Сайтқа кіру Тіркелу

Күйеуіңізді сыйлаңыз, оның жағдайын жасаңыз.

Әйелдер арасында кең тараған аңыздың бірі: «Еркектің бәрін сыйлаудың қажеті де, себебі де жоқ». Біріншіден, ер адамды әйел бар етеді. Жаныңда өзің сыйлай алмайтын еркек болса, онда бұл - әйелдің жауапкершілігі. Әйелі сыйластығын арттырғанда бірден өзгеріп шыға келетін еркектерді көп көрдім. Жаныңдағы адам сыйлауға лайықсыз дей салу – оны сыйлап үйренуден оңай. Сыйлау оның болмысын қабылдаудан басталмақ. Мен әйел ретінде өз күйеуім қандай болса, сондай етіп қабылдауым қажет. Мұндай сөзді жиі естиміз. Соны іс жүзіне айналдыру қолымыздан келіп жатыр ма? Оны еш өзгеріссіз қабылдау сондай қиын ғой.

Бүкіл кемшіліктерімен; - Оның отбасы және достарымен; - Оның өмір сүру салтын қабылдай отырып (пәтері, не оның жоқтығы, ақшасы көптігі, не мүлде жоқтығы); - Оның хоббиі мен ұнататын істерін қосып; - Өмірлік ұстанымдарын қабылдау. Әйел үнемі "Күйеуім қашан өзгереді?" деп күтеді. "Қашан қалтасы қалыңдайды?", "Шешесі мен достарының пікіріне құлақ асуды қашан қояды?", "Қашан Құдай туралы шын ойланады?" деп күтеді. Оның ешқашан өзгермейтінін білу - сондай ауыр. Бірақ ол өзгермейді. Сіз оны сол күйінде қабылдауға тиіссіз. Оның барлық қисық - қыңыр мінезін сол күйінше тек жан жары ғана қабылдай алады. Еркектер үйленгенде «әйелім өзгермесе екен» деп тілейді екен. Бірақ ол өзгереді. Әйел күйеуге шыққанда оны өзгертіп алам деп үміттенеді екен. Бірақ ол өзгермейді. Бұл - табиғат. Табиғатпен кім таласа алады? Әйел ауа - райы сияқты тұрақсыз. Оның көңіл - күйі, ойы, көзқарасы жиі өзгеріп тұрады. Еркек тұрақты. Ол қабырға іспетті қозғалмайды. Жартас сияқты. Оның көзқарасы өмір бойы өзгермейді. Өзгеруін сұрасақ, оның әйелге айналуын сұрағандаймыз. Өзінің табиғатын өзгертсе, ол мәрмәр тастан ермексазға айналмақ.

Екінші аңыз: "күйеуімді сыйлау менің өмірімде ештеңені өзгертпейді" деген ой. Егер шығыс жазбаларына сүйенсек, еркек – бас. Бұл оның не істегені және қалай істегеніне отбасының берекесі тәуелді деген сөз. Дәл осы жерде әйел мойын екені айтылады. Ол басты бағыттап отырады. Бастың қайда қарап, не жасай алатынын көрсетеді. Бұл рөл өте маңызды. Дұрыс бұрмай қалсаң, гүлзарға барудың орнына қораға кіріп кетесің. Ал егер басты ары - бері айналдыра берсең, ешқайда жете алмай қаларсың. Бас айналып қалар. Әйелі ерін сыйлағанда, отбасылық өмір гүлденеді: - Күйеуін айналасының бәрі сыйлай бастайды. - Соның нәтижесі ретінде ол жақсы жұмысқа шақырылады. - Қиындығын бөлісетін жақсы дос табады. - Отбасының ырысы артады. Көп жағдайда мол табысқа кенеледі. Мұның барлығы өздігінен орын алады. Әйел өзінің отбасылық өмірін өзгерткісі келсе, еріне деген шынайы құрметін арттыруы керек. Күйеуіне әсер ететін, оның табысын молайтатын тетік осы ғана. Күйеуіңді шын сыйла. Және адалдық міндетті түрде сақталуы керек.

