Сайтқа кіру Тіркелу

Шәкәрім шығармаларындағы орыс сөздері

Жоспар
1. Кіріспе бөлім
а) Қазақ тіліне шет тілдік сөздердің енуі
ә) Орыс тіліндегі ену сөздердің қазақ тіліне ену тарихынан

2. Негізгі бөлім
а) Шәкәрім және орыс тілі
ә) Шәкәрім шығармаларындағы орыс сөздері
б) Орыс сөздерінің топтары
в) Орыс сөздерінің мағыналары

3. Қорытынды бөлім
а) Шәкәрім шығармаларындағы «қонымды үлгілерді» пайдалану
ә) Қазіргі қазақ тілі құрамындағы шет тілдік сөздердің орны.
Ана тілі – адам баласына табиғат ананың берген үлкен сыйы. Ол халқыңның ар - намыс, жаныңның нәрі. Тіл болмаса адамда үн де, жыр да болмайды. Сондықтан Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі жоғалған елдің өзі де жоғалады» деп өсиет қалдырған. Көшпенділік өмірдің арқасында қазақ тілі араб пен орыс тілдерінің ықпалына төтеп беріп, өзінің табиғи қасиетін сақтап қалды.
Қазақ зиялылары ұлттық тілдің, ой мен сөздің құдіретін, мүмкіндігін терең танып, оған үлкен мән бергені белгілі. Қазақ халқының тұңғыш ғалымы Шоқан Уалиханов: «Қазақ тілі – түркі тілінің ішіндегі ең сұлуы», - деген еді. Абай Құнанбайұлы: «Тіл өнері – дертпен тең» немесе «Өнер алды – қызыл тіл» деп әрі қысқа, әрі нұсқалы үлгіде білдірген. Жұмабайұлы Мағжан: «Тіл – адам жанының тілмашы... Қазақ қазақтың сары сайран даласы, біресе желсіз түндей тымық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы «асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр».
Бұдан біз ұлылардың тіліне деген сүйіспеншілігін көреміз.
Асылы, тіл – қоғамдық құбылыс қана емес, қатынас құралы әрі ой мен сөздің одағын да көрсетеді. Тіл мәселесі – мәңгілік тақырып.
Өзге құбылыстар сияқты, болмысында да әр алуан дүмпу іспетті жаңалықтар мен өзгерістер орын алып жатады. Ондай өзгерістер әсіресе сол тілді қолданып отырған қоғамның әлеуметтік, экономикалық, саяси, мәдени өмірінде болатын үлкен «дүмпілердің» революциялардың, әр алуан төңкерістердің, жаңғырулардың тұсында пайда болады.
Әрбір тілдің сөздік құрамы бір ғана өзінің ішкі мүмкіншіліктері арқылы толығып кемелденбейді. Сонымен қатар өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден де ауысып алу арқылы да өз тілін байытып, жетілдіріп отырады. Қазақ халқының басынан кешкен ұзақ даму тарихында бірсыпыра елдермен араласып, әр кезеңде әр түрлі қарым - қатынастар бастаған. Қазақ даласын билеудің 1822 және 1867 - 68 жылдардағы реформа тәртіптеріне байланысты хандық билік жойылып, әкімшілік, заң жүйесінің жаңа институттары райда болуына, орыс саудасының күшейуіне, шаруашылықтың егін салу, жер жырту, орман күту сияқты жаңа түрлерінің даңдана басталуына байланысты ондаған орыс сөздері қазақ әдеби тілі айналымына түседі. Бұл кездегі көркем әдебиет үлгілерімен болыс, старшын, майыр, сот, медәл, кір, бөз, баазр, тарантас сияқты жалпы есімдер мен Петербор тәрізді бірен - саран жалқы есімдерді табуға болады.
Қазан төңкерісінен кейін үш рет алфавитін өзгертіп, ана тілінің бар байлығынан ажырап қала жаздаған ұлттың бірі – қазақ халқы.
Жарты ғасырдан астам еріксіз үзілістен соң халық алдына қайта шыққан ұлы тұлғаларымыздың бірі Шәкәрім Құдайбердіұлының қазақ халқының рухани мәдениетінде, тарихында алатын орны ерекше. Қазақ әдебиетін жаңа белеске көтерген, қазақ халқының көркемдік ойының үздік үлгілерін туғызған, қазақ өлеңін түрлендіре түскен, қазақ тілінің мол мүмкіндіктеріне бұрынғыдан әрмен танытқан бірегей қаламгер еді. Шәкәрімнің ақындық, жазушылық, философиялық мұрасының мән - мазмұнын ғана біліп қоймай, оның әдеби тіліміздің тарихи көшінде алған орнында біле түссек, қазақ тілінің көркемдік дүниесіне сіңірген еңбегі мен қосқан үлесіне де үңіліп, бағалай білсек, артық болмасы анық.
