Сарнайды бүгін жел неге,
Жапырақтар сыңсып тулайды?
Күңіреніп бүгін көл неге,
Соқтығып мұнша тулайды?
Күлмеймін бүгін мен неге,
Түнерген қабақ ызбарлы?
Домбыра күйі пернеде,
Дәл бүгін неге тым зарлы?
Түнеріп қабақ күнімен,
Түйіліп нені ойлайды!
Домбыра зарлы үнімен
Нені айтып бүгін қоймайды?
Домбыра, кәне, жырлай гор,
Түнерген қабақ ашылсын!
Он саусақ билеп зырлай гөр,
Көкіректің лебі басылсын!
Қарашы, міне, айнала,
Сұр кетіп жерден сарғайды.
Қоңылтақ, сырдаң айдала,
Жалаңдап жел де сарнайды!
Қуарған дала сұры жоқ,
Көркінен сұлу айрылды.
Әдемі түрдің бірі жоқ,
Сарғайып міне қайғырды.
Кестелі жасыл киімді
Қызықты кезім кетті-ау деп,
Май мен шіркін июньді,
Ойлайды, "әттең етті-ау! " деп.
Қайнатып қанды жас қылған,
Ойлайды өткен өмірді.
Балқытып тәнді мас қылған,
Ысытқан суық темірді.
Сумаңдап сырдаң суық жел,
Даланы жалап кезеді,
Жоннан жонға қуып жел,
Домалап қаңбақ безеді.
Күн сайын ағаш селдіреп,
Көк бұйра шашы сұйылды,
Сарғайып жапырақ желбіреп,
Судырап жерге құйылды.
Қазақтың күзгі даласы,
Оң жоқ түс жоқ сұлайды,
Сорлының қойшы баласы,
Жырлайды, шырқап жылайды.
Қойшы жүр қойын каптатып,
Боздағы шығып бүрісіп.
Шолағын түріп оттатып,
Киімі шоқпыт құрысып.
Жоқшылықты жыр қылып,
Далада қойшы зарлайды.
Кімге айтса да сыр қылып,
Байына жылап бармайды.
Аш қойшыға нан керек,
Боздағы шыққан бетінен,
Тоңса да қойшы жан керек,
Қалмайды қойдың көтінен.
Қазақтың күзгі даласы,
Өң жоқ, түс жоқ сұлайды,
Ауылғ атағы қарашы!
Тоңып кәзір жылайды?
Сорлы әйел тоңып зар қағып,
Жүгіреді әне, қарашы!
Үстінде шоқпыт жарғағы,
Дірдектеп ерген баласы.
Қыдырып қыр мен өзекті,
Іздейді отын табуға,
Арқалап терген тезекті,
Апармақ байға жағуға.
Ісініп, тоңып көгерген,
Жан ұшырған анасы,
Дірдектеп сорлы неге ерген,
Жалаң бұт анау баласы?
Ермей қайтсін, аш бала,
Ауылда оған пана жоқ.
Лыпасы жоқ баспана,
Жағуға отын және жоқ.
Жып-жылы байдың ордасы,
От жанып маздап жайнайды.
Кілкиді байдың мордасы,
Шымырлап қазан қайнайды.
Байекең үйде ызбарлы,
Кілкиді майы бетінен,
Бағады қойын бір жарлы,
Дәметпей оның етінен.
Ордада пысынап бай отыр,
Астыңда кілем, көрпесі...
Бай маңқиып жай отыр,
Алдында тотай еркесі.
Бәйбіше байдың қасында,
Қимылдауға ерінед.
Қарқара жаулық басында,
"Әй, от жақ!" деп керілед.
Жаз келсе де жарлыға,
Жадырарлық кеңдік жоқ.
Күн туса да зарлыға,
Ауылда әлі теңдік жоқ.
Өзіңді кедей теңгеріп,
Кемдікті неге жоймайсың?!
Тұрмысты өзің меңгеріп,
Бүйтуді неге қоймайсың!
Малын топтап баққызып,
Байекем үйде жатпасын!
Ордаға отты жаққызып,
Рахатқа ылғи батпасын.
Бұйырған дәмді тата тұр,
Тағдырың айқын жазылған.
Көріңде бар жататын,
Сегіз жыл бұрын қазылған.
1925 жыл, октябрь.
Күздігүні далада
- ramuk_b
- 11 қазан 2018
- 2887
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Күздігүні далада өлеңі, Сәкен Сейфуллин өлеңдері
Ұқсас жаңалықтар:
Аққудың айрылуы
Арқада бір жер бар еді, Жібек самал саясы: Саяда бір көл бар еді. Сырлы кесе аясы....Жәмила
Жәмила! Мұнша неге жүдедің? Бетінде тамшы қан жоқ қой. Жаралы ма жүрегің? Тегінде, терең зар көп қой!...Сараң бай мен жомарт кедей
Малы көп бай жылайды қар жауғанда, Бәрін тастар ниеті малға ауғанда. Жерден алтын тапқандай кедейлер жүр, Әйелі шелек толы сүт сауғанға....Бәкеге
Дін пұсырман баласы Адамдықтан жерімес, Тіл пұсырман, қарашы, Арамдықтан шегінбес....Байлық туралы мақал мәтелдер
Бай баласы балпаң, Жарлы баласы — жалтаң. Мал байдікі, Жан құдайдікі....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.