Сайтқа кіру Тіркелу

Онегиннің сипаты

(А. С. Пушкиннен)
Жасынан түсін билеп, сыр бермеген,
Дәмеленсе, күндесе, білдірмеген.
Нанасың не айтса да, амалың жоқ,
Түсінде бір кәдік жоқ алдар деген.

Кейде паң, кейде көнгіш орныменен,
Кейде елеусіз, кейде ынтық формыменен.
Кейде үндемей жүрсе де сөзге баяу,
От жалындай жауапкер құрбыменен.

Ғашықтық сөзге жүйрік әсіресе,
"Дем алысым, құмарым – бір сен" десе.
Жанын құрбан жолына қылған жансып,
Көз қарауы құбылар әлденеше,
Кейде ұялшақ, төменшік, кейде тіп-тік,
Қамыққансыр, қайғырып, орны келсе.

Жай, жаңа кісі болып түк білмеген,
Қалжыңын білдіртпейді қалай деген.
Жаның шошыр өрлігі жаннан бөлек,
Кісіге балдан тәтті орны келген.

Биттей бойы босаса, сезер сонда,
Жастық жеңіп, көңілді шайқағанда.
Ғашыққұмар, ақыл мен бойыңды алып,
Жылы жауап есітер не қылсаң да.

Емінер, "әй" дегізер, дайын қылар,
Жүрегің қалай соқса, пайым қылар.
Жылы ізін суытпас, дамыл көрмес,
Бір оңаша жолығар жер айтқызар.

Ел аулақта оңаша қолына алып,
Көңіліндегі сабағын айтып тынар.

Жасынан көрсе оны ақылы сасқан
Не сұрқия жандарың жұрттан асқан.
Жеңуге, қор қылуға тағы да ұста,
Өзіне күндес шықса, жол таласқан.
Ажуаға, қорлауға тілі орамды,
Не түрлі тұзақ құрып көңілін басқан.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×