Сайтқа кіру Тіркелу

Рахмет саған, Әліппе!

Ашық тәрбие сағаты: « Рахмет саған Әліппе!»
Мақсаты:
1. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тексеру 4 айдың ішінде мектеп қабырғасында үйренген өнерлерімен жан - жақты білімдерін ата - аналарға көрсету.
2. Өз ойларын ашық, еркін айту, сөйлеу мәдениетін, ойлау қабілеттерін, тіл байлығын дамыту.
3. Адамгершілікке, ұқыптылыққа, бір - бірін сыйлауға, өзін - өзі дұрыс ұстауға, ұжымшылдыққа, ана тілін сүйіп, қастерлеуге тәрбиелеу.
Безендірілуі:
Тақырып жазылған билборд, мазмұнды суреттер, әліппе туралы тақпақтар жазылған көрнекіліктер, нақыл сөздер, шарлар, гүлдер, кеспе әріптер, «Әліппе», «Ана тілі» оқулығының макеттері, слайдтар.
Мұғалім:
Сәлеметсіздерме, құрметті қонақтар, ата - аналар. Балаларыңыздың білім шынына басқан алғашқы қадамдары құтты болсын!
Бүгінгі біздің 1 - сынып оқушылары әзірлеген «Рахмет саған әліппе» атты ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер.
1 - оқушы
Өтті оқу сан сабақ
Бүгін үлкен салтанат
Оқулықпен достассаң
Әліппемен қоштаспақ
Мұғалім:
- Балалар, мен сендерге сұрақ қоямын:
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар хормен:
Болашаққа жол ашар,
Ол - сүйікті Әліппе,
Ол - сүйікті Әліппе!
Мұғалім:
Олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық!
Хормен: Әліппе, Әліппе, Әліппе
Әліппе ортаға шығады:
- Армысыңдар жас достар!
Армысыңдар, ата - ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.
Не үйретіп, не білдік,
Қане, ортаға салайық!
Мұғалім:
- Балалар, өнер - білімнің барлығы да мектептен басталады.
Мұғалім:
- Біздің білім алатын ордамыз - мектеп.
-«Мектеп - кеме, білім - теңіз». Мектеп – екінші үйіміз, себебі, біздің бір күніміздің жартысы мектепте өтеді, бір аптаның алты күні мектепте өтеді.
Мектеп деген білім кені, жыр кені,
Мектеп деген ғылымның ең үлкені
Мектеп деген тәрбиеші адамға
Мектеп деген даналардың мекені.
Армысың сен алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мақтан етем сені мәңгі мектебім.
Хор: Мен мектепке барамын!
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек,
Үйретті оны Әліппе.
Әліппені құрметте,
Күтіп ұста кірлетпе.
Кішілерге табыс ет.
Дақ түсірмей бір бетке.
Алфавитті үйрендік,
Онда жүйе, қалып бар.
Біздің қазақ тілінде
42 әріп бар.
Ән: Әліппе әні
Әріптер сөйлейді.
А - әрпі Алфавиттің А тұрады басында,
Әрқашанда Ә тұрады қасында.
Байқадың ба Б тұрады үшінші,
Ал, осының сыры неде түсінші.?
Ә - әрпі А деген ол - аналар ғой ардақты,
Ә деген ол - әкелер ғой салмақты.
Б деген ол - балалар ғой әдемі,
Біздің елде үшеуі де кәделі
Алшақ кетпей сондықтан да расында,
Тұрады олар алфавиттің басында.
А - әрпі Менің үшін жақсы адам
Артық көрем басқадан,
Апа, ата сөздері
Қайсы әріптен басталған?
В - әрпі Қосылса 13 арасы,
Қандай әріп қарашы?
Г - әрпі Егіз десе – екінші,
Сегіз десе – үшінші
Бұл қай әріп екенін
Өзің қарап түсінші.
Ғ - әрпі Ұқсайды өзі шалғыға
Елестет көз алдыңа,
Қане, ойланып табайық
Болды екен бұл қай әріп?
Ё - әрпі «Е» әрпінің үстіне
Екі нүкте қойғанда,
Қандай әріп шығады?
Жауабын айт, ойлан да.
Ж - әрпі Түн шымылдық ашқаннан
Жымыңдайтын аспаннан.
Көп шырақтың аты не
Қайсы әріптен басталған?
З - әрпі Қаздан көре аласың
Қағаздан да табасың
Байқамасаң анықтап
Үш екен деп қаласың.
И - әрпі Үш шырпыдан қайсы әріп
Шығады екен құралып
Ал шырпыны төгіңдер
Құрастырып көріңдер.
М - әрпі Түйе өркешіне қарайық
Ұқсайды оған қай әріп?
Н - әрпі Ас біткеннің анасы
Қасиетті нан осы.
Қайсы әріптен басталған
Соңғы әрпі неде қарашы.
О - әрпі О – кәдімгі дөңгелек
Кетпесін ол дөңгелеп.
Ө - әрпі Өрікте сөздің басында
Бөрікте б - ның қасында.
