Терме мамандығын игерудегі басты қағидалар және
оны дамыту жолдары.
«Өнер алды - қызыл тіл»дейтін көшпенділер сөз өнеріне ерекше мән берген. Қазақ даласын аралаған араб географтары, шетел саяхатшылары мен ғалымдары қазақ халқының ақын жандылығын, сөз өнерін жоғары бағалайтынын, ертеден ақ жазып қалдырған.
Атадан – бала ауызба - ауыз үйренген дала тарихы, әдебиетіміздің негізі болған ауыз әдебиеті үлгілерінің, шежіре - жырларымыздың осы заманға жетуі де сөз өнерінің аса қадірлілігінен, қасиеттілігінен болса керек. Сөз өнерінің ауыр жүгін арқалаған сол өнердің көрнекті өкілдері ұлы жыраулар үлесіне тигені даусыз.
Жырау – музыкант(композитор, шебер орындаушы) ақпа ақын, ұлы ойшыл, қоғам қайраткері, алдын болжай алатын көріпкел, қолбасшы батыр. Жыраулар заманындағы хандарға белгілі дәрежеде ықпал етіп отырған, ірі мемлекет қайраткері. Заманының озық ойлы идеясын шығармашылығына, арқау еткен ұлы - импровизаторлар.
Дала жыр - дастандары өзінің қарапайым, ұғымды шынайылығымен нақтылы өмірден алшақтамайтындығымен құнды. Сондықтан болар халық тарихи жыр – дастандарды өте жоғары бағалайды. Мол мұраны ауыздан – ауызға, жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы оны ойда сақтау олардың суырып салма ғажап қабілетінің көрінісі болса керек.
Сыр елі жырауларының жыртысын жыртқан, дәстүр жалғастығы үшін тер төккен ғалымдарымыз - Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратпаев, М. Байділдаевтар.
Мақсатым ата - бабамыздан мирас болып қалған жыраулық дәстүрді насихаттап, сөз құдіретіне иландырып, өнерге тәрбиелеу. Міндетті түрде жыраулық жолға түсіру емес, қайта осы дәстүрді түсініп тыңдай білетін тыңдарман құлақ, қастер тұтатын азамат дайындау. Музыкалық сауаттандыру.
Жырау өз жанынан жыр шығарып айтатын және эпикалық дастандар мен толғауларды орындайтын халық поэзиясының өкілі. Жырау атауы «жыр» сөзінен туындайды. Дәстүрлі қазақ қоғамында жыраулар халықтың рухани көсемі, қоғамдық пікір қалыптастыратын қайраткер
рөлін атқарады. Хандар мен басқада ел билеушілері жыраулар пікірімен санасып отырған. Жыраулар жаугершілік заманда жорықтарға
қатысып, ел қорғау, азаматтық тақырыптарға арналған өлең - жырлар туғызған. Жыраулық қызмет көшпелілер арасында ежелгі сақ, ғұн дәуірлерінен бастап жоғары бағаланған. Жыраулық поэзия 15 - 18 - ші ғасырдан бастап қазақ халқының төл мәдениетіне өркен жая бастады. Жыраулар
көшінің өкілдері сонау Қорқыттан бастап Қазтуған, Асан қайғы, Шалкиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Үмбетей, Бұқар жырау, Шал ақын т. б жатады.
Тарихи деректің дәлдігімен қатар тарихи оқиғалар - желісі көз алдымыздан өтеді. Олар толғауларында халықтың небір нәзік
сырларын, келер ұрпаққа айтар өсиетін, мұң - мұқтажын, қуаныш - сүйінішін
қайғы - қасіретін аша білді. Жырау қиялының ұшқырлығы, кеңдігі, сурет -
теу тәсілдерінің байлығы мен әсемдігі орта ғасырларда қазақтың ақындық өнерінің жоғары дәрежеде әрі өзіндік сипатқа толы болғандығын танытады.
Жырау ол ақын, жыршы, күйші, ел данасы, яғни синкретті өнердің иесі. Демек бойына бар дарындықты жинаған, білімді адамды біз жырау дейміз.
Жырдың ішінде қазақ халқының тарихы, ата - бабалардың ерлігі, елдігі, намысы, дәстүрі, үлгілі өсиеттері айтылады. Зейінді тыңдаушы жыр жолдарынан жастарға айтылған өсиетті де, батырлықты да, махаббатты да, қанағатты да, шапағатпен парасатты да, ұлағат пен мінәжатты да бәрін – бәрін табады.
