Ерте-ерте ертеде. Ешкі құйрығы келтеде. Байбурыл деген шал бопты. Кедейліктен ақылы дал бопты. Бес ешкісі бар екен, бәрі де оның сары екен. Шал бес ешкісін бағыпты, кемпірі ешкі түбітін биялай жасап, жұртқа жағыпты. Азықтары ешкінің лағы екен, балалары жоқ екен, әйтеуір айран-шалапқа тоқ екен.
Бір күні құла дүз, құба жонға бес ешкі лағып кетіпті. Бұл екі езуі құлағына жеткен, некен саяқ малды жеуге серт еткен керауыз қасқырға жағып кетіпті. Айдалада өрісте ешкінің айранын ішіп, аунай түсіп, басы кеткен жерге аяғы кетіп ұйықтаған шал күн екіндіге таянып, кешкіріп қалғанда бір-ақ тұрыпты. Тұрса ешкі жоқ, шалды құдай ұрыпты. Шал екі етегін белге алып, екі етігін қолға алып жан ұшырып ешкілерін іздепті. Қас қарайып, ымырт жабылғанда бір таудың басындағы тасқа беріктеп қалған ешкілерін шал зорға тауыпты. Ешкісінің біреуі жоқ болғандықтан, шалдың есі ауыпты. Сөйтсе қасекең бес ешкінің бірін жеп, терісін де тастамай, төрт тұяғы, екі мүйізінен басқасын қалдырмапты. Қап, кемпірім құртатын болды-ау деп безек қағып жүргенде, бір жерде сары ешкінің құйыршығының жатқанын көріпті. Шал еңкейіп құйыршықты ала берейін десе, құйыршық кетіпті, шал қайта қуып жетіпті. Ұстай бермек болып еңкейіпті. Құйыршық секіріп кетіпті. Шал құлап түсіп, сақалы тұштаң етіпті. Ақыры шал амалдап ұстап алыпты. Шал ешкісін жоқтапты:
«Сойса саны қалақтай, Сауса сүті бұлақтай, Қарабас ешкі қайраным Жазғы шыққан айраным», — деп зар жылап. құйыршықты қойнына тығып үйіне әкеліпті.
— Шал, шал, сары ешкінің бірі қайда, қыста жейтін сүрі қайда?— депті кемпірі шелегін алып саууға бара жатып.
— Сары ешкіні жеп қойды қасқыр күшті, қалған құйыршығы қолға түсті,—депті шал. Шал құйыршықты апарып киіз үйдің жапсарына тыға салыпты. Құйыршық құнтиып тұра беріпті. «Қалған ешкілерге қанағат қылалық,»— деп шал мен кемпір біріне бірі көңіл айтысыпты.
Ертеңіне шал төрт ешкісін өріске баға кетіпті. Кемпірі жалғызсырап іші пысыпты. Төрт ешкінің сүтін пісіріп отырып кемпір:
— Алда дариға-ай, жұрттың баласы бар. Біз балаға болдық зар. Баламыз болса мына сүттің көбігін ішер еді-ау,— депті. Сол кезде жапсарда тұрған құйыршық:
— Шеше, шеше, мен ше?— депті. Кемпір бұл бала даусы қайдан шықты деп шошып кетіпті. Сөйтсе қарабас сары ешкінің құйыршығы екен. Тіл бітіпті, сайрап тұр.
— Ойбай, сен қайтіп ішесің, шырағым?
— Қазанның ернеуіне тұтқыш қойып берсең, сонда тұрып ішемін.— Құйыршық жапсардан шығып кемпірдің жанына келіпті. Кемпір қазан ернеуіне тұтқыш қойыпты.
— Ендеше кел, шырағым,— құйыршық сүттің көбігіне тойып алып, қайтадан жапсарға барып жабысып тұрыпты.
