Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақ әдебиетіндегі айтыс өнерінің өзіндік өрнегі

Астана қаласы,
М. Тынышпаев атындағы ҚазККА
Ақмола колледжінің қазақ тілі мен
әдебиеті пәні оқытушысы
Борсақан Гүлден Қалқаманқызы

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНДЕГІ АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ӨЗІНДІК ӨРНЕГІ

Қазақ әдебиетінің тарихындағы фольклор дәстүрі әдебиеттану ғылымында бастапқы кезеңнен гөрі ауқымды зерттеулерге ұласып отыр. Мұның мәнісі – қазақ әдебиет тарихының сарқылмайтын көркемдік негіздерден құйылған шығармашылық өзгеше жаратылыс сырында.
Сол өзгешеліктердің бірі - XIX ғасырдағы ақындар айтысы, жалпы айтыс өнері, айтыс өлең әдебиеттану ғылымында Шоқан дәуірінен бері зерттеліп келеді. Ұзақ уақыттар бойы әдебиетіміздің көп асыл мұрасы сияқты айтыс ауыз әдебиетінің еншісі есебінде зерттелді. Бірте - бірте зерттеу мәселелері күрделеніп, ауқым аймағы кеңи түсті. Жекеленген зерттеушілер XIX ғасырдағы ақындар айтысының табиғатындағы дәстүрлі айтыс өлеңмен туыс тұсты да, оның өзіндік белгілерін де аша сөйлеуге ауысты. Осы айырым, ажырату тұсында XIX ғасырдың айтысында атап айтар, айқын өзгешеліктер, әрине аз емес.

Айтыс тарихы көнеде бермен қарай ұлтпен бірге жасасып келе жатыр. Оған мысал елдің ескі әдет - ғұрпына жататын тұрмыс - салт жырларындағы «Жар - жар» мен «Бәдік» өлеңдерінің айтыс формасында болып келуі. Айтыс табиғатын зерттеуші М. Жармұхамедұлы мынадай бір тосын мәлімет келтіреді: «Айтыс түрік тектес елдерде ертеден бар екені аңғарылады. Бұған М. Қашқаридің «Диуани лұғат ат - түрік» атты жинағындағы «Қыс пен Жаздың айтысын», сондай - ақ Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикметіндегі» «Дозақ пен Пейіштің» айтысын дәлел ретінде айта аламыз. Бұл дерекке қарап атамұра өнеріміз қазақ ұлт боп қалыптаспай тұрған кезде де бар болғандығын аңғарамыз.

Осы орайда А. Байтұрсынұлының айтыс жайлы тұжырымдары XIX ғасыр айтысының табиғатын тануда таптырмайтын өлшем үлгісі. А. Байтұрсынұлы XX ғасыр басындағы айтыс күйінен «Жазу жайылған сайын айтыс өлең азайып, құруға бет алып барады» деп хабар береді. Бұл түйін - айтыстың, дара ақындар айтысының аса жанданған әдеби үлгі, жаңа көркемдік арна екендігін айғақтай түсетін түйін.
Ә. Қоңыратбаев XІX ғасырда туған айтыс поэзиясын беске бөліп қарастырады. Ілгеріде айтысты зерттеушілер әдет - ғұрып, қайым, жұмбақ, діни, ақындар немесе бәдік жар - жар, мал мен адам, өлі мен тірі, салт, қыз бен жігіт, ру, совет дәуіріндегі деп жіктеген екен.
Темірхан Тебегенов әдеби шығармашылық жөнінен зерттеуде ақындар айтысын үш түрге бөліп қарастырады: 1) Мұсылмандық ағартушылық айтыстар; 2) Еларалық - ұлтаралық айтыстар; 3) Жазбаша айтыстар.

Жалпы, айтысты зерттеушілер XIX ғасырдағы айтыс үлгілерін, сипаттау қисындарын әлі де жан - жақты ойластыра, тереңдете қарастыру керектігін айтады.
Айтыс өлеңдерін, әдебиеттік жағынан қарастырғанда, мазмұны мен тақырыбына қарай екі түрге бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – қазақ халқының тұрмыс - тіршілігіне, салт - санасына, әдет - ғұрпына қарай бөлінеді. Ал, екіншісі – ақындардың шын мәніндегі өзара айтысы. Қазақ айтысының күрделі де қомақты бөлігін осы айтыс түрі құрайды.
Алғашқы үлгідегі айтыс өлеңдері халқымыздың тұрмыс - салты мен әдет - ғұрпына сай туындаған. Ол міндетті түрде халықтың жиналған жерінде, яғни той - тамаша, ойын - сауық үстінде шығарылатын болған және оны шығарушы ақындар болған. Бастапқыда ол ойын - сауық ретінде жиналған халықтың көңілін көтеру, күлдірту мақсатынан туындаған. Өлең құрылысы жұрттың жаттап алып айта беруіне ыңғайлы болған. Айтыстың мұндай түрінде, нағыз ақындар айтысының үлгісіндегідей, тың тақырып, күрделі де көкейкесті әңгімелер, көкіректі жарып шыққан ой түйіндері мүлдем кездеспейді, керісінше, жеңіл - желпі сөз, әзіл - оспақ, ойын түрінде болып келеді. Тағы бір ерекшелігі – бұл айтыста халықтың тұрмыс - тіршілігі, салт - санасы, әдет - ғұрпына байланысты туған әртүрлі ұғымдар мен түсініктері біте қайнасқан.

