Сайтқа кіру Тіркелу

Әнші Әлмағанбет Қапсәләмұлы

Сабақтың тақырыбы: «Әнші Әлмағанбет Қапсәләмұлы».
Мақсаты: Ұлы Абайдың музыкалық шығармаларын насихаттаушы өнер иелері туралы деректер беру. Сабақта фото суреттер, слайдтар және баспасөз материалдары пайдаланылды. Бұл материалдан оқушылар өздеріне әншінің туған жері, өскен ортасы, ұрпақтары туралы деректер ала алады. Абай әндерін шебер орындаған, әрі насихаттаушы Әлмағанбет әнші жайлы мол мағлұмат оқиды.
Әнші Әлмағанбет Қапсәләмұлы
(1870 - 1931)
Қазақ халқының мақтаныштары, біртуар тұлғалары, ұлы Абай мен мұхит Мұхтардың киелі мекен Қасқабұлақта дүниеге келгені баршаға мәлім. Мұхтардың «Абай жолындай» шығармасы арқылы қазақ халқының тарихын, туған жеріміздің тарихын танып, біліп өскен ұрпақпыз. «Абай жолы» - Абай елінің тарихын жинақтаған энциклопедиясы. Сол ғажап туындының кейіпкері, ұлы Абайдың әншісі атанған Әлмағанбет атамыздың туғанына 145 жыл толып отыр. Елі әнші Әлекең деп ардақтаған атамыздың артында қалған ұрпағы бар. Әнші атамыздың үлкен ұлы Социалистік Еңбек Ері, халқы қадірлеп Шәкең атандырған Шабдан атамыздың жанұя архивінде сақталған әкесі жайлы жазған қолжазбасын қолға алдым.
Бұл қолжазбада әнші атамыз 1870 жылы Қыдырда дүниеге келген делінген. Руы – Тоғалақ. Бәйбішесі Құнапия - Құпия он бір құрсақ көтерген, тек үш ұлы ғана аман есен ержеткен. Әлмағанбеттің үш ұлы Шабдан, Қабылан және соғыста хабарсыз кеткен Уәлхан. Атамыздың әкесі жайлы естелігінде
1904 жылы Көкеннің сырты Шарашаның төсіндегі Қызылқайнарға көшіп келгендігін айтады. Осы жердегі бұлақ әлі күнге дейін Әлмағанбет бұлағы деп аталады. Б. Исабаевтың осы бұлақ жайлы «Ұлылар мекені» кітабында әнші Әлмағанбеттің Қарабұлағы деп жазған. Әншінің өмірі талай адамды қызықтарған: Атамыздан әкесі жайлы деректер беруді өтінген. Жанұя архивінде 1978 жылы «Білім және еңбек» журналында қызмет жасаған Т. Жұртбаевтың хаты сақталған
Сол тәрізді М. Жанболатовтың «Тобықты Шыңғыстау шежіресі», М. Ибраевтың1993 жылғы №5 «Абай» журналында жазған «Абай әншісі Әлмағанбет» мақаласында және «Абай»энциклопедиясындағы жарияланған деректерді салыстыра отырып, Шабдан атамыздың қолжазбасы негізінде берілген екен деп ой қорыттым.
Деректерде М. Әуезов әншімен таныс, сырлас, мәжілістес болған. Мұхтар әнші атамызды Абайдың балалары Ақылбай, Мағауия, Әбіш, Тұрағұл және Кәкітайлардың қатарында суреттейді. Бұл жайды да Шабдан атамыз өз естелігінде де айтқан.
Ұлы Абайдың «әншім» атандырған Әлмағанбетті әр қырынан өз романына кейіпкер етіп сомдап, өміршең өнерімен мәңгілік ел есінде қалдырған адам - М. Әуезов. Қасқабұлақ ауылындағы М. Әуезовтің Бөрлідегі мұражайында Мұхтардың балалары Ләйлә мен Мұраттың Абай еліне келгенде Шабдан атамыз бен Айтбала анамызбен бірге болған сәттері бейнеленген.
