Қарасай қаласының бұрыннан бауыр басқан төл «азаматтары» мен «азаматшалары» қаланың күнделікті хабарларын теріп - жиып, өздерінше қорытынды шығарып отыратын. Бірсыпырадан бергі жұрт аузына ілініп жүрген хабарлар: Жәлелиттен байдың «кібітінің жабылғандығы», Жәмелиттен байдың жасырын саудамен ұсталып «зор қазаға ұшырағандығы», Әкімбергеннің тоқалының кеткендігі, Әлімбергеннің қызының бір кәмесерге «қалай жүкті» болғандығы туралы еді... Сол сияқты хабарларға жалғаса бір күні Азамат Азаматычтың Қарасай қаласына қызметке келгендігі тарады.
— Кім деген дейсің? — деп, естігендер бірінен - бірі қайталап сұрады.
— Оңдай да кісі болады екен, ә? — деп таңданғандар болды.
— Бір «тиіп» болуға тиіс, танысқанның терістігі болмас, — деп жүрегіне жұмбақ қылып сақтағандар да болды.
Содан былай Қарасай қаласының «азаматтары» Азамат Азаматычтың отырған кеңсесін жағалады: «азаматшалар» соның жүретін көшесін аңдитын болды.
Қарасай қаласының «азаматтары» тексере келе мынадай қорытынды шығарды:
«... Кедей баласы екен. Мінезі тұйық екен. Тізгін бермес бойлауық емес екен. «Аптаритеті» де жоқ емес екен. Атқарып отырған қызметі де олқы емес екен...»
«Азаматшалар» жүре - жүре табандарын тоздырды. Азамат Азаматыч көшеге сирек шығатын адам көрінді. Сағат үш жарымнан аса бергенде, жылтырақ сары портфельді ілгегінен ұстап сүйретіп, көзін жоғары бір көтермей, пәтеріне төтелеп тартатын болды... Пәтер хозяйкасының берген мағлұматтары бар, көрші - қолаңның көрген - білгендері бар — бәрін қосып қорытқанда «азаматшалардың» қолына ұстағаны мынау болды. Азамат Азаматычтың түрі: орта бойлы, қызыл шырайлы, қыр мұрынды, қырқа күзелген мұртты жас жігіт, мінезі: ұяңдау, аз сөйлейді, көп тыңдайды, біреу сөйлесе төмен қарап күлімсірейді де отырады. Мынауың теріс деп ешкімге қарсы айтпайды, өз пікірін ұсынбайды, шеке тамырын білеулендіріп ешкіммен керіспейді... Бұған үстелетін қосымша, киімді сыпайы киеді, таза жүреді, «әдекалон» жағынатын мінезі де жоқ емес... Ең ақырғы қосымша: қазірдің өзінде кеуде қызметкер, келешегі айнадай сара тұрған сияқты...
... Азамат Азаматычтың тұрған пәтерінің хозяйкасы қазаққа шатысқан татар әйелі. Түріне қарап татар демесең, тіліне қарап айыра алмайсың: «қайным» деп күлімсіреп тұратын елдегі ашық мінезді «мырза жеңгейлер» сияқты.
Азамат оны «хозяйка», «жеңгей» дейтін болды. Бізде солай дейік...
— Қайным, қалай, шаршаған жоқсың ба? — дейді жеңгей ашық жүзбен қарсы алып.
— Қызмет неге шаршатпасын, — деп Азамат күлімсірей түседі.
— Жас адамға қиын ғой... Көшеге шығып бой көтеруді де білмейді екенсіз, — дейді жеңгей аяған пішінмен.
Азамат Азаматыч әдепті қызша сызыла түсіп, қызмет жайын түсіндірген болады:
— Жаңа дәуірдің жұмысы осылай... Әбден танысып алмаса болмайды... Жұртшылық бізден жұмыс күтіп отыр, — дейді.
Азамат Азаматыч осы сөзді жеңгейге айтқанда риямен емес, шын жүрегімен айтады. Үйткені, Азамат Азаматычтың жүрегінде шынында бұдан басқа ой болмасқа да тиіс еді... Азамат Азаматыч бастап оқуға аттанарда да осы ойды мақсат қылып еді. Онда аты - жөні «Азамат Азаматыч» емес, «Қожалақ Күркілдеков» еді. Қожалақ оқуға аттанарда әкесі Күркілдектің ашамай белді шолақ торысы, бір мүйізі сынық қара сиыры, торғай қамасаң тұрмайтын қырық жамау қараша үйі бар еді... Көрінгеннің кірін жуып жүретін қатпар бетті қара кемпір — Өлімсек дейтін шешесі бар еді. Қожалақ оқуға жүрерде шешесі мойнына асылып, бетінен иіскеп сүйіп тұрып:
— Қалқам, ұмытпа! — деп еді Қожалаққа.
Әкесі Күркілдек торы атқа төрт аяқ арбаны жегіп Қожалақты станцияға әкеп салып, баласының бетіне бажырая қарап тұрып еді.
