Сайтқа кіру Тіркелу

Сатай Батыр (Толғау)

Сатай Батыр
(Толғау)
«Жан үшін мал садаға,
Ар үшін жан садаға»,-
Деп тәрбие береміз,
Бесіктен бастап балаға.
Қазаққа тән бұл өсиет,
Қанымда бар қасиет.
Қуаласаң көшпейтін,
Жусаң да еш кетпейтін,
Сыйы бір берген құдірет.
Намысты қолдан бермеген,
Езгісіне дұшпанның,
Өлсе де еш көнбеген.
Жері үшін, елі үшін,
Отқа түсіп күймеген
Ерлердің аты кемде - кем.
Соғысып қарсы қалмаққа,
Күндіз жүріп, түн кешкен,
Жалаң аяқ мұз кешкен,
Аз ба еді батыр қазақта.
Алтай, Атырау арасы,
Өзен, көлді даласы.
Қазаққа арзан тиген жоқ,
Тарихқа өткен арттағы
Ой салып сәл бір қарашы...

Уақыттың әрбір кезеңі,
Соғыссыз күн жоқ кез еді.
Жайдан - жай жатқан қазаққа,
Ойы бұзық сұм қалмақ,
Ту сыртынан айналып,
Сұғады найза, жебені.
Қолға түскен ерлерді,
Құйрығына аттың сүйретті,
Табанын тіліп құл етті,
Ақ моншақты арудың,
Шашын жұлып күң етті.

Езгісі өтіп қалмақтың,
Қазағым әбден сорлады,
Намысқа тиіп қорлады.
Бұдан әрі көндігіп,
Жүре беруге болмады.
Әр жерде, әрбір аймақта,
Бірігіп қазақ жақсысы,
Мәселенің ең бастысы –
Жеке - жеке соғыспай
Қосылып үлкен қол болып,
Қарсы тұрды қалмаққа.

Іленің оң жағасы,
Көкорай шалғын даласы,
Қыс қыстайтын күнгейлі,
Жаз жайлайтын биік тау,
Шекарадан басталып,
Алтынемел арасы.
Жазиралы жағдайлы,
Тіршілікке ыңғайлы,
Асан қайғы ертеде - ақ
«Жерұйығы жердің» деп,
Берген еді бағасын.
Мекен еткен бұл жерді
Бәйдібек баба тұқымы
Жарықшақтың бел баласы –
Суан ата ұрпағы
Өңшең батыр ұлдары.

Болғанмен жайлы мекені
Қазақ жерінің шеті еді,
Дұшпанның дауыл өті еді.
Ары - бері жүргенде,
Сайланған қалмақ қолдары
Тек кетпей шауып өтеді
Малдарын айдап кетеді.

Құтырған жауыз қалмақтың,
Тізесі әбден батқан соң,
Бытыраған қазақтың,
Билері бірігіп ой түйді,
Батырлары қол жиды.
Қарсы тұрып қалмаққа,
Соғысуға бел буды.
Суаннан шыққан батырлар
Елтінді мен Жылгелді,
Сатай менен Бағайлар,
Қошқар, Бөлек, Аралбай
Аталмаған аттары –
Ер боп туған талай бар.
Қол жиып бәрі соңынан,
Қаруланып молынан,
Әрі - бері жосыған,
Қалмақтың беріп жазасын,
Адастырды жолынан.
Талай соғыс шайқаста,
Қанды қырғын айқаста,
Ерлігімен ерекше,
Ақылымен бөлекше,
Батырларды мойындап,
Таныды қалмақ, қазақ та.

Ел басқарған билер мен,
Қол бастаған батырлар,
Ақыл қосып бастары,
Үлкені мен жастары,
Қол басшы батыр керек деп,
Бір мәміле жасайды.
Шоқтығы биік өзгеден,
Ақыл - парасат ерлігін,
Тауыспас айтып сөзбенен,
Бас батыр етіп атайды –
Тұлғалы ер Сатайды.
Сатай батыр шынында,
Өзгеше ерен ер еді.
Әу баста - ақ анадан
Бөлекше туған ірі еді.
Саусақпенен санарлық,
Бар қазаққа танылған,
Мықтылардың бірі еді.

