Сайтқа кіру Тіркелу

Алдар Көсенің әкесінен бата алуы

Баяғыда өткен заманда, хан Жәнібек тұсында Қожыр деген бір кедей шал болыпты. Үш баласы болыпты. Күндерден күн өтеді, шалға кәрілік жетеді. Кәсіп етуден қалады. Ақырында, шал балаларын жинап алып:

— Жасым келді, кәрілік жетті. Сендер болсаңдар ержеттіңдер. Мал тауып, тамақ асырайтын менен әл кетті. Мал табу, тамақ іздеу енді сендерге жетті. Ай, балалар! Кәсіп етіңдер, мал табыңдар. Мені асыраңдар. Кәні, қайсың қандай кәсіппен мені асырайсыңдар, айта беріңдер, — дейді.

Сонда әрі - бері ойланып тұрып, балалары мынаны айтады:
Үлкені:
— Дұрыс айттың, ей, ата!
Егінді сүйер көңілім.
Мұнымда жоқ еш қата,
Егінмен өтсін өмірім.

Ортаншы:
— Егіннен басқа тағы да:
Көңілімде қой бақсам.
Маған берген бағы да —
Мал дегенде зар қақсам.

Кенжесі:
— Ей, ата, мен алдасам,
Болса да, шын арбасам.
Жұрт істейтін кәсіп көп,
Алдауды мен қаласам.
Шал балаларының берген жауаптарына ырза болады.

— Олай болса, Алла беттеріңнен жарылқасын, тұңғышым, сен жер кәсібін істе, егін сал. Ортаншым — қой бақ, малшы бол, кенжем — сенің қалағаның алдау болса, басқа кәсіпті көптің бәрі істейді, бұл бір ерекше кәсіп екен. Сенің де Алла алдыңнан жарылқасын. Алдар бол, — дейді. Қол жайып, батасын береді.

Содан үлкен баласы егіншілікке түседі, ортаншысы мал бағуға кіріседі, кенжесі алдау жолына түседі. Алдаушының тұрақты жері бар ма? Ел кезіп, жер шарлап, кете береді.

***

Шалдың кенже баласы қолына таяқ ұстап, белін белбеумен қыстап, күн - түн жүріп, айлар - жылдар жүріп, бір заңғар тауға келеді. Нардай шөккен заңғар тау алдын бөгейді. Таудың басы бұлттан асқан екен. Басына дейін жалтыр тас екен. Адамның аяғы баса алмас, басына шыға алмас мұндай тау кездескенге Алдар қайғыланады.

— Ебін тауып, адамды да, Алланы да, жын - шайтанды да алдауға кетіп бара жатырмын. Сондай таудай талапты арқалап келе жатқанда, бұл тау маған бұйым бола ма? Қалай да болса, осы таудың басына шығып асамын, — дейді.

Қона жатып, қыстап, таудың тасын қашап, саты жасайды. Өлдім - талдым дегенде, дымым құрыды дегенде, күндер де бір күн азар деп, таудың басына шығады. Басына шығады да, талып, құлайды.

Бір уақыттарда есін жиып, көзін ашса — бір байғұз құс шоқиып, жатқан кісіні тас деп біліп, кеудесіне мініп отыр екен. Шап беріп, ұстай алады. Аяғына жіп байлап, қолына қондырып алады.

Жарар дейді керекке,
Әуелгі байғұc олжа ғой.
Жарамаса керекке,
Жіберермін 0олда ғой, — деп жүре береді.

Жүріп келе жатса, таудың арғы етегінде жұмыртқадан да ақ бір үй отыр.

Таң - тамаша жайлары,
Ойлы - қырлы сайлары.
Тас бастаулы маңайы,
Гүлденіпті баурайы.

Алдар таң - тамаша қалады, «не де болса, осы үйге барайын», — деп таудан түседі. «Достың үйі ме, дұшпанның үйі ме, адамның үйі ме, диюдың үйі ме? Әуелі байқайын», — деп, ептеп келіп, үйдің жабығынан сығалайды. Сығаласа:

Бір жігіт пен бір әйел
Сүйіседі жақындап.
Күйіседі сақылдап,
Текешіктей бақылдап.

— Қызық та, той да, кәсіп те мұнда екен, — деп Алдар ойланып тұрып - тұрып, «аптышау» деп, қатты бір түшкіреді. Жігіт пен келіншек шошып кетеді. Жігіт бір секіріп, төр алдындағы тұрған сары сандыққа кіріп кетеді. Келіншек шашбауындағы ашқышпен сандықты екі бұрап, кілттеп қояды. Алдекең мән - жайды біле қояды.

