О, дариға, алтын бесік туған жер,
Қадіріңді келсем білмей кеше көр.
Жата алмас ем топырағында тебіренбей,
Ақын болмай, тасып болсам мен егер.
Қасым
Пойыз жүрер алдындағы сәтті есіңе түсірші: қоңырау соңғы рет соғылған, жолаушылар мен шығарып салуға келген кісілер айрылысар алдындағы сөзін асыға - үсіге айтып, қоштасып, құшақтарын енді ғана жаза, ажыраса береді де, әлденені ұмытқандай қайта оралады, қайта құшақтасады, қызыл бояу жаққан ерін қайыс ерінге қайта жабысып, бас - аяғы жоқ бір - бір сөз, бір - бір ауыз тілектерін жолдап, абыр - жыбыр, ал кеш қалған жолаушылар дәл бір өрттен шыққандай, есі - түсі қалмай етек - жеңі далақтап жүгіріп келеді.
Жасыратыны жоқ, жылжып бара жатқан пойызға екі етегі далақтап жеткен жолаушының мен де бірімін. Қара терге түсіп, алқынып барам. Шығарып салған жолдастарым да ренішті. Қайсыбірі құрдастығын арқаланып боқтап жатыр. Олармен қалай қоштасқанымды да білмеймін. Құшағымдағы кішкентай баламнан бауырымды жазып, қасымда жүгіріп келе жатқан шешесіне ұстата салдым да, көк шолақ пойызға бір - ақ ырғыдым. «Ісі құрсын. Әр кездегісі осы», — деген ренішті біреудің дауысын құлағым шалды. Жиі - жиі есіте бергесін әсер етпейтін сөздер болады. Кісі ұрысқанға да үйренеді. Жолдастарымның әлгіндей ренішіне қысылу орнына күлімсіреппін. Купеге заттарымды кіргізе сала қайта шықтым. Кісі - қаралар үймелеп тұрған терезеге. ентелеп барып мен де үңілгенде, көк шолақ пойыз құниып тартып, сыпыртып ұзап та кетіпті.
— Жә, қайтесің,— деді сырт жағымнан салқын дауыс.
Жолдасым. Жазушы. Осы сапарға бірге шықтық. Арал теңізіне барамыз. Балықшыларды аралаймыз. Бүйіріміздің бір жағында Барсакелмеске барсақ деген ой да жоқ емес. Жолға шығар алдында атақты саяхатшылар мен ұлы жиһангерлер жайында көп оқитын бір жігітке осы ойымды әлдеқалай айтып едім, басым пәлеге қалды. Барсакелместің атын есіткенде, оның маған одырая қарамасы бар ма. Шамасы, сірә, осы сапарымыз оған дәл бір Синбад теңізшінің шырғалаң саяхатындай көрінсе керек. «Естерің дұрыс па? Онда жылан көп. Айдаһар да бар деп жүр. Екі - үш жыл шамасында бір үлкен саяхатшы - ғалымның мақаласын оқығаным бар. Сол арада теңізге төніп тұрған биік құз жардың басында птицезаврдың бір жұмыртқасы миллион жыл жатыпты. Жоқ, сен күлме! Айталық, жұмыртқаны жарып шығар кезде балапанның леаргиялық ұзақ ұйқыға шомып кетуі мүмкін ғой», — деп, жиһангерлер жайында көп оқитын әлгі ақылгөй жігіт бізді жібермей, халық ағылып жатқан көше ортасында тұрып қалғаны бар емес пе...
Алматыдан шығып, купеге жайғасып отырғасын осы әңгіме есіме түсті. Езу тарттым. Өзінен басқа кісі ештеңе білмейтіндей - ақ қыр соңыңнан қалмай жүріп ақыл айтатын әр қаланың дәл осы жігіттей бір - бір білгіші болады. Ондай білгіштер Барсакелместі әлі күнге папуастар экзотикасынан қалған ескі көздей көреді. Осыдан төрт - бес жыл бұрын бір журналистің мақаласын оқыдым. О да жаңағы жігітше есіткен - білгенін әсірелеп өсіріп айтпаса ішкен асы бойына сіңбейтін біреу болуы керек. «Жазатайым, Барсакелмеске бара қалсаң тұрғын халықтар алдыңнан шығып, сәлем - сауқаттан бұрын - сақтаныңдар, бұнда улы жылан көп», — деп ескертеді. «Шынында да, улы жыланнан аяқ аттап жүре алмайсың», — деп жазыпты. Біз Барсакелместе, үш күн болып, су ортасындағы алақандай аралдың басы - аяғын қанша аралағанда бұта түбіндегі інге кіріп бара жатқан бір қарыстай сұр жыланды шаққа кездестірдім. Бұл жұрт қызық, улы жыланға тақымы толмаған соң, енді әнекей, айдаһар мен самұрық құсты ойлап шығара бастағанын көрмейсің бе.