Бір күні көрші-көлем, ауыл-аймақ түйелерін шомдап, қомдап тұзға жүрмек болыпты. Түз ол кезде қат екен, алатын кені жат екен. Бұл күні қабын қай кірешіге берерін білмей кемпір шамығыпты, ақыры жылап-еңіреп қамығыпты:
— Алда қу шұнақ құдай-ай! Баласы барлардың тұзға баласы бара жатыр. Егер біздің баламыз болса, ол да барар еді-ау.— Жапсарда мұны естіп тұрған құйыршық:
— Шеше, шеше, мен ше?— деп тұштаң ете түсіпті.
— Сен қайтіп барасың?— деп сұрапты кемпір.
— Қара нарды шомдасаң, екі өркешін қомдасаң, сонан соң мені қомының қуысына тығып жіберсең барамын,— деп жауап беріпті құйыршық. Сонан кейін шал мен кемпір қара нарды қоғамен шомдап, киізбен қомдап, қомға құйыршықты тығып, қара бураны кірекештерге қосып жіберіпті. Қара нар Ит ішпестің ала көліне тұзға бара жатқандардың артынан маң-маң басып, жүріп отырыпты.
Кенге келген сен құйыршық әркімге «ағатайлап» жалынып жүріп тұзын қаптатып, артқызып алыпты. Нарға тұзды теңдеген соң қаранардың үстіне шығып алып «әтшу-ей, әтшу-ей!» деп шіңкілдеп келе жатыпты. Бір кезде сіркіреп өткінші жаңбыр жауып көп кетіпті. Кірекештердің бәрі түйелерінен түсе-түсе қалып, түйелерінің мойнағының астына отырып, жаңбырдан қорғалапты. Осы кезде құйыршық та түйеден түсе қалып бір жау жапырақтың астына паналапты. Жан жағын орып тұрған қара нар жау жапырақты асап көп жіберсе, сонымен бірге құйыршық қоса кетіпті. Құйыршық қара нардың ішінен «Әтшу-ей, әтшу-ей!» деп шіңкілдепті. Кірекештер дауысын естігенімен, құйыршықты көре алмапты.
Кірекештер жүдеп-жадап, бірнеше күн жүріп ауылға іңір қараңғысында жетіпті. Бір уақытта үйде отырған шал мен кемпірдің құлағына құйыршықтың шіңкілдеген даусы келіпті:
— Шеше, шеше, тұзыңды түсіріп ал!— депті.
— О, түз түсер, өзің қайдасың, шырағым? Жаурап қалдың-ау!— деп қаужаңдасып шал мен кемпір тұра жүгіріпті, сасып-салбырап.
— Шеше, қисаң сой, қимасаң қой, мен қара бураның түпкі бүйеніндемін,— деп жауап беріпті құйыршық. «Ұйбай, бала орнына бала болған баламыздан не аялық»,— десіп шал мен кемпір түн ішінде қара бураны сойып, қазысына тойыпты. Қара бураның ішек-қарнын аршып, таба алмапты. Әбден түн болып кеткен соң, мына бір қатпаршақты ертең жарықта аршып, құйыршықты тауып алайын деп, есік алдындағы тастың үстіне қоя салыпты. Қатпаршақты қара төбет жеп кетіпті. Қара төбетті қасқыр жеп кетіпті.
Қара төбет қасқырдың ішіне пәле болып жабысыпты.Қасқыр қарны ашып қойға шапса, ішінен бірдеме «Қойшы, қойшы, қойыңа қасқыр шапты»,— деп айғай салады. Қасқыр жылқыға шапса «Жылқышы, жылқышы, жылқыңа қасқыр шапты»,— деп аттан салады. Қасқыр бұралып әбден аштан өлер болыпты. Мойны ырғайдай, биті торғайдай болып жүдепті. Құйыршық өзі ашқарақ, өзі оңаза қасқырды қарадай өлтіретін дәрежеге жеткізіпті. Іші бүлкілдеп тыныш таппайтын болыпты. Бір күні қасқыр түлкінің қаншырына тамырын ұстата отырып, ішіне жабысқан дертін шағыпты:
— Түлкішек, түлкішек, мен әбден аштан елер болдым. Ішіме пәле жабысты. Қойға шапсам, қойшы, қойшы, қойыңа қасқыр шапты, жылқыға барсам, жылқышы, жылқышы, жылқыңа қасқыр келді деп жар салады. Аштан елер болдым, түлкішек. Қайтсем құтыламын бұл пәледен?