Ұлы Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде балаларға білім, ғылым беру жөнінде айта келіп, «... орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да – бәрі орыста тұр. Залалынан қашық болуға, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның үшін олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек - көзін ашылады... Орыс ғылымы, өнері – дүниенің кілті, оны білгенге дүние арзанырақ түседі» дейді. Орыстың ғылымы, өнері дүниенің кілті деп ұлы ақын бекерге айтпаса керек.
Абай атамыздың «орыс тілін біл» дегені өз тіліңнен безін, ұмыт деген ұғым шықпайды. Қайта орыс тілін білу арқылы өз ана тіліңді байытып, кемелдендір дегенін түсінбей келіппіз.
Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Орыс тілінің мәдениетінен қазақша әдебиет тіліне қонымды үлгі алғанда, оны қазақ сөзімен қалыптап, ең әуелі сол көркем, шебер істелген қорытпа болсын. Бұл жөнінде қылдай мін болса, одағай, өрескел боп тұрады», - деген.
Ал Шәкәрім шығармаларында қазақ тілі заңдылығына сай, орыс тілінің ықпал ығымен жасалған «қонымды үлгілер», «көркем шебер қорытпалар»кездеседі және ол болашақта да өз жалғасын тауып, қолданысқа түсері анық.
Өз тілің ұлттық кескін келбетіңді бейнелейді. Өз тіліңді құрметтей білмесең өз еліңе. Халқыңа тұлға болып жарытпайсың. Тілді білу әр халықтың өз алдына тәуелсіз ел болып, еркін өмір сүруінің кепілі.
Қазір теледидар, радио, газет беттерінде шет тілдік сөздерді, оның ішінде орыс тілінен енген сөздерді қазақыландырамыз деп ана тіліміздің сөз қазынасын дұрыс пайдаланбай араб сөздерін тыққылаймыз. Тіл әркімнің өз қалауына қарай тілгілеуді көтермейтін тым тірі, жаны нәзік дүние.
Профессор Р. Сыздықова «Қазақ лексикасының шет тілдік қабатын едәуір азайту тенденциясын қолдай отырып, тілімізде кірме сөздер мен шет тілдік терминдер қоры да болуға тиіс екенін де мойындау қажет», - дейді.
Тәуелсіздікке ие болып, барлық жерде ұлттық мүддеден шығатын іс шараларға бет бұрып жатқан кезде, шет тілдік сөздерді қазақша тұлғалап жазу керек деген талап қойылып жүр. Шет сөздерді бұрынғы ата - бабаларымыз дыбыстағандай ғып айтамыз деп, қазақ тілін ілгері дамыту орнына кейін шегіндіріп алмайық.
Шәкәрім де орыстың ғылымы мен өнеріне көрсеткен құрметіндей оның тіліне де сондай ықылас танытқан. Өзінің «Жасымнан жетік білдім түрік тілін» өлеңінде:
«... Оятқан мені ерте шығыс жыры,
Айнадай айқын болды әлем сыры.
Талпынып орыс тілін үйренумен
Надандықтың тазарып кетті кірі», - дейді.
Ақынның өрісін ашқан өрелі орыс әдебиеті, оның озық үлгілері, ғылымдары еді. Шәкәрім орыс әдебиетінің адамзат рухани рөлі мен ұлы жазушылар Пушкин, Лермонтов, Толстой, Некрасов туралы жылы өлең жолдарын өрнектеген. Орыс ғалымдарының еңбектерін мұқият оқып, өзінің тарихи, философиялық, эстетикалық пікір тұжырымдарына пайдаланады, қазақ жастарын білім - ғылымға үндегенде үнемі үлгі ретінде ұсынды.
