Сайтқа кіру Тіркелу

Ақан серінің айтқандары

Шешендік сөздер
деген екен...
Ақан сері ел аралап жүріп Атығай Былғауыш қажының ұлы Азынабай мырзаның отауына түседі. Сері шешініп, төргі бөлмеге өтіп барып отырады. Ауыз үйде жүрген Азынабайдың келіншегі:
– Осы үйде піскен бауырсақ та жоқ. Шәй мен қант та таусылып қалды. Қайдағы қаңғыбас қонақ осы үйге келеді, – деп күңкілдейді.
Жәйсіз әңгімені естіген сері қасында отырған Азынабайға қарап:
– Шырағым, шығып қапты сақал, мұртың,
Келіннің ұнатпадым мінез - құлқын.
Өз басың әжептәуір көрінеді,
Айтып көр, кім болады қайың жұртың, – деп сұрайды.
Азынабай қайын жұртын айтады. Сонда Ақан былай дейді:
– Жақсылап бұл келінді бағу керек,
Алдына лағыл шамын жағу керек.
Қонаққа бұдан былай күңкілдесе,
Азуын балтаменен қағу керек.
Жақсы әйел жігіт сырын шашпау керек,
Бұралқы бұра жүріс баспау керек.
Қырсығы жаман әйел ерге тиер,
Ондайды жақсы жігіт тастау керек, – деп киініп шығады да, Былғауыш қажының өз үйіне келеді.
Кіріп келген сері:
– Отауға келіп едім қонуды ойлап,
Кіші үйде отыруға күліп ойнап.
Алдымнан шабаланып шыға келді,
Бір қаншық босағаға қойған байлап.
Қабам деп ұмтылып ет, басқа тептім,
Төгілтіп улы тілдің зәрін төктім.
Қыңсылап тынышымды ала бергеннен соң,
Отаудан үлкен үйге шығып кеттім, – дейді.
Былғауыш аңқау адам екен:
– Отаудың иті қаншық емес, арлан еді ғой, – дейді.
Сонда Ақан сері:
– Ол үйде арлан да бар бүкірейген,
Мысықтай сирек мұрты тікірейген.
Қолынан іс келердей көрінбейді,
Малға не, қаншыққа не кекірейген, – дейді.
Былғауыштың әйелі сөз түсінетін зерделі жан екен.
– Ол – біздің отау еді. Балалардан бір білместік өткен екен. Бар қаталықты өз мойныма аламын. Кәне, қонақтар, төрлетіңдер, – деп келіп, Ақан серіні өзі шешіндіріп, төрге әкеліп отырғызады.
Былғауыш қажы:
– Сен қай жігітсің? – дейді.
Ақан:
– Белгілі Орта жүзге Ақан серің,
Астымда құла торы маңмаң керім.
Баласы Былғауыштың Азынабай,
Мырза деп Атығайда естіп едім.
Оңаша отау үйде думандатып,
Қызыққа батырғалы келіп едім.
Қаншықтай шабаланып шыға келді,
Үлгісіз көргені жоқ жаман келін.
Келін қаншық, ұлыңыз арлан болар,
Арланы қаншыққа құл болған болар.
Қаншықтай шабаланып шықпаса егер,
Бет алып келген қонақ қонған болар, – деп өзін таныстырып, келіннің кемшілігін бетке басады.
Бәйбіше:
– Шырағым, Ақан сері деген атағыңа сырттан қанық едік. Енді сөзді ұзарта көрме, – деп өтінеді.
Ертеңіне меймандар аттанарда бәйбіше серінің үстіне әкеліп шапан жабады.
Ақан сері разы көңілмен:
– Бәйбіше жан екенсің асыл ана,
Сай екен көркіңізге ақыл - сана.
Есімнен кетпестей бір іс болып ет,
Кешірдім, ол өкпені сізге ғана.
Мен алдым, шапаныңызды өзіңіз ал,
Жүргем жоқ ақымақтарға айып сала, – деп шапанын қайтарып беріп, аттанып кетіпті қайран сері!

әзірлеген
Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ
М. Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі
Павлодар қаласы
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертегі, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×