Түлкішек қасекеңнің тамырын ұстай отырып, ем айтыпты:
— Әрі-бері жүгірсең, бақайшағыңа дейін терлесең, олай-бұлай жүгірсең, лай судан бір сімірсең, сонан соң суға құйрығыңды бір матырып алып, жалтыр мұзға отыра қалсаң, содан таң атқанша тапжылмасаң ішіндегі пәле түсіп қалады.
Қасекең қаншырдың айтқанын бұлжытпай орындады. Олай-бұлай жүгірді, шүмектеп тері төгілді, қара судан тойғанша бір сімірді, сонан кейін қолақпандай құйрығын суға бір матырып алып, жалтыр мұзға тапжылмай отырды. Түнде жаңбырлы қар жауып, таң рауандағанда қатты суық болды. Қасқыр да қарысып отырып, тапжылмады...
Таңертең құс шүйіп, ит жүгірткен екі саятшы осылай қарай келе жатқанын қасекең көрді. Мұны көрген қасқыр қаша жөнелмек болды. Қайдан қашсын! Құйрығы құрғыр жіберер емес, тас болып анжырланып жабысып қалыпты. Оның үстіне көптен нәр татпаған сорлыда әл де жоқ. Екі саятшы қасқырды соғып алды. Құйыршық кісінің бірінің кісесіне кіріп кетіпті.
Кешке жақын екі саятшы қасқырын байланып, қонуға жайланып бір ауылға келіпті. Олар шетінен бір үйге келіп дауыстапты:
— Қонақпыз!
— Қаншаусың!
— Екеуміз!— деді қонақтар.
— Ой, жаның шыққыр, үшеуміз,— деді құйыршық. Мұны айтқан кім деп екі қонақ қатты сасыпты. Үй иесі «қондырмаймын» деген соң екінші үйге келді:
— Қонақпыз!
— Қаншаусыз?
— Екеуміз.
— Ой, жаның шыққыр, үшеуміз.
— Қондырмаймын.
Екі қолың тағы біріне бірі қарасты, бұл пәле қайдан жабысты? Енді не де болса үшеуміз деуге келісті. Үшінші үйге келді.
— Қонақпыз!
— Қаншаусың?
— Үшеуміз.
— Ой, жаның шыққыр, төртеуміз.— Екі қонақ қатты састы. Бұл пәле қайдан жабысты. Бұдан арғы үйге барып «төртеуміз» десіп еді, құйыршық «ой, жаның шыққыр, бесеуміз» деді. Бұлар қона алмай ауылды екінші рет айналды. Үшінші рет ауылды айналып, тағы бір үйге келді.
— Қонақпыз!
— Қаншаусың?
— Бесеуміз
— Ой, жаның шыққыр, алтаумыз.
— Ой, қаншау да болсаң қон,— депті үй иесі. Үйге кірген соң қараса қонақ екеу-ақ.
— Батыр-ау, бұларың қалай? Екеу-ақсыңдар ғой.
Қонақасыдан кейін қонақтар ұйқыға батты. Жұрттың көзі ұйқыға кетіп қалың ұйқыға жетіп, ел аяғы басылған соң құйыршық орнынан тұрыпты. Еркінше сайран құрыпты. Қораға мойнын бұрыпты. Одан бір қой әкеліп сойыпты, қан-жынына тойыпты. Етін екі жапсарға тығыпты. Қызық енді шығыпты. Не істеудің ақылын тапты. Шарбы майын ұйықтап жатқан үй иесі әйелінің басына жапты. Құйыршық бір қызықты бастады. Қойдың көтен ішегін қиымен екі қонақтың арасына тастады. Өзі қойдың тесіне тойды, бір бүйрегін сол үйдің екі қызының арасына қойды. Мандайшаға тоқпақ байлады. Табалдырыққа қазық қақты.