Шәкәрім орыс тілінде еркін оқыған, еркін сөйлеген. Ол Абай дәстүрін жалғастырып, қазақтың дарқан даласына орыс халқының озат ойлы өрендерінің өршіл үнін асқақтатуға ат салысты. Орыс тілінен аударған А. С. Пушкиннің «Дубровский» романында, «Боран» повесінде, «Асар – хидон патша», «Үш сауал», «Криз патша» атты Л. Н. Толстойдың әңгімелерінде және өз өлеңдерінде орыс сөздері кездеседі.
Шәкәрімнің сөздік қорының бір бұтағы орыс тілі, орыс әдебиеті болған. Бірақ, Шәкәрім қанша орыстың мәдениетін, әдебиетін қанша қатты сүйген ақын десек те, орыс тілін орынсыз қолданып, өз тіліңді шұбарладың деп кінә таға алмаймыз. Ақын қолданған сөздердің бір қатары термин, бір қатары сол кездегі қазақтың әлеумет өміріндегі өзгерістермен байланысты кірген сөздер, ал кейбіреулерін қазақша айтуға келмейді.
Шәкәрімнің өлеңдерінде, әңгімелерінде, дастандарында шамамен 157 (жүз елу жеті) орыс сөздері кездеседі. Бұлардың ішінде орыс тіліне кірме латын, грек тілдерінен енген электр, декабрь, психология, доктор, университет, радий, хроноскоп, телефон сияқты тағы да басқа сөздер жасағаны белгілі. Ертеде тәжік, өзбек, татар халықтары арқылы, ХІІІ - ХІ ғасырларда араб - парсы елдерімен, ХІІ - ХІІІ ғасырларда моңғол халқымен, ХVІІ ғасырдан бастап орыс халқымен тығыз байланыста келеді. Бұндай байланыстар нәтижесінде қазақ тілінің сөздік құрамында шет сөздері пайда болды.
Осындай өзге тілдерден ауысқан сөздерді тіл мамандары кірме сөздер деп атайды. Кірме сөздер (заимствование) деп әрбір тілдің өзіндік сөз тудыру тәсілімен емес, басқа тілдердің ықпалымен жасалған сөздерді айтамыз.
Соның ішінде орыс тілінен енген сөздерді ауқымы кең.
Орыс тілі – орыс халқының тілі. Үнді – европа тілдерінің шығыс - славян тілдері тобына жатады.
Ғ. Мұсабаев қазақ тіліне енген сөздерінің ауысу процесін үш кезеңге бөліп, бірінші кезеңі – ХVІ ғасырға дейінгі дәуірде оның өте әлсіз болғанын, XVI ғасырдан ХІХ ғасырдың ІІ - жартысына дейінгі, екінші кезеңде едәуір жандана түскенін атайды да, бұл кезеңде қазақтардың сөйлеу тілінде шаруашылық пен тұрмысқа қатысты соха, борона, пикет, хутор, чашка, стакан, поднос, жарма (ярмо) сөздері, әскери әкімшілік саласынан комендант, пристав, майор, солдат, поштабай (почтовый), сот, атпекен (адвокат) сөздері болды деп жазады.
Төмендегідей пікір білдіріп, орыс сөздерінің тілімізден орын алғаны жайлы былай дейді: «Аталған сөздердің барлығының XVI - XIX ғасырдың І жартысында қазақтардың сөйлеу тілінде болған - болмағандығы күмән келтірсе, екіншіден, көпшілігінің ғалым көрсеткен тұлғада (орыс күйінше) халықтың сөйлеу тілінде қолданылғаны сенімсіздеу.
Ал фактінің өзі, яғни орыс сөздерінің, әсіресе тұрмыстық лексика тобының халық тіліне ене бастауы, әрине, дау туғызбасқа тиіс.
ХІХ ғасырдың 50 - 70 жылдарына қарай қазақ әдебиетінің сөздік құрамына орыс сөздері едәуір ене бар. Ақын өлеңдерінде барлық басқа тілдер сияқты орыс сөздерін айтайын деген ойын анықтай, өрнектей түсетін жағдайда ғана пайдаланады. Мысалы:
«Газет, кітап қолға алып,
Оқудан да талықтым»
(«Ашу мен ынсап», 51 бет)
«Есі - дертің – партия ел билемек,
Залалкес хайуаннан жаман болсаң.»
(«Өкінішті өмір», 97 бет)
«Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты»
(«Жастарға», 39 бет)
«Жағылған жан күреске тоймас» деген,
Карта ойнаған кісідей күнде ұтылып.
(«Жастарға», 37 бет)
«Банкрот боп күйресек,
Орта кисе ұрса ма.»
(«Шаруа мен ысырап», 59 бет)
«Бір рюмкадан басталар маскүнемдік,
Наша үстіне нашаға өрлей - өрлей.»