— Оқы, қарағым, адам бол! — деп бір күрсініп, ышқырынан түйіншек шүберекті шығарып, термен жіпсіп мылжаланған ескі червон ақшаны ұсынып тұрып:
— Ел іші ғой, өлмеспіз. Мынаны жолыңа ал, тағы да жіберіп тұрамын, — деп еді.
Қожалақ оқуға солай аттанып еді...
Бір - екі жыл өткен соң, мектеп өмірі Қожалақты түзеп жібереді: бет терісі түлеп, қызыл шырайлы түрге кірді. Тазалық әдетке кірді. Жолдас - жора көбейді. Жоғарғы курстың балаларымен де араласып жүретін болды. Сабағын жақсы оқыды. Мектеп ішіндегі жұмысқа қызу қатынасты. Толып жатқан орындарға сайланды. Ауызға ілікті...
— Товарищ Қожалақ!.. Жаным, қойшы, тасташы... «Последний раз» сұраймын! — деп Райка қиылады да жүреді.
Райка деген кіртиген қабақ, сұрша қыз, шашын байталша күзеп, «жаным» деп жабыспайтын жігіті болсайшы, мектеп өмірінде кім көзге түссе, бұл қыз соның жанында. Аты Рәш екен, Рәш емес - ау, Рабиға екен, «ескілікті тастау керек» деп атын «Райка» атандырыпты. Бұл «модыға» тілін алатын бірсыпыраларды түсіріпті: Әбдіреш Битасов — «Алеша Дмитрич» болыпты, Сапа Әлімбаев — «Саша Алексеевич» болыпты, тағы тағылар... Жалғыз - ақ Шәймерден дейтін бала: «Байдың қызына қол жаулық болар жайым жоқ!» деп қасарып маңына жуытпапты... Райканың байдың қызы екендігі көптен - ақ мәлім болады. Шәймерден сияқты балалар бас болып: «мектептен аластау керек» — деп сөз көтерсе де, «қазақ қызы ғой, оқысын, қайтесің...» деп бітуана - басалқы айтатындар басып жібере береді... Сол Райка Қожалақты иықтап алған:
— Жаным! Сұраймын! — деп бетін бетке тигізеді.
— Не қыл дейсің? — деп Қожалақ қынжылады.
— Таста, өзгерт!.. «Қожалақ Күркілдеков»... ту... қалай нашар!.. Тіпті лайық емес... Сұраймын! Орысша қоймаймын десең, қазақша - ақ қой, пусть, болсын: «Азамат Азаматыч!» — дейді Райка.
Қожалақ — «Азамат Азаматыч» атала бастайды. Мектеп балалары, Қожалаққа осы ат лайықты деп атамайды. «Райканың айтқанына көніп, атын өзгертті» деп кекетіп атайды. Содан былай жұрт аузында «Азамат Азаматыч» деген ат кең өріс алып тарта береді.
... Азамат Азаматычтың пәтері екі бөлмелі, төргі бөлмесінде бұл, алдыңғы бөлмесінде хозяйка. Төргі бөлмесінің терезесі көшеге қарап та ашылады, іштегі бақшаға қарап та ашылады. Бақша дегеніміз жалбыр айғырдың жалындай қалың бұтақты үш - төрт түп ағаш, күн төбеден ауса, әлгі ағаштың түбі самал - салқын көлеңке болады. Жеңгей көлеңкеге үстел қойып, шай әзірлейді. Азаматты шайға шақырады. Дастарқан басы көршіден келген қонақсыз болмайды. Я бірер еркек болады, я бірер әйел болады: еркектер — хозяйканың інісі, қайнысы, жат - жұрағаты болады: әйелдер - қайын сіңлісі, жиені, бөлесі болады. Хозяйка олармен Азаматты таныстырады. Олар Азаматпен шүйіркелесіп сөйлеседі. «Бізді бөтенсімеңіз, қонаққа келіп тұрыңыз!» деп әйелдердің қонаққа шақыратыны да болады. Көшеде кездессе, бас иіп амандасу міндетке айналады. Сөйтіп «дос - жардың» тобы құрала береді...
... Сағат алтыға он минут қалған кезде Азамат пәтерінен шықты. Бет алысы - кеңсесі. Сағат алтыда кеңседе жиылыстары бар. Қаралатын мәселе — кеңсе жұмысын қайткенде жемісті қылу туралы.
— Товарищ Азамат! Мектеп есігінен жаңа шығып отырған адамсың. Құрылысымыздағы кемшілік бізден гөрі сенің көзіңе тез шалынуға тиіс. Бүгінгі жиылысқа «обезательный» кел, пікіріңді ұсын! — деп, төраға Азаматты иықтан қағып, жылы жүзбен сөйлесіп, өзінің сезіп жүрген бірсыпыра кемшіліктерін айтқан.
Бастықтың ісіне, жігеріне келгеннен бері Азаматтың да айызы қанып жүр еді. Мектепте жүрген кезінде — мекеме қызметкерлерінің ішінде мұндай екпінмен, жігермен істеуші бар деп ойлай қоймайтын еді. Ол ойының қате екендігін енді сезген сияқты. Шынын айтқанда Азамат қатесін артынан сезіп қала беретін кісі еді...