— Ассалаумағалайкум! — деп Алдакең жылт етіп, үйге кіріп келеді.
«Қайдан келдің, пері?» дегендей, келіншек қабағын түйіп, бір қарап, үндеместен отыра береді.

Алдар ішінен:
— Үндемесең, үндеме, келіншек, сенің де, сары сандық, сенің де сазайыңды берермін, — деп күлімдеп, отыра береді. Біраз отырғасын келіншек күлімдеп отырған Алдарға бір қарап:

— Неге күлімдеп отырсың? — дейді.
— Ана сабадағы қымызды көріп, күлімдеп отырғаным ғой, — дейді Алдар.
— Көрсең, іш, — дейді келіншек.

«Іштің» хабары келгесін Алдакең қарай ма, қара сабаның басына мінеді. Тойғанша қымыз ішеді. Сабаның қасында тураулы тұрған, пісірулі сары қазыны да бірге аттандырады. Қазы мен қымызға тойып алып, төр алдына барып, жантая кетеді.

Алдардың күлімдеуінен қорқып, бірдеңені біліп қойды ма? — деп қипақ қағып отырған келіншек жібек кілемнің үстіне сұлаған Алдарға ештеңе айта алмайды.

Алдекең қазыны жегенге, қымызды ішкенге, төрге аунағанға місе тұтпай, келіншекпен қалжыңдасуға кіріседі. Қалжыңдасып отырып, бұл бір сасық байдың үйі екенін, байдың баласы жоқ екенін, келіншек қырық бірінші қатыны екенін біліп алады. Сандықта жатқан жігіттің келіншек шаңырағына мініп келген «енші» екенін де сезеді.

Сиырларын өк - өк деп,
Түйелерін шөк - шөк деп,
Жылқыларын құраулап,
Ешкі мен қойды құрайлап.

Кешке таман бай келеді, келеді де, төрде жатқан Алдарды көріп:

— Торғайын құшақтап, төрімде жатқан бұл қай Құдайың! — деп ақырады.
— Ол — мен Құдайың! — дейді Алдар.
— Мен Құдайың қай Құдай?
— Мен Құдайың — бәлгер Құдай. Мынауым — көріпкел, біліпкел байғұз Құдай.

Байдың өмір бойы тілегені бір бала екен. Бала таптырам деп, алмаған қатыны, қаратпаған бақсысы жоқ екен. «Балгермін» дегенге райдан қайтып қалады. «Құдай шипа берсе...» деген ойына келеді.

— Кім болсаң да, бір қу боларсың, — дейді де, ала көзімен бір қарап, қазан жаққа барып, орнына отыра кетеді.

Ас ішіп, біраз отырғаннан кейін бай мән - жайын айтады:

— Төрт түлігім сай бай едім, мал дегенің есепсіз болып еді. Бірақ соның бәрі бір балаға тұрмады. Алладан бала тілеп, қырық қатын алдым. Қырқынан да пайда болмады. Ақырында, мал - мүлкімді төгіп, осы қатынды алдым. Бірақ одан да ештеңе болмай отыр. Жасым да келіп қалды. Сонда да Алладан үмітім бар. Балгермін дейсің. Байғұзым көріпкел дейсің. Көріпкелің не айтар екен? Балыңды аша көр, жаным, — дейді.

— Жарайды, — деп Алдар бал ашуға, бақсы болып, ойнауға кіріседі. Жынын шақырып, «ақ сөйле» деп, құсына ақырып, сарнайды.

— Мынау нағыз балгер екен, — деп бай қуана түседі.
Алдар сарнап жүріп, баяғы сары сандықты айналдыра береді.
— Япырым - ай, байым қалай - ды?

Қиын екен бұл өзі.
Көріп едім талайды, — деп, сандықты ұрады, құлағын салып тыңдайды, шертіп қарайды.
— Е, байым, іс жаман екен,— дей береді. Ақырында, ашқан балын айтады:
— Сары сандық ішінде
Қара пәле жатыпты.
Жібек көрпе үстінде
Қызық іске батыпты...
Қылмайды екен қарекет,
Ішеді екен, жейді екен.
Арғы затын сұрасаң,
Екі аяқты дию дейді екен.

Осы қара пәле әйеліңе бала бітірмейді екеy. Осы пәлені көшірмесе, болмайды екен, — дейді.
Бай мұнысына нана қоймайды. Алдап - сулап, мал тапқысы келіп жүрген бір қу болды ғой, сонда да:

Бақыр - мақыр берермін,
Көп сұраса, көнермін.
Көшірсе, көшіре қойсыншы», — деп ішінен ойлайды да:

— Жарайды, көшіре қой, — дейді.