Айтыстың бұл түрін мазмұнына қарай бірнеше салаға бөліп қарастыруға болады. Олар: «жар - жар», «бәдік айтысы», «қыз бен жігіт айтысы», «дін айтысы», «жұмбақ айтысы» деген бастапқы тақырыптарға бөлінеді. Мұндағы «жар - жар»мен «бәдік айтысы» айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең көне, ескі үлгілері қатарында болып саналады.
Қалған «қыз бен жігіт айтысы», «дін айтысы», «жұмбақ айтысы» болып саналатын айтыс түрлері халықтың жиналған жерінде жұртты көңілдендіру, сергіту, ән мен жыр қызығына толтыру мақсатында көбірек қолданылған айтыс түрлері болса керек.
«Қыз бен жігіт айтысы» ақын жігіт пен ақын қыздың арасындағы сөз жарысы болып, оны шығарушы да, айтушы да сол қыздар мен жігіттер болғандықтан, халық оны осылай атап кеткен. Бұл айтыс әдеттегідей амандасудан басталып, әдемі қалжың, жарасымды әзіл - оспақ, елді күлдіруге тұрарлықтай күлдіргі жайттарға ұласып отырған. Мысалы, қыз қарсыласының өсіп кеткен сақалына мін айту арқылы оны ұялтуды емес, дәйім жұртты қыран күлкіге кенеп, жігіттің осы әзілге жөнді жауап қайтара алмай, тосылып қалар - ау деген мақсатпен:
Қызға барған ел білсін атағыңды,
Түзетіп ки мұнан соң шапаныңды.
Қыздан көңілі қалмаған қу көкірек,
Қырғызсаңшы бір қап жүн сақалыңды, -
деп келтірсе, жігіт оған лайықты жауап ретінде халықтың «Сөздің көркі – мақал, адамның көркі - сақал» деген мақалын қолданады және өз тарапынан қыз бойындағы кішкентай да болса мінін іздеп табуға тырысады.
Қазақ даласына ислам діні таралғаннан бастап, (тарихтағы келтірілген деректер бойынша XVII ғ. бері) қожа – молдалар, басқа да дін иелері ислам дінін уағыздап, үгіт - насихат жасау үшін поэзияның қосар үлесі мол екендігін біліп, оны тікелей пайдалануға кіріскен. Жиналған барша халықты дін жолына түсіру, діни ұғымдарға иландыру, діни наным – сенімдерді ұстануға жетелеу, үйрету сияқты мақсаттарды көздеген. Бәріне тек бір ғана жаратушы ие «Алла тағаланың» күшіне сену, намаз оқу, ораза ұстау, құран жолымен жүру, пітір - садақа беріп тұру керектігі және тек осыны ұстанған адамдар ғана «жұмақ төрінен» орын алатынын, ал бұған қарсылық білдіріп, сенімсіздік артқан «дінбезерлерді» «тозақ» оты күтіп тұратындығын сөз ететін болған. Міне, осындай «саясаттың» негізінде діни тақырыптық айтыс түрі туған.

Халқымыздың тұрмыс - салты мен әдет - ғұрпына сай туындаған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі – жұмбақ айтысы. Ақынның тапқырлығы мен білгірлігіне тікелей байланысты айтыстың бұл түрі айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең күрделі, қиындау түрі десе болады.
«Жұмбақ айтысының» қатысушылары жұмбақ қылып жасыратын нәрселерін адамзатқа таныс, деректі заттардан алып, сондай - ақ екі затты бір - бірімен салыстыра білу арқылы жұмбақ шығарған. Дәлірек айтқанда, жұмбақ қылып жасыру аясына кіретін тақырыптар көлемі – жаратылыс дүниесі, аспан әлемі, жан - жануарлар, хайуанаттар, адам және адамның еңбегі мен кәсіп құралы, өнер, табиғат, ілім - білім болған.
Жоғарыда айтып өткен айтыстың қиындығының салдарынан ба, айтыстың басқа түрінен гөрі «жұмбақ айтысына» қатысушы ақындар аз болса керек. Мұның өзі «жұмбақ айтысындағы» айтыскердің аса тапқыр, білімді болуын талап ететіндігінің тағы бір айғағы.
Қалай болғанда да қазақ халқы мұндай айтыскерлерден де кенде емес. Олардың қатарында Нұржан, Рысжан, Әсет, Шөкей, Сапарғали, Күңбала т. б. сынды айтыскерлеріміздің аттарын атауға болады. Бұлар айтыстың талабына сай – білгір ұшқыр ойлы, суырып салма, тапқыр айтыскерлер.

«Жұмбақ айтысы» өз дәуіріндегі айтыстардың ішінде мәні зор, салмақты айтыс болған. Оның басқа айтыстан ерекшелігі, ол өз айтыскерін көп білуге, ізденуге, жан - жақтылыққа талпындырған. Ал бұл жастардың (тек айтыскерлер емес) білімге деген құштарлығын оятуға, білімді болуға жетелеген.
Айтыс ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Бұл үлкен дәстүрді қазір де Сара Тоқтамысова, Айтақын Бұлғақов, Аманжол Әлтаев, Ринат Зайытов, Айбек Қалиев, Айнұр Тұрсынбаева сынды т. б айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр. Осындай айтыс - думандарды сағынып, шөлдеген халық жалпы сөз өнеріне үлкен мән беріп, әр сөзді әрқашан да бағалай білсе айтыс өнері шешендік сөз сайысы, тәрбие мектебі, тапқырлықтың тұғыры болып қазақ елімен бірге мәңгі жасай бермек.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×