Сыр бойы дәстүрлі мектептерге бөлінеді. Олар: Арал, Қазалы – Нұртуған мектебі, Қармақшы, Жалағаш, Тереңөзек – Кете дәстүрі, Шиелі, Жаңақорған – Нартай мектебі. Бұл мектептер үшеуі үш түрлі бағытта дамыған. Әр қайсысының өзіндік ерекшеліктері бар.
Жанр жағына келер болсақ олар – терме, арнау, рубайлар, төрттағандар, мысал, хикая, дастан, эпос, өсиет, назым, хат өлеңдер, толғаулар болып бөлінеді. Музыкалық жағынан – мақам, иірім, қайырымнан тұрады. Яғни әуен, сөз, фаршлаг, милизм, трель.
Сыр бойының жыраулық дәстүрін зерттеп, нотаға түсіріп жүрген Төлепберген Тоғжанов, Ерболат Мұстафаевты үлкен мақтанышпен айтуға болады. Мақам саздың нотаға түсуі кімге керек, неге керек? – деген сұрақтар тууы мүмкін. Тіпті, қазақтың күйі, мақам сазы нотаға толық түспейді деген ой – пікірлерде жоқ емес. Ия, бұл әрине бір жағынан дұрыс. Қазақ музыкасынан қазіргі пайдаланып жүрген Европалық үлгідегі ноталық жүйенің ауқымына сия бермейтіндігі белгілі, дегенмен өзіміздің төл музыкалық жазуымыз жоқ.
Ақселеу Сейдімбеков күйлерді нотаға түсіру – осынау мың жылдан астам тарихы бар киелі өнерімізді сақтап қалудың, танудың және текті мәдениетімізді алыс - жақынға таныстырудың кепілі. Оны таныту – халықтың асыл қазынасын бой тұмардай кие тұтатын ердің міндеті – дегені жеткілікті емес пе.
Қанша жырауларымыздың жырларын, күйшілеріміздің күйлерін не таспаға, не нотаға түсіре алмай, бармақ шайнап қалғанымыз ащы да болса шындық.. Кезінде көңіл бөлмегендіктен немесе ел аралап, жыр жинайтын жанашыр азаматтардың болмағандығынан. Әлде мақамдардың күрделілігінен болар, әйтеуір жырдың мақам сазы жүйелі түрде зерттелмегені аян. Мақам сазды нотаға түсірудің қаншалықты қиын екенін айтып жатудың қажеті болмас. Әрине мақамдарды нотаға түсіру оңайға соқпайды.
Нотаға түсіретін адам:
1. Қызылорда жерінде дүниеге келіп, Сыр өзенінің лай суын ішіп, ыстық топырағын басып, ауасын жұтып өскен жан болуы тиіс.
2. Өмірге келген күннен бесік жырын естіп, мақам - саздарды тыңдап, жыршы, термешіні, күйшіні көзімен көріп өскен, құлағының тесігі бар жан болуы керек.
3. Тілі қазақша шыққан, мектепті қазақша бітірген болуы тиіс.
4. Кішкентайынан бастап ертегі, дастандарды оқып өскен болуы қажет.
5. Музыкалық сауаты болғаны абзал.
6. Міндетті түрде домбыра аспабын меңгерген жан болғаны ләзім.
Біз ұстаздар, ұстаздар ғана емес, қазақтың әрбір азаматы мен азаматшасы осы шарттарға сай келетін балаларды тәрбиелеп өсіретін болсақ, сол балалардан болашақта қазақтың өнерінің, мәдениетінің, әдебиетінің, музыкасының мәртебесін көкке көтеретін зиялы азамат шығатынына кәміл сенемін,- деп өз еңбегінде Е. Мұстафаев айшықтап жазған.
20 - ғасырдың бас кезінде жыршы, термеші деген атаулар туады. Олар дайын сюжет, дайын мақам өлеңдерді жаттап алып орындаған. Өнер кемелденгенде синкреттік қалыптан салаланып бөлініп шығады. Сөйтіп бір тұтас синкретте жүрген жырауларды 19 - ғасырда орындаушылар ығыстыра бастады. Олар жыршы, термеші, әншілер еді.
