Сайтқа кіру Тіркелу

Абайдың хакімдігі: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа»

Абайдың хакімдігі: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа»

Абай – экономикалық прагматизмді (қажеттілікті) жақтаған ақын. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Қазақстанға сауда капитализмі еркін ене бастаған. Бұл әлеуметтік қозғалыс басында татар саудагерлері болса, кейін бірте - бірте қазақ жастары да араласа бастаған. Абай:
Пайда деп, мал деп туар ендігі жас,
Еңбекпен малын сатып түзден жимас, -
дегенде жастардың сауда ісіне ықыласын бейнелеген.

Қазақтың саудаға араласуы – сөзсіз татымды іс, бірақ Абай байлықтың екінші жағы, көлеңкесі туралы сөз қозғайды.
Ол «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, Мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» жүргендерді жақтырып отырған жоқ. Ақын арманы – малды еңбекпен табу. Жастар жалған жолға түспей, адал еңбекпен мал тауып, жұртқа жақса дейді.
Баюды мақсат тұтып ар - намысын аяқ асты еткендердің қатары өсіп келеді. Оларды ақын сынайды:

Мал жиып арамдықпен ұрлап - қарлап,
Қусың десе, қуанып жүр алшаңдап.
Абайдың осы пікірлері мына нарық ілігіне ілінген бүгінгі қазақтарға да тура келіп отыр. Жанын сала қалай болса да байимын деушілер адамдық пен арамдықтың арасын ажырата алмауы ғажап емес. мақсат тек баю болса, онымен іс өнбейді де бітпейді. Ондайларды Абай:

Мақтан қуған, малқұмар нені ұға алсын,
Шықпаса мыңнан біреу талғап - талғап, -
деп сынап - мінейді.

Ақын мал табудың өзін ақыл нәтижесі деп білген. Сондықтан мал тапқан ақыл тапқан. Керісінше, ақыл тапқан адам мал да табады. Бұл – адамдық, адалдық жолы. Көкірегі ояу, саналы жұрт осы жолмен жүрмек керек. Бұдан өзге құдайдың атқан жолы бар. Ол жолда

Ұрлықпен мал табам беп,
Егессе ауыл шабам деп,
Сүйтіп құдай атады.

Шіркін, Абайдан сөз қалған ба айтылмаған?! Ақынның осы өсиеті біздің бүгінгі заманға тұп - тура келіп тұр. Елге шықсаң, ауыл ішінде ұрлық көбейгенін естисің де налисың. Ұрлықпен өскен жан – азып - тозуға бет алған адам. Мәдениетті елдерде ұрлық деген болмайды. Ол – азғындықтың бір белгісі.

Абай: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», - дегенде, біз жиі айтып жүрген «мещанство» туралы айтып отыр. Малдың досына айналу – кісіліктен қалу, байлықтың байлауы, құлына айналу. Бұл да халық үшін қауіпті жағдай. «Малдың досы», яғни мещанинге мәрттік, азаматтық, пәктік – жат сезімдер. Олар әдетте сатқындыққа, қара бастың қамы үшін не түрлі қылықтар жасауға дайын.
Тарихтағы небір қилы замандарда фашистік және одан да асқан айуандық саясатқа жанын сала қызмет еткен ұсақ, майда - шүйде алыпсатарлар болған.

Абайдың сондықтан да: «Малға достың мұңы жоқ малдан басқа», - деуі әбден орынды. Бұл – ақынның мал табу жолына түскендерді жолда кездесер қауіптен сақтандыруы. Ақынның айтуынша, малдан өзге мұңы жоқ адам – топас, надан жан. Наданнан надандықтан өзге еш нәрсе шықпайды. Ол – құлқынның құлы, малдың досы, адамның дұшпаны.
«Мұң» дегеніміз – адамның жеке басының тағдыр - болмысына қатысты санасы мен сезімнің тұмшалануы, тұйықтан жөн, жол табу үшін адамның ой мұхитына батуы, зор толғанысқа түсуі. Ал мал үшін мұңлы болу – ақымақтың ісі. Мал деген – дүние, байлық, ол туралы Абай көп сөз айтқан. Айталық, ол: «Дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз», - деп байлықтан ғылымды биік қойған.

Байлық деген – дүрмек, қисапсыз әрекет, бірақ соңында қалар із жоқ. Тарихта пәлен деген бай болыпты деген сөз қалмаған. Оны білген байлар өз өмірінде байлығымен тарихта атын қалдыру үшін бала оқытқан, мешіт салдырған, қажылыққа барған, ғылымға, ақынға қажетті жағдайлар жасаған. Осындай әрекеттеріне байланысты ана бай, мына бай деген лақаптар қалған. Мұндай байлардың мұңы тек мал болмаған. Олар байлықты ел қамына жаратқан.

Малды болсаң осындай жолда бол, адамдық атың өшпейді. Ал тыпырлаған төрт аяқтының досы болып, өзгені ұмытсаң, сенен адамға, елге рақым жоқ. Мұндай жандар әдетте бірбеткей, топас, сараң келеді және сөйлеген сөздерінде үзілді - кесілді қорытындылар жиі кездеседі. Бұлар шексіз әлемді бір түйір тарының қауызына сыйғызып, бір - ақ түсінікпен өмір кешпек. Ол түсінік – Абай айтқан малға дос болу, одан басқа мұңның болмауы.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Абайдың хакімдігі: «Адамзаттың көркі – мал»

Абайдың хакімдігі: «Адамзаттың көркі – мал»

Хакім Абай қазақтың әр сөзін түпкі мәнінде қолданып отырған. Соның бір айғағы ретінде «мал» деген сөзге назар аударайық. Қазақтың ауызекі тілінде мал...
Абайдың хакімдігі: «Уайым – ер қорғаны, есі барлық...»

Абайдың хакімдігі: «Уайым – ер қорғаны, есі барлық...»

Уайым, қайғы – мәндес ұғымдар, бірақ уайым үнемі қайғыға бастамайды. Уайымы бар адамның қайғысы болмауы ықтимал. Кейде уайым мен қайғы тұтасып кетуі...
Абайдың хакімдігі: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны...»

Абайдың хакімдігі: «Мұңлы шайтан – құдайдың қуған жаны...»

Абай айтқан «шайтан өрнектің» зоры большевизм болды. Ақын заманында қазақ елі бұзылғанымен, қырғыннан аман еді, әлі де болса ел ішінде есті адамдар...
Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы

Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы, Қиыннан қиыстырар ер данасы. Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы....
Қара сөздер. Абайдың сегізінші қара сөзі

Қара сөздер. Абайдың сегізінші қара сөзі

Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу - болыс, біреу - би....
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×