Үйдегі жұмысты сәтіне келтірген соң, сәлден кейін далаға шығып қойдың терісін дырылдата сүйретіп, айнала жүгірді. Қой үрікті, дыр етті, ит шу етті, кемпірдің жүрегі зу етті. Азан-қазан болды. «Қойға қасқыр шапты»,— деп шал тұра жүгіріпті. Есіктегі тоқпақ маңдайына сарт етті. Шал құлап тақ етті. Табалдырықтағы қазық құйрығына тиіп шал бақ етті. Әйелдің басына жапқан шарбы май іріп кетті, құлаған шалға қазық кіріп кетті. Шарбы майдың не екенін білмей, тұра алмай әйел әуре болып жатты.
— Адыра қалғырдың жаулығы не болып кеткен, қай жерін ұстасам сол жері іріп кетеді, қолым кіріп кетеді.
Әбігершіліктен үйде жатқандардың бәрі оянып кетті. Екі қонақ та, екі қыз да бастарын жұлып-жұлып алды. Екі қонақ арасында қиы шығып жатқан көтенішекті көріп, бірінен бірі көріп, екеуі қатты қысылады.
— Мына нәжісті сен отырдың ба, әлде мен отырдым ба?— деп жатыр біріне бірі.
Екі қыздың басындағы жағдай екі қонақтың жайынан әлде қайда қиын болды. Екеуі арасында жатқан бүйректі қолына кезек-кезек алып:
— Мына баланы сен таптың ба, мен таптым ба?— десіп сыбырласты.
Қонақтардың үй иелеріне қарауға беті жоқ, «ертемен жоғалайық» десіпті. Екеуі орнынан ұрсыса тұрыпты. Сахардан тұрған екеуі аш кетіп бара жатқанын да ұмытпапты. Олар өтірік ұрсысыпты. Көздері жапсардағы етке түсіпті. Жолда құйқалақ қып отқа пісіріп жесек те деп біріне бірі ұрысқан болып ескерту жасапты:
— Жалым-жұлым қызталақ!— депті бірі.
— Жапсарда тұр, қызталақ!— депті екіншісі.
— Қойын-мойын қызталақ!
— Қойныңа тық, қызталақ!
Сөйтіп жамбастары былғанып, ол жандарын жеп бара жатса да қу тамақтарын ұмытпапты:
— Сандал ма!— депті бірі.
— Санды алсаң, санды ал!— депті екіншісі. Сонымен қойдың мойынын да, санын да қойындарына тығып аттанып кетіпті.
Міне, бір құйыршықтың кесірінен ел әбігер болыпты. Ұшқалақ, жеңіл мінезді балаға, орынсыз, әр нәрсеге киліге беретін балаға «ой, құйыршық» немесе «құйыршыққа ұсап қыстырылма» деген осыдан қалыпты.
Құйыршық
- ramuk_b
- 15 қазан 2018
- 4094
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Құйыршық ертегісі, Құйыршық, Балғабек Қыдырбекұлы әңгімелері
Ұқсас жаңалықтар:
Үш аю
Ертеде қалың тоғай ішіндегі үлкен бір үңгірде үш аю тұрыпты. Олар түнімен тоғайды аралап, күн ысыған кезде үңгірге кіріп жатады екен. Ең ірісі және...Түлкі мен ешкі ертегісі
Бір түлкі жүгіріп келе жатып, абайсызда бір терең апанға түсіп кетіпті....Қара Қашқынбай
Бір бала жасынан мал бағып, отын - су алумен күнелтеді. Жазда бұтына жарғақ шалбар киіп, ылғи жалаңаш жүреді екен. Денесі күнге күйіп, қап - қара...Қарлығаш
Ертеде бір бес ағайынды жігіт бар екен. Бесеуі бір байтеректің қасына жарты жер салған екен. Егіні піскен соң, түнде келіп біреу жеп кетеді екен....Тазша бала
Ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың үш баласы, бес ешкісі бар екен. Бір күні үлкен баласы басқа жерден пайда кәсіп қылуға талап етіп, өзіне...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.