Сатай батыр жайында,
Ірілігі мен өрлігі,
Білімі және ерлігі,
Әңгіме, жыр боп таралған,
Ел аузында көп аңызды.
Соның бірін айтайын,
Бар ұрпаққа маңызды,
Қазақ, қалмақ соғысып,
Үлкен бір болған ұрыста,
Қалмақтың қолы артық боп,
Қазақ қолы аңдаусыз
Қоршауда қалды бір тұста.
Қоршауға алып көп қалмақ,
Келеді буып қазақты,
Ойланып көп тұрарлық
Уақыт та жоқ тым қысқа.

Қангелді батыр сардар - ды,
Саңқ етіп салды айғайды:
«Қоршаған шепті кім бұзса,
Нағыз батыр сол деймін.
Аман қалса қырғыннан,
Сыйлығым берер мол деймін,
Бабадан қалған жер үшін,
Еңіреген ел үшін,
Бала - шаға қамы үшін,
Кеудеде шыбын жан үшін,
Қалмаққа қырғын сал деймін!»
Жігерленген батырлар,
Бұзбақ боп шебін қалмақтың,
Кезекпенен шабады.
Аман қалғаны оралып,
Келмегені өлім табады.
Қалмақ та оңай жау емес,
Талай қазақ батыры,
Жау қолынан мерт болды.
Кеудеге ыза, кек толды,
Қазақтар үшін сол бір сәт
Шаншудан ауыр дерт болды.

Таусылып амал, шарасы,
Тұрғанда сол бір аңырап,
Топ алдында аты ойнап,
«Байсуандап» атойлап,
Жауға шапты бір батыр.
Ақ тонының желпілдеп,
Жұрымдалмаған етегі.
Күркіреп батыр жеткенде,
Қылышы жарқ - жұрқ еткенде,
Қалмақтың есі кетеді.
Сорасы ағып еңкілдеп,
Қоятұғын жер таппай
Береді жанын селкілдеп.
Соғыса жүріп қорғанып,
Өзіне тән тәсілі,
«Үш айырды» қолданып,
Бесін намазы уақытында,
Қоршаған шепті бұзады.
Қалған қазақ қолдары
Олар да қалмай шығады,
Соғыса - соғыса алыстап,
Қалмақ, қазақ іңірде,
Бір - бірінен ұзады.
Аман қалған батырлар
Қосын теуіп әр жерге,
Аттарын отқа байлайды.
Мерт болғанын арулап,
Жаназа оқып жайлайды.
Найзасын ұштап үшкірлеп,
Қылышын жанып қайрайды.
Келесі күні сәскеде,
Мәжіліс сардар құрады.
Батырларды шақырып,
«Шепті бұзған қайсысың?» - деп,
Жеке - жеке сұрады.
Біреулер келіп мен дейді,
Кейбіреуі шын сөйлеп,
Кім екенін білмейді.
Болмаған соң дәлелі,
Ешкімге сардар сенбейді.
Шабарманды шаптыртып,
Екі мәрте шақыртып,
Батыр Сатай келеді.
Нөкерлері қосылып,
Соңынан бірге ереді.
Келе жатқан Сатайды,
Қангелді батыр байыптап,
Ат үстінде көреді.
Жауға шапқан бейнесін,
Көз алдына келтіріп
Елестетіп біледі.
«Шепті бұзған сен бе?» - деп,
Төтелей сұрақ береді.
«Шепті бұзған мен», - дейді.
Сөздеріме сен дейді,
Ат құлағынан қиылған,
Екі қоржын қиқымды,
Төгіп салып алдына,
Байыптап өзің көр дейді, - дейді,
Өлтірген қалмақ аттарын,
Айдап кетіп қосынға,
Құлағына салдық ен дейді.
Бұл сөзіме сенбесең,
Бағудағы аттарды,
Жақын барып санайық,
Құлақтарына қарайық,
Мінер жағы қарлығаш,
Қамшылар жағы құлақтың,
Арт жағынан ойықты.
Суан атам тұсында - ақ,
Малдарына белгілеп,
Осы енді қойыпты.
Саңқ етіп сардар дауысы,
Қамшысын бүктеп көтерді,
Тоқтат деп сөзді белгі етті.
Айтқандарың жөн депті,
Шепті бұзған дарабоз,
Нағыз батыр сен депті.
Жауға шапқан кезіңде,
Ақ тоныңның желпілдеп,
Жұрымдалмаған* етегі
Бара жатқанын көргем - ді.
Екпініңе шыдамай
Құлағына тұра алмай,
Қалмақ батырларының,
Қанға батқанын көргем - ді.
Жаудың шебін кім бұзса,
Беремін деп мол сыйды,
Бар жұртымның алдында
Уәдемді бергем - ді, -
Деп Қангелді байыптап,
Алдында жұрттың тұрады.

