Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақ халқының ауа райын болжауы

Ұлы Дала елі
АУА РАЙЫН БОЛЖАУ ХАҚЫНДА
Әлбетте, халқымыз табиғат тылсымын бағзы заманнан - ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс - тіршілігіне арқау етіп қолдана да білген. Солардың бірі халықтың ауа райын болжау тәсілдері еді. Жазы - қысы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі һәм құпиясын терең білгендігі сондай: айсыз түнде жұлдызға қарап жол тауып, көз аштырмас боранда жердің шөбіне қарап ел тауып, құс, жан - жануар, құрт - құмырсқа тіршілігіне зер салып ауа райын күні бұрын болжап, ерте қам жасап отырған. Ендеше қазақтардың ауа райын болжаудағы, халық даналығын жадына ұстаған ата - бабаларымыз қалыптастырған, қағидалары һәм тәсілдеріне аз - кем тоқталуды жалғастырайық..
*Аралар омартадағы өздері кіріп - шығатын тесігін жартылай жапса, қыс суық болады; ашық қалдырса, қыс жылы болады.
*Жауын құрты жер бетіне шықса, жаңбыр жауады.
*Балықтар су бетіне шығып, шапшып ойнай бастаса, жауынның белгісі.
*Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге; жылы болса, жоғары жасайды.
*Ашық күндері тиін ұясынан шықпай қойса, күн райы бұзылады.
*Киік топ - топ болып басқа жаққа бет алса, онда ауа райы қатты бұзылып, суық болады деген сөз.
*Сиыр танауын тартып, мүйізін шайқаса, дауыл немесе боран болады.
*Жауын немесе боран жұма күні басталса, ол келесі жұмаға дейін созылады.
*Ай шалқасынан туса, шаруашылыққа ауа райы қолайсыз болады.
*Қыста күн құлақтанса, қатты аяз болады.
*Жазда күн кенет ысып кетсе, ұзамай жауын жауады. Өлара (өлі ара) жауын - шашынды болса, жаңа ай шаруаға жайсыз болады.
*Күн бұлтқа батса, келесі күні жауын - шашынды болады; ашыққа батса, күн ашық болады.
*Қараторғайлар топтанып ұшып, аспанда неше түрлі қимылдар жасаса, күн ұзаққа созылады.
*Жылан мезгілінде ұйықтамаса, күз ұзақ әрі жылы болады.
*Ордалы жылан, құрт - құмырсқа топ - тобымен басқа жаққа көше бастаса, көп ұзамай жер сілкінеді, болмаса басқа бір табиғаттың тосын апаты болады.
*Ит ұлыса, жаманшылық немесе табиғат апатының белгісі.
*Аяқ - қолы сынған адамдардың сүйегі сырқыраса, ауа райы өзгереді.
*Жазда құйын көп болса, қыс аязды болады.
*Егер қараша айында күн күркіресе, қыс қысқа болады.
*Жаз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.
*Көктемде күн көп күркіресе, егін, шөп мол болып шығады.
*Егер қой тұяғымен төсін қаситын болса, қыс боранды болады.
*Қой тісін қайраса, боран немесе дауыл болады.
*Батар күн қызыл шапаққа малынса, келер күн жазда ыстық, қыста жұмсақ болады.
*Қыста күн құлақтанып шықса, суық болады; құлақтанып батса, суық сынады.
*Егер бұлт ортасынан ыдыраса, ауа райы бұзылады; егер шетінен ыдыраса, күн жылынады деген сөз.
*Оңтүстіктен ұзақ соққан жел өзгеріп шығыстан соқса, ауа райы жақсарады да; батыстан соқса, ауа райы қатты бұзылады.
*Жаз айында аңызақ ыстық болса, ол қыста қатты аяз болатындығының анық белгісі.
*Қызара батқан күн, желдің; ашық сары болып батқан күн, жаңбырдың белгісі.
*Күн шыжып, тымырсық болса, артынша найзағайды күте бер.
*Ай қызыл түспен қораланып, әлгі шеңбер кеңейіп барып жоғалса, келесі күн ашық болады. Осындай екі шеңбер немесе күңгірт бір шеңбер қатты суыққа көрінеді.
*Егер ай бұлыңғыр болса, жаңбырға қарса; ал ашық түсті ай, ауа райының ашық болатындығын білдіреді.
*Аққу солтүстіктен оңтүстікке қарай кеш қайтса, күз әрі ұзақ, әрі жайлы болмақ.
*Емен ұрығы көп болса, қыс қысады.
*Желсіз күні түтін жерге қарай шалқыса, бұдан соң қыс күні қар, жаз күні жаңбыр күт.
*Бұлтты болса да (тек жел жоқта) түтін көкке шаншыла шықса, ауа райы жақсы болмақ.
*Суық күні терезе әйнегі мен жақтауы терлесе, күн жылынады; жазда терлесе, ауа райы бұзылады.
*Балапан баспана іздесе не енесінің бауырына тығылса, ауа райы дымқылданады.
*Суық күндері қораз ерте шақырса, жанға жайлы жылы күн болады дей бер.
*Мысық пешке тығылса, аяздың алды сол болар.
*Ит аунаса, жаңбыр жақын деген сөз.
*Жаңбыр алдынан балық қармақ қабар, қармаққа балық түспесе, желден хабар.
*Қой сүзіссе, жел болар.
*Өгіз құйрығын шошайтып жоғары көтерсе, қатты жел; доңыз қасынса, жылы; шыңғырса, жауын - шашынды болады. Егер доңыз сабан тасыса, дауыл болмақ.
*Жылқы ішін тартса, күн бұзылады; пысқырса, жаңбыр жауады.
*Көктемнің басында қарға суға шомылса, күн жылынады.
*Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады.
*Тұман жер бауырлап құласа, ашық күннің хабары.
*Бұлт жер бауырласа, күн суытады.
*Ірі - ірі жаңбыр тамшысы жауын - шашынды дымқыл күннің ұзақ тұратындығын білдіреді.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×