(«Махаббат пен құмарлық», 61 бет)
«Дойбы, карта – бәрі бар,
Жүз құбылған әні бар.»
(«Құмарлық», 105 - бет)
«Жолдастарың жазықсыз «байкот» беріп,
Кетті ғой бір қарамай артына да.»
(«Мұнда шал», 138 - бет)
«Аэроплан, телефон, грамофон,
Электр, радий мен магнит ісін...
... Жанының бастан барын байқамапты,
Психолог ғылымын шашқан адам.»
(«Мен адамның таппаймын өнерлісін»)
«Чиновник ісін қылмаңыз,
Әділет жолын таңдаңыз.»
(«Ойбайлап шабу мақұл ма?», 161 - бет)
«Әлемді оймен кездім,
Перевод малтасын ездім.»
(«Қырық жылдан өтіп жасым», 256 - бет)
«Неше план сыза бердім,
Кезегімен ұнатып.»
(«Өртейін деп отқа көмдім», 245 - бет)
«Денесі неше миллион құбылса да,
Оның жаны баяғы ескі жаны.»
(«Атаның шаһуатының көп қой мәні», 201 - бет)
«Ұлықтарша қорқытпай законменен,
Молдаларша теңемей кәпірменен.»
(«Ей, жастар, қалай дейсің бұл дүние?», 201 - бет)
«Неше жүз автомобиль, арбамен
Жіберсе де көңілі бір сенбеген.»
(«Ана жыл әскер шығып оңнан - солдан», 154 - бет)
«Жауының батыры емес, патшасы емес,
Жігерлі қара солдат ердің құны.»
(«Ойлансын ұлан болса сөз ұғарлық», 150 - бет)
деген жолдардағы орыс тіліндегі сөздерді қазақшаға аударса, ақын ойы әлдеқайда, әлсіз, әрсіз шығар еді.
Жалпы Шәкәрім шығармаларындағы орыс тіліндегі сөздерді шамамен мынадай топтарға бөлуге болады: 1) Әкімшілік - билеу атаулары (ояз, старшын, урядник, волосной, исправник, приказной, староста, кандидат т. б.); 2) Заң атаулары (адвокат, рапорт, закон, протокол, дознание, акті, документ, апеляция, сот, список, административная высылка т. б.); 3) Әскери атаулар (бомба, конвой, офицер, майор, пушка, динамит, солдат, эполет, медаль, полковник т. б.); 4) Экономикалық атаулар (лапке, расход, байкот, банкрот т. б.); 5) Тұрмыстық атаулар (рюмке, шкаф, стол, стул, барабан, машине, автомобиль, карта, дойбы, сукно, колош, папирос, стакан, тарантас, телефон, самаурын т. б.); 6) Ағартушылық атаулар (университет, перевод, музыка, параграф, нота, доктор, учитель, билет, конверт, газет т. б.); 7) Арифметикалық атаулар (пар, тройка, ноль т. б.); 8) Ай атаулары (май, июнь, июль, декабрь т. б.); 9) Ғылым тіліндегі атаулар (аэроплан, электр, магнит, фантазия, радий, психолог, лунатик, гипноз, телепат, хроноскоп т. б.).
Қазақ даласына баспасөз тарамай тұрған тұста, орыс сөздері көбіне жазба түрде емес, ауызша сөйлеу тілі арқылы енген. Сондықтан бұл кезеңдегі кірме сөздер түгелдей дерлік қазақ тілінің дыбыстық заңдарына бағынып өзгерген. Бұл сөздер негізінен қазір де қазақ тілінің орфоэпиясы мен емлесіне сәйкестендіріліп, өзгерген қалпында жазылған.
Шәкәрім шығармаларында орыс тілінің ізі әр түрде байқалады. Мысалы тұлғалық жағынан өзгертілмей, дәл орыс тіліндегі қалпында алынған сөздер де кездеседі. Олар: мода, вокзал, газ, сигнал, комсомол, перевод, том, список, член, крест.
Сондай - ақ тұлғасы сәл - пәл өзгертіліп қолданған сөздер де бар. Олар төмендегі тәрізділер: бәлшебек, старшын, кереует, жандарал, көшір, башпақ, самаурын, резеңке, пормы, облыс, піркәзшік, панар, переуат, крепіс.
Қазақ тіліне енген бұл орыс сөздерінің бірсыпырасы қазақтың төл сөздерімен синонимдік қарым - қатынаста жұмсала жүріп, көп ретте төл сөздерден басым түсіп, жалпыхалықтық сипат алған.
