Сайтқа кіру Тіркелу

Ш. Құдайбердіұлы / Әділ – Мария

Ұлы Даланың рухани жауһары
Ш. Құдайбердіұлы / Әділ – Мария
Роман май айының мамыражай кешін суреттеумен басталады. “Май - Май! Әттең, май жұлдызы - ай! Сен жан - жануардың қайғысын ұмытқызып, бейіш ауасын жұтқызып, қабағын ашқызып, үмітін ілгері басқызып, тозбас өмір, таймас бақ бергендей алдайтының - ай!
Жан - жануардың, адамзаттың да артын ұмыттырып, алдын ойлатпайсың - ау!”... Бұл - тамылжыған табиғат құшағындағы әдемі кештің ғана суреті емес, астары бар көрініс.
Осы кеште болыстың бұлаң баласы Еркімбек қасындағы бозбалалар қымызға бөккен, қызыққа батқан. Өмірде өзге қызық, мақсат бар деп ойламайтындай бір сәт. Осы ортаға Шешенбай келеді. Жылпос жігіт жай келмейді, лепіріп отырған топқа от ала келеді. Ерігіп отырған Еркімбекке ермек табылады.
Шешенбай мен Еркімбек арасындағы диалог талантты жазылған. Болыс баласын түрткілеп қыздырып, тартысқа айдап салып отырған Шешенбай да, тойымсыз нәпсі құлына айналған, болмайдыны білмейтін Еркімбек те осы диалог үстінде жан - жақты ашылады.
“Еркімбек: - Шешенбай, сен менің қалжыңыма ыза болмай, шыныңды айтшы? Шын маған лайық сұлу көрдің бе?
Шешенбай: - Мен көруін көрдім - ау, бірақ сен оның маңына да бара алмайсың, ол кімнің қызы деп менен сұрамай - ақ қой! Құр ішқұса болып өлерсің! Егер мен Төребек болыстың баласы болсам, осы кешке - ақ сол қызбен жақын болудың бабын табар едім”...
Талайды көрген Шешенбай даңғойлау болыстың баласын қалай қайрап салады.
“Еркімбек: - Ол қыз айтқаныңдай болмаса қайтесің?
Шешенбай: - Айтқанымдай сұлу болмаса, мына астымдағы бәйге ақтабан сенікі. Егер айтқанымдай болып, сол қызға өзің маңайлай алмасаң қайтесің?
Еркімбек: - Атыңның бағасын берейін.
Шешенбай: - Атымның бағасы бес құлынды бие! Маған екі - ақ құлынды бие беремісің? Өзгесін кештім.
Еркімбек: - Болады, берейін! Әкел қолыңды!
Шешенбай: - Әкелсең әкел! Екеуі қол алысты да Еркімбек қолын жазбай тұрып бозбалаларға қарап:
- Жігіттер, бұл шын серт! Бұған куә болыңдар!” Трагедия бастауы осы. Мұнда анық таптық, әлеуметтік сипат жоқ. Ш. Құдайбердиев талпынғанын алған бай баласының кезекті сұлуға аяқ асты құмартуы мен болмайтындай пәлелі іске болыс баласын айдап салып отырған пысықай жігіт арасындағы бәстесуді ғана суреттеп отыр. Қайғылы хал романы осылай басталады.
Әкелері атастырған қалыңдық пен күйеуі қалыңдық ойынға дайындалуда. Бір қарағанда бейтаныс жандар тәрізді. Бұрын бірін бірі көрсе де көңілдері толған. Енді оңашада қалыңдық – күйеуі болып алғаш рет кездеспек. Әділ мен Серікбай күнге қарап “Жарықтық, қашан батады” деп жаздың ұзақты күнін батыра алмай отырса, Әділдің келетін хабарын жеңгесінен тосын естіген Мария дауысы дірілдеп: “Жеңешетай - ау! Жүрегім лүпілдеп, тұла бойым ұйығандай салқындап кеткені несі? Мен сенің айтқаныңнан шықпаймын ғой, бірақ жат кісінің қасына жатып...” – деп ол сөзінің аяғын аяқтамай алмай, кідіріп”...
Жастардың кездесуін туған толық ай да, Шыңғыстау да авторға өзгеше хабарлайтындай. Міне, осы романтикалық кеште бұлардың жолына қақпан, басына тор құрылуда. Автор махаббат пен жауыздықты беймарал, бейтарап табиғат аясында суреттеу арқылы оқырман жүрегіне күдік ұялатады, оқырман үрейленеді.
Осыдан бастап Еркімбектің Әділ мен Мария артына түсуі, ақыры оларды өлтіріп тынуының тарихы романда шымыр баяндалады. Ш. Құдайбердиев шығарма сюжетінде сұранып тұрған бір уақиғаларды созбаламай, баяндаумен шектелсе, екінші бір тұстарда көлемді көріністерге орын береді. Шыңғыстауға қатысты монолог, диалогтар болмаса кейбір уақиғалар уақыт, кеңістік өлшемдеріне арнайы көшіріле, көлемді де жазылады. Мысалы, Мария мен Әділ кездесетін кештер, Әділдің толғатқан Мариядан хабар күтіп, Серікбайды тосып отырғандағы толқуы т. б.
Шәкәрім Әділ мен Мария трагедиясына себеп болған жайларды, ашып көрсетуге тырысады. Беті қайтпаған Еркімбек психологиясын кейде баяндаса, кейде бейнелеуге көшіреді. Сондай заңсыздықтарға жол беріп отырған қоғамдық қатынастарды көрсетеді.
Романда характерлер тағдыры жалған өмір, өткінші жастық тағы басқалар туралы автордың философиялық толғаныстармен параллель алынады.
“Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заманның зырқырап өтіп бара жатқанын Әділ мен Мария сияқты жас асықтар сезе ме?”.
