Ұлы Дала елінің дарабоздары
ӨТЕГЕН БАТЫР
Өтеген батыр – XVIII ғасырдың бірінші жартысында жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақ батыры. Ұлы жүздің Дулат тайпасынан Жаныс руынан шыққан. Өтегеннің ата - бабалары да есімдері елге танылған батырлар болған. Бабасы Сырымбет 1635 жылы Ойрат ханы Батырдың 50 мың әскеріне қарсы соққы берген Салқам Жәңгірдің сапында ұрысқа қатысқан. Өз әкесі Өтеғұл да талай қанды жорықты бастан кешкен батыр адам болған. Шешесі Нұрбала атақты Қордай батырдың немересі екен. Өтеген батыр 15 жасынан жоңғарларға қарсы соғысқа араласқан. 1723 жылы Тауасар, Райымбек, Ханкелді батырлармен тізе қосып, жоңғарлармен айқасады. 1740 жылы Іле бойында қалмаққа қарсы жасақ жинаған Төле би әскеріне қосылып, елін жаудан азат етіседі. 1756 жылы шамасында Абылайдың Қытаймен бейбіт болу саясатына қарсы шығып, Жиделібайсында 17 жыл жүріп қайтыпты деген аңыз да бар.
Өтеген батыр жөнінде ел аузында аңызға бергісіз әңгімелер көп сақталған. Солардың біразы Сүйінбай мен Жамбыл секілді жыр алыптарының да дастандарына арқау болған. Ел оның есімін әулие тұтып, қос мүйізі бар киелі деп біледі. Жамбыл Жабаевтың: «Қасара біткен маңдайдан, жан еді қос мүйізді», - деп жырлап, оны батырлықтың белгісі ретінде тануы да содан. Өтеген батырдың өмір жолын үш кезеңге бөліп қарауға болатын секілді. Оның бірі — Бұхара медресесін бітірген ғұлама ретінде ел ішінде хазірет атанған кезі. Екіншісі — батырдың елді «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратқан жоңғар басқыншыларына қарсы күресі. Ол күресте ерлігімен көзге түсіп, батыр атанған. Үшіншісі – жоңғарлардың 1734 жылғы екінші қайтара соққысынан кейін оңтүстік қазақтары қатты күйзеліске ұшырағанда, Төле бидің жау өтінен шалғай жерден қоныс іздеуге жіберіп, елге жайлы, малға қолайлы жер іздейтін кезі. Өтеген батыр мен Райымбек батыр екеуі жауға бірге шапқан замандас кісілер екен. Райымбек бірде Өтегенге: «Өлгенде сен су астында қаласың», - деген екен. Әулиенің сол айтқаны дәл келіп, 1973 жылы Қапшағай су қоймасы салынғанда, Өтеген батырдың бейіті су астында қалатын болады. Бірақ батырдың ұрпақтары бұдан ертерек хабарлап, қам жасап, батыр бабаларының сүйегін алып, Өтеген ауылына әкеп қайта жерлейді. Батырдың кезінде өзі тұтынған біраз мүлкі сақталған. Солардың бірі – Абылай ханның жез тегенесі. Оны Абылай хан Өтегенге кезінде өзі сыйлаған екен.
Өтеген батыр – ел арасында аңызға айналған адам. Оны алғаш жырлаған Сүйінбайдың бабасы Күсен ақын. Өтеген батыр жайында тарихи дерек жинаған тарихшы Делебаевтың материалына қарағанда, Тілеміс, Майкөт ақындар да батырды дастан етіп жырлаған екен. Бұлардың ішінде бізге жеткені – Жамбылдың «Өтеген батыр» дастаны. Өтеген батыр туралы дерек - аңыздар жинауға әдебиетшілер Е. Ысмайылов, Қ. Тұрғанбаев, Н. С. Смирнова, С. Бегалиндер қатысқан. Алматы облысының Бозой мен Қараой аралығында Өтеген батыр есімімен аталатын жерлер бар. Кейбір зерттеушілердің мәліметтеріне қарағанда, батыр Бұхара, Самарқанд, Кабул, Исфахан, Тегеран, Ыстамбұл сияқты қалаларда болып, білім алған. Өтеген батырдың соңында атағы ғана емес, Қосағал, Қосдәулет, Асау, Ылау, Бердіс, Тарпақ, Базарбай, Аюса, Жақұлы, Төке, Тоқтарбай есімді балаларынан тараған үрім - бұтағы да қалды. Атақты Байсерке күйші, Тілеміс шешен – Өтеген батырдың ұрпағы.
Батыр әуелі Іле өзенінің бойына (қазіргі Қапшағай су қоймасының табаны) жерленген. Кейін оның сүйегін ұрпақтары Қордай ауданына апарып, қайта жерлеген. Жерленген жері Өтеген ауылы деп аталады. Алматы облысындағы бірсыпыра жер батыр есімімен аталады. 1999 жылы Өтеген батырдың 300 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Соған орай қабірінің басына кесене тұрғызылып, Жамбыл облысы Қордай ауданының орталығында ескерткіш орнатылды. Батыр туралы екі телефильм түсіріліп, екі кітап жарық көрді. Алматы қаласының бір көшесіне, Іле ауданының орталығы Энергетический кентіне Өтеген батыр есімі берілді.
әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Өтеген батыр
- ramuk_b
- 12 сәуір 2017
- 3949
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Ұлы жүздің Дулат тайпасынан Жаныс руынан, Өтеген батыр
Ұқсас жаңалықтар:
Жамбыл Жабаевтың «Өтеген батыр» дастанындағы батырдың бейнесі
Білімділік: Жырдан батырдың бейнесін тауып талдау жасату, «Өтеген батыр» дастанының мазмұнын, идеясын ұғындыру. Дамытушылық: Өлеңмен жазылған...Райымбек батыр
Райымбек – батыр, қолбасшы, Ұлы жүз албан ішіндегі Алжан руының Сырымбет тармағынан. Атасы Хангелді батыр XVIII ғасырдың 1 - жартысында жоңғарларға...Жәнібек батыр
Жәнібек Тархан Қошқарұлы, Шақшақ Жәнібек – қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінің қаһарманы. Орта жүз құрамындағы арғын...Жасыбай батыр
Жасыбай батыр – 18 - ғасырда өмір сүрген батыр. Орта жүз құрамындағы Арғын тайпасынан шыққан, Бәсентиін руынан. Олжабай батырдың жиені. Қазақ...Әлменұлы Бөлтірік
Әлменұлы Бөлтірік (1771 – 1854) – қазақтың көрнекті шешені, биі, батыры болған зор тұлға. Туып өскен жері Жамбыл облысының Шу ауданына қарасты Шоқпар...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.