Мақсаты: Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау, ата-аналарға білімдерін, өнерлерін көрсету. Әдептілікке, ұқыптылыққа, әдемілікке тәрбиелеу.
Мұғалім сөзі: Құрметті ата-аналар, ұстаздар! Бүгін бізде үлкен мереке, зор қуаныш. Алдарыңыздағы кішкентай бүлдіршіндер осыдан 4 ай бұрын мектеп табалдырығын қуанышпен әрі жүрексіне аттап келгенде, алғаш қолдарына ұстаған оқулығы «Әліппе» болса, бүгінгі күн сол әліппені аяқтап, білім асуының алғашқы белесінен асып отыр. Әрине, бұл балалар үшін жетістік, жеңіс! Әліппе – бұл бүкіл ғылымның алғашқы есігі, білім шыңына бастайтын алғашқы соқпақ. Ендеше, сіздерді осы асуды, осы белесті бағындырған шәкірттерімнің білімін, өнерін тамашалауға шақырамын.
Ислам: Аруна, мынау зал өте әдемі безендіріліпті, мұнда бірдеңе болғалы жатқан сияқты ғой, ата - аналарымыз жиналған, қадірлі ұстаздарымыз да төрден орын алыпты?
Аруна: Ислам, ата - аналарымыз, ұстаздарымыз біздің « Әліппе – білім бастауы» атты әліппемен қоштасу ертеңгілігімізге жиналған ғой.
Ислам: Солай ма, ендеше ертеңгілігімізді бастамаймыз ба?
Аруна: Әрине бастаймыз. Сахна төріне 1 «б» класының оқушыларын қошеметтеп қарсы алайық(екеуі бірге).
Ислам: Өлшеулі ар-намысы халқымыздың
Қорғаны адамдық пен салтымыздың
Армысыздар, аяулы ұстаздарым,
Сенері сіздерсіздер халқымыздың.
Аруна: Өмір берер ертеңгі бағаларын
Әліппемен қоштаспақ балаларың
Халқыма ұрпақ берген, өмір ерген
Қош келдіңіз, әкелер мен аналарым!
Ислам: Бүгін бізде үлкен қуанышты күн. Біз алғаш мектепке келіп, оқу, жазу үйренген алғашқы оқулығымыз әліппені аяқтап, қоштасқалы отырмыз. Ендеше, шашпаймыз ба шашуды.
Аруна: Шашу, шашу шашайық,
Ақ сандықты ашайық.
Бұл мереке, бұл тойдың
Бастаңғысын жасайық. (Аналар шашу шашады.)
Ислам: Бүгінгі жиналған ұстаздар мен ата-аналардың құрметіне бишілерімізді ортаға шақырайық. Вальс
Ислам: Бүкіл қазақ баласы дәріптеген,
Қоштаспақпыз сүйікті Әліппемен.
Ризамыз бәрімізді таныстырған,
Сөз бен дыбыс әртүрлі әріппенен.
Мұғалім: Балалар, мен сендерге мынадай сұрақ қойғым келіп тұр, сендер жауап бере қойыңдаршы.
- Іші толы әріпке,
Білімдіге жарық не?
Хормен: Болашаққа жол ашар -
Ол - сүйікті Әліппе!
Ол - сүйікті Әліппе!
Мұғалім: - Олай болса, бәрімізге қымбат Әліппені ортаға шақырайық.
Хормен: Әліппе! Әліппе! Әліппе!
Әліппе: Амансыздар ма, қадірлі ұстаздар, ардақты ата-аналар, өнерпаз бүлдіршіндер!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға.
Білім деген ғажаптың,
Әліппесін меңгерген.
Келешегі қазақтың,
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың,
Қуанышы ананың
Жақсы білім көрімдік,
Болсын бізге халайық.
Не үйреніп, не білдік,
Қане ортаға салайық!
Балалар, мен сендерге жалғыз келгенім жоқ, өзіммен бірге сендердің өнерлеріңді, білімдеріңді бірге тамашалайық деп, досым ана тілін де ала келдім.