Кез - келген өсімдік, жан - жануар, адам баласы сол тұрған жерден нәр алып, сол ортаға бейімделіп, табиғатына еліктеп өседі. Бұл ғылымда дәлелденген қағида. Арал, Қазалы өңірінің мақам – сазы теңіздің тереңінен тартқанда сырлы да сазды болуы әсем табиғатының әсерінен болса керек. Сарқырап аққан Сырдай жігерлі, тайдай тулаған, толқындай жойқын, шалқар теңіз бетінде шулаған аққу – қаздың үніндей ашық, теңіздің тереңіндей тылсым сайраған бұлбұлдың үніндей анық, мұның бәрі Арал, Қазалы өңірінің жырауларына тән қасиет.
«Үні аққу құстың дауысындай» немесе «Көмекейіне бұлбұл ұя салған» деген теңеулер де көп нәрсені аңғартса керек. Ән шақыру, жыр бастаулар яғни жырға музыкалық кіріспе таңдауға жеңіл, ойнауға қиын шртихтармен, қағыстармен ерекшеленеді. Триольдар мен он алтылық ноталардың қатар келіп жиі қайталанауы, кездейсоқ белгілердің (#, b) жиі кездесуі шығармаға ерекше рең берсе, тыңдаушыға жаңылтпаш сияқты әсер жадында сақтала бермейді. Кіріспеде кездесетін штрихтар, кездейсоқ белгілер хроматизмдер негізгі темада, яғни мақамда кездесетін әуендерден өрбиді. Әрине неғұрлым, орындаушының орындау шеберлігі биік болса кіріспенің де ( жыр бастау) құлпыра түсері анық. Жыл өткен сайын жаңарып, мақам – саздар өзгеріске ұшырап тұратыны да бар. Жырау жыршылар орындайтын шығармасына өз үлесін, қолтаңбасын қоса отырып, әшекейлеп, құлпыртып орындауға тырысатыны анық. Бір мақамда бірнеше орындаушының орындауында тыңдасақ негізгі әуен, мақам бір - бірінен алшақтамағаны мен иірім қайырымдары әр түрлі болып келеді. Бұл әрине орындаушының мүмкіндігі, дауыс ерекшеліктері мен, демінің жетуіне байланысты болса керек. Нотаға түскен мақамды вокалистерге айтқызсақ әлгі мақамымыз бар бояуынан айырылып қалады. Арал, Қазалының жырау – жыршыларының дауыстарында бір ерекшелік бар.
Құлақ салып, мән беріп тыңдаған тыңдаушы, дауыста өте майда діріл, яғни музыкалық тілмен айтқанда трель барын байқаймыз. Жарты тон көлемінде ғана айтылатын трель кез - келген нотаға, әр дыбысқа нәр беріп, сәулелендіріп құбылтып тұрады. Міне, осы майда трельді қосып айтқанда ғана мақамның сыры анық ашылады. Арал, Қазалының мақамдары домбыраның басынан сағасына дейінгі дыбыстарды қамтиды. Яғни диапазоны өте кең. Мелодиясының әдемілігі мақамдарының құрылысы күйге көбірек ұқсайтындығы мен ерекшеленеді.
Дегенмен «жыраулық дәстүр, жыр әлемі өз деңгейінде зерттелуде, мынадай – мынадай табыстарымыз бар деп ауыз толтырып айта алмайтынымыз қынжылтады. Т. Тоғжанов, Е. Мұстафаевтың қосқан еңбектерін атап өтпеуге болмас. Олар Сырдың жыр, мақамдарын нотаға түсіріп, барша қауымға ұсынды. Мақам – сазды нотаға түсіруде ой - пікірлер жоқ емес. Қазақ музыкасының күрделілігі, қазіргі пайдаланып жүрген европалық үлгідегі ноталық жүйенің ауқымына сия бермейтіндігі белгілі, дегенмен өзіміздің төл музыкалық жазуымыз жоқ, ал өзгенің жазуын місе тұтпай, қай мұратқа жетпекпіз.
Жырдың мақам – сазы жүйелі түрде зерттелмегені аян.
Кезінде Ф. Лист: «Ойымды нақты белгілермен барынша толық жеткізуге тырысқаныммен өте көп жерін, мүмкін әсерлі жерін қағазға түсіре алмағанымды жасыра алмаймын десе, А. В. Затаевич «Домбыра күйлерін қағазға түсіру өте қиын, егер мен бұл өнерді азды көпті – машықтанған болсам, онда да ісімнің соңында ғана,»- деп жазған болатын. Бұдан кейін өз ойыңды, әсіресе мақам сазды нотаға түсірудің қаншалықты қиын екенін айтып жатудың қажеті болмас – деп жазған Т. Тоғжанов өз еңбегінде.
