Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар
Ұмай ана және аю батыр
Есте жоқ ескі заманда алып Алтай тауын қоныстанған бір қауым жұрт болыпты. Олар жыныс орманды жамылып, аң аулап, жеміс - жидек теріп жеп күнелтеді екен.
Бір жылы қыс ерекше қатал болыпты. Құрық бойы қар жауып, ел ауыр апатқа ұшырапты. Бірнеше ай толассыз жауған қар төңіректегі тіршілікке қажетті нәрселердің бәрін тұтастай басып қалған. Содан адамдар да, жан - жануарлар да аштық пен суықтан қатты күйзеліп, қырылыпты. Тірі жан иесі атаулыдан тек жалғыз Аю батыр деген кісі ғана аман қалыпты.
Ол өзі аулаған аюдың терісін жамылып, аюдың терең апанында өмір кешетін болғандықтан ел оны Аю батыр атап кеткен екен. Сол бір сұрапыл қыста Аю батыр өзінің қараңғы тас үңгіріне тығылып, қысқа дайындаған азық қорын талғажау етіп, жан сақтап қалыпты.
Күндердің бір күнінде толассыз жауған қар тоқтапты. Сонда үңгірінен шыққан Аю батыр: «Маңайда тірі қалған жан бар ма екен?» - деп жұтаған қауымның жұртын кезіп келе жатыпты. Бір кезде ол үлкен көк бөрінің бірдеңені қар астынан қазып шығарып жатқанын көреді. «Мынаның жегелі жатқаны адамның денесі емес пе екен, айырып алайын» деген оймен айғайлап жыртқышқа ұмтылады. Ол таяп келгенде көк бөрі тапқан олжасын тастай салып, көк сағымға айналып көкке ұшып кетеді. Батыр жақындап келіп қараса, ақ қардың бетінде айдай сұлу бір қыз жатады. Бұл бөстекке оранған бойы қар астында ұйықтап қалған Айсұлу атты ару екен. Өкпесі бүлкілдеп, тірі жатыр. Уыздай денесіне бөрінің тісі тимепті.
Қуанышы қойнына сыймаған Аю батыр айдаладан тауып алған Айсұлуды көтеріп, тас үңгіріне әкеледі. Қыздың бойына жан кіріп, көзін ашуын күтіп ұзақ отырады. Бірақ Айсұлу терең ұйқыға батқан адамдай еш қимылсыз сұлық жата береді. Күте - күте шыдамы таусылған Аю батыр үңгірдің аузына шығып, жан - жағына көз салады. Айнала аппақ. Тау да, тас та, орман да, жер де ақ мамыққа оранған. Құрық бойы қар басқан төрт тарап тып - типыл, тым - тырыс. Жер бетінде қыбыр еткен жан жоқ.
Әбден дағдарған Аю батыр осыншама қалың қарды жауғызған Көкке қарап налиды. Сол сәтте ол өзіне қарай ұшып келе жатқан екі құсты – Ұмай мен Құмайды көреді. Олар бірте - бірте төмендей ұшып, үңгірдің аузында тұрған Аю батырдың басын сипай өтеді де, оның қасына екі кесек тас тастап кетеді. Тастың бірі ақ, енді бірі қызыл екен. Бұған таңданған Аю батыр екі тасты қолына алып, бірін - біріне ұрады. Бұлар соғылғанда жарқ етіп ұшқындар пайда болады да, үңгірдегі қу шөптер мен шірік қоқырға тиіп, тұтанып жана бастайды.
Осы кезде үңгірге құс бейнесінде ұшып келген Ұмай ақ шашты анаға айналады да, қу шөпшектерді құшақтап әкеліп салып, жеңімен желпіп, отты маздатып жібереді.
Сәлден кейін бойы жылынған Айсұлуға ақырындап жан кіреді. Ол басын көтеріп, жан - жағына қарайды. Орнынан тұрып, өзін өлімнен құтқарған отқа, от анасы Ұмайға иіліп сәлем етеді, сыйынып, алғыс айтады.
Бұған сүйсінген Ұмай - Ене, екі алақанын отқа қақтап, Айсұлудың бетін сипайды. Сонан соң Айсұлуды Аю батырдың қасына жетектеп әкеліп, бір - бірінің қолдарын ұстатқызып:
«Енді екеуің бас құрап, түтін түтетіп үй болыңдар, өрен - жарандарың көп болсын! Оттарың өшпесін!» – деп бата беріп, көзден ғайып болады.
Орман - тауды ойсыратқан қалың қар түз тағылары – аң - құстарды да ауыр апатқа ұшыратқан еді. Аң аулай алмаған Аю батыр мен Айсұлу әбден ашығып, өлім халіне жетеді. Олардың қолынан бар келгені отты үзбей жаға беру болды.
