Сайтқа кіру Тіркелу

Асан Қайғы

Асан қайғы Желмаяға мініп, жиһан кезіп, «Жерұйық» дейтін ну орманды, көгорай шалғынды, сулы жер, қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын қоныс іздейді. «Елді сол жерге қоныстандырсам!» - деп, арман етеді. Жүрген жерінде жақсы қонысқа да, жаман қонысқа да баға беріп отырады. Түркістанның қасында ескі қорған қала Сауранды көргенде: «Әттеген - ай, қорғанды ай тақырдың бетіне, Шөлістанның өтіне салған екен.
Сарқырап аққан суы жоқ, жайқалып тұрған нуы жоқ - түбі тұрақты қала бола алмас», - деген екен. Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты. Асанның екі баласы: «Маңғыстау малға жайлы қоныс бола алар ма?» - дегенде, Асан қайғы: «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас», - депті. Жетісуды көргенде: «Мынау Жетісудың ағашының басы сайын жеміс екен, шаруаға жақсы қоныс екен», - депті. Баянауыл тауын көргенде: «Баянға жаймай, қой семірмес», - деп, Асан қазіргі Баянауылды өзіне жайлау етіпті.
Қаратал өзенінің өлкесін көргенде: «Ей, сарқырап аққан Қаратал, артың кең, алдың тар - ау!» - депті. Өйткені бұл өзен құмға сіңіп жатады екен.
Осы күнгі Мерке ауданындағы Аспараны көргенде: «Ей, Аспара, көршіңмен тату бол, шөбіңе суың жетер!» - деп жүріп кетіпті. Шу өлкесін көргенде: «Ей, Шу, атыңды теріс қойыпты! Тегінде бір шулағаның болмаса, ну қамысың еліңді жұтқа бермес», - депті. Шудың аяғында Сарысу елі шөп жимай, Шудың қамысын қыстап, жаз Арқаны жайлайды екен.
Әулие - Атаның (қазіргі Тараз қаласы) шығысынан аққан Талас, батысынан аққан - Келес дейтін өзендерді көргенде, малға жайлы екенін біліп: «Ей, екі Талас, бір Келес, малсыз күнің кенелмес. Жері де жайылған малға жұт болмас!» - деген екен. Жуалы жеріндегі Ауан дейтін қара топырақты, егістік аймақты көргенде: «Шөбің семіз, қарың мол, топырағың май екен, кәдіріңді егін салған ел білер», - депті.
Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) тұсындағы Сыр өлкесін көргенде: «Ей, Ақмешіт, жерің шаң екен, суың жар екен, әр бұтаның түбінде кесек етің бар екен! Елің жұтамас, малыңның көзіне сақ бол!» - депті. Қарсақбай аймағын көргенде: «Айналаң жапан түз екен, тауыңның асты жез екен, екі тауың ел біткенді шақырар, басыңа байлық қонар, жұртың ашықпас!» - деп жүріп кетіпті. Нарын - Самар аймағын көргенде: «Е, Нарын, тайың айғырдай, тайлағың бурадай екен! Қысың ұзақ: шаруаңа сақ бол!» - депті. Шыңғырлау өзенін көргенде, түсе қалып, Желмаясын оттатып: «Жылқының өзі өскен жоқ, Шыңғырлау, сен өсірген екенсің!» - деп, қонып кетіпті. Бірақ Асан ол кезде шұрайлы, қоныс, нулы өлке таба алмапты. Ол Ұлытау жаққа келіп өліпті.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×