Абайдың алтыншы қара сөзі
АЛТЫНШЫ СӨЗ
Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік қандай елде болады, қайтсе тату болады - білмейді. Қазақ ойлайды: бірлік - ат ортақ, ас ортақ, киім ортақ, дәулет ортақ болса екен дейді. Олай болғанда байлықтан не пайда, кедейліктен не залал? Ағайын құрымай мал іздеп не керек? Жоқ, бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы. Ағайын алмай бірлік қылса керек, сонда әркім несібесін құдайдан тілейді, әйтпесе құдайдан тілемейді, шаруа іздемейді. Әуелі біріне - бірі пәле іздейді. Не түсін, не ажарын, не өкпесін бұлдап, ол болмаса, бір пәле салып, қорғалатып, әйтеуір бірін - бірі алдаудың амалын іздеседі. Мұның қай жерінен бірлік шықты?
«Ырыс алды - тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шықпағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп, бұлдаған адам өлімді жау көріп, ахиретке дұшпан болады. Жанын қорғалатып, жаудан қашып, қорқақ атанып, еңбек қылудан, қызмет қылудан қашып, еріншек атанып, ез атанып, дүниеде әлгі айтылған ырысқа дұшпан болады. Ол айтқан тірлік олар емес. Көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың - пысық, ішің - нас,
Артын ойлап ұялмас, -
болып жүріп, тірімін деме, онан да алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық.
Абайдың басқа да қара сөздері
Қара сөздер. Абайдың алтыншы қара сөзі
- ramuk_b
- 25 қараша 2018
- 2016
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Абайдың алтыншы қара сөзі, абай құнанбаев қара сөздері, абайдың қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, Абайдың алтыншы қара сөзі
Ұқсас жаңалықтар:
Қара сөздер. Абайдың жиырма тоғызыншы қара сөзі
Біздің қазақтың мақалдарының көбінің іске татырлығы да бар, іске татымақ түгіл, не құдайшылыққа, не адамшылыққа жарамайтұғыны да бар....Қара сөздер. Абайдың он алтыншы қара сөзі
Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып жүрсек болғаны дейді....Қара сөздер. Абайдың оныншы қара сөзі
Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді....Бірлік, ынтымақ туралы мақал-мәтелдер
Бірлік, ынтымақ - байлық, бақ. Бірлікті ел бұзылмас. Көп қолдаса жауды жеңеді....Шыны осы
Адам сәні барлық шақта Аброй, бірлік ынтымақта. Шында ғана тұрақтылық, Күйе жұқпас көңіл аққа....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.