Сайтқа кіру Тіркелу

Сабырлы болу қиын ба?

Тақырыбы: Сабырлы болу қиын ба?
Мақсаты: Оқушыларды берілген тақырып бойыншы сөйлету, өзгелердің пікірін тыңдай білуге үйрету; сөздік қорларын байыту, адамгершілік қасиеттерін бойларына дарыту, сабырлы болуға шақыру.
1. Ұйымдастыру бөлімі.
Мұғалім: Сәлематсыздар ма, қымбатты ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі пікірталасымызға қош келдіңіздер! Алдымен мен кіріспе сөзден бастамақпын. Кісілік қасиет жеке адамдардың ақыл - парасатынан өмірге көзқарасынан туындайды. Адам белсенділігі артқан сайын қасиеттер жинақталып, әркімнің кейпін, мінезін көрсетеді. Мінезділік – кісілікке көтерілудің бір жолы. Мінез – киелі қасиеттердің жиынтығы. Мінез құндылығы - жүректі тазартатын, сергітетін сезімде, жақсы - жаманды екшеп ой қорытып, адамның ширауында, кез келген мәселені салмақпен, сабырмен шеше алатын қылықта. Адам мінезінің аса бір көркем түрі – сабырлық. Адам баласының бойында оны дәл сабырлылық тәрізді керемет етіп көрсететін мінез кемде - кем. «Сабыр түбі – сары алтын», «Сабырлы жетер мұратқа, сабырсыз қалар ұятқа» деген қанатты сөз тегіннен – тегін айтылмаса керек. Ашуға да, қуанышқа да сабырлылық көрсету адамдықтың үлкен белгісі. Күнделікті өмірде адамдар бір - бірін болмашы нәрсеге ренжітіп алып жатады, ашуланып, асығыс істер жасап жатамыз. Соңынан опынып жататын кездер де болады. Ал осындай жағдайларға тап болмаудың жолы – сабырлы болу. Ал сабырлы болу қиын ба? Бүгінгі кешіміз осы сұрақтың төңірегінде болмақ. Осы тақырыпты алдын ала оқушыларға таныстырып, оларға эссе жазғызған болатынмын. Сынып оқушыларының пікірлері екіге бөлінді. Сондықтан да мен бүгін оқушыларды екі жаққа бөліп отырғыздым. Пікірталасымызды бастамас бұрын ортаға биші қыздарымыздың биін тамашалап алайық.
Ортаға қыздар шығады.
2. Негізгі бөлім.
Енді өзіміздің негізгі тақырыбымызға көшейік. Алдымен сабырлылық дегенді қалай түсінесіңдер? Оқушыларды тыңдап көрейік.
Оқушы: Сабырлылық адам бойына екі жолмен дариды. Бірі – туа біткені де, екіншісі адамның өзін - өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Ой - санасы қалыптаса бастаған бала ең алдымен өзіне осы сабырлықты серік еткені жөн деп ойлаймын.
Оқушы: Сабырлылық адамның өз мінез - құлқына ие бола алатындығын көрсетеді. Өзіңе сабыр, сабыр деп жүрсең көптеген ыңғайсыз жағдайлардан құтыласың. Сондықтан да сабырлы бола біліңдер деп айтқым келеді.
Оқушы: Адам болған соң кейде біреудің абайсызда айтқаны көңілді ауыртады. Кейде арты ұрыс - керіске айналып кетеді. Осындайда адамға сабырлылық өте керек деп ойлаймын.
Мұғалім: Балалар, естисіңдер ме, әлдекімдердің дабырласып сөйлегендері естіледі.
Осы мезгілде Бүлдірген мен Күлдірген ұрысып кіреді.
Күлдірген: Ұшқалақ екенің өтірік пе?
Бүлдірген: Ұшқалақ болсаң, өзің бол, білдің бе?
Мұғалім: Ау, балалар, амансыңдар ма! Не болып қалды тағы да? Бұл не дау?
Бүлдірген: Мына Күлдірген мені ұшқалақ дейді.
Күлдірген: Ұшқалақ екенің өтірік пе?
Мұғалім: Сендер әуелі сөздің мағынасын түсініңдер. Әртүрлі мінез болады: биязы, момын, сабырлы, ұшқалақ дегендей.
Бүлдірген: Сонда ұшқалақ деген жақсы мінез бе?
Күлдірген: Жақсы ма, жаман ба, әйтеуір сенің мінезің ұшқалақ.
Бүлдірген: Ал сен ше, сенің мінезің қандай, айтайын ба, сен бе, сен... жуассың.
Бір бірін мазақтайды.
Мұғалім: Балалар, бір біріңді кемсітпей сөйлеңдер. Бұл әдептілік емес. Оданда мына оқушылардың қасына отырып, пікірлерін тыңдаңдар. Сонда бәрін түсінесіңдер. Балалар, ешқашан да бір біріңді кемсітпеңдер. Оданда дос болыңдар. Қане, қолдарыңды алып достасыңдар. Қазір сендерге арнап балалар ән орындап береді.