Қазіргі таңда терме үйретудің қыр сырын меңгертетін ешқандай оқу құрал жоқтың қасы. «Терме» класы 2003 жылы ашылды. Осы жылдары әр түрлі қиындықтар болды. Барлық оқу орындарында жырды құйма құлақтық әдіспен үйретеді. Бұл әдіс музыка мектебіне жарамады. Себебі уақытылы тапсырылатын емтиханға оқушы үлгірмейтін болды. Осыған орай бұл салаға жаңаша көз - қараспен бағыт - бағдар керек болды. Дегенменде осы мамандықты оқушыға меңгерту бойына дарыту, оқытушының тікелей міндеті. Осы жолда біраз ізденіп, алған білімімді әрі қарай ұштай түсуіме тура келді. Әліде болса іздену үстіндемін. Мамандықты игергенде оқушыны ең алдымен музыкалық сауаттылыққа тәрбиелеу басты мақсат. Жыр термені нотаға түсіріп, оны оқушыларға үйретіп, өз тәжірибемде пайдаланып жүрмін.
1. Терме класының оқу әдістемесі бірнеше бөлімнен тұрады.
2. Нота сауаттылығымен жұмыс.
3. Аспапты меңгерту. Аспапты дұрыс ұстап, еркін ойнауға машықтандыру.
4. «Этюд», күйлерді үйрету. Емтиханда этюд, күйлер міндетті түрде орындалады.
5. Дауыспен жұмыс жасау. Әуенді таза айту, таза дыбыстар шығару. Таза дыбыстар шығару үшін дауыс жаттығуларын айтқызу (распевка). Әріптердің дұрыс айтылуына мән беру. Дауысты, дауыссыз әріптердің айтылу ерекшеліктерімен таныстыру. Дұрыс айта алмаған әріптерге байланысты жаттығулар беру арқылы нәтиже алуға болады және де ауыз аппаратының ерекшелігіне де мән берілу керек.
6. Сахна мәдениетімен таныстыру.
7. Аспаппен дауысты қосқанда асқан ыждағаттылықпен қарау.
8. Мәтіннің мағынасымен, астарлы сөздердің ара жігін ажыратып түсіндіру.
9. Оқушыны жеке тұлға ретінде қалыптастыру.
Қазіргі ғаламдану заманында жыраулардың да сауатты болуы кезек күттірмейтін сәт.
Күйлерді, этюдтерді ойнай білсе мақамның ноталық нұсқасын ойнауды игереді. 5 жылдық бағдарламаға ән, терме, толғау, өсиеттер т. б енгізілді. Оқушының ойнауына ыңғайлы қылып мақамдарды түсірдім. Класы жоғарылаған сайын шығармаларда күрделенеді. Берілген бағдарлама бойынша күніне бір - екі рет өз орындауымда айтып бере отырып оқушының есту қабілеті арқылы бойына сіңдіремін. Сөзін жаттап, ноталық нұсқасымен қосып шығарманы орындау, импровизация жасату арқылы оқушының қабілетін арттыру жолға қойылады. Оқушының дене бітіміне байланысты, ауыз аппаратының рөлі зор. Ауыз аппаратының дұрыс жұмыс жасамауына байланысты, оқушылардың көбі ақсап жатады.
Ол дегеніміз 42 әріптің дұрыс айтылмауынан. Кішкентай кездерінде баланың сөйлегеніне мән берілмеуден болады. Сондықтан да оқушылардың еңбектенуінің арқасында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп, өз деңгейлерін көтеруде. Көбіне оқушыға айнаға қарап дайындалуға дауысты дауыссыз дыбыстардың дұрыс айтылуына өзіндік жұмыс тапсырылады. Сол арқылы ауыз аппаратының қабілеті артады.
Бірінші сыныпқа қабылданған оқушылар қысқы емтиханға дейін қиналады. Себебі ноталармен танысып, аспапта ойнауды үйренеді. Осы кезеңнен кейін терме айтуға машықтанады. Аспаппен дауысты үйлесімді түрде жұмыс жасауға үйренеді. Қабілеті жақсы оқушылар емтиханға дейін екі этюд, екі күй, үш терме үйренеді. Ал қабілеті орташа балалар бір этюд, бір күй, екі терме үйренеді. Әрі қарай оқушы саналы түрде дайындықты бастайды. Әрине дауысы орташа балалар да болады, олар арнайы дауыс жаттығуларының арқасында жетіледі. Бұл жерде оқушының ынтасы және ата - ананың да қолдауы қажет. Үнемі үзілмейтін дайындық болса ғана, еңбегіміз жемісін береді. Шығармамен жұмыс жасағанда авторымен таныстырып, мәтінмен жұмыс жасалынады. Кездесетін әр түрлі астарлы сөздердің ұғымына тоқталып, барынша мағыналас сөздермен мысал келтіре отырып, түсіндіреміз.
