I
Алай ма, сұлтан алай ма!
Астыма мінген арғымақ
Аяңдап түсіп марай ма?
Арғымақ дейтін жығылар,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Арғымақ атқа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма?!
Ата ұлының баласы
Асыл ерге малың бер,
Малың бер де басын қос,
Басыңа тарлық түскенде
Ардақтаған әділ жанын аяр ма?
II
Біз бір енеден бір едік,
Бір енеден екі едік,
Екеуіміз жүргенде,
Бір - бірімізге ес едік.
Бір енеден үш едік,
Үшеуіміз жүргенде,
Толып жатқан күш едік.
Бір енеден бес едік,
Бесеуіміз жүргенде,
Алашқа болман деуші едік.
Өтемістен туған он едік,
Онымыз атқа мінгенде,
Жер қайысқан қол едік.
III
Еділді көріп емсеген,
Жайықты көріп жемсеген.
Таудағы тарлан шұбар біз едік.
Исатайдың барында,
Қара қазан, сары бала
Қамы үшін қылыш сермедік.
Шабытымыз келгенде,
Ерегіскен дұшпанды
Шетінен сүйреп жеп едік.
Баста дәурен тұрғанда,
Біздер - дағы, Бәйеке,
Оза көшіп, кең жайлап,
Еркімен еркін жатқан ер едік.
IV
Еділ үшін егестік,
Тептер үшін тебістік.
Жайық үшін жандастық,
Қиғаш үшін қырылдық,
Теңдікті, малды бермедік,
Теңдіксіз малға көнбедік.
Ханның кірген ақ орда,
Бұзуын ойлап кеңестік.
Аламанға жел беріп,
Аса жұртты меңгердік.
Қара қазақ баласын
Хан ұлына теңгердік.
Өздеріңдей хандарды
Қабырғасын сөгілтіп,
Қабырғадан аққан қан
Ат баурына төгілтіп,
Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне өңгердік.
V
Кешегі Исатайдың барында,
Алақандай Нарынды
Бастаушы едім құлаштай.
Жәбір беріп жала етсең,
Былғанған басым ласқа - ай.
Мен бір шарға ұстанған
Қара балта едім,
Шабуын таппай кетілдім,
Қайраса тағы жетілдім.
Көрмес, келмес деп едім,
Өз еркіммен бетімді - ай.
Есігіңнің алдына
Ұрмай, соқпай келтірген,
(Арманың бар ма құдайға)
Мынау Махамбет сынды «жетімді - ай»!
VI
Ханнан кегім ала алмай,
Арқаның алпыс екі саласына барғанда,
Айдаһардай арбадың,
Арбадың да қалмадың.
Қайрат қылар ер біз болсақ.
Заманымда болған «сұлтаным»
Бізді жіпсіз байладың.
VII
Еділ мен Жайық жер еді - ау,
Мекен еткен шаруаға,
Жағасы қорған жай еді - ау.
Жай - қоныстан айрылып,
Біз бір қаңғып жүрген қарашы.
Қайта - қайта іздетіп,
Менде қандай ауыр ақың бар еді - ау?!
VIII
Мен ақ сұңқар құстың сойы едім,
Шамырқансам тағы кетермін,
Кетпей де нешік етермін?
Бұл барғаннан барармын,
Қиядан орын алармын,
Өтініп алып от жақпан,
Дұшпанға қылыш ұрармын.
Жазға бір ай қалғанда,
Ала сапыран болғанда ,
Бөліне көшкен еліңді
Бөріккен қойдай қылармын.
Жарыла көшкен еліңді,
Жаралы қойдай қылармын.
Мен кеткенмен тек кетпен,
Сізден артық табармын.
Ашуыма көп тисең,
Өзекті жанға бір өлім,
Ордаңды талқан ғып шабармын.
IX
Беркініп садақ асынған,
Біріндеп жауын қашырған.
Құйқылжыған құла жирен ат мінген,
Құйрық, жалын шарт түйген,
Мен кесекті ердің сойымын,
Кескілеспей бір басылман.
Алдыңа келіп тұрмын деп,
Ар - намысым қашырман.
Сүйегім тұтам қалғанша,
Тартылмай сөйлер асылмын.
Ей, тақсыр - ау, ей, тақсыр,
Бойың жетпес биікпін,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан!
Айта келген сөзім бар,
Не қылсаң да жасырман.
Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,
Кәр қылар деп, «тақсыр - ау!»