Бұған себеп болған тіліміздегі құбылыстардың бірі – сингармонизм заңы. Сингармонизм (грек. sun – бірге және harmonia – байланыс, үндеу) – түркі тілдеріне тән аса күшті заң. Тіліміздегі байырғы сөздер (түбірлер) бірыңғай жуан буынды немесе жіңішке буынды болып келеді. Ертеректе енген араб - парсы сөздерін айтпағанда, орыс тілінен енген сөздердің өзі де аралас буын қалпынан ажырап, бірыңғай (жуан не жіңішке) буынды болып қалыптасады. Бұған мысалды Шәкәрім шығармаларындағы сөздерден де келтіруге болады. Мысалы: әміркен (американ), резеңке (резинка), старшын (старшина), шамадан (чемодан), пәбеске (повестка), шенеунік (чиновник), кнеге (книга), жалыунасы (жалование), крепіс (крепость).
«Әр тілдің өзіне ғана тән дыбысталу заңдылықтары – сол тілді дербес етіп тұратын белгілердің бірі», - десек, сол тіл өзге тілдерден сөз қабылдамай тұра алмайды. Ондай сөздер халықтың «қара қазанында» (айту машығы, артикуляциясы деген мағынада) қайта қорытылып, азды - көпті дыбыстық өзгерістерге ұшырап кірмеліктен жұрдай болады.» (С. Мырзабеков)
Дыбыстық өзгерістер әр түрлі болуы мүмкін. Енді Шәкәрім шығармаларындағы орыс сөздерінің құрамындағы өзгерістерге тоқтайық.
Протеза (грек. prothesis – сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуы. Бұл кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін, тілдің табиғатымен үйлестіру үшін қажет. Екі - үш дауыссыздан басталатын орыс сөздері протезамен айтылады: (ы) шкаф, (ы) стол, (ы) стакан, (ы) стул, (ы) станция, (і) спирт.
Эпентеза (грек. epenthesis – қыстырылу) – сөз ішінде дауыссыздардың арсына дауыстының қыстырылуы: кереует (кровать), кінәз (князь).
Апокопа (грек. apokope – шолтию) – сөздің соңындағы дыбыстың түсіп қалуы. Мысалы: газет (газета). Шәкәрімде бұл екі қолданыс та бар.
«Күн сайын жазып тұрды газетаға,
Өлгенін, аты - жөнін соғыстағы».
(«Боран», 458 - бет.)
«Газетке жаз, кітап жаз,
Бастыр оқыт қазаққа.»
(«Ашу мен ынсап», 55 - бет)
минут (минута)
«Сегіз минут, шерікте жерге барып,
Әншейін құр жарқырап тұрып алмай.»
(«Күннен неге түсіп тұр мұндай жарық»)
секунд (секунда)
«Секундты мың бөледі хроноскоп
Жүйрік оймен оны да бөле берсек...»
(«Қараңғы мен жарықты жүрміз өлшеп»)
телеграм (телеграмма)
«Телеграм жайын білуге
Оын да сынай жүруге.
Телеграм олай емес қой
Ұқсар ма екем дегем ғой.»
(«Мұтылғанның өмірі», 334 - бет)
пар (пара)
«Салон айтты: «Атнада бір кедей бар,
Не қылсаң да болмайсың сен оған пар.»
(«Криз падша», 480 - бет)
Шәкәрім шығармаларындағы орыс сөздерінің дыбыстық өзгеріске түсіп қолданғаны осылар, енді кейбір орыс сөздерін қандай мағынада қолданғанына тоқталайық. Шәкәрімнің «Жастарға» өлеңінде:
«Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
Күнде дау, күнде жанжал шу болмақты.»
Сыяз сөзі орыстың «съезд» деген сөзінен алынған. Сыяз – орыс тіліндегі «бір жерге жиналу» (съехаться) мағынасындағы «съезд» сөзінің баламасы, яғни болыс сайлауын өткізу үшін жиналатын жиынды сыяз деген.
«Ақ соты сұрап сол істі,
Тез қайтар деп жұмысты.»
Сот сөзі қазір баршамызға түсінікті. Бұл орыстың «суд» деген сөзінің біздің тіліміздегі аудармасы. Шәкәрім бұл өлеңінде сот сөзін үш түрлі мағынада қолданып тұр. «Соттықты тастау» яғни билікті тастау; «Біздің сот» яғни қазақ салты бойынша жүргізілетін билік; «Ақ соты» дегені патша әкімшілігінің билігі мағынасында қолданылып тұр.
«Әділ - Мария» романында:
«Тілмаштың ақ қосына старшындар бір - бірлеп кіріп - шығып жатыр.»