Ана тілі: Саламатсыздар ма, балалар! Киелі әліппе оқулығын аяқтап үлкен жетістікке жетіп отырсыздар, бұл сіздер үшін үлкен қуаныш. Қуаныштарыңыз құтты болсын. Енді мен сіздермен дос боламын, досыңды құрметтегенің сияқты мені де құрметте. Мен сіздерге жетем дегенше көптеген адамдар тер төкті. Солардың еңбегін бағала, өзің де еңбектен.
Аруна: Көлге айналған бұлақтың
Қайнар көзі – Әліппе,
Том - том қалың кітаптың
Басы болар Әліппе.
Хор: Әліппе
Ислам: Бәрімізді сүйіп өпкен,
Балаларға үйреткен.
Әліппе мен ұстазға
Бас иеміз құрметпен.
«Айгөлек» әнімен ортаға Аруна, Александра және Камиланы шақырамыз.
Ислам: Салтанатты мереке бізде бүгін,
Жарқырасын күлімдеп көкте күнім
Әнімізге тамаша қол соғыңыз
Халық әнін шырқайды екі гүлің
Жансая мен Айнараның орындауында халық әні «Әриайдай».
Марғұлан: Анам менің, әкем де
Атам менен апам да
Шопан, ұшқыш, ғалым да
Небір мықты дарын да,
Тіл сындырып әріпке
Ашқан алғаш әліппе.
Әлия: Әліппем менің әліппем
Өмірді көрем танып мен
Қайталап айтам мың рет
Өзіңе көп - көп рахмет!
Даяна: Таныстырып 42 әріппен,
Қош бол менің қасиетті әліппем!
Сенің арқаң оқи жаза білгенім
Сауатты адам санатына кіргенім.
Диас: Әр бетіңнен күнде алып сабақты
Сен арқылы адам болдық сауатты
Алыстағы дос - туыстан хат алып
Оларға да жаза аламыз жауапты.
Әсем: Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те.
Оқимыз қазір ертек те
Үйреткен оны әліппе
Дина: Іші толы әріпке
Жақсы кітап әліппе
Барлық ілім - білімнің
Ағасы осы әліппе.
Апа - ата атын сен
Бізге үйреттің әліппе
Бізге нағыз жақынды
Сенен білдік әліппе.
Асия: Әліппе сауатыңмен санамды аштым
Достарыммен теңдесіп араластым.
Үйреніп әріптер мен әңгімені,
Күн сайын алға қарай қадам бастым.
Аруна: Асау жүрек жанығып алқынбасын,
Бойына біткен өнер сарқылмасын.
Шыңға біткен шынардай биіктерде,
Халықтың ән өнері жарқылдасын.
Ана тілінің құрметіне Жансаяның орындауында «Көбелек» әні.
Жасұлан: Өмірде ана – бұлақ, ана – пана,
Өмірді өркендетер ана ғана.
Әкелген талай көсем, талай шешен,
Талай ер, талай ақын, талай дана.
Аружан: Келтірмес адамзатқа еш жаманат,
Өзгеге көрсетері тек шапағат.
Ананың жүрегінен орын алған,
Ізгілік. Мейірбандық, һәм махаббат.
Диас, Нұрай, Марғұланның орындауында «Ана» әнін қабыл алыңыздар.
Аружан: Анамыздай аялап,
Ақылшы болған ұстазым.
Өзіңнің ғана еңбегің
Биікке қанат қаққаным.
«Ұстаз» әнін Ислам, Нұрсұлтан және Мансурдың орындауында қабыл алыңыздар.
Жасұлан: Қимылың әрбір атқан ақ таңыңдай,
Күлкің бар аппақ мөлдір ақ қайыңдай.
Биіңмен ортамызды желпіндірші
Қыздарым ел – жұртыңның мақпалындай
Ортаға бишілерімізді шақырамыз. Өзбек биін тамашалаңыздар.
Аружан: Қазақтың елі, қазақтың жері.
Береке қонған - ұлы Отан.
Асқар тауларың, өзен - көлдерің,
Жаныма қымбат ұлы Отан.
Хор: Отан
Әліппе: Балалар, сендерге көп рахмет. Өнерлерің өте тамаша екен. Ал енді сендер осы әліппе оқулығынан не үйреніп, не білдіңдер?
