Қазақ ауыз әдебиеті - ұлттық тәрбиенің қайнар көзі болып табылады. Дастандар мен аңыздардың, батырлар жыры мен ертегілердің қайсысын алмасаң да, олардың мазмұны елі мен жұртын сүюге, әке мен шешені сыйлауға, айнымас дос болуға, кіршіксіз махаббатқа тәрбиелейді. Мысалы, батырлар жырын оқығанда кейіпкердің бойынан осы қасиеттерді сезініп отырамыз.
Сезімің де оқиға ырғағымен бірге толқып тұрады. Әрине, ол кезде «Батырдың бойында мұндай қасиеттер қайдан пайда болған» деген сұрақ туындамайды, ол сұрақ кейінірек келеді. Содан кейін шығармаға қайта үңілесің. Ендігі іздейтінің – құдайдан сұрап жүріп, әулиеден әулие қоймай аралап көрген бала не себептен батыр болып шыққандығы, яғни, оған ата - енесі қандай ықпал еткендігі. Сонда көретініміз: бай болса да бала көрмеген, кемпірін қасына ертіп, байлығы мен хандығын тастап келген шалды көреміз. Неге Біз, қазіргі заманның көзі ашық қазақтары педагогика, тәрбиенің не екенін біршама білеміз. Азды - көпті оқығанымыз бар. Барлық мәселе тәрбиеден, ал тәрбиенің негізі өзіңнің үлгіңде екенін «ұяда не көрсең, соны ілерсің» деп түйіндейміз. Ал, ол дегеніміз - ата - ананың беделі, бірақ беделдің маңызын біле тұра, кейде оны аяққа таптап жатамыз. Білмей де, біліп те...
Сөйтсек, тәрбиенің «тамыры» бұрынғы қазақтарда екен! Ойланып көрейікші: Олар «Батырлар жырын» бекер ойлап тапқан жоқ. Атадан балаға мұра етіп бекерге қалдырып отырған жоқ. Онда педагогиканың нағыз философиясы жатыр. Мысалы, жыр арқылы баланың санасына «оның өмірге қандай қиыншылықпен келгені» құйылады.
Сол арқылы, ата - ана беделі әуел бастан бала санасына егіледі, яғни бала ата - ананы өмір бақи сыйлап өтуді парызы деп ұғып өседі. Одан әрі, қай батырды алып қарсаң да, ол - біреудің (Әдетте, байдың. Мұның өзінде тектілік туралы астарлы ой жатыр) жалғыз ұлы. Олай болатын себебі, сонда ғана жырдың кейіпкерінің батырлық, адамгершілік қасиеттері оқшаулана түседі. Соған сәйкес, тәрбиелік мәні де артады. Мысалы, бір отбасы өзінің он баласын айналдыра отырғызып, жыр оқып жатыр делік. Сонда, оқылып жырланып отырған жырды оның әр баласы жеке, өз әлемімен қабылдайды. Осы психологиялық түйінді көре білген халық шығармасы жырдағы батырларды Ер Тарғын, Қобыланды, Алпамыс, т. с. с. біреудің жалғызы етіп, жеке дара бейнесін көрсетеді. Сонда жырды тыңдаған он баланың әр қайсысы өздерін «мен де сондай ерекше жаратылғанмын» деп сезініп, сондай болуға ұмтылады... Әрине, батырлар осындай ортада қалыптас қаны рас. Бірақ мәселе онда емес. Мәселе - қазақи педагогиканың астарлығында жатыр!
Жырларды оқып отырсақ, сол баланың міндетті түрде батыр болатындығы, жырды тыңдаған балалар өз қиялында Ер Тарғынға, Қобыландыға, Алпамысқа айналады.
«Батырлар жырындағы» басты қаһарман бейне - батыр тұлғаның өзі. Халықтың ой - арманына сәйкес келетін батырдың бойына, «сегіз қырлы, бір сырлы қасиет» түгел жинақталған.