Сатайға қарап бұрылып,
«Жауап айтшы бір сұраққа,
Үйдегі келін олақ па?
Киім тігу еріне,
Әйелдің ісі деседі.
Үстіндегі ақ тонның,
Жұрымдалмапты етегі», -
Деп арқадан қағыпты,
Бойында бар ерекше,
Қасиетін таныпты.
Уа, халайық, не дейін?
Айтып тұрған батырдың,
Шын сөзіне сенейін.
Айбынды ірі тұлғаңды,
Арыстанға теңейін.
Шепті бұзған батырға,
Үлкен сыйлық болады деп,
Жұрт алдында уәде еткем,
Деп сардар созып қос қолын
Алақанын жайып тосады.
Батасын беріп Сатайға
Түйеге артқан жасауымен,
Төрт түлігі қосарымен,
Бірге туған өзімен
Қарындасы Айтжанды
Некесін оқып, қосады.

Батырлығын паш еткен
Ел аузында сақталып
Көп түрлі аңыз, әңгіме
Көңілдерде жатталып
«Қалмақ қырған» қырғыны,
Аңырақай шайқасы,
Ерлік істері Сатайдың
Ұрпақтарға жалғасып,
Келеді болып тәрбие.
Қарасақ тарихты ақтарып.

Сол бір заман, сол заман,
Күнде қырғын, күнде өлім,
Қатын - бала шулаған,
Қазақтың кетпей басынан,
Қара бұлт тұрған сұм заман.
Аз болғандай қазаққа,
Жоңғардың салған жойқыны
Және бір қара бұлт келіп,
Елімнің төнді басына
Бүйірден келіп түрткілеп
Қоқандықтар да қоқаңдап
Көрсетті мінез шошаңдап.
Енді міне, көз тігіп,
Жеріне байтақ қазақтың
Шүршіттер де үңіліп,
Арам пиғылмен қарайды.
Болса да байтақ жері кең
Санының біліп аздығын
Салғысы кеп тұр азуын.
Оқысақ Бұқар жырауды
«Шүршіт келеді», - деген сөз бар - ды,
Көктен түскен төрт кітап
«Енжіл» атты кәләмда,
Елге шүршіт келмесін,
Егер шүршіт қаптаса,
Алып бір жейді ақтарып
Көмулі көрден денеңді, -
Деп қаптаған Қытайдың,
Қорқаудан жаман екені
Айтылыпты деседі.
Қанша батыр болсаң да,
Қырып біту мүмкін бе,
Таусылмас көп шүршітті,
Ұрпақ болмай артыңда,
Түк қалмай қазақ ұлтының,
Орны да қалмай жұртының,
Жойылып кету қаупі бар –
Қазақтың хан, билерін
Осы бір ой үркітті.

Қангелді, Сатай, Қабанбай,
Қанжығалы Бөгенбай,
Қошқар, Бөлек, Аралбай,
Аталмаған аттары,
Батыр қазақ талай бар.
Қалмақпенен соғысып,
Қосылып бірге жүріпті,
Әбілхайыр, Болат хан
Әбілмәмбет, Барақ сұлтан,
Төле, Қазбек, Әйтеке,
Замандары бір болып,
Қатар өмір сүріпті.
Болашағын ұлттың,
Болжап, сезіп біліпті.

Жиналып сол бір жылдары,
Бір мың жеті жүз отыз үш.
Қазақтары Ұлы жүз,
Ақылдасып іс құрды.
Қодар және Төле би,
Сатай, Бөлек, Қангелді,
Маңызды, мәнді құжатқа,
Бесеуі де қол қойды.
Қазақтардың бағы ма?
Әлде қалың соры ма?
Қабылдапты бір шешім,
Болашақтың жолына.
Болса да үміт ойында,
Күмәні бар бойында.
Ресейдің падишасы
Анна Ионовнаға,
Өз еркімен Ресейге
Қосылуға өтініп,
Хат жолдапты бекініп...