Балалардың жауабы тыңдалады.
Әліппе: Жарайсыңдар балалар, санамақ жаттаған екенсіңдер, сол сандарды өсу ретімен айтып бере қойыңдаршы.
Ортаға 10 оқушы шығып сандар бойынша өсу ретімен санамақ айтады.
Әліппе: Балалар, мен сендерге құр қол келгенім жоқ, шамалы сыйлығым да бар, соны қабыл алыңыздар (кітап таратады).
Мұғалім: Балалар, сендердің «Әліппені» жақсы меңгеріп, сауатты оқуларыңа ата-әжелеріңнің, папа-мамаларыңның қосқан үлесі зор. Ендеше осы кісілерге бәріміз алғыс айтайық.
Бақытты балалығымыз үшін рахмет сіздерге, ата - ана!
Ән: Бала тілегі Орындайтындар: Аят, Даяна, Снежанна,
Жасұлан: Әліппе біздің білім бесігін ашқан алғаш оқулығымыз болса, Ана тілі сөз сырын ұқтыратын сырласымыз болары анық.
Жасұлан: Әліппе жарты жылдай жолдас болдым
Ана тілге әкеліп жалғастырдың
Әр әріпті қостырып, сөзін құрап,
Хат танытып, алғаш сен көзімді аштың.
Аружан: Қош болып тұр, әліппе, анамдайсың
Жақсы бол деп, біздерге алаңдайсың.
Мен үйреткен әріптің құдіретімен
Дейсің бізге кірпіш болып қаланғайсың.
Аружан: Сүйікті әліппемізбен қоштаса отырып, досымыздың құрметіне Айғаным, Дина, Камшаттың орындауында «Болайықшы осындай» әнін ұсынамыз.
Әліппе: Ал, балалар мен енді сендермен қоштасамын. Асар асуларың, алар шыңдарың биік болсын! Сабақты жақсы оқып, тәуелсіз еліміздің дамуына өз үлесін қосар азамат, азаматша болыңдар!
Балалар хормен: Таныстырған әріппен
Жақсы кітап – ӘЛІППЕ
Жол көрсеткен білімге
Қош бол, құтты ӘЛІППЕ!
Ислам: Ойымыздан, бойымыздан күш тасып,
Аруна: Жақсылықпен жасай берсін ұштасып.
Жасұлан: Жерім жайнап, елім өсе түссе екен,
Аружан: Елбасымның әр дегені іске асып.
Қорытынды Мұғалім:
1. Шәкірттерімді Білім әлемінің беташары Әліппені табысты аяқтауымен құттықтап, білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын дей отырып, сөз кезегін мектеп директоры Б. Ө. Сары мырзаға беремін.
2. Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты жазып оқуларыңа ата - аналардың қосқан үлесі мол. Сіздерге алғысымызды білдіре отырып, келесі құттықтау сөзді сіздерге беремін.
Әліппе – білім бастауы
- Гүлжанар
- 26 қаңтар 2013
- 5404
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Әліппемен қоштасу, қош әліппе, бастауыштарға арналған
Ұқсас жаңалықтар:
Рахмет саған, Әліппе!
Мақсаты: 1. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тексеру 4 айдың ішінде мектеп қабырғасында үйренген өнерлерімен жан - жақты білімдерін ата -...Рахмет саған, Әліппе!
Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Айымжан ауылы, Айымжан орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Мухаметкалиева Жақсылық Қазезқызы...Қош құтты әліпем
Жаза білер ол егер, Қолға берсең қаламсап. Зуылдата жөнелер, Әліппені ала сап...Әліппемен қоштасу
Армысыздар құрметті қонақтар, оқушылар! Шәкірттердің қолдарына тұңғыш рет ұстап, бетін ашқан оқулығы «Әліппе». Барлық ғылымның атасы, болашағымыздың...Әліппе - білім бастауы
Армысыздар аналар Бармысыздар балалар Сөзіме құлақ салыңыз Бір серпіліп қалыңыз Әліппеге арналмақ Бүгінгі жыр әніміз...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.