Аяғыңа бас ұрман.
Бәйеке «сұлтан», ақ сүйек,
Қыларың болса қылып қал,
Күндердің күні болғанда,
Бас кесермін, жасырман!
X
Ей, тақсыр - ау, ей, тақсыр!
Боз орданы тіктім деп,
Боз ағашты жықтым деп,
«Ханым, ханым» дегенге.
Көтере берме бұтыңды,
Көптіре берме ұртыңды,
Күндердің күні болғанда,
Өзіңнен мықты жолықса,
Ту сыртыңнан жармай алар өтіңді.
Тәуекел таққа бел байлап,
Қималы найза өңгеріп,
Боз балаға жел беріп,
Атқа мініп шыққанда,
Зұлым төре, сенің де,
Көрер едім к...
XI
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім,
Қай қазақтан кем едім?
Бір қазақпен тең едім.
Өздеріңдей хандардың,
Қарны жуан билердің ,
Атандай даусын ақыртып,
Лауазымын көпке шақыртып,
Басын кессем деп едім.
Еділдің бойы ен тоғай,
Ел қондырсам деп едім.
Жағалай жатқан сол елге
Мал толтырсам деп едім.
Еңсесі биік Ақ орда,
Еріксіз кірсем деп едім.
Керегесін қиратып,
Отын етсем деп едім.
Туырлығын кескілеп,
Тоқым етсем деп едім.
Тақта отырған хандардың
Төрде отырған ханымын
Қатын етсем деп едім.
Әлдилеген баласын
Жетім етсем деп едім.
Хан сырқаты - сары бал,
Сұраусыз ішсем деп едім.
Ханның киген кіреуке
Үстіме кисем деп едім.
Қанықейдей көріктіңді
Қалыңсыз құшсам деп едім.
Тінікейдей тектіңді
Ителгі көзің төңкеріп,
Күшіктей даусын қыңсытып,
Аш күзендей белін бүгілтіп,
Әділ жаннан түңілтіп,
Ат көтіне үңілтіп,
Артына салсам деп едім.
Тілекті Тәңір бермеді,
Өздеріңдей хандарды
Осылай бір қылсам деп едім.
XII
Мен, мен едім, мен едім,
Мен Нарында жүргенде
Еңіреп жүрген ер едім.
Исатайдың барында
Екі тарлан бөрі едім.
Ерегіскен дұшпанға
Қызыл сырлы жебе едім.
Жақсыларға еп едім,
Жамандарға көп едім.
Ерегіскен дұшпанның,
Екі талай болғанда,
Азыққа етін жеп едім.
Хан баласы ақ сүйек,
Ежелден табан аңдысқан
Ата дұшпан сен едің,
Ата жауың мен едім.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Хан баласы ақсүйек -
Бәйеке сұлтан сен болып,
Сендей нар қоспақтың баласы,
Маған оңаша жерде жолықсаң,
Қайраңнан алған шабақтай
Қия бір соғып ас етсем,
Тамағыма қылқаның кетер демес ем!
Махамбеттің Баймағамбетке сұлтанға айтқаны
- ramuk_b
- 8 қазан 2018
- 3097
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Махамбеттің Баймағамбетке сұлтанға айтқаны өлеңі, Махабет Өтемісұлының өмірбаяны, Махабет Өтемісұлының Тарланым өлеңі
Ұқсас жаңалықтар:
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім
Ал, дүние, өтеріңді біліп едім, Білдірмей серілік пен жүріп едім. Бұл күнде арық қойдан бағам кейін, Үш жүзді сайран қылған Біржан едім....Жалғыздық
Бұл дүниенің жүзінде Айдан көркем нәрсе жоқ - Түнде бар да күндіз жоқ. Күннен көркем нәрсе жоқ - Күндіз бар да түнде жоқ....Мен - мен едім, мен едім!
Мен - мен едім, мен едім! Мен Нарында жүргенде Еңіреген ер едім. Исатайдың барында Екі тарлан бөрі едім....Тауық тағы таң атпай айқайлады
Тауық тағы таң атпай айқайлады, Тарап кетті тәтті ұйқы балқаймағы. Көзімді ілмей төсекте дөңбекшимін, Түседі де ойыма қай-қайдағы....Баймағанбет сұлтанға айтқан сөз
Алақандай Нарында Басушы едім құлаштай. Жәбір беріп, жала етсең, Былғанған басым ыласқа-ай....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.