Мұндағы старшын сөзі орыс тіліндегі «старшина» сөзінен шыққан. Старшына – патша өкіметінің енгізген лауазым аты.
«Дубровский» романында:
«Оязной сот жіберді бұйрық беріп...» ояз сөзін қолданған. Ояз сөзінің мағынасын қазақ тілінің түсіндерме сөздігінде былай берген:
Ояз. Зат. 1. Россиядағы губерниялық құрамына кіретін әкімшілік территориялық бөлік. 2. Оязды басқарушы әкім. Сонда «оязной» сөзі оязды басқарушы әкім мағынасында қолданған.
«Орта жолға барғанда, он бес кісі Пәуескені жан - жақтан қамап алған.» мұндағы пәуеске сөзінің мағынасы: төбесін, сырттан былғарымен жапқан, ою - өрнек сап сәндеп жасаған күймелі жеңіл арба. Орыс тілінде «повозка» сөзінің аудармасы.
«Не төре, не жандарал міні келді.»
Жандарал орыс тіліндегі «генерал» сөзінің баламасы.
«Мәскеу мен Покровский арасында, кішкентай Каф станса қаласында...»
Станса сөзінің орыс тіліндегі айтылуы «станция», мағынасы: темір жол мен тағы да басқа дол қатынастарының бойындағы жолаушылар тоқтайтын пункт.
«Арбаға піркәзшікті байлап алып, жандарал амандасып кетіп қалды.»
Піркәзшік сөзінің мағынасы сауда қызметкері, сатушы.
«Приказщик» сөзінің қазақ тіліндегі көрінісі.
«Поштабай стансадан ат сұрады.»
Поштабай сөзінің мағынасы: би - болыстардың тапсырмасымен жүріп, тұратын, іс - қағаздарын тиісті жерге жеткізіп келетін шабарман.
«Пан - Жи - Зан хан» әңгімесінде:
«Пароходы теңізде жүрмесе де,
Бар мұхитты билейміз деп ойлайды.»
«Сен ғылымға...» өлеңінде:
«Дариядай дап - дайын бол,
Пароходпен жүрсе де.»
Пароход сөзін қолданған мағынасы: бу машинасының я атомның күшімен жүретін су кемесі.
Шәкәрім өлеңдерінде «партия» сөзін 26 (жиырма алты) рет қолданған. «Партия» сөзінің түсіндірме сөздікте көрсетілген мынадай мағыналары бар: 1. Қандай да бір қоғамдық топтың мүддесін қорғап, оның жау топпен күресін басқаратын саясы ұйым. 2. Көне. Жан - жаққа бөлінген топ, одақ, жік. Енді ақын өлеңдерімен мысал:
«Кей елді партияма көп жиям деп,
Әркімге аласардың жалпия да!»
(«Мұңды шал»)
бірінші мағынасы келеді.
«Партияға салынба бірлік бұзып,
Желіктірсе, желікпе тілімді ал.»
(«Жиырма үй менің көршім - Қарабатыр»).
екінші мағынасына келеді.
«Әділ - Мария» шығармасында:
«Бүлінген елден бүлдіргі алма,» - деп біздің партияда неміз бар еді?»,
«Мен сендей партияға сатып, еркімді күйеуінен айырғалы жүргем жоқ» деген сөйлемдердегі «партия» сөзі жоғарыдағы екі мағынаға келмейді. «Партияда», «партияға» деп отырғаны болыс. Бұл метономиялық қолданыс.
Шәкәрім романындағы қазақ – орысы Иванның аузына:
«Ну, айда тез! Антрган уры, разбойник», «Әйда кет! Бәрі сенікі бүлік! Сен болыстікі балаға тисе, бұл бүлік болмайтұғын еді» деген сөздерді салса, начальникке. «Жоқ өтірік айтасың, сенікі жас списокта жиырма бірде» деген сөздер айтқызды. Бұл жерде тіл бұрмалау емес, ақын кейіпкерлердің образын жасап, ашу мақсатында қолданыр тұрған амалы.
Батыс пен шығыстың білім бұлағынан еркін сусындаған, дүниені жамандықтардан оқу, ағартудың, жақсы өнегенің көмегімен жақсартуға, адам мінезін түзеуге болады деп имандай сенген суреткер шығармаларындағы орыс тілінен енген сөздердің ізі осылай байқалады.
Ақын өзінің оқырманына ишара етіп:
«Сынау қиын біреудің сырын білмей,
Кетпе өмірін, ортасын көзіне ілмей.
Ауыр жүк арқалаған жолаушыға,
Жағада жүксіз тұрған жанша күлмей», - деп толғайды.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Тілім - менің тірегім