“Әрине, әлем айналғанын қоя ма? Оқтан жүйрік уақыт сыдыртып, қақаған аяз, қатты боранды ақпанды да туғызады”.
“Әділ өлген екен деп, айналған уақыт тоқтай ма? Қазақтың “Ұлыстың ұлы күні” дейтін күн мен түн теңелген наурыз да жетті” т. б.
Шығармадағы талғамдар, монологтар мен диалогтар, лирикалық шегіністер өтіп жатқан өмір, жастық туралы ойға бастап қана қоймайды, роман әлеміне жақындатады, оқырман өзін осы аяда сезінеді.
Әділ мен Мария уақиғасы Кәрі Шыңғыстау қойнауында өтіп жатқан көп уақиғалардың бірі ғана. Онда бақытты жандар тағдыры да, бақытсыз сорлылар трагедиясы да қабаттаса өтіп келеді. Шыңғыстау, табиғат үшін бәрі бір, оның кең қойнауы бақытты тағдырға да, сұмдық трагедияға да, рахат пен бейнетке де куә, сансыз уақиғаларға толы.
Шыңғыстауға, айға, май айына бағытталатын толғамдарда автор тілі дәстүрлі шығыс әдебиеті поэтикасына өте жақындайды. Уақиға, құбылыстарды сезімдік - эмоционалды, философиялық мәнге орай өсіре, бояй баяндауға көшкенде авторлық көркемдік - идеялық ізденістер айқын көрінеді. Өмірдегі уақиғалардың өтпелі екенін, ал табиғат әлемінің баянды сипатына бойлаңқырау бар.
Ш. Құдайбердиев романын сюжет, уақиға қуа оқу жеткіліксіз, ол үшін оқырманға ойлы көзқарас керек. Роман уақиғасына ғана емес, оның мағыналық, көркем мазмұндық астарындағы ой толғаныстарға үңілу қажет.
“Әділ мен Мария” романы туралы мақалаларда көбіне осы романда бейнеленетін тағдырлар тарихы туралы айтылады. Әйел теңдігі тақырыбындағы шығарма, онда қоғам қайшылығы, таптар тартысы аңғарылады деген пікірлер келтіріледі. Негізінде бұл роман – берекетсіз тірлік кешкен бозбалалардың, бос қалжыңынан басталған бәсекенің адам трагедиясына ұқсау тарихы туралы қаламгерлік толғам. Кездейсоқтыққа толы тіршілік қоламтасынан қандай қауіпті өрттердің тұтанатынын ескерту. Онда оқушыға ұсынылар дайын жауап жоқ, дидактика аз. Романда қалың ел ортасында өткен сұмдық бір уақиғаға философия, көзқарас, ой бар. Автор осыны жеткізуге ғана ұмтылған.
Ш. Құдайбердиев романында табиғат аясындағы қазақ елі тіршілігінің жан - жақты, шынайы суреті өтіп жатқан өмір шындығына деген атворлық сезім, баға, философиялық оймен үндеседі. Тіршілік пен өмірге телеологиялық көзқарас та байқалады.
Адам табиғатының, тағдырының жаратылыс, әлеммен жақындығын, үндестігін бейнелеу Ш. Айтматов шығармашылығының ірі мотивтерінің бірі екені белгілі. Г. Маркес, Э. Хемингуэй, О. Бөкей шығармаларында да осы перзенттік байланыстың түрлі қырлары, жұмбақтары талданады. Бұл мотив этимологиясы бізді үнді, араб, шығыс поэтикасындағы күрделі өрнектерге алып барады. Шығыс поэтикасында осы әдістің қолданылу орны мен қызметі шектелуі ғана. Мекеншақтық (хронотоп) өлшемдерге әдетте көшпейді, бұл мотивтер элементтері бір сәттік жалқы ой, бірер сөз, сөйлем, қасқағымдық, нүктелік қана өлшем деңгейінде. Ш. Құдайбердиев қолдануында ол жүйелі, ырғақты, тәсілдік тұрғыда қайталанып әдемі өрнекке ұласады. Мысалы, шығарма құрылымы, сюжеттік желіде орналасқан эпизодттарды тау, ай, табиғатпен авторлық диалогқа, монологқа қабаттастыру, болмаса, трагедиясының бастауын тіршілік атаулы рахатқа батып мамырлаған май айындағы жастар желігінен көру т. б.
“Әділ мен Мария” романын талдау үстінде онда байқалатын архитектоникалық, композициялық пішіндік т. б. бейтаныс өрнектерді көзтаныс классикалық романдар поэтикасымен салыстырып Ш. Құдайбердиев романынан кемшілік ізденудің де берері аз. Біз үшін маңыздысы “Әділ мен Мария” романының көркемдік - идеялық жүйесінің өзге, дара сипаты мен авторлық ізденістер бағытын байымдау ғана.
“Әділ мен Мария” романы дүниеге келген жылдарда қазақ елінің саяси - әлеуметтік жағдайы әлі таптық негізде шиеленісе қоймаған еді. Коммунистік идеология еркін ойды әлі тұсай алмаған - ды. Алайда әлеуметтік ортаны бай, кедейге бөлу айтыла бастаған. Идеологиялық жағдайды философ Шәкәрім жақсы түсінді. Мұндай терең философиялық шығармаларға кейін, отызыншы жылдар ішінде жол берілмейді. Шәкәрім романының қолжазба күйінде қалу сырының бірі де осында. Ал оның өзегіндегі ірі ойларды қаламгер қалай дамытты, бейнелейді, ол өзге мәселе. Оны айқындау үшін роман көркем жүйесіндегі образ тіліне ғана емес, сөйлемге диалогқа көңіл аудару керек. Көркемдік - идеялық бағыттағы Ш. Құдайбердиев ізденістері осы көркем жүйеде айқын аңғарылады.

