Мақсаты:
1. Денсаулықтың адам өмір сүруі үшін аса қажеттілігін, оны сақтай білудің адам өміріндегі маңызы, микробтардың ағза қауіптілігін, кір қолдың қандай ауруларға ұшыратынын, жұқпалы аурулардан сақтану жолдарын түсіндіру.
2. Оқушыларды білімділікке, салауаттылыққа өмір сүруге баулу. Оқушылардың өз ойларын айта білуі, өздері ой - түйін жасай білу дағдыларын дамыту.
3. Денесін шыңдауда шымыр да шапсаң ұқыпты да жинақы, ортаны таза ұстап аялауға, өз денсаулығын күте білуге, еңбекқорлыққа тәрбиелеу.
Сабақтың көрнекілігі: слайдтар, суреттер, нақыл сөздер, мақал - мәтелдер, тыйым сөздер.
Сабақтың барысы:
І Ұйымдастыру кезеңі
Психологиялық дайындық
Айналаға алақанмен
Жылулықты шашайық,
Тілек тілеп, күлімсіреп,
Жаңа сабақ бастайық.
- Балалар, бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбын осы сөзжұмбақтан біле аламыз. (слайд)
Сөзжұмбақты шеше отырып, «Тазалық – денсаулық кепілі» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз.
Тазалық туралы айтқанда, ойымызға не келеді?
«Тазалық» сөзін топтастыру.
- Балалар, тазалық дегенді қалай түсінеміз?
Жұпар иіс Тазалық гигиена
щетка денсаулық
жылтыр кір жуу таза киім тәртіп шаңсорғыш
(Осы кезде есік қағып, бір оқушы сынып оқушыларының атына сәлемдеме келгенін хабарлайды)
- Балалар, бүгін біздің тазалық туралы тақырыбында тәрбие сағатымыз болатынын біліп, Кірқоймастан арнайы сәлемдеме келді. Ол тазалықты өте жақсы көреді. Сендер оны танисыңдар ма?
- Балалар, Кірқоймас бізге не жіберіпті, танысайық…. (сәлемдемемен таныстыру). Шығарамын.
- Балалар, бұл заттардың бәрі не? Не үшін керек? (тазалықты сақтау үшін )
- Ал тазалықты сақтау не үшін керек? (деніміз сау болу үшін)
- Ал денсаулық адамға керек пе?
Әрбір адам өз денсаулығының мықты болу жолдарын қарастыру керек. Дені сау адамның көңіл - күйі көтеріңкі болып, еңбекке әрқашан құлшына кіріседі. Халқымыз «Дені саудың – жаны сау» деп орынды айтқан. Біздің өмірімізді жарық қылатын, өмірдегі басты байлық не деп ойласыңдар?
Оқушылар: Денсаулық
- Денсаулық – зор байлық. Денсаулық болса, бәрі де болады. Дені сау адамның көңілі шат, өмірі бақытты.
Астында қымбат көлік, бірақ қатты ауырады. Ол адам бақытты ма?
Миллион теңге ақшасы бар, бірақ ауырады. Ол адам бақытты ма?
3 үлкен әдемі үйі бар. Бірақ ауырады – ол адам ше? Жоқ.
Ал сонда дүниедегі ең басты бақыт не екен?
- Денсаулық.
- Қандай мақал білеміз?
- Денсаулық – зор байлық.
Бүгінгі тәрбиелік іс - шарамыздың тақырыбына байланысты әңгімеміз тек денсаулық жөнінде болмақ. Денсаулық деген сөз - дененің саулығы деген мағынаны білдіреді. Дененің сауы – сырқаудан аман, қайратты, жігерлі, көңілдің көтеріңкі болуының өзі – денсаулықтың белгісі. Ендіше «Денсаулық – зор байлық»деп халқымыз айтқандай, денсаулықты еш нәрсеге теңеуге болмайды, адамдар бір - біріне бірінші денсаулық тілейтіні себебі, міне, осында. Дені сау адам, әрдайым көңілді, жүзінен шаттық нұры төгіліп жүреді. Сондықтанда өз денсаулықтарыңызға жауапты қарап, оны сақтауымыз керек.
Онда ауырмай әдемі, таза болу үшін өз - өзімізге қызмет көрсету дағдыларымен танысамыз.
Тазалықтың денсаулыққа қаншалықты пайдасы бар екендігін білетініміз туралы көрсетейік, ал ендеше.
• Балалар, сендер қалай ойлайсыңдар, адамның дені сау болу үшін қандай шарттар орындау қажет?
• Денесін, беті - қолын, киімін әрдайым таза ұстау керек.
• Жаттығу жасап, спортпен айналысу керек.
• Дәрумені мол тағамдарды, жемістермен көкөністерді жеу керек.
Байланысы (слайд). Таза жүрген адамның дені сау бола ма? (слайд)
- Спортпен айналысатын адамның дені сау бола ма?
- Дәрумені көп тамақ ішетін адамның дені сау бола ма?
Бірінен бірі туады. Бәрі де денсаулыққа әкеледі. Тек қана ерінбеу керек.
Денсаулықтың қастары мен достары (слайд)
Денсаулықтың қастарының бірі – еріншектік. Бетін суық суға тигізгеннен қорқып, денесін шынықтырмай, есік алдына шығып, ойнамай, еңбек етпей жүрген балаларды айтамыз.
Денсаулықтың қастарының бірі - әке - шешенің, мұғалімнің, үлкен адамдардың айтқандарын тыңдамау. Ол кісілер оқы, үйрен дейді. Ал оқып үйренсең, ойын сергек, денсаулығын мықты болады.
- Неліктен жеміс - жидектерді жердің алдында ата - аналарың мен үлкендер «жуып же» дейді?
- Сендердің ойынша, тамақ ішерден бұрын қолды жуу керек па?
Бұл әдет туралы ақын Сәкен Қалиев
Микробтар қаскүнем,
Көрмесем де білемін.
Ішер кезде асты мен,
Қолды жуып жүремін,- деген екен. Сен де солай істейсің бе?
1. Ерте де қазақ жерінде қонақ келгенде құманға су құйып, кішкентай легенмен келіп, қолға су құйған. Сонда үлкен кісілер бұл үйдің баласына батасын берген. «Ғұмыр жасың ұзақ болсың, балам!» — деп айтқан.
Мұғалім:
- Ертеде бір кір-қожалақ қыз өмір сүріпті. Оның дүниедегі ең жек көретін нәрсесі – қолын жуу және жуыну екен. Сол себептен қолында, аяғында пайда болған жаралар денесіне тарайды. Ауыз арқылы ішке кірген микроб қызды ауруға шалдықтырады. Дәрігер қыз баланы тексеріп, ауруды жеңетін ғажайып затты ұсынады.
- Бұл не деп ойлайсыңдар?
- Кірді не кетіреді деп ойлайсыңдар?
- Дұрыс, сабын.
- Сендер дайындап қойған тақпақтарын бар.
Жансұлу: Дос бол сабын, сумен сен
Жиі – жиі жуын сен:
Таңертең де, кешке де,
Жуын күндіз – түсте де.
Су - тіршілік негізі,
Онсыз өмір сүрмейсің.
Гигиена егізі,
Су деп және білгейсің.
Су - табиғат байлығы,
Өзен - көлге барғайсың.
Кемі екі рет әр күні
Суға түсіп алғайсың
Данара:
Хош иісті сабынның
Көбігіне малынып,
Қолымызды жуамыз
Барлық кірден арылып.
Көкөністі жуып жеп,
Қайнаған су ішеміз.
Әнеля:
Сақтағаннан тазалықты
Ауырмайды ішіміз.
Тазалықты сақтасаң
Ауырмайсың ешқашан.
Алижан:
Жуын тамақ алдында,
Жуын тамақ соңында,
Жуын ұйықтар кезіңде,
Жуын тұрған мезгілде.
Батырхан:
Еріншектен – салақтық,
Салақтықтан – надандық.
Бірінен бірі туады,
Жоғалар сөйтіп адамдық.
Гүлзира:
Таза ауа жұт көбірек
Еңбекпен көп шынығып.
Керек болса денсаулық,
Жүргейсің күнде жуынып
Осы сабын қайда жасалады деп ойлайсыңдар? (зауыттарда)
Жауаптарын тыңдау.
- Балалар, мен сендерге сабынды қалай жасайтындығын айтып берейін.
Ертеде зауыт, фабрика болған жоқ, қазақ халқы сабынды қолдан жасаған. Ол үшін алабота, малдың сүйегі мен майы керек.
Алабота – шөп тектес өсімдік. Ол жол жиектерінде, мал қораларының маңайында қаулап өседі. Балалар осы алаботаны тасып, тау - тау ғып үйіп тастайды. Оны өртейді. Өртегеннен кейін күлі қалады. Мұны «сақар» дейді. Ал шешелеріміз қысқы соғымның сүйегін шашау шығармай, қапқа сала береді. Енді сол сүйекті қазанға салып қайнатады. Малдың майын қазанға салып шыжғырады. Енді қазанға үшеуін салып қайнатады. Қайнап жатқанда кепсермен неше сапырылып, неше тұндырылады. Әлден уақытта шидің үстіне сопақша ұзынша, төртбұрышты қара сабындар тізіліп жатады. Осыны «бұзаушық» дейді. Бұрынғы заманда ата - бабаларымыз сабынды осылайша дайындаған.
Міне осылай күнделіктегі тұрмысымызда қолданылатын сабын пайда болған.
Жеке бас тазалығының ережелері (слайд)
- Күнделікті бір уақытта тұрып, шынықтыру жаттығуын жаса;
- Таңертең тісіңді тазалап, беті - қолыңды, мойның мен құлағыңды жу;
- Ұйықтар алдында жуынып, бөлмеңді желдетіп алуды ұмытпаңдар;
- Тамақ ішердің алдында, жұмыс істегеннен кейін, әжетханадан соң міндетті түрде қолыңды жуыңдар;
- Бет орамал пайдаланып, мұрныңдарын әрқашан таза болуына көңіл бөліңдер;
- Түшкірген немесе жөтелген кезде мұрның мен аузыңды беторамалмен жуып, теріс айналып түшкіріңдер немесе жөтеліңдер;
- Шашыңды дұрыстап күтіңдер: уақытылы тарап, буып немесе өріп қойыңдар;
- Төсектеріңді жинап, жеңіл - желпі киімдеріңді өзің жуып, үтіктеу, түймеңді қадап, бәтеңкеңді тазалау – бұл әркімнің – ақ қолынан келетін іс;
- Ұқыпты да жарасымды киінетін бол. Киімнің таза және үтіктелген болсын;
- Мектепке киетін киімің мен үй киіміңді ұқыпты ұстап, уақытылы ауыстыр. Ал қонаққа барарда жарасымды да сәнді киінген жөн;
- Аяқ киімдеріңді күтіп киіп үйреніңдер, тазалап жүріңдер;
- Сырт киіміңді орындыққа тастай салмай, киімілгішке іл. Мектеп формасы мен үй киімің араласып жатпасын.
- Ойнасаң, ойыншықтарыңды да жинап, реттеп қойыңдар.
Тіс щёткасымен практикум:
Ертеде тіс щеткасы болған жоқ. Бірақ адамдар ауыздарын шөп тұңбасымен шайып, тістеріңді тазалап жүрді. Жалпы тіс щеткасы 300 жыл бұрын пайда болған.
Ал сендер тістеріңді қанша рет тазалайсыңдар?
Тістеріңді тамақ жегеннен кейін күніне екі рет тазалау керек
Ал енді қаламдарыңды алып (бұл щетка болсын), қалай тістеріңді тазалайсыңдар. Көрсетіп жіберіңдер. Жақсы.
Ал енді мына тарақ сендердің тістерің дейік, мына мақта тамақтың қалдықтары. Қазір мен сендер көрсеткендей тісті тазалап көрейін. Оңға солға қарай, керісінше де. Не көріп тұрмыз? (мақта алынбайды)
Ал егер былай тазаласақ. Жоғарыдан төменге қарай, керісінше. (мақта жеңіл алынады)
Енді тістеріңді қалай тазалау керек, сендерге түсінікті ме?
Ал қазір қолды қалай жуу керек екенін білеміз. Қимылдарын қайталаңдар.
Сергіту сәті.
Ал қазір біз Мырзагүл Жақсылыққызына сөз берейік.
Медбикенің сөзі:
Деніміз сау болу үшін дұрыс тамақтану керек, тәулігіне 10 сағат ұйықтау, ұйқы ең алдымен миды тынықтырады. Таза ауада көбірек жүру, тазалық сақтау, тамақты артық тойып ішпеу, тамақтан соң ауызды шайып, қолыңды жуу керек.
Жеке адам гигиенасы қоғам гигиенасының бір бөлігі болып саналады. Жеке бас гигиенасы түсінігіне мыналар кіреді: күн тәртібі, тамақтану, терінің күтімі, ауыз қуысының күтімі, дұрыс киіну, дене тәрбиесі, үйдің санитарлық жағдайы, тұрмыстық аспаптарды қолдану (теледидар, шаңсорғыш, газ плитасы) және тұрмыстық химия тауарларын қолдану.
Тері тазалығы. Адам денсаулығының кепілінің бірі – тері тазалығы. Ыстық сумен және сабынмен жуынған жағдайда ғана теріні түрлі микробтар мен лас нәрселерден айықтырып, тазартуға болады.
Шаш және тырнақ күтімі.
Адам терісінің ең өсімтал бөлігі – шаш пен тырнақ. Ол адамның миын күн сәулесі мен суықтан сақтайды. Әр шаштың өзінің өмір сүру мерзімі бар. Шаш сырт көзге өз қалпын сақтап тұрғанға ұқсағанмен, шын мәнінде күніне 100 тал шаш түсіп, 100 тал шығып отырады. Шашты аптасына 1 рет жуған жөн. Өте суық күндері бас киімсіз шығуға болмайды. Қолдың тырнақтарын аптасына 1 рет алса, аяқ саусақтарының тырнақтарын екі аптада бір рет немесе айына бір рет алады.
Деніміз сау болсын десеңдер, міне жоғарыда айтылғанның бәрін денсаулық үшін істелетін жұмыстар. Таза ауада демалу, спотпен шұғылдану, денені күтіп ұстау, еңбек ету, дұрыс тамақтану барлығы салауатты өмір салтына жатады. Осы айтқандарды күнделікті тұрмыста пайдалануымыз керек.
- Балалар, жеке бас гигиенасын сақтау дегенге тоқталып өтейін.
а) 1. Жеке бас гигиенасын сақтау деп таза жүру, таңертең тұрып жаттығулар жасау, жүгіру, жуыну қажет. Тырнақты өсірмей уақытында алып тұру.
2. Мектепте де, үйде де тазалықты сақтауымыз қажет. Тісімізді жуып, қолымызды сабындап жуу, бөгде заттарды ұстамау қажет.
3. Жеміс - жидектерді жуып жеу, тамақты асықпай шайнап жеу, тамақ үстінде сөйлемеу.
4. Спортпен айналысып, таза жүру әрбір адам өз денесін шынықтырса, жуынып, таза жүрсе оны аурудан сақтайды.
5. Адам еңбекке қабілетті болып өссе дене құрылысы сымбатты болады. Үнемі таза жүрсе денене жаман жаралар шықпайды.
Медбике: Әрқашан осылай таза жүріңдер, ауырмаңдар.
Мұғалім: Ойын «Жақсы - жаман»
- Балалар, мен тақпақтар оқимын. Егер жақсы бала туралы болса, қолдарыңды шапалақтайсыңдар. Егер жаман бала жөнінде болса көздеріңді жұмасыңдар.
1. Шашымды тарадым.
Айнаға қарадым.
Ерте тұрдым ұйқымнан.
Мен мектепке барамын.
2. Анау бала, бетін қара.
Жуынбапты, масқара.!
Тырнағы өскен, шашы көптен
Алынбапты, масқара!
3. Мен кішкентай баламын.
Айтқан тілді аламын.
Көмектесем анама,
Үйді жинап қоямын.
4. Тұрысбектің түрін - ай.
Көйлегінің кірін - ай.
Жейдесі мен шалбары.
Бірі балшық, бірі лай.
Мұғалім:
Енді барлығымыз бірлесе отырып Кірқоймастың жұмбақтарын шешейік
1. Жуынам деп жазған - ай,
Күннен күнге азғаны - ай! (сабын)
2. Қарап тұрсаң өзіңе Ол суретің ұқсайды,
Сурет түсер көзіңе. Дәл казіргі өзіңе. (айна)
3. Одан кір қорқады
Судан бұл қорқады. (сабын)
4. Дәміде жоқ, түсіде жоқ
Пайдаланбас кісі жоқ. (су)
5. Жуынып болғанда
Жүреді қолыңда. (орамал)
6. Қалтамда жатыр
Тістері бар батыр. (тарақ)
7. Бәтеңкесін, пальтосын
Өзі кие білмейді
Бұл баланы кім дейді? (жалқау)
9. Көзінен жас кетпейді
Балалардан шеттейді
Бұл баланы кім дейді? (жылауық)
10. Шықпай жатып көшеге
Үсті басы кірлейді
Бұл баланы кім дейді? (салақ)
11. Тіс тазартатын құралдар: щетка, паста.
12. Өзі кірді ашады, суға салса қашады (сабын)
13. Аузы бүрмелі қызыл қалта, ішінде 32 малта (тіс)
Тазалыққа пен денсаулыққа байланысты айтылған мақал – мәтелді білесіңдер ме?
1. Жақсыдан үйрен – жаманнан жирен.
2. Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі.
3. Денсаулық - зор байлық.
4. Олақтан салақ жаман.
5. Тәні саудың жаны сау.
6. Көзің ауырса қолыңды тый,
Ішің ауырса аузыңды тый.
7. Тазалық - саулық кепілі,
Саулық - байлық кепілі.
Тақырыпқа байланысты жазылған оқушылардың шығармаларын оқу.
Денсаулықтың достары мен қастары. Слайдтан көрсету.
Достары
Қастары
Кірқоймастың сыйлығын беру. Сұйық сабын мен сүлгі.
Қорытынды бөлім
Балалар, сендер тазалық, денсаулық жайында аңыздарды, әңгімелерді білесіңдер ме?
Жетеліге жеті өсиет – аңыз. Ұлықпан Хәкім мың жасапты. Ұлықпан Хәкім ерекше дарынды, зерек болыпты. Қандай кеселі болмасын емдеп жазады екен. Күндердің күнінде сол Ұлықпан Хәкім қатты науқастанып, төсек тартып жатып қалады. Шәкіттері жинп, емдеуге кіріседі.
Ұлықпан оларға:
- Қымбатты шәкірттерім, мені емдеп босқа әуре болмаңдар! Мен көз жұмғаннан соң қайғырмаңдар. Сендерге қалдырар жеті өсиетім бар. Сол өсиетке бой ұсыныңдар, өзгелерге де тарата жүріңдер,- депті.
- 1. Ерте тұру.
2. орта тазалығын ұстау.
3. дене шынықтыру
4. үнемі денені таза ұстау
5. үнемі сергек жүру
6. артық тамақ ішпеу
7. көп ұйықтап жалқау болмау. Міне, бұлардың барлығы денсаулықты сақтаудың негізгі кепілі, – депті.
- Балалар, сендер осы айтылған 7 өсиетті орындау міндеттісіңдер, сонда сендер еліміздің ішкі, сыртқы жауларынан қорғайтын дені сау, құрыш білекті, батыл жүректі, саналы, салауатты өмір салтын орнықтыруға дайын, толыққанды ұрпақ болып өсесіңдер. Ешқашан ауырмай, өз денсаулығымызды күтейік.
Ал қазір бәріміз бірге «Жас дәуірдің түлегіміз» әнін орындайық.
Шаң ласпен достаспайтын,
Тазалықпен қоштаспайтын.
Аппақ, аппақ балалар сөйлесін.
Аппақ көйлек киемін,
Аппақ болып жүремін.
Аппақ болып жүргенді,
Өзім жақсы көремін.
Таза сумен сүртеді,
Болсын деп таза сыныбы.
Таза сынып, таза ауа,
Тазалықтың дауасы.
Сынып іші айнадай,
Шаң мен тозаң ұшпайды.
Үзілісте ойнаймыз,
Кіршіксіз ғып ұстаймыз.
Қарсы ал ерте күн көзің,
Төсегіңді жина өзің.
Саусағыңды сормағын,
Салдыр салақ болмағын.
Әдеп қыл ісіңді,
Тазалап жүр тісіңді.
Қарағанда айнаға,
Ұқыпты болсын киімің.
Кірқоймасқа хат жазу.
Бүгінгі ашық сабағымды Сара Алпысқызы Назарбаеваның мынадай сөзімен аяқтағым келеді: «Дені сау сәби әр отбасының, қуанышы, бақыты. Ал денсаулығы мықты сәби халықтың болашағы, Отанының сенімді тірегі» және де «Дені сау адам – табиғаттың ең бағалы туындысы»
Әнмен тәрбие сағатын аяқтау.
Осы сынып сағатымыздан не білдіңдер. Не түйдіңдер?
Тәрбие сағаты "Тазалық - денсаулық кепілі"
- Алтынгүля
- 19 қаңтар 2020
- 84175
- 0
- 100
Ілмек сөздер: Тәрбие сағаты тазалық денсаулық кепілі
Ұқсас жаңалықтар:
Тазалық - денсаулық негізі, денсаулық – байлық негізі
Атырау облысы, Атырау қаласы, М. Отаралиев атындағы негізгі мектептің бастауыш сынып мұғалімі Қаратаева Ботагөз Жолдасқызы...Кір қожалақпен Тазабектің бастан кешкендері
Мақсаты: Балаларға тазалық туралы түсінік бере отырып, жеке гигиеналарын сақтауға дағдыландыру. Денсаулық - басты байлық екенін ұғындыру....Денсаулық - зор байлық
Білімділік: Оқушыларға адам денсаулығының қымбаттылығын, өмір сүру үшін қажеттілігін, басты байлық екенін ұғындыру. Дамытушылық: Оқушылардың танымдық...Таза болса деніміз
Мақсаты: 1. Оқушылардың тазалық, денсаулық туралы түсінігін кеңейту, өз денсаулықтарына, тазалықтарына ұқыпты қарауға тәрбиелеу....Бақытың да, байлығың да – Денсаулық.
Ақтөбе облысы. Темір ауданы, Бабатай орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Әкімғалиева Ақарыс Кәдірқызы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.