Дарынды балаларға шығарманың күрделі түрлерін береміз. Олар: мысал, хикая, дастан, эпостарды жаттату. Көркем тілмен сөйлету. Оқушының жыр қорындағы барлық мақамдарды дастан айту барысында пайдаланамыз. Әр түрлі үлкен байқауларға қатыстыру арқылы да оқушының өзіндік пікірін өсіріп жеке тұлға екендігін сезіну мүмкіндігін ашамыз. Музыка мектептерінің « терме» класына арналған методикалық құрал, бағдарламалар, жоспарлар жоқтың қасы. Дегенмен де « жоқ, жоқ дегеннің бары да жоғалады» демекші ұстаздардан алған тәлім - тәрбиемізді, халқымыздың асыл қазынасын, рухани байлығын, ғұламалардың еңбектерін бойымызға сіңіріп, жас өскелең ұрпаққа елегіштен өткізіп, асыл қазынамызды жерге көмбей, тамырын тереңге жіберіп, мықты тұғыр жасау басты міндетім деймін. Қазіргі кезде музыкалық колледждерде, университеттерде,
Консерваторияда кәсіби дәстүрлі өнерді құйма құлақтық қалыппен үйретеді. Осыған сәйкес 4 - 5 класта оқушының құйма құлақтық қабілетін жетілдіремін.
Себебі жоғары оқу орындарында нотамен үйретілмейді. Сондықтан мен екі бағытта жұмыс жасаймын. Шығарманың 1 - ші бөлімін, қайырымын нотамен ойнатып жаттатып, келесі бөлімді оқушының өз бетімен жұмыс жасауына ықпал етемін. Шама-шарқына қарай жұмыс жасалады. Алай - да шығармаларды оқушылардың дауыс бояуына қарай түрленіп, құбылып отырады. Дауысты мақамның ырқына көндіру де оңай емес. Бұл жағдайда үн таспалардың көмегі мол. Қазіргі технологияны барынша пайдалануға тырысамын. Күнделікті өз орындауымда да айтып беріп отырамын. Қай жағынан болса да оқушының түсініп, сезініп, қабылда - уына жағдай жасаймын. Менің өз тәжірибемде қолданып жүрген тәсілім, ноталық нұсқамен балаға үйрету.
Қызылорда облысы, Қазалы ауданы,
Әйтеке би кенті,
Қазалы аудандық балалар әуез мектебінің
«Терме» класының оқытушысы
Бисембаева Сандуғаш Алашыбайқызы
Терме мамандығын игерудегі басты қағидалар және оны дамыту жолдары
- Sandugaw
- 28 қаңтар 2017
- 4816
- 0
- 0
Ілмек сөздер: музыка мектебіндегі сабақ, терме, жыр, саз мектептеріне сабақ жоспары
Ұқсас жаңалықтар:
Сыр сүлейін сұрасаң...
Мақсаты: Өскелең ұрпақты жыраулық өнермен сусындатып, насихаттаушыларды кеңінен таныстырып, дәріптеу. Жыраулық өнер айтыс өнері сияқты бір кездері...Шайырдан қалған асыл сөз
а) Мақсаты: Нұртуған Кенжеғұлұлының өмірімен шығармашылығынан мағлұмат беру. Шығарманы жетік түсіндіріп, замана ағымымен, өмір болмысы жайлы жазылған...Сыр бойы жыраулық дәстүрінің дауыс диапазонының ерекшеліктері және оны дамы ...
Мақсаты: Жаңаберген Бітімбайұлының шығармашылығымен таныстыру. Білімділік: Оқушының сөз мәнеріне ден қойып, музыкалық сауатын жетілдіріп, дауыс...Оңдасұлы Базар жырау
Оңдасұлы Базар, Балқы Базар (1842 - 1911) - жырау....Қазақтың музыкалық аспаптары
Сабақтың мақсаты: 1. Музыкалық аспаптарының түрлерімен таныстыру. 2. Оқушыларды аспапқа деген қызығушылығын арттырып, техникасын арттыру....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.