Үшінші аңыз, «мен онсыз да өмір сүре аламын» деу. Бүгінгі таңда еркіндік, өзіңді асырай алсаң болғаны деген пікір сәнге айналды. Әйелдер қызметте өсу үшін, декретте отырмау үшін, жұмыс орнын жоғалтпау үшін, күйеуінен артық табыс табуға барын салады. Ата - аналар да ұл оқымаса да қыз оқысын деп, бар ақшаларын соларға жұмсайды. Осыны «дұрыс тәрбие» деп біледі. Жақсы мамандыққа ие болса, қыздары бақытты болады деп үміттенеді. Өзін - өзі асырай алады деп көңілі тоқ болады. Бірақ... Неге шаңырақ шайқалады? Себептері көп. Ал маған басты себеп мынау сияқты. Біздің елде әйелдерді қазіргі кезде еркек сияқты тәрбиелеп жатыр. Қалай әйел болуды ешкім үйретпейді. Өзгеге қалай қамқорлық жасау керектігін ешкім айтпайды. Өз үйіңде үйлесімділік пен жайлылық орнатуды көрсетпейді. Баланы қалай тәрбиелеу керек екенін үйретпейді. Біздің аналарымыздың мысалы көбіне игілікке бастамайды. Көп аналар баланы бір өзі ғана тәрбиелейді. Қыздар аналарының мықты екенін көріп өседі. Анасын мықты болғаны үшін сыйлайды. Қасында арқасүйер азаматының болмауы түк емес, анасы онсыз да мықты, онсыз да сыйлы. Осы пікір іргетас болып қалып кетеді. Ал, оның қателігін ешкім дөп басып айта алмайды.

Әйелдер өзгелерге жылы қабақ танытып, тұрмыстағы кикілжіңнен сақтап - қорқауға жаралған. Әсіресе, ерінің жағдайын жасауға міндетті. Тойындырып, киіндіріп, жанын жақсы әңгімемен жайландыру, көйлегінің жыртығын жамап беру... Менің анам мені үйдің тірлігіне араластырған емес. Ол тамақ жасауды, киім тігуді, өзіме қарауды үйретпеді. Өзімнің де қызығушылығым болған жоқ. Мұндай нәрселердің аса маңызды, қажетті екенін түсінбеппін. Мектепте екі сағат еңбек сабағы өтетін. Сабақта тамақ пісіру мен киім тігуге үйретуі керек еді. Бірақ біз онда көбіне басқа сабақтарды орындайтынбыз. Басқа сабақтар өмірде керегірек деп есептелінетін. Мектепті тәмамдаған соң жүрегім қалаған психология факультетіне емес, табысы әлдеқайда жақсы матфакқа түстім. Онда тек есеп үйрендік. Оқу кезінде ешкім маған асханаға қандай перде ілген жөн, бір жастағы баланы қалай ойнатқан дұрыс екендігін үйретпеді.

Күйеуге шықтым. Қолымнан түк келмейтін. Бос пәтерге көшіп келдік. Пәтермен не істейтінімді білмедім. Қандай тамақ жасап, ыдыс - аяқты қалай жинау керек? Күйеуімнің шалбарын үтіктей алмай, дұрыс перде таңдай алмай, қапаландым. Қазір ол кезде түк білмегенімді толық түсінемін. Әйел білуге тиістіден ештеңе меңгермеппін. Әлі күнге дейін көбін үйреніп кетпедім. Тамақ жасауға қатты қиналамын. Түйме қадау, жыртықты тігуге ебім жоқ. Үй жинағанды жек көремін. Гүлге су құюды ылғи ұмытып кетемін. Балаға айтып беретін тақпақтарым да санаулы ғана. Ал, балаларым екеу болды... Мен әйел болуды күйеуге шыққан соң үйрене бастадым. Тамақ пісіруді, іс тігуді, киім жинауды, ертегі айтуды.

Отызға келіп осының бәрін басынан бастап үйрену қиынға соқты. Ал, шын мәнінде 5 - 7 жаста үйренуге тиісті дүниелер. Қазіргі отбасыларда әйелді ең басты дүниеге үйретпейді. Әйелді отбасының жүрегі болуға икемдемейді. Сенімді, адал дос болуға үйретпейді. Ал отбасының жүрегі болмаса, онда оның бірлігі, ынтымағы болмайды, отбасы күйрейді. Өйткені, жүрексіз отбасы болмайды. Шығыстың даналығы бойынша әйел барлық игілікті ері арқылы алады екен. Әрине, пәтерге, көлікке ақшаны өзі де таба алады. Бірақ... Бұл бірақтың кемшіліктері көп: - Әйел өзі қалағанның бәріне қол жеткізе алмайды екен. Материалды жетістікті таңдаған сайын әйел отбасылық бақыттан қағыла береді. Өйткені, ері мен баласына арнайтын уақыты кеми түседі. Жұбайлардың қарым - қатынасы суып кетеді. Ері шыдамай кетіп қалуы да ықтимал. - Жұмыс істейтін әйел бойында еркекке тән қабілеттерді жетілдіреді.