Бұл қай әріп көріңдер,
Енді айтып беріңдер.
Р - әрпі Қырларда құр – деші,
Жайылып жүр – деші.
Ал енді өзің – ақ
Р - р - р - р – деші.
С - әрпі Білезікке қарайық
Ұқсайды оған қай әріп?
Ұ - әріпі Ұ - әріпі ұлысың
Ағайының өз - елің
Ү - әріпі «Үйрек» десе – бірінші,
«Бүйрек» десе – екінші,
Бұл қайсы әріп екенін
Біреу айтып берсінші.
Ф - әріпі Қос бүйірін таянып
Тұратұғын қай әріп.
Ы - әрпі Кесе, шыны, пияла
Оларсыз шай құя ма?
Қасықсыз тамақ жемейміз
Бәрінің атын не дейміз?
І - әріп Ірімшікті жедің ғой
Тәтті екен дедің ғой
Оның аты біз жазған
Қайсы әріптен басталған?
Ән: «Мұғалім ол біздің»
Ән: «Үйренеміз»
Мұғалім:
- Балалар, сендер үшін түн ұйқысын төрт бөліп, қуансаң - қуанып, ренжісең - жұбататын асыл адам – Ана!
- Ана - біз үшін ең ардақты адам. Ананы сыйлау - біздің парызымыз.
- Әліппені меңгертуге, жазуға, санауға үйреткен ата - аналарымыздың үлесі бар. Ендеше біздер ата - анамызға ризашылығымызды білдіреміз.
Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт, беріп өсірген, ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын, аман болсын анашым!
Кеудемнен сезім селі ақтарылсын
Болармын күні ертең мақтанышың
Білім алып, тер төгем, еңбек етем
Ата – ана сеніміңді ақтау үшін.
Би: «Қуыршақ биі»
Ән: «Ақ мамам»
Оқушылар мына күннің көзін бұлт басыпты, осы бұлтттардың артында тапсырмалар бар, сол тапсырмаларды орындасақ, күннің көзі шуағын шашып жарқырап шығады.
Бұлттардың тапсырмасы:
Табақта үш алма
Қолымда екі алма
Қосқанда барлығы
Болады неше алма? (5 бес)
Көлден ұшты жеті қаз
Қайтып қонды екі қаз.
Қонбады енді нешеуі,
Қане, кім шешеді? (5 бес)
42 жауынгер
Сапын түзеп тұрады,
Бүлдіршіндер қауымы
Сырын терең ұғады. (Алфавит)
Жазу жазып жалықпаған,
Жаза - жаза арықтаған. (Бор)
Алты қырлы,
Алтын сырлы. (Қарындаш)
Үйреткен ілімді,
Қырық екі білімді. (Алфавит)
Қабат - қабат қаттама,
Ақылың болса, аттама. (Кітап)
Өшірді, сүртті,
Өзгені құртты,
Өзін де құртты. (Өшіргіш)
«Астана» сөзін буынға бөл.
АС – ТА – НА (3 үш) буын.
Апта күндерін ата?
Қазір қай мезгіл?
«Кітап» сөзін ағылшын тілінде ата.
Қазақстан Республикасының Президенті?
Тудың түсі?
Би: Өзбек биі.
Әліппені бітірдім,
Әріптерді танимын.
Мен атаның баласы,
Мен оқушы баламын...
Рахмет саған, Әліппе!
Көп нәрсені үйреттің.
Таныстырып әріппен,
Тақылдатып сөйлеттің.
Бар кітапқа бас болған
Әліппе - ғылым анасы.
Әліппеден басталған
Даналықтың данасы.
Әріптерді жаттаймыз,
Есте мықты сақтаймыз.
Ұмытпаймыз бәрін де
Атын, затын, түрінде.
Әліппемен қош айтысып қаламыз
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата - ана қуанышқа ортақ бол
Сауатты боп шықты міне балаңыз.
Ән: 42 әріп әні
Хор: Рахмет саған Әліппе!
Сазды бағдарлама.
Ән: Біз өмірдің гүліміз.
Би: Жігіттер биі.
Мұғалім:
Бүгінгі күн тойбасы деп саналар,
Балалардың есімі әулеттерге таралар.
Ырым етіп сондықтан, ертеңгілік соңында
Ақ тілекпен баршаға шашу шашпақ аналар. (шашу)
Қорыту:
Қымбатты балалар! Сендердің зейін қойғыштықтарың, еңбек сүйгіштіктерің және білімге құштарлықтарың арқасында жеткен алғашқы жеңістеріңмен құттықтаймын. Сендер алфавиттің бүкіл әріптерін жаттап алдыңдар, әрі өздеріңнің тұңғыш оқулықтарың – «Әліппе» бойынша оқуды үйрендіңдер. «Әліппе» сендерді тек әріптермен таныстырып қана қойған жоқ, оның беттері сендерді бір - бірлеріңмен тату, дос болуға, адамгершілікке үйретті, мектеп ережелерімен таныстырды. Білім баспалдағына өрлеген сапарларыңыз сәтті болсын!

Қызылорда қаласы
№ 211 А.байтұрсынов атындағы орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі
Құлтасова Назгүл Кеншімқызы
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×