«Дос болайық бәріміз» әні орындалады.
Мұғалім: Рахмет, балалар. Ал енді әңгімемізді әрі қарай жалғастырайық. Сабырлы болу қиын деген пікірмен келіп отырған оқушыларға сөз берейік.
Оқушы: Адамның бір қасиеті – мінез деген. Қазіргі кезде адамдар тез ашуланшақ болып келеді. Егер адам ашуланшақ, ызақор болса, олардың сабырлы болуы қиын сияқты. Бұл менің ойым әрине.
Оқушы: Мен де осы пікірге қосыламын. Қазір қай жерге барсаң да бір - бірінің сөзін көтермей, кез - келген нәрсеге ашуланып, асығып жүрген үлкен апаларымыз бен ағаларымызды көреміз. Ал, балалар үлкендердің мінездерін қайталайды. Ондай адамдардың сабыр сақтауы қиынға соғады деп ойлаймын.
Оқушы: Мен негізгі адам өте сабырлы, салмақты, ойлы, мәдениетті, қарапайым болу керек деп ойлаймын. Неге сондай болуға ұмтылмасқа?
Мұғалім: Ал енді сабырлы болу оңай, ол тек адамның өзіне ғана байланысты деген пікірмен келіп отырған топқа сөз берейік.
Оқушы: Мен үшін сабырлы болу қиын емес. Сабырлы болу адамның өзіне байланысты. Әр нәрсеге байыппен қарау керек. Өзіңді өзің ұстай білу қажет. «Сабырлы болсаң, ісің де өнімді болады» деп атам үнемі айтып отырады. Мен өзім сабырлы болуға тырысамын.
Мұғалім: Балалар, жақсы пікірлер айтып жатырсыңдар. Сабырлылық жақсы қасиетке жататынын түсіндіңдер. Ал енді адамгершілікке жататын жақсы қасиеттер мен жатпайтын жаман қасиеттерді білесіңдер ме? Қазір алдарыңызда жатқан кестені толтырып қараңдар. Кім қаншалықты білетінін көрелік. ( кестені толтырады)
Жақсы қасиеттер Жаман қасиеттер
Жауаптары оқылады
Мұғалім: Адам бойында кездесетін қасиеттерді атап шықтық. Сабырлы болу – жақсы қасиет екенін түсіндің. Ал енді осы сабырлылық туралы даналарымыз не деп ойлайды екен, соны білейік.
Тақтада ілінген нақыл сөздермен таныстырамын
• «Ақыл – адам көрігі,
Ақылдың сабыр серігі» М. Әуезов
• «Ойланып алмақ – сабыр сол» Абай Құнанбаев
• «Сабырлының алдында дұшпан сасады,
Сабырсыздан береке қашады» Б. Момышұлы
• Адам сәні – даналық,
Даналық сәні – сабыр,
Сабыр сәні – батырлық,
Батырлық сәні – биязылық Үнді нақылы
3. Қорытынды бөлім
Мұғалім: Міне, бүгінгі тақырыбымыз бойынша пікір алмасып, ой бөлісуіміздің қорытынды бөліміне де жеттік. Енді оқушылар, ойларыңды түйіндеп, қорытындылап жіберейік. Ол үшін әр топқа «Сабырлы», «Адамгершілік», «Ниет», «Болашақ» деген сөздерді таратып беремін, сол сөздерді байланыстырып қорытынды сөздеріңді айтасыздар.
Мұғалім: Рахмет, балалар. Енді осы тақырып бойынша мен де өзімнің қорытынды сөзімді айтайын. Ақ ниеттен теріс пиғыл тумайды, жақсы кісі жаманшылық қумайды. Ақ ниеттілік, сабырлылық мінез мінін туралайды. Бүгінгі кешімізге қатысып отырған оқушыларыма, Бүлдірген мен Күлдіргенге айтарым: сабырсыздық күйгелектікке, асығыстыққа соқтырады. Ақылмен емес асығыстықпен біткен істің қашанда бір қайнауы ішінде жүреді. Сондықтан да сабырлы болуға тырысыңдар. Сөзімді неміс философы И. Канттың сөздерімен қорытындылағым келеді:
1. «... өз ойыңды орынсыз талқыға ұшыратпауүшін өсек сөзге жүгінбей, сөзді сақтана, салмақпен айт.
2. Әрқашан уәдеңе тұруға тырыс, өз сөзіңнің иесі болғын.
3. Ойы мен пиғылы теріс адаммен достасудан аулақ бол.
4. Біреудің жалаң немесе ашулы пікірінен туындайтын сандырақты анау айтарлықтай көңілде термегін...»
Бұл қасиеттерді өз бойыңнан ізде. Өйткені адам болу үшін адамдықты сақтау адамның санасына, мінезіне, ұстамдылығына байланысты. Имандылық қасиеттерін өміріне тамыздық ететіндер адам құндылығын құнттайды. Осыны ұмытпаңдар, балалар!
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×