Тілім - менің тірегім

Мақсаты: Оқушылардың «тіл», «Отан» құндылықтары туралы түсініктерді кеңейту. Міндеттері: - ана тілінің адам өміріндегі маңыздылығын түсіндіру; - ана...
Кірме сөздер

Кірме сөздер

Сабақтың мақсаты: 1. Білімділік: Басқа тілден енген сөздер туралы түсінік беру; 2. Дамытушылық: Оқушылардың ойлау қабілеттерін, сөздік қорларын...
«Тіл дамыту» курсы

«Тіл дамыту» курсы

Шет ауданы, Ақжал кенті, Ш. Батталова атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Кусайнова Мугилсим Сатбековна...
Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамыт ...

Қазақ тілін оқыту барысында оқушының сөздік қорын байыту арқылы тілін дамыт ...

Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Ғани Мұратбаев атындағы мектеп-гимназиясының орыс сыныптарында қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Базилова Перизат...
Бастауыш сынып қазақ тілінен орыс сыныбына сабақ топтамасы

Бастауыш сынып қазақ тілінен орыс сыныбына сабақ топтамасы

Ақтөбе облысы, Хромтау қаласының, №2 мектеп - гимназияның бастауыш класс мұғалімі Сейтмаганбетова Ж. Б....
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×