын ертеңін ойлап баламның,
Сен сияқты мен де аң-таңмын кей ісіне заманның,
Мен де өзіндей қырда туған қара борбай қазақпын,
Мен де өзіңнен кем тартқам жоқ кермек дәмін азаптың.
Сор тұзақтың торын әлі түгел сыпырып болғам жоқ,
Қуанғанмен туды ма деп қазақ үшін азат күн.
Ей, бауырым, мен де өзіңдей басы қатқан пендемін,
Пенделікті мен де өзіндей әлі күнге жеңбедім.
Пенделіктен қамығамын құмға сіңіп, тәрік боп,
Кете ме деп өмір бойғы өзек үзген еңбегім.
Ей, бауырым, мен де өзіндей көп нәрсеге аң-таңмын,
Ашу буып әзер сиям кейде ішіне қаңқамның,
Аң-таң болып аңырғанды айдалаға лақтырып,
Кеткім де келер кесір дүниені біржолата талқан қып.
Талқандайық, ешкімге де керек болмаса бұл жарық,
Талқандайық, талқанына болар екен кім қарық?
Талқаны шыққан түл даланы талақайға салғанда
Болмаймыз ба бәрісібір сен ғарып та, мен ғарып.
Таусылмайды шамалы да бұл ыза мен бұл арман,
Орнағанша қу далада жайқала өскен ну орман,
Ол үшін тек балтаңды алып бәйтерекке кіжінбей,
Жөн шығар-ау қауғаңды ұстап өз шыбығыңды суарған.
Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос
- ramuk_b
- 23 қазан 2018
- 2560
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Заманға айтпай, маған айттың бар зәріңді, ақын дос өлеңі, Әбіш Кекілбаев өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Жеңісім
Кейде адаммын, Ал, көбіне пендемін, Құдай болмай, Кейде сезім – сенгенім. Іздегенде інілікке ізгіні, Қас қылғандай таптырмайды емге мін....Жәмила
Жәмила! Мұнша неге жүдедің? Бетінде тамшы қан жоқ қой. Жаралы ма жүрегің? Тегінде, терең зар көп қой!...Ей, Бауырым!
Ей, Бауырым! Heгe сонша сарғайдың? Қапалансам, менің-дағы бар қайғым....Бауырлар
Менің жерім мына жер - сенің жерің, Жарасып тұр сол жерге келулерің. Осы алқапта сенің де малың жатыр, Жайқалып тұр шабылмай егіндерің....Қара сөздер. Абайдың он төртінші қара сөзі
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа жүректің қасиеттерін анықтап біле...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.