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар облысы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Ш. Құдайбердіұлы / Әділ – Мария

Ш. Құдайбердіұлы / Әділ – Мария

“Әділ мен Мария” романында синкретті сипат мол. Лиризмге, философияға толы, авторлық монологтар уақиғаны баяндаудың түрлі деңгейдегі үлгілерімен...
Т. Әлімқұлов / Ақбоз ат

Т. Әлімқұлов / Ақбоз ат

Жүйткіп кетіп бара жатқан поезд образы жазушы шығармасында көп айтылады. Бұл поезд бір тұста зымырап өтіп бара жатқан адам өмірін де мегзегендей....
Ең әдемі гүл

Ең әдемі гүл

Баяғы өткен заманда бір қалашықта әлемнің ең сұлу қызы өмір сүріпті. Қыздың сұлулығы соншалық, оны көру үшін өте алыс шаһарлардан, елдерден өте бай,...
Мұхтар Әуезов Жолда (“Абай жолы” романынан үзінді)

Мұхтар Әуезов Жолда (“Абай жолы” романынан үзінді)

Мұхтар Әуезов Абай туралы төрт томдық “Абай жолы” роман – эпопеясын жазған. Онда Абайдың бүкіл өмір жолы: балалық, ересек шақтары, шығармашылық...
Тілеу Мария Дүйсеналықызы

Тілеу Мария Дүйсеналықызы

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Тоғыз бекеті,№7 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Тілеу Мария Дүйсеналықызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×