Ал, батыр дегеніміз кім? Ол бүкіл Европа табынатын «рыцардың» дәл өзі! Бірақ европалық рыцарь арнайы мектепте тәрбиеленсе, қазақтың ата - әжесі бір ғана жырымен, бай мен кедейдің баласы деп бөліп - жармай, киіз үйдің ішінде отырып - ақ «рыцарлықтың» негізін бере білгенін мақтанышпен айта аламыз. Ал, ат құлағында ойнап, қылыштасу мен найзаласу өнері жағынан жауынгер халық болғанымыз барлығына аян.
Батырлық иесі - тек ерлік қадамдарын жасаушы ғана емес, таусылмас жігер иесі, еңбекқор, аңшы, мерген, өнерлі. Батырдың серігі жүйрік ат, сондықтан да «Ат – ер қанаты» дейді.
Ер қанаты болған тұлпарларға деген батырдың сүйіспеншілігі, тұлпарлармен адамша сөйлесуі, тұлпардың жүйріктігі мен қайраты жырдағы маңызды түйіндердің бірі.
Батырлар жыры тек ерлікке тәрбиелеу мектебі ғана емес, сыйластыққа, ынтымақтастыққа, ауызбіршілік пен достыққа, әйелге деген құрмет сезімге баулудың да үгісіндей.
Батырға ақылшы дос, адал жардың серік болуы - батыр тұлғасын биіктетіп тұрғандай. Қобыландының Құртқа, Алпамыстың Гүлбаршын, Ер Тарғынның Ақжүніс, Қамбардың Назым сынды ақылына көркі сай адал жары болған - әйел бейнелері - әйел - ана, қыз балаға деген халқымыздың шексіз құрметінің айғағындай. Оқу - жазу мәдениеті кең тарала қоймаған кездің өзінде де, ой санасы қалыптасып болмаған бүлдіршіндерге ертегі, аңыз - әңгіме, батырлар жырын айтып бере отырып, адамгершіліктің әліппесі деп танытқан.
«Ер елі үшін туады, елі үшін өледі», «Ел үмітін ер ақтар, ер атағын ел сақтар» деп, ерліктің мәңгілік ғұмырын жария ететін мақал - мәтелдерді айтып үйреткен. Батырлар жырындағы сан тарау оқиғалар мен тартыстар желісі нақты оқиғаларға құрылғандықтан, халқымыздың шежіре мектебі болса, батырдың тұлғасы, адамгершілігі, оны қоршаған сан алуан кейіпкерлерге тән мінез - құлық ерекшеліктері «жақсыдан – үйрен, жаманнан - жирен» деген нақылға саятын «тәрбие мектебі» деп бағалауға болады.
Батырлар жырының тағы бір тәрбиелік маңызы – жырдың жеңіл оқылып, ойға оңай тоқылатынында. Ана тіліміздің әсемдігі, теңеулер мен сөздердің сұлу өрнегі тіл байлығымыздың шексіздігін паш ететіндей. Батырлар жыры – туған ана тіліне деген құрмет сезімін де тәрбиелейді.
Батырлар жырындағы ізгіліктің іздері
- Мейрамгуль
- 28 желтоқсан 2014
- 3446
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Батырлар жырындағы ізгіліктің іздері
Ұқсас жаңалықтар:
Қобыландының Тайбурылы туралы
Тайбурыл - Қобыландыдай ірі батырдың аты. Оны батырға тәрбиелеп, өсіріп берген Құртқа. Батырдың ақылды, мінезді серігі Құртқа Тайбурылды өзі баптап,...Ер Тарғын жыры
«Ер Тарғын» жырының 2 нұсқасы бар. Олардың біріншісі 1862 жылы Қазанда Н. Ильминскийдің Марабай ақыннан жазып бастырған нұсқасы болса, екіншісі В....Жекпе-жек
1. Білімділігі: Халық ауыз әдебиеті туралы түсінік беру. Халық ауыз әдебиетіне қандай шығармалар жататынын айту. Батырлар жыры туралы түсінік беру....ЕР ТАРҒЫН
Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент қаласы №25 Т.Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясы Есмурзаева Лазда Адсадыковна...Батырлар жырындағы сабақтастық
Қызылорда қаласы, № 7 орта мектебі, Әбдірова Гулмира Раушанбекқызы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.