Батырлары қазақтың,
Қуа - қуа қалмақты.
Жаудан жерді тазартты.
Құтқарды елді езіліп,
Көтеріп жүрген азапты.
Айнала қуып Балқаштан,
Алакөлден асырды.
Тазалады дұшпаннан,
Даланы, белді, асуды.
Есін ала қуалап
Шекараға жеткізді,
Бұландыдан өткізді.
Қайтіп қазақ жерінің,
Шетіне жақын келместей
Атаңа нәлет ойраттың,
Жетесіне жеткізді.

Тоқта, Барлық жерінде,
Найман ата елінде.
Соғыса жүріп ойратпен
Тұрақтапты Суандар
Мекендеп осы өңірді.
Соғыста мерт болды ма?
Жоқ әлде құдай жіберген,
Ажалы тура келді ме?
Ол жағы бізге беймәлім.
Тоқтаған соң жүрегі,
Суанның бас батыры,
Сатайдың дене сүйегі,
Сол жерде қалған деседі.
Көнекөз қарттар айтатын,
Бұрыннан бар бұл әңгіме,
Ұрпақтан қалып ұрпаққа
Айтылып жүр әлі де.
Желге ұшып бұл сөз кетпеді,
Ұрпақтары бүгінгі
Шындықты іздеп зерттеді.
Батырлардың ізімен,
Тоқта, Барлық жеріне
Сапар шегіп беттеді.
2001 жылдың жазында
Дәлірек айтсақ тамызда
Шалабаев Әлекен,
Көбенбаев Болатбай
Екеуі келіп Үржарға,
Біраз күн жатып жүреді,
Сұрастырып біледі.
Білетін жандар жол сілтеп,
«Мақаншы, әлде Қабанбай
Ауылдарында тұратын,
Тарихқа ой бұратын,
Жетпіс сегіз жастағы,
Қарт жырау бар Сансызбай
Бір білсе сол біледі,
Ел аралап қашанда
Дерек жинап жүреді», -
Деп сөзінің аяғын
Сансызбайға тіреді.
Сансызбаймен кездесіп,
Сәлемдесіп жүздесті.

Барлық арасан жанында
«Суан бастау», «Суан сайы», -
Деп аталар жерлер бар.
Сол бір жердің маңында
Перзенттері Суанның,
Мырзагелді, Қошқардың
Қорғаны барын білісті.
Әңгімесін жалғап әрі қарай,
Деректер айтты бірталай.
«Құйылысындағы өзендер,
Еміл менен Шаған тоғай
Суанның бас батыры
Сатайдың бар қорғаны», -
Деп әңгіме қозғады.
Сатай батыр жайында,
Нақты - нақты айтты да,
Одан әрі созбады.

Естіген соң бұл жайды,
Ел іші тыныш тұрмайды.
Өтіп те кетті біраз жыл,
Уақытты іздеп ыңғайлы.
Он жыл сап содан араға,
Сапар шегіп Үржарға,
Одан әрі Барлыққа
Шалабаев Әлекен,
Манапұлы Ерғазы,
Оқанұлы Әлимен,
Байнөсеров Ғабдулла
Арнайы іздеп барады,
Жатқан орнын Сатайдың
Сұрастырып табады.
Түсіріп орнын суретке,
Мән - жайды толық білмекке
Жергілікті қарттардың
Сансызбай мен Долдахан,
Әңгімесін таспаға,
Жаздырып та алады.

Айта берсек қазақты,
Мың өліп, мың тірілді.
Көрсе де сан азапты,
Өлмейтіні білінді.
Бұл тарихтың көбісі
Осы күнгі жұртқа аян.
Сатай батыр секілді
Қазақта болды көп ноян.
Ерлігі мен өрлігін,
Өзіне лайық кеңдігін
Жырға қосып паш еттім
Жеткенінше бар шамам.
Ұрпақтары Сатайдың
Көбейіп өсіп бұл күнде
Көп рулы ел болды.
Қай елсің деп сұраса
Біз Сатаймыз дер болды...

Атамыздың басына
Белгі қойып, ас беру,
Турасы да, расы,
Көкірегінде оты бар,
Ажыратып білетін,
Жақын менен алысты,
Бағамдайтын әр істі,
Жігері бар, намысты
Артындағы ұрпақтың
Еншісіне қалыпты.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×