— Мұны көшіру үшін ыстық су керек, — деп Алдар су қайнаттырады. Бақсы ойнап жатыр дегенге «мұндайдың талайын көргенбіз», — деп мысқыл етіп, келіншек те сырттан үйге кіріп тұрады.

Келіншек тұр күлімдеп,
Күлім - күлім жасарып.
Жігіт жатыр селкілдеп,
Қайда барсын қаша алып.
Келіншек тұр қуанып,
«Дию» деген жөнінен.
Жігіт жатыр қуарып,
«Құю» деген жөнінен.

Алдар үй ішін айналып жүріп, келіншектің шашбауындағы кілтін кесіп алады. Сүйтеді де, бір бақыраш ыстың суды қолына алып, сары сандыққа жүгіріп барып, аузын ашып:

— Көш, пері, көш! — деп ыстық суды жігіттің басына құя салады.
Атып кетті бір адам,
Бір адымы он қадам.
Пәле кетті үйінен
Асқан сұлу жігіт боп,
Түсі кетті келіннің
Көңілі мұздай суық боп.
Сиқыры құрсын, масқара!
Өле алмайды ұяттан,
Бар ма лажы, жоқ шара
Әбден болды дүзқара.

Сонымен басы күйіп, жігіт кетті. Іші күйіп, келіншек кетті. Жүрегі ұшып, талып, бай жатыр. Күлкісін жия алмай, Алдар жатыр.

Біраздан кейін бай есін жиып, орнынан тұрады.

— Мың рахмет, шырағым. Бәлені үйімнен қудың. Әйтпесе, өлген екенбіз. Енді Алладан үмітім күшейді... әрі садақа болсын, әрі еңбегің болсын. Аю ат дейтін атым бар. Соны ал. Сонымен бірге ол пәлеңнің қайтып келмесін кім біліпті. Осы балгер құсыңды маған сат. Бағасын айт, — дейді.
— Өмірлік жолдасым еді, мұнсыз күйім қараң еді. Байғызымды сатпаймын, — деп, Алдар біраз шалқаяды. Бай жалынып болмайды. Ақырында:
— Сіз үшін ғана құсымның көзін қиямын, — деп сатпақ болады.
— Бір өтірігі жоқ, осы құсымды мен иесінен қырық жылқыға сатып алғанымда иесі екі күн өкінген. Мен де өкінермін, елу жылқы беріңіз, — дейді.
— Мұның көп. Жылқының құны да аз емес қой. Амал жоқ, сол берген жылқыңды мен де берейін, дейді бай.
— Жоқ, болмайды. Оллаһи тегін, қырыққа берсем, өмірімде есімнен кетпейді, — деп Алдар көнбейді.
— Оллаһи, бағасы, — деп бай көнбейді.
Екі қу бірін - бірі тездікпен жеңіскен бе? Азайтып айтқанда, бір жұма, көбейтіп айтқанда, бір жыл екеуі саудаласып, алақан ұрумен болады. Ақырында, Алдардың қулығы асып, елу жылқы алып, байғызын сатып:

Қаңғып қалды бұл басым,
Іс болмаса құсыма.
Қош айтысып жылайын,
Жыламай, не амал қылайын! — деп бір жұма құсымен қоштасқан боп, тағы жатып, қазы - қарта жеп, қымыз ішіп, тойынып алып, жөніне кетіпті.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Алдардың өлген кемпірді екінші рет өлтіруі

Алдардың өлген кемпірді екінші рет өлтіруі

Бал аштырам деп кемпірді өлтіріп алған баяғы хан, не істерін білмей, қазы - билері болып жиналып, ақыл таба алмай, сол күнге дейін дағдарып отыр екен...
Алдардың қалыңдық айттыруы

Алдардың қалыңдық айттыруы

Алдар жаман торғайды байға елу атқа сатқанына мәз болып, «осы құрғыр артымнан қуып келіп жүрмесін» деп, тездетіп жүріп, тағы бір тауға келеді. Таудың...
Алдар көсенің сиқырлы тоны

Алдар көсенің сиқырлы тоны

Мұндай сақылдаған сары аязда тоңбаса, түлкі тоны немесе қасқыр ішігі бар адамның ғана тоңбауы мүмкін. Ал Алдар көсе жарықтық шұрық тесік жаман тонмен...
Тазша бала

Тазша бала

Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне...
Алдар Көсе мен Шықбермес Шығайбай

Алдар Көсе мен Шықбермес Шығайбай

Ерте заманда, құйрығы келте заманда Шықбермес Шығайбай дейтін бай болыпты. Төрт түлігі сай болыпты. Қөңілі жай болыпты. Сол Шықбермес Шығайбай үйіне...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×