Абайдың хакімдігі: «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл...»
Абай халықтың тобырға айналмайтындығын, ал көптің тобырға айналуы мүмкін екендігін екі шығармасында ашып берген. Біріншісі – «Масғұт» поэмасы.
Поэманың оқиға желісі көпшілікке аян болғанмен, еске салып өтейік. Масғұт халифке уәзір болып тұрғанда, түсінде Қыдыр аян береді:
«- Ей, балам, пәлен күні жауын жауар,
Сол жауынның суында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар».
Содан Масғұт бұл хабарды халифке жеткізіп, алдын ала таза су алып, дайындық жасайды. Қыдыр айтқан күні жаңбыр жауып, оның суы араласқан өзен, құдық сулары кесапатқа ұшырап, жұрт ақылынан ауады. Жындылар ұйқы - күлкіні ұмытып, шулап, сеңдей соғылып жүріп алған соң, олардың алдына барып халиф ақыл айтса, олар. «Хан мен уәзір ақылынан адасқан, бұл екеуін өлтіреік!» - деп шуласады. Істің насырға шапқанын сезген хан уәзірінен ақыл табуын өтінеді. Уәзір айтады:
«- Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп есі дұрыс бізді қуған...»
Екеуі жынды суды ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды байқамай айтыппыз деп,
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
Міне, көптің тобырлық (толпа) сипаты. Тобыр халық емес. Себебі ақылынан адасқан көпті халық деуге болмайды. Халық қалып айтпауы үшін ол ақылынан адасуы керек. Поэмадағы ханы, уәзірі бар жұрт, әрине, халық. Ол не іс істесе де ақылмен, санамен шешілген. Ал көп ақылынан ауса, онда халықтық сана жойылады, көп есірік деген дертке душар болады. Бұл мәнде біз «тобыр» туралы айта аламыз. Көп екен деп тобыр сөзіне құлақ асуға болмайды. Абай осы халді былайша айтқан.
Көптің бәрі осындай, мисал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең.
Көптің тобырлық сипатын Абай отыз жетінші сөзінде ашып берген. «Сократқа у ішкізген, Иоанна д’Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал».
Біз өмір сүрген социализм деген қоғам да бар істі көптің қолына беріп, оны «коллектив» деп атап, әділеттілікті саяси ойынға айналдырды. Мұндағы көп Абай айтқан, «ақылынан ауған» большевиктің жынды суынан ішкен тобыр болатын. Оны біз халық пікірі дедік, шын мәнінде халық өзін - өзі жаңа - жаңа танып, есін жиып келеді. Поэмада көптің ақылының ауысуы жеті күнге созылса, біздің елде жетпіс жылға созылды. Онда есі дұрыс хан мен уәзір жынды суды ішіп алып аман қалса, қазақтың есі дұрыстарын большевизм қырып салды, ал үрейлі жандар еріксіз «жынды» болуға келісіп, көппен бірге дүрмекке түсті де кетті.
Революция дегеніміздің өзі – тобырдың іс - әрекеті, оның саяси өкіметі, пролетариат диктатурасы. Абай Сократқа у ішкізгенді білгенде Француз революциясын білмеді деуге болмайды, ол революцияны білген, бірақ оның көптің ісі екенін де түсінген. «ақымақ көп, ақылды аз», - дейді. Осы «көп ақымақ» деп отырғаны халық емес, ол тобырды айтып отыр. Сол тобырдың әрекеттерінен бізді сақтандырған, амал не, тарих Абай айтқандай болмады, тобыр 1917 жылы өз дегеніне жетті. Абай халқын көп кесапатынан қаншама сақтағысы келіп, шырылдағанмен болар іс болып, қазақ халқы, сірә, маңдайына жазғаны болу керек, өз тағдырын жеңе алмай, тарих тәлкегіне түсіп шықты. Ақынның өз тілімен айтсақ, «ермен шықты ит қылып, бидай шашқан егінге».
«Көптің» екінші мәні. Абай «көп» деген ұғымды тек тобыр емес, көпшілік, жұрт, қала берсе халық деген мәнде де қолданған.
Көптің бәрі көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті, күнде жемек.
Ғадәләт пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
Көп туралы екі ой айтылып отыр. Көп адасқанмен оның қамын ойлау, оған қызмет ету өзге мәселе. Мархамат пен әділдік көп үшін керек. Оларды көптің азығы дейді ақын. Әділеттілік – қашанда жұрт еңсесін көтеріп, санасын оятатын күш. Олай болса, көпке адал қызмет ету, оның мүддесіне орай іс істеу – адамдық борыш. Себебі «көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған, мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін». Тәңірі ойлаған көптің қамын сен де ойласаң, сол Тәңір жолында болғаның. Көпке қарсы шығу – Тәңірге қарсы болу. Қолыңнан келсе: «... қарекет қыл, пайдасы көпке тисін», - дейді Абай. Халықтың «Көпке топырақ шашпа» деген мақалы осы мәнде үндес келеді.
Көптің үшінші мәні. Көп адасады, қателеседі. Алтын мен жезді ажырата алмайды. Мұндай жағдайда не істеу керек? Абай бұл сауалға он төртінші сөзінде жауап берген. Ол жүректі кісі деген кім дегенге талдау жасай келіп, қазақтың жүректі кісі деп батырды айтуы жеткіліксіз екенін айтып, нағыз жүректілік деп адасқан көптің ат басын бұруға жараған әділетті және ақылды азаматты айтады. Мұндай адамдар – ел ішіндегі единицалар және тұлғалар. «Единица нөлсіз - ақ, өз басындық болар сол», - деп Абай халықтың біртуар азаматтарын «единица» деп атаған.
Адасқан көптің басын бұратын адамдарды қазақ халқы көсем деген, ол хан, сұлтан, би болуы мүмкін. Қазақ сөз қадірін біліп, «Жүзден шешен, мыңнан көсем шығады» деген. Көсемге қарағанда, ел ішінен шешен жиі шығады. Бұл сынды единицалар, көсемдер сирек кездеседі. Олай болса, оларға құрмет те ерекше болмақ.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Абайдың хакімдігі: «Единица кеткенде, не болады өңкей нөл...»
- ramuk_b
- 9 қараша 2024
- 115
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Абайдың хакімдігі, «Масғұт» поэмасы, әділеттілік
Ұқсас жаңалықтар:
Шернияз Жарылғасұлы (1807 - 1867 ж. ж.)
Қазіргі Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген. Арғы атасы Байтілеу ауқатты болса да, өз әкесі шағын дәулетті, еті тірі ел ағасы болған...Абайдың хакімдігі: «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес...»
Адамның өзі жер бетінде толып жатқан діндер, әлемдік философиялық сызбалар, жүйелер құруға негіз болды....«Адасқанның алды – жөн, арты – соқпақ...»
Бөтен сөзбен сөз арасын былғамайтын ақын неге «адасқанның алды – жөн...» деген? Қалыптағы түсінікте адасқанның алды белгісіздік емес пе? Адасып бара...Масғұт
Я, алла, құрметіне достың Махмұт, Тілге яр бер, білінсін тұғры мақсұт. Һаруан-Рашид халифа заманында Бағдатта бір жігіт бар аты Масғұт....Сөз өнері, тіл туралы мақал-мәтелдер
Сөзге сөз келгенде, Сөйлемесе атасы өледі. Өлең — алтын, Сөз — күміс....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.