Бірде олар отырған жердің астынан дыбырлаған дыбыс естіледі. Байқап көрсе, үңгірдің қуысында қоянның іні бар екен. Суықтан бүрісіп жатқан қояндар оттың қызуы дарыған соң денелері жылынып, орындарынан тұрып, қыбырлай бастапты. Сонымен бұлар «жер астынан жеті қоян тауып» алып, қатты қуанады. Солардың етін талшық етіп, қыстан шығады.
Қазақ қауымының «жерден жеті қоян тапқандай қуанды» деген сөзі осыдан шығыпты.
Бірте - бірте қақаған қыс өтіп, қалың қар еріп, жер кеңиді. Аю батыр орман - тоғайды аралап, тау - тасты кезіп, аң - құс аулайды. «Аю да болса байым, үңгір де болса үйім» деп тас үңгірде қалған Айсұлу отын жинап, аң - құс еттерінен тамақ істейді. Бұлардың өмірі осылай өтіп жатады.
Күндердің бір күнінде Айсұлу өзінің аяғы ауырлап қалғанын байқайды. Ол бұл өзгерісін Аю батырға білдірмей, жасырып жүреді. Бірақ күйеуі аулап әкелген аң - құстың етін, жеміс - жидектерді жегісі келмейді. Жесе – құсады. Оны «дерт шалды» деп ойлап қайғырған Аю батыр аң аулаудан қалады. Ақырында бір күні Айсұлу өзінің жүкті екенін, айдындағы аққудың жұмыртқасына аңсары ауып жргенін айтады. Оның жерік асын тауып әкелу үшін Аю батыр сапарға шығады.
Бірақ асқар - асқар таулардан асып, тар жол, тайғақ кешулерді басып, айдындағы аққудың жұмыртқасын қолға түсіру оңай - оспақ іс емес еді.
Күн артынан күн, ай артынан ай сырғып өтіп жатады. Аю батыр кешіге береді. Айы - күні толып, босанатын мезгілі жеткен Айсұлудың толғағы басталады. Жападан - жалғыз тас үңгірде қалған жас ару жылап - еңіреп, Жер мен Көктің бәріне сыйынады. Өзін өлімнен құтқарып үй еткен Ұмай - Енеге жалынып - жалбарынады. Сол сәтте Ұмай - Ене келіп, маңдайынан сипайды. Айсұлу дереу толғақтан айығып, егіз бала (бір ұл, бір қыз) туады. Ұмай - Ене жарық дүниеге келген кішкентай шақалақтардың уіндіктерін кесіп, ақ жөргекке орап, Айсұлудың бауырына салады да «Сәбилердің бауы берік болсын! Дендері сау, өмірлері ұзақ болсын!» деген батасын беріп кетіп қалады.
Аман - есен босанып, қол - аяғын бауырына алған Айсұлу мен жас нәрестелер сол баяғы тас үңгірдн өмір кешіп жатады. Аю батырдан әлі күнге дейін ешхпбпр жоқ.
Бір күні әртүрлі мазасыз ойлардың шырмауына түскен Айсұлу егіз баласын емізіп отырады. Кенет сырттан біреудің тықырлаған аяқ алысы естіледі. Артынан іле «Бармысың, армысың!» деген дауыс шығады.
Бұл ұзақ сапардан оралған Аю батыр еді. «Біреу еді ұмайым, екеу болды құмайым» деп, Айсұлу құшағындағы екі баланы батырға ұсынады
Міне, осылай Айсұлу ару мен Аю батыр ұзақ та бақытты өмір сүреді. Айсұлу егіз - егізден құрсақ көтеріп, екеуі көп балалы болады. Олардың ұрпақтары да көбейіп, күшті, батыл, ештеңеден қорықпайтын үлкен рулы елге айналады.
жиған - терген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Ұмай ана және аю батыр
- ramuk_b
- 17 ақпан 2021
- 3788
- 0
- 0
Ілмек сөздер: ертегілер, балаларға арналған ертегілер, Ұмай ана, аю батыр
Ұқсас жаңалықтар:
Қоңыр қаз
Бұл күй негізінен қазіргі Жезқазған, Балқаш өңірінде ерекше мәшһүр болған. Күй батыр құс - қоңыр қаз жайында сыр шертеді....Самұрықтың зары
Ертеде самұрық атты құс болыпты. Оның жан - жануар біткенге қастығы жоқ екен. Бұл өңірге жазда келіп балапандап, балапанын ұшырғаннан кейін, басқа...Үш аю
Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және...Қобыландының Тайбурылы туралы
Тайбурыл - Қобыландыдай ірі батырдың аты. Оны батырға тәрбиелеп, өсіріп берген Құртқа. Батырдың ақылды, мінезді серігі Құртқа Тайбурылды өзі баптап,...Жеті батыр
Бip күні жау жүрек жеті батыр кездесіп қалыпты. Біріншісінің аты — Шульц, екіншісінің аты — Якли, үшіншісінің аты — Марли, төртіншісінің аты — Ергли,...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.