Мінездің өзгеруі гормоналды өзгерістерге ұшыратады. Әйелдерге тән түрлі аурулар меңдейді. Бұл өзгеріс жанында қандай азамат болатынына да әсер етеді. Егер әйел еркекке айнала бастаса, онда жынында қатын сияқты еркек жүруі табиғи құбылыс. Жаныңда кім болса да, сен оны өзгерте алмайсың. Ол еркек бола алмайды, себебі еркектің орны бос емес. Көп еркектер мұндай жұпқа шыдамай, өзіне нәзіктігі басым әйелдер тауып алған мысалдар аз емес. Сол кезде ол мол табыс тауып, өзін еркек ретінде жетілдіреді. Бірінші әйелі, неге ол менімен осындай болмаған деп таң қалады.... - Жұмыс істеген әйел бақытты бола қоймайды. Ең маңыздысы да осы болса керек. Төртінші аңыз, «алдымен ол мені сыйласын, ал мен сосын ойланып көремін» деу... Өзгені өзгерту мүмкін емес. Ол баршаға белгілі аксиома. Әр адам өзін өзгертуі керек. Егер мен күйеуімді сыйласам, өзімнің әйелге тән міндеттерімді дұрыс орындасам, тәңір жаратқан күйінше қабылдасам, еркек сыйластыққа сыйластықпен жауап қатады. Сонымен, еркекті қалай сыйлайды? Іс жүзінде оны қалай жүзеге асырады? - Ең алдымен оны қабылдау, оның өмірін қабылдау. Бұл - іргетас. Басқаша қарым - қатынас дами алмайды. - Күйеуіңді жақсартсам деген ойыңнан айны. Әйелдер үшін осы нәрсе қиындық туғызады.

Оған қараған сайын «жақсартсам» деп тұрады... - Оның кемшіліктерін санамалауды доғару. Оларды қабылдасаң, кемшілікті көруді қоясың. Әсіресе, әр бөлмеге шұлығын шешіп, лақтырып кеткенге көз үйрету. «Тағы да ма?» деудің орнына, дауысыңды жұмсартып, «шұлығыңды шашпашы» де. Ол үндемей жинап алады. - Күйеуіңе қарап, оның бойынан жақсылығын тер. Оны таңдаған кезде тек жақсы жақтарын көреміз ғой. Сосын әйел ессіздікке беріліп, ер адамның кемшілігін терміштейді. Келешек қарым-қатынаста бұл әдет тұрақты бекітіледі. Тек кемшілігін көру. Гүл сыйласа, сыйлаған шығар. Табысы мол ма, еркек жұмыс істеу үшін бар емес пе? Мен жұмыс істесем не болмақ? Баланы серуендетті, бірақ ол өз баласы емес пе? Осылай жалғаса береді. Дұрыстап ойланып көрген адамға, осының бәрі құрметке лайықты себептер емес пе? Осындай мықты қасиеттерін бір дәптерге жаза беру керек. Сіз үшін, отбасы үшін жасаған барлық жақсылығын теріп жазу. Тізім күн өткен сайын толыса беретінін байқайсыз. Сонда еріңізге басқа көзбен қарайтын боласыз. Осыдан бастап қандай тамаша жанмен тағдыр қосқаныңызды сезінетін боласыз. Әр адамның бойынан жақсы қасиеттерді көруге болады. Тек өкпе - ренішті ұмытып, жақсылықты еске түсіру керек.
- Күйеуіңізге бағынуды үйреніңіз. Айтқанын тыңдау. Келісу. Оның айтқанын істеуге ықыласты болу. Еріңіз сіздің келісетініңізді түсінуі керек. Әйелі – жүрегіне ең жақын досы. Тек осындай қарым - қатынаста шын махаббат өлмейді. Егер ері әйеліне ол түсінбейді, ертең миымды ашытады деп сырын жасырса, ол тыңдайтын басқа жүрек табатыны анық. Сол жүрек оның екінші жары болуы мүмкін. Мен үшін бұл тақырып өте өзекті. Бірақ өзімнің орным мен міндетімді түсіну отбасымның амандығын сақтауға көмектесті. Барлық дағдарысты дұрыс шешуге ықпал етті. Сондықтан өзімнің болмысымдағы өзгерістермен бөліскім келді. Шаңырақ шайқалмасын! Отбасының жүрегі – әйелдің мейірімі! Нәзіктігіңізді ештеңеге айырбастамаңыз! Өмірлік отбасы деген саяхатта еш шаршау көрмеңіз!

Ольга Валяева, "Предназначение быть женщиной" кітабының авторы
Аударған Шынар ӘБІЛДӘ
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×