Ішіме сыймай бара жатқан ренішімді айтқым кеп, жанымдағы жолдасыма бұрылып едім. Бұл шақта ол терін басыпты. Костюмын шешіп, көйлегінің жоғарғы түймелерін ағытып тастапты. Әдеттегідей аузында темекі. Бір аяғын бір аяғына салып, сырт жағындағы жастыққа жауырынын сүйеп шалқалап апты. Ақжарқын, ашық жігіт. Қашан келсең де дүние - мүлкі жиналмай, шашылып жататын қатыны салақ үйдей, осы жігіт сырт көзден сырын бүркемей, ашық - тесік жүретін жағадай. Рас, кейде қайдағы бір көңілсіз ойды іздеп тауып ап, өз ішіне өзі үңіліп кеткенде әншейіндегі сыршыл, сөзшең мінезінен жаңылып, үнсіз сарылып кететін кезі болады. Ондайда қашанғы қарасұр жүзі кенет көкшіл тартып, қас пен қара бұйра шаштың арасында жатқан кең маңдайында қатпар - қатпар әжім жиып ап, әлденеге іштей жиырылғандай боп жүреді. Қасындағы кісіден көңілі қашықтап, ойымен әншейіндегі әзіл - қалжыңынан, ойын - күлкісінен тыйылып, мүлде басқа бір дүние қамын жеп отырғанын байқайсың да, тіл қатқың келсе де тартынып қалатынсың.
Аралға жеткенше ол өзінің ой басқан енжар күйінен серпілмей, сұлық жүрді. Қатар отырып көз қырымды тастап қоям. Осы жолға шыққанына өкініп отырғандай. Қөңілін көтергім кеп оны ресторанға апардым. Есікті ашар - ашпастан - ақ алдымыздан неше түрлі тағам исі аңқып қоя берді. Адам көп. Вагон іші қапырық, ыссы. Байқаймын, жолдасыма ресторанның ішіп - жемі ұнамады. Қапырық ыстықтан да мазасы кетіп отыр. Соны сезгесін оның көңілін делбемек боп:
— Ертең Аралға барғасын жас балыққа тоямыз, — деп құлақ қағыс қып едім, жолдасым жүре тыңдап, салғырт қана бас изеді. Айтпақшы, ас ішіп отырып ол темекі шекті. Көрші столда отырған біреулер наразылық білдіріп күңкілдеп еді, бұл құлағына ілмей, осындай жердегі өзінің ежелгі бір көкбеттігіне бағып түтінін будақтатып отыра берді.
Түркістаннан өттік. Күн тіпті қатты ысып, купе іші қайнап кетті. Терезені сәл - пәл ашайын десең - ақ сырттан ыстық аптап лап беріп, беті - жүзіңді жалын шарпып алады. Жанымды қоятын жер таппай бара жатқан соң мазам кетіп, бір отырып, бір тұра бастадым. Жолдасым болса осынау аспан айналған ыстықты да сезбейтіндей, өзінің баяғы бір бейжай қалпында былқ етпестен жатыр. Маңдайындағы әжім сайларының арасында жылтыраған терді көргенде ғана мына ыстықтың оған да оңай тиіп жатпағанын байқадым.
— Аралға барғасын рахатты көреміз. Шіркін, несін айтасың, Арал суы асыл ғой. Теңіз түбінде табаныңа бататын не тас, не ұйық жоқ, күмістей ақ қайыр бассаң сықыр - сықыр... — дей бергенімде, жолдасым мырс етіп күліп жіберді. Мен жым болдым. Осы жолға шыққаннан бері ішіме сыймай келе жатқан Арал өңірінің асыл қасиеттері тамағыма тіреліп тоқтап қалдым. Қасымдағы қайыс беттеніп алған қарасұр жігітке енді қайтып жұмған аузымды ашқым келмеді. Осыдан бастап оны өлердей жек керіп келем.