Өнер өлмейді, ұрпақтан ұрпаққа берілетіндігі дәлелденген дүние ғой. Шабдан атамыз өнерге бейімі бар жалғыз қызы Салтанатты Жүсіпбек Елебековке тапсырып, Алматыға аттандырған. Әлекеңнен Абай әндерін үйренген Жүсіпбек Салтанатты маңдайынан иіскеп «алтынның сынығы» деуі әнші мен өнерге деген құрметі болса керек.
Әншінің қара домбырасының киесі екінші ұлы Қабыланның қарашаңырағына қонған тәрізді. Қабыланның жалғызы Жеңісхан ағамыз жастайынан өнерге үйір болды. Зергерлік бұйымдар жасайтын, домбыра тартып, скрипкада ойнап, ән айтатын. Ауыл, аудан көлемінде өнер көрсететін. Кейіннен қолының кемшілігінен бұл өнермен қош айтысты. Бірақ бар өнерін соңынан ерген жалғыз ұлы Қанатқа қалдырды. Қанат Жеңісханұлы Қабыланов мектепте оқып жүргенде Амангелді Жікеновтің шәкірті болса, М. Төлебаев атындағы музыкалық колледжінде Тұрсынғазы Рахимовтың сыныбын бітірді. Екі ағамыз да республикаға танымал әншілер әрі Жүсіпбектің шәкірті екенін білеміз. Қанат республика, облыс көлеміндегі байқаулардың жеңімпазы. Әнші атасы орындаған әндер оның да ән қорында бар, талантты жас.
Жүсіпбектің шәкірті Амангелді Жікеновтен «Аға, осы Сіз Жүсіпбектен оқыдыңыз, Қасқабұлақтансыз. Сол кісіден әнші Әлекең туралы сұрадыңыз ба, не айтушы еді»- деп, сұрағанда, ол кісі «Алғаш қазақ театры құрылғанда басқа да өнер адамдары тәрізді Әлкең де театрда істеген екен, бірақ кейіннен бұл менің қолым емес екен деп кетіп қалыпты. Әлекеңнің дауысы, қоңыр, сазды еді» ұстазының сөзін есіне түсіреді.
Әнші Әлмағанбет Абай әндерін насихаттаудағы еңбегімен ерекшеленеді. Шыңғыстауда сан алуан өнер иесі болғаны анық. Соның ішінде талғампаз Абайдың таңдауы Әлмағанбетке түсуі - оның нағыз талант, асқан дарын иесі екендігінің дәлелі. Өнер иесінің кеңес дәуірінде көп елене бермегені шындық. Қарауылда қайтыс болған әншінің зиратын атамыз Шабдан 1954 жылы қайта жөндеген екен. 1997 жылы Абай ауданының сол жылдардағы әкімінің орынбасары Тұрсынғали Хамзаұлы өз қаражатымен әнші зиратын қайта жөндеп, жақсы ескерткіш қойды. Бұл азаматқа әнші атамыздың ұрпақтары риза, алланың нұры жаусын дейміз. Ұрпақтары атамыздың басына қазақ үй тігіп, ас беріп, қатым түсірді.
Абай жерінде Қарауылдағы ескерткіш тақтаның қойылуына Т. Рахимов, танымал дінтанушы Б. Сапаралы, әнші М. Ешекеевтер қатысты.
Әлмағанбет Қапсәләмұлы Абай әндерін насихаттаушы, нақышына келтіріп орындаушы, асқан талант иесі.
Әлмағанбет Абайдың қайтыс болғанына 20 жыл толуына байланысты Семей қаласында ұйымдастырумен өткізген кеште әнін орындаған. Әншінің қолындағы домбырасы Абай ауданындағы Жидебайдағы Абай мұражайында сақтаулы.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×