Дөңгеленген қара көз сонау жерден қадалып, күлімсіреумен келеді. Таныс көз ғой деп Азамат та көзін жоғары көтере түсіп еді: ақ жібек көйлегі желбіреп, қою қара шашты тоқпақтай қылып желкеге түйіп тастап, өткір көзді күлімсіретіп қарай түсіп, Мәриям келе жатыр екен.
— Сізбен кездесе бердік - ау, — деп, Мәриям күлімсіреген күйі сүйріктей нәзік саусағын созды.
— Кездескіңіз келмеп пе еді? — деді Азамат та күлімсіреп.
— Ондай ойдан аулақпын, — деді Мәриям күлімдеген қара көзін Азаматқа қадап.
«Аяқ астынан кездесе кеткен бұл қайдағы қыз?» деп оқушылар жұмбаққа түспесін, бір - екі ауыз сөзбен Мәриямды таныстыра кетейік: бұл қыз ең алғаш Азаматқа хозяйка жеңгейдің пәтерінде, жалбыр ағаштың түбінде шай ішіп отырғанда кездесіп еді.
— «Мәрияшжан, кел, шайға отыр... Мына жігітпен таныс па ең?.. Қайным - ау, кеше сізге айтып па ем, Мәриям деген қайын сіңлім бар деп? Сол бала осы...» — деді жеңгей оны таныстырып.
Азамат ұшып тұрып Мәрияммен қол ұстасып көрісті. Шай үстінде Мәриям көбінесе жеңгеймен сөйлесіп отырды. Жеңгей биылғы бір ұстаған прислугасының беттен алғыш, шапылдақ болғанын, прислуга дегендердің «құдайын танымай» бара жатқанын, бұрынғы күнін ойлағанда жүрегінің тарс айырылатындығын айтып зарланумен болды.
— Ескіліктен қашан арылар екесің, жеңеше... Сені түсіндіре алмай - ақ шаршадым - ау, - деді Мәриям күлімсіреп.
Осыны айтып Мәриям Азаматқа көзінің қиығымен қараған секілденді. Жас әйелмен бір үстелдің басында отыру Азаматқа оңай жүк емес, қысылып, қымтырылып берекесіздену мұның қашанғы әдеті. Сондықтан, ол Мәриямға туралап қарап, оның ажар - көркі, мінезі, отырыс - тұрысы туралы салыстырып, «солай екен - ау» деген қорытындыға келмеп еді. Азаматтың осы қылығын сезе қалғандай Мәриям да басқамен шұғылданған адам секілденіп, Азаматпен тура қарап тілдеспеп еді.
Сол күні Азамат кітап оқымақ болғанда, жеңгей оны сөзге айналдырып, сөзіне әзіл араластырып, одан Мәриямды сөз қып бірсыпыра уақытын алды. Азамат бұған мазасы кетіп ренжігенмен сыр білдірмей тыңдады да отырды. Бірақ жеңгейдің сөзінде қандай мән барын, неге айтылып отырғандығын Азамат ойына салып елеп, «солай екен - ау» деп бұл жолы да қорытынды шығармады... Содан бері осы Мәриям күнде кездеседі. Көшеде де, үйде де, тамақ үстінде де құр кездескені болмаса Азаматпен тым ашылып сөйлескен емес. Сөйтіп жүріп Азамат бұған бұрынғыдан көрі үйрене түскен секілді боп өз үйінің адамындай көріп, оған ұялмай қарайтын күйге жетіп еді.
Толық нұсқасын жүктеу
Алғашқы айқас
- ramuk_b
- 21 қараша 2019
- 1573
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Алғашқы айқас, Алғашқы айқас повесті, Бейімбет Майлин шығармалары
Ұқсас жаңалықтар:
Айымкүл
Ыбырай қызын ұзатайын деп жатыр деген соң тойына бардық. Айымкүл өзі теңдес қыздардың ішіндегі көрікті, ақылды, салмақтысы еді....Азамат ерді бақытсыздыққа жетелейтін үш нәрсе
Азамат ерді бақытсыздыққа жетелейтін үш нәрсе. 1. Өзіңе ұнамаған, сенімсіз надан әйел. 2. Жүрмейтің, жолда қалдыратын көлік. 3. Күнде - күнде...Бұрқасын ханым
Бір жесір әйелдің туған қызы және өгей қызы болыпты. Өгей қызы көрер көзге көрікті, биязы екен де, өз қызының сырт пішіні ұсқынсыз, оның үстіне...Жаны саудың – тәні сау
Атырау облысы Исатай ауданы Жанбай селосы, Хамидолла Наубетов атындағы орта мектептің жоғарғы санатты бастауыш сынып мұғалімі Нұрмашева Шарбану...Тәні саудың, жаны сау
Ақтөбе облысы, Ақтөбе қаласы, «Сымбат» жеке мектебі Курмалова Асель Агисовна Сабақтың тақырыбы: Тәні саудың, жаны сау. Сабақтың мақсаты: Оқушылардың...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.