Мінін жасыратын кісілер болады. Туысынан тым аса қуысшыл келе ме, әлде шамшыл, әлде секемшіл келе ме, әйтеуір қалай болғанда да ондай кісілер өз намысына өзі өртеніп, жұрт білетін мінін шалғайымен жапқандай қымтап болады. Со сияқты туған жерінің мінін өз бойындағы мініндей керіп, оған да намыстанып, өртеніп, шамаң келсе оны да шалғайыңмен жапқандай боп жүресің. Туған жерің — туған анаңдай өзіңе ыстық. Тасы мен топырағына дейін жүрегіңді шоқтай күйдіріп тұрғанын, сен өзгелердің де осы жұпыны даланы жаны үзіле жақсы көріп, айдай әлемдегі бар жердің бәрінен де шоқтығын асырып, Арқадағы сол анау Көкшетаудай, не әлде Қарқаралыдай жер жаннаты болғанын қалайсың.
Туған жеріңді мақтаса, тап бір өзіңді мақтағандай төбең көкке жетеді. Көңілің өсіп, аруақтанып қаласың. Өйткені, ол шыр етіп жарық дүниеге келгенде алғаш рет жауырының тиген, кіндік қаның тамған жер. Баяғы бала кезіңде осы даланың май топырағын жалаң аяғыңмен бұрқылдатып басып, зырлап жүгіріп қозы - лақ қуып өстің. Табаныңа осы даланың шөңгесі кірді. Сарша тамыз шілдеде осы даланың топырағы қайнап, табаныңды шоқтай қарып күйдіріп бара жатқасын, есіңде ме, сен кенет тұра қалып кір - кір тұмсығыңның ұшын қинала кіржитіп, екі аяғыңды алма - кезек көтеріп желге қақтырып алатын едің де, зырлап жүгіре жөнелетінсің.
Иә, бәрі - бәрі есімде. Кісі өз өмірінің ондай шағын ұмыта ма? Табаныңның астында май топырақ бұрқылдап, соңында ізің жосылып қалып бара жатады. Басқа балалардан гөрі менің табаным жалпағырақ болатын. Сондықтан Әрен сияқты әзілқой ағаларым мені «майтабан бала» деп мазақтайтын. Осы ағам жұрт жиналған жерде үнемі ызама тиетін. «Аяғыңның ізін салайын ба?» деп бір аумақ жердің құмын алдына үйіп алып, төбесінен алақанымен баса қалғанда, айтса - айтпасада өз аяғымның ізін көретінмін. Ол кезде ызаланып жылаушы едім. Қазір күліп жатырмын. Тек, қасымдағы көкбетке көзім түссе, күлкім тыйыла қалады. Кісі үлкейген сайын кекшіл болатын көрінеді. Ал, жас кезімізде намысшыл едік. Жас кезіңде аңғырт, алаңғасарсың. Алаңғасарлық ақыл тоқтатуға мұрсаңды келтірмейді. Тегі, сірә, кісі жас кезінде асау аттың үстіндегі баладай, бастықпаған сезімімен алысып құйқылжып жүріп, көп нәрсені байқай бермейтін болса керек. Қазір бала емессің. Ақыл тоқтатпаған жас та емессің. Сол сияқты өз өміріңде жамандықты көп көріп, жүзі майрылып шар тартқан шал да емессің. Осы күні өзіңе - өзің қатал сыншы боп көлденең кісіден бұрын өз мініңді өзің байқайтын халге жеттің.
Жә, сен өзіңе қаталсың. Кемшілігіңе кешірімсізсің. Жолдасыңа және солайсың. Сонан келе... Туған жеріңнің мінін көретін жерде түк көрмей, құдды көзі байлаулы кісідей жүретінің қалай? Сенің көңіліңе салса, туған жердің топырағы да алтын. Осынау қайнап тұрған қапырық ыссы желіне дейін қыз қолындағы торғын орамал желпіп өткендей, жаның жай тауып қоя береді.
Жә, оны қоя тұралық. Жаз айындағы Алатаудың қойнауын білесің ғой, қарағайы көкке өрлеп, ал көгі белуардан келетін, сулы, сабатты сай... ой, несін айтасың, жер жаннаты ғой. Мәуесінде бұлбұл сайраған жасыл ағаш саясында, таудан аққан мөп - мөлдір тұма бұлақ суына аяғыңды малып, рахаттанып отырғанда, шыныңды айтшы, айдай әлемде осыдан асқан жер бар деп ойлайсың ба? Сол сәтте басқа ел, басқа жер, су, сірә, сенің есіңе түсе ме?
