Сайтқа кіру Тіркелу

Қазақ әдебиеті сабағындағы шығармашылық жаттығулар

Қазақ әдебиеті сабағындағы шығармашылық жаттығулар

Әдебиет сабағында оқушыларды көркем шығарманың табиғатын терең түсінуге талпындыратын тиімді әдістер шығармашылық жаттығулар арқылы жүзеге асады. Әсіресе, кітап оқу дағдысы азайған уақытта көркем туындыдағы образдар жүйесінің сомдалуына, қаламгер стиліне, сюжеттерді байланыстыру шеберлігіне түрлі шығармашылық жаттығулар арқылы қызықтыру пән мұғалімінен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Студенттер әртүрлі жанрдағы шығарма жазуға дағдылануы қажет.
Шығармашылыққа баулудың, өзіндік іс - әрекетін ұйымдастырудың түрлері өте көп. Мысалы: тірек сөздер беру арқылы әңгіме құрастыру, өлең құрастыру, мысалдарды, ертегілерді сахналау, ертегі мазмұны бойынша сурет салу, т. б.
Төменде беріліп отырған әдеби жаттығуда студенттерге Қайрақ, биік ғимарат, сызат, атамекен, адам, топырақ, боран, сағыныш деген тірек сөздер бойынша еркін тақырыпта әңгіме жазу тапсырылған. Бұл тапсырма студенттердің шығармашылық дағдысын қалыптастыруға, өз ойын көркем жеткізуге үйретуге бағытталды. Сонымен бірге сюжет құрастырып, оны белігілі бір проблеманың төңірегінде дамытуға және өзіндік стилін қалыптастыруға жаттығады. Әңгіме тақырыбын да студенттің өзі қояды. Осы тапсырма бойынша жазылған шығармашылық жұмыстардың бір - екеуіне назар аударайық:

Сезімдер шатқалында...
Сұрлануын - ай! Соншама сұрлануын - ай, шіркіннің! Көңілімді баса алмассың, баса алмассың бәрібір. Сағынышымды, жаным - ау, саған деген сап - сары сағынышымды сұрланып сейілдіре алмассың! Іңкәрімді, Құдай - ау, саған деген құштарымды қалай ғана қандырсам екен?! Көңілімнің еркіне салсам бір сені құшағыма қысып, қысып, тіпті қатты қысып аймалар едім, амал нешік. Адамға ақылды аямай берген де, құшақ жағынан тарылтып қойыпты - ау, жарықтық. Атамекенім - ай, сен менің Атамның мекенісің – ау. Иіскейін бе? Мұрнымды төсеп тастап иіскейін бе? Атамның жұпарын қойныңда тығып жатқан болырсың... Сол иісті қуалап, желіңе қарсы жүгіріп, сүрініп, соғылып білмеймін аспанға ұшып, құлдилап жерге түсіп білмеймін, Құдай - ау, білмеймін бір сені қойныма сыйдырып құшақтағым келіп тұрғаны - ай. Қалай ғана дәті барды екен, қалай ғана аузы барды екен, олай айтуға?! Апау, сені Дәнеш пен Қайрат жұтаң деді - ау, сортаң деді - ау, тұзы аспаға ұшқан топырақ, топырақтың кімге керегі бар дейді - ау! Бетіңді оймалап, жүзіңді жұлмалап жаңа ғимарат, биік ғимарат тұрғызу керек деді - ау. Сол кез дымсыз кеп тығырыққа тірелдім де үннен қалдым... Отаным, туған аймағым - ау, мен сені ол жамандыққа қалай ғана қия алармын?! Жаныңа сызат түсіреді - ау!
Олар біле алмас, жүзіңдегі әр бір әжімнің сырын түсіне алмас, ерке желіңнің сен туралы ысқыра салған әндерін сезіне алмас, тіпті де есіте алмас. Кереңдер ғой, артық айтқаным болмас, көкіректері меңіреу, мылқаулар ғой. Құлағыңның түбінен сыбырлап салған, еркелеп, сылдырап салған, жан қылыңды үзіп, маржанды тізіп салған сырларды мақұлық болмаса ұғар еді (адам да жүрген бір мақұлық екенін ұмытып кеткендеймін).
Сен де мені сағынар едің... Ақ бораныңмен орап ап аймалап, қытықтап, шымшылап, итімді шығарып ойнап, сонсоң жөніме қоя берер едің де, томсырап жатып алар едің. Ал, мен сол бір кез аспанға секірер едім, ой, аспанға бір кеп секірер едім. Топырағыңа аунап, асырсап еркелер едім... Бұл да өтті, кетті. Қайта айналып құйрығын да ұстатпас енді. Енді көтермессің менің сол сотқарлығымды. Сен көтерерсің - ау, сен тіпті түйені де ауырсынбай көтергенсің ғой, бірақ...
Сенің жаныңды олар түсінбес, сырыңды сораптап та оқи алмас. Бірақ мен, құлының Жарасбек тырысамын ғой, әр әжіміңді аялай сүйіп, қорған болуға.
Жаңа ғимарат... Биік ғимарат... Бұның бәрі жақсы ғой, тіпті керемет! Бірақ, неге ғана қимайды екем, ой, шіркін - ай, неге сонша жанымды қинайды екем. Қолымды бір - ақ сілтемеймін бе бәріне?! Жо - жоқ, сілтемеймін!!! Сен менің емшімсің ғой, жанымның, сағынышымның дәрігерісің ғой сен менің. Сол үшін де мен сені алып, жанымның қабығына орап, тіпті жүрегімнің түкпіріне салып, сақтап, тығып қояйыншы. Түш... Бірақ, мұны ешкім білмесін..
Тұрапқали Дина

Әрине, шығармашылық тапсырмаларды белгілі бір сөз тізбегі немесе сөз тіркестерінің аясында шектеп қоюға да болмайды. Жоғарыдағы тапсырмалар студенттерді жалпы шығармашылық ойлау, оны көркем жеткізу дағдысын қалыптастырады. Берілген тапсырмаларды дамыта отырып, студенттерге белгілі бір проблеманы (мысалы экологиялық, қоғамдық - әлеуметтік, ұлттық т. б.) ғана тақырып ретінде ұсынуға болады. Төменде ұсынылып отырған студенттердің шағын әңгімелері де осындай қоғамдық мәселелерден сыр шерткен.

Бетперде

Жаһандық мәселелер жайында Үлкен Әлемді толғандырған мәселелер менің кішкентай Әлемімді аса ойландыра қоймапты. Селқостық деп сөксеңіз де мейліңіз. Алайда Үлкен әлемді құраушы Адамдардың пенделіктері хақында пайымым бөлекті. Мен үшін ең алапат апаттар жасандылыққа ұрынған рухани тажалға таянған Адамдықта қазір.
Алаңсыз отырған мен оның жақындағанын сездім. Бұрылып қараймын дегенше қасыма отыра кетті. Саудырлап жатқан сары жапырақты қолына алып ұзақ үнсіз отырды да:
- Сенің сүйікті мезгілің, - деді.
- Иә. Әсте күз көңілсіз емес қой, - дедім оған үңіліп.
- Білмеймін...
- Неге жабырқаусың?
- Сенен шаршадым. Қашанға дейін бұйығы өмір сүрмекпін. Менің бұл дүниеде бар екенімнен тіпті күллі адамзат беймәлім ғой.
- Неге? Сені мен білемін, - дей беріп едім, сөзімді аяқтатпады.
- Иә, сен. Сен бірақ маған өмір сүруге мүмкіндік бермейсің. Білесің бе, өмір сүргім келеді, өмір сүргім келеді! – оның соңғы сөздері тым қатты естілді.
- Сүре бер! Алайда мен сенің сұрықсыз өміріңді сүргім келмейді. Маған өз әлемім қызық, - өз дауысымның тым бәсең шыққанын ұқтым.
- Қашанға дейін жасанды әлеміңде жүрмексің, жалықпадың ба? – оны одан артық тыңдағым келмей орнымнан тұра жүгірдім. Ол қуа жөнелген жоқ, сол жерде отыра берді. Мен әлі жүгіріп келем. Өз - өзімнен, иә, өзімнен қашып келем.

***********

- Бетпердеңізді алуыңызды өтінемін! – Жомарт жақын маңнан шыққан дауысқа елең ете қалды. Оның қасына кіп - кішкене сүйкімді қыз еш ескертусіз, рұқсатсыз келіп отыра кетті.
- Сіз маған айттыңыз ба? – деді Жомарт бар ықыласын қызға аудара.
- Әрине, сізге. Және «сіз» демеңізші маған. Тