Сабақтың тақырыбы: «Қар неден жасалған?»
Сабақтың мақсаты: оқушыларға қардың қалай, неден пайда болатыны туралы алғашқы түсінік қалыптастыру. Оның құрамы қандай, қардың қандай түрлері бар екенін және қар туралы қызықты мәліметтер айту.
Міндеттері:
1. оқушылардың қар туралы білетіндерін айтқыза отырып қысқаша сауалнама жасу. Қар деген не екенін, түрін, қасиетін, құрамын білу
2. Оқушылардың көркем сөйлеуін, өз ойларын жеткізе білу дағдыларын жетілдіру, сөздік қорларын кеңейту.
3. Табиғатты қорғауға, сүюге тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: жаңа сабақ
Әдісі: түсіндіру, сұрақ - жауап, әңгімелеу.
Көрнекілігі: төрт мезгілдің, қардың суреті
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру
Оқушылардың назарын сабаққа аудару, оқу құралдарын ретке келтірту.
2. Қызығушылығын ояту
- Суреттен нені көрдіңдер?
- Бұл суреттен қандай айырмашылықтар байқадыңдар?
- Әр мезгілдің қандай ерекшелігі бар? Қай мезгіл ұнайды?
- Қыс мезгілінің басқа мезгілдерден ерекшелігі не?
- Қар қайдан пайда болады? Неден жасалған?
3. Жаңа сабақ
Сауалнама жүргізу
- Балалар, бүгінгі сабағымызда қар неден жасалғаны туралы оқитын боламыз. Ол үшін алдымен сендерден қар туралы бір неше сұрақтар сұраймын. Сендердің жауаптарыңды мен тақтада жазып тұрамын.
- Қар деген не?
- Қар не үшін керек?
- Қар құрамы қандай деп ойлайсың?
- Қардың қандай түрлерін білесің?
- Қардың түс, исі, дәмі қандай?
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық,
Алға қадам басайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Бойымызды жазайық.
Қар туралы мәлімет
Оқушыларға қар туралы мәліметті 3 рет оқу.
Сонымен қар дегеніміз — атмосферадан түсетін әр түрлі пішінді ұлпа мұз кристалдары түріндегі жауын - шашын. Су буының сублимациясы нәтижесінде өте шағын (0, 1 — 0, 2 мм) кристалдар үлкейіп қар жұлдызшаларына айналады. Атмосферадағы турбуленттік қозғалыстың салдарынан ауадағы қардың жеке жұлдызшалары бір - бірімен ұйыса бірігеді, яғни жерге жапалақ қар (диам. 8 - 10 мм) жауады. Ауа температурасы 0°С - тан төмендегенде бұлттардан жауады. Қазақстан аймағында қар қазан - қараша айларынан бастап түседі.
- Балалар қар дегеніміз не екен?
- Су буларының аспанда әр түрлі пішіндегі мұз (кристалдары болып қатып бір - бірімен бірігіп жер бетіне жауады.)
- Ауа температура қандай болғанда жауды?
- (0 - ден төмен болғанда.)
- Балалар, бұл сурет қардың әр түрлі пішіні
Жаңылтпаштар оқу.
Жаңылтпашты оқушыларға айтқызу.
а) Бұл қар – Сұр қар.
Сұр қар – Кір қар.
Үстінде ойнама
Үстіңді былғар
ә) Қырбық қар құрғақ па,
Құрғақ қар құрғақ па?
Қырбық қар да құрғақ,
Құрғақ қар да құрғақ.
- Балалар, бұл жаңылтпашта қардың қандай түрлері бар.
Қардың түрлерін айту.
Ендеше, қардың мына түрлерін есімізге сақтап алайық.
Ақ қар. Жаңа жауған тап - таза қар.
Ақша қар. Жаңа жауған ұлпа қар.
Ала қанат қар. Бір жерде бар, бір жерде жоқ, бір жерде жұқа, бір жерде қалың қар.
Жапалақ қар. Түйіршіктері ірі - ірі қар.
Көбік қар. Жаңа жауған құрғақ, үлпілдек жұмсақ қар.
Күпсек қар. Қалың жауған ұлпа қар.
Үлпілдек қар. Өте жұмсақ, үлбіреген жаңа жауған қар.
Жылбысқа қар. Ери жауған қар.
Күртік қар. Нығыздалған, соқталанған қар; қар үйіндісі.
Омбы қар. Белуарға дейін қалың түскен күртік қар.
Қасат қар. Ұзақ жатқан, қатып қалған қалың қар.
Қиыршық қар. Жентектелген түйіршік қар.
Қырбақ қар. Жұқа жауған қар.
Қырбық қар. Ұшқындап жауған жұқа қар.
Сонар қар. Алғаш жауған қар.
Ұлпа қар. Жаңа жауған жұмсақ қар.
Үрме қар. Жел үрлеп тығыздап тастаған қар.
Үлпек қар. Жеңіл, ұлпа қар.
Кебіс басы қар. Шұлықтан аса жауған, тобыққа таяу, кебіс батарлық қар қалыңдығын нақтылайтын халықтық өлшем.
Еспе қар. Ақпа, сусымалы, бос, борпылдақ қар.
Сіреу қар. Тізеден келер тұтас қар.
Мамық қар. Жұмсақ үлбіреген қар.
Мұздақ қар. Үстінде мұз торланған, көкшіл түсті, беті жылтыр сырғанақ қар…
Сүрі қар. Ерте түсіп ерімей, қыс бойы қалыңдаған, тозаң топырақ сіңіп беті күлгін тартқан нығыз қар.
Сергіту сәті
Орнымыздан тұрайық,
Алға қадам басайық.
Бір отырып, бір тұрып,
Бойымызды жазайық.
Қар туралы қызықты мәлімет
Әлемнің ең мықты деген ғалымдары жасаған зерттеу жұмыстары жер бетінде бір - біріне ұқсас қарды таппаған.
•Әрбір қардың 95 пайызы ауадан тұрады. Сондықтан да оның құлау жылдамдығы өте аз болып келеді (0, 9 км/сағ).
•Қар түсінің ақ болуы себебі ауаның көптігіне байланысты.
• Тарихта өзге де түсті қар жауған кездер болған.
Мәселен, 1969 жылы Жаңа Жыл мерекесі қарсаңында Швейцарияда қара қар, ал 1955 жылы Калифорнияда жасыл қар жауған.
• Антарктиданың биік тауларында алқызыл, күлгін, қызыл, сары түсті қарлар кездеседі.
• Қарды суға салғанда біртүрлі қызық дыбыс шығарады. Ғалымдар бұл дыбыстың балықтарға ұнамайтындығын айтады. Су мекендеушілері суға түскен қардан қашатын көрінеді.
• Қыстыгүні қар күн сәулесінің 90 пайызын қайтарып тастайды да, жерге қыздырынуға мүмкіндік бермейді.
• Әлемдегі ең алып қар 1987 жылы 28 қаңтар күні АҚШ – тан табылды. Оның диаметрі 38 см - ге жеткен.
• Қардың сықырын – 2 градус температурада аяқпен басу арқылы естуге болады.
• Жер планетасының жартысына жуық елдері қарды өмірлерінде көрмеген.
Қар ұшқынын жасау
Алдын ала дайындалып әкелінген үлгі бойынша қар ұшқындарын жасату
Қар туралы өлең, тақпақтар айту
Балалар шықты далаға,
Ойнап, күліп жүр енді.
Шаналармен озады,
Аққаланы соғады.
Жапалақтап ала қар
Жауды күнде қайталап,
Қырға шықты балалар,
Шаңғыларын арқалап.
4. Сабақты қорытындылау
- Балалар, біз бүгін сабақта не туралы оқыдық? Не білдік?
1. Қар дегеніміз – өте көп әдемі қар түйіршіктерінен тұрады. Олар жоғарыдан, аспаннан жерге, ағаштарға, шатырларға жауады. Жаңа жауған қар таза, мамық, жұмсақ, жылтырайды. Қар жаңбыр сияқты бұлттан жауады.
2. Қар – табиғаттың әсем жаратылысы, қар түйіршіктерінің мыңдаған формаларын бар.
3. Даладағы жер ақ көрпе жамылғандай. Қар аяздан өсімдіктерді қорғайды жердің жылуын сақтап өсімдіктерді үсуден сақтайды.
5. Оқушыларды бағалау
Сабақта белсенді қатысқан оқушыларды мадақтау. Жұлдызша беру.
ШҚО, Өскемен қаласы,
«№33 орта мектебі» КММ
бастауыш сынып мұғалімі Шәкен Анар
Қар неден жасалады?
- Шәкен Анар
- 13 қаңтар 2020
- 60248
- 0
- 80
Ілмек сөздер: Қар неден жасалады, қар деген не екенін, түрін, қасиетін, құрамын білу
Ұқсас жаңалықтар:
Суық күз сұрғылт
Суық күз сұрғылт, Сұрланып аспан,-күн жауған. Күн жауған шақта қайтатын едік қьірманнан. Көтеріп алып, Өтетін едік сулардан, Қызғалдақ-қызды жаңадан...З.Шүкіров " Ақша қар" Нақ осы шақ
Кіріктірілген сабақ. Өлеңді мәнерлеп жатқа оқуға төселдіре отырып, жыл мезгілдері, қыс туралы, қыстағы табиғат құбылыстары жөніндегі түсініктерін...Жапалақтап жауған қар
Мақсаты: Балалардың қыс мезгілі және оның ерекшеліктері туралы түсініктерін кеңейту. Қысқы табиғат көрінісі, қысқы ойын түрлерін атау....Ақша қар
Жезқазған қаласы, № 10 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Әбіш Жансая Нөпірбайқызы...Жастық жалыны (өлеңдер)
Әдемі қыз. 1.Қардай аппақ жүздері Құралайдың көздері. Сызылған сөз үндері Әп-әдемі өздері....Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.