Е, түскенде қандай! Кейінгі жылдары дәм - тұз айдап кең дүниенің қай қиырында жүрсем де, Арал теңізі мен Арал даласы бір сәт есімнен шығып көрген емес. Шын айтам. Ақиқат шыным сол! Жә, сен де қайдағы жоқты соғады екенсің. Сондағың шаңы бұрқылдаған Арал ма?! Сол да жер боп па? — деп қолын сілтейтін кісілерді білем, соның бірі қасымда келе жатқан мына көкбет. Бұларға не деуге болады. Атаң қазақ: «көрмес түйені де көрмес» деген. Көк шолақ пойызбен тұсынан сыпыртып өтіп бара жатқанда менмен тәкаппарлығы ұстап тыжырына қалатын кісілерге Арал өңірінің көктемгі шағын айтпай - ақ қояйын. Көктемде қай жерде жігітін күткен қыздай, жасыл желекке оранып жасарып тұрады ғой.
Сонау бір жаз ортасы ауып, Арал маңындағы мидай жазық сары даланың қылтанақ шөбі күйіп, құп - қу боп жүдеу тартқан кезде, салт атпен жолға шығып көрдің бе өзің? Аузыңды шыт орамалмен шарт байлап тартып алғансың. Атың мықты. Тақтайдай жазық далада көзіңді қиядағы қарайған бір ноқатқа тігіп алып, сылқытып тартып келесің. Көз ұшындағы қарайған нәрсе жуық арада жеткізбейді. Сен әбден сілең қатып шөлдеп, шаршаған кезіңде, кенет алдыңнан бір терең сай — Үкілі сай, не әлде Тораңқұл сайы кездеседі. Сай бойының көгалы ыстыққа шалдықпаған. Ала - бөле ат қапталынан келетін қаракөк жусан сай бойына сыймай, қақалып тұнып тұр. Ық жағынан келген жолаушыға жақындар - жақындамастан - ақ осынау көк майқара жусан исі бұрқырап, мұрныңды жарып қоя беретінін айт! Жер асылын жылқы жануар да кісідей сергек сезеді ғой. Әлгіндей сай алдыңнан сылаң еткенде, көк шөп исін сенен бұрын атың сезіп, қос құлағын тігіп оқыранып қоя береді - ау! Арал жеріне папуас экзотикасынан қалған ескі көздей қарауыңды қойып, сен өзің, кәне аттан түсші. Ат тұсарлығынан келетін көк майқара жусанға кеудеңді басып, көміліп жата кетсең болғаны, тау басынан сылдырап аққан сусыз да, шамалыдан кейін - ақ, денең салқындап, бойың сергіп, жол соғып шаршағаныңды да ұмытып, құдды бір қыз қойнынан шыққан жігіттей құп - қунақ боп көңіліңді шаттық кернеп кетеді. Ән салғың келеді. Жиһангерлер жайында жазылған бір мақаланы қаза жібермей қуып жүріп оқитыныңды білем, ал, сен Арал маңының мидай жазық даласымен жалғыз келе жатып ән салып көрдің бе? Өмірінде «әу» деп көрмеген кісі де осы арада өзін әнші сезініп кететінін білесің бе? Жә, сен оны қайдан білейін деп едің. Сыртыңа шығарып айтпасаң да, сенің арғы жағыңдағы бар ойың алақанымда сайрап тұр. Сіз бен біздің ұғынысуымыз қиын. Сіз бен біздің жөніміз басқа екенін баяғыда - ақ білгем.
Қысқасы: сен, пойыз үстінде де туған жеріңді қасыңдағы жолаушыларға қалай мақтарыңды білмей, жүрегіңдегі жылылығың ішіңе сыймай алып ұшып тұрғанда, терезе алдына жиналған кісілердің ішінен әлдебіреудің көңілсіз күңкілін есітесің. «Япыр - ай, мына араның халқы қалай тұрады екен? Кісі саялар бір түп тал жоқ. Күні қандай қайнап тұр!»
Мынау екі көзіңді бақырайтып қойып, шаршы топ алдында, насырыңды шұқып айтқанмен пара - пар. Екі күннен бері шұрқырасып сөйлесіп келе жатқан кісілерді сен, енді бір сәтте жек көріп кетесің. Бұл арада бір күн болған жоқ, бір кісімен тілдескен жоқ. Сүйте тұра әлгіндей тұрпайы, дөкір сөзге қалай аузы барады? Курьер пойызбен сыпыртып өтіп бара жатқан көлденең көк атты сырты жүдеу өлкенің қай сырына көзі жетті екен?
Кісі өтірік айтайын деп айтпайды. Көңілінде қиялы ажарлап алған әсерін ғана айтады. Әлі есімде: әне бір жылы Аралға бара жатып ел үстінде жатқан Мұқан Иманжановқа соқтым. Марқұм балықты жақсы көретін. Қос шекесінде көк тамырлар бадырайған қу сүйек арық жүзін маған бұрды.
«Жүрем де?»
«Иә, жүрем».
«Балықты армансыз жейсің - ау, енді».
«Бұйырса... талайына тісіміз тиер».
«Сендерде сазан бола ма?»
«Е, болғанда қандай. Шәугім бас, сары сазан бізде болсын».
«Үлкені қандай болады?»
Азырақ іркіліп қалдым. Мұқан марқұмның өсіріп айтқанды да, өтірік айтқанды да ұнатпайтынын білем. Мейлінше дәл айтқым келді. Және неғұрлым көзімен көріп, қолымен ұстағандай болғанын жөн көріп, үй ішінен теңеу іздеп отырғам - ды. Кенет ауызғы бөлмеде ас ішіп жатқан Мұқанның екі баласына көзім түсті. Әкесіне тартқан сирақты ұзын баланы көргенде іздегенім табылғандай қуанып кетіп:
— Дәл ана Мақсұттай сазандар болады, — деп едім, Мұқан марқұмның ұзақ ауру қажытқан қансыз бетінде күлкі білінді.
— Қой, бауырым, мынауың артың болар. — Қысылып қалдым. Қатемді тезірек түзегім кеп:
— Мақсұттай болмағанмен, ана Рүстемдей сазандар болатыны анық, — деп кішілеу қоңыр баланы көрсеттім.
Мұқан марқұмның өңіндегі әлгі күлкі ұлғая түсті.
Бұл теңеуімнің де дәл ойынан шықпағанын байқап, бұрынғыдан бетер қызарып кеттім.
— Бауырым, бұнан да гөрі кішірейте түссең қайтеді.
— Жо - жоқ, Мұқа, бұнан кішірейтпеймін, — деп мен де қитабанданып жатып алдым.
Кейін Арал теңізінде болғанда балықшылардың ауынан шығып жатқан анау - мынау емес, тап бір кісідей - кісідей сары бауыр сазандарды көріп, сол жолы марқұм Мұқан алдында бекер қысылғанымды білдім. Көрмеген кісі қайдан сенсін. Әйтпесе, Арал теңізінде бір центнерден асып түсетін бекірелер бар. Ал, қармаққа түскен жайынды жазылы қардың беліне кесе көлденең салғанда, жайынның басы жерге тиіп, құйрығы сүйретіліп жатқанын көрдім. Асырып айтқаным емес, осы Арал өзім көріп жүрген теңіздердің көбінен балықты. Аңшылық секілді балық аулаудың да өзіне тән қызығы мен тамашасы бар.
Толық нұсқасын жүктеп алу
Туған жер
- ramuk_b
- 21 желтоқсан 2019
- 1887
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Туған жер, Туған жер очеркі, Әбдіжаміл Нұрпейісов
Ұқсас жаңалықтар:
Жолаушы жолға шыққанда
Баяғы қазақ: «Жолаушы үйден қырық қадам ұзап шыққасын-ақ басына мүсәпірлік түседі» депті. Кім біледі, қазіргідей алдында алақанын тосып, ас-суын...Жер шоқтығы
Көкшетауда бір болған кісінің бұл өлкеге қайта айналып соқпауы мүмкін емес. Көргеннің көзін жаулап, есіткеннің құлағын елеңдетіп есіл-дертін алып...Ақ бидай туралы аңыз
Құлқын сәріде жазу столына кеп отырғанда айтар ойым әзір сияқты еді. Ыбырсып жатқан қолжазбаларды ары ысыра сап, әдеттегі машықпен бір парақ қағазды...Ақталған еңбек
— Мына Дүйсенбай салық! — деп, ауылдың сырт жағында таяғына сүйеніп тұрған төрт кісінің біреуі, қожыр бет, шоқша сақалды кісі таяғымен ауылдың...Вен мен Глен
Зеландия жағалауына таман, Холштейн қорғанының қарсысында бір кездерде сыңсыған қалың орманды Вен және Глен деген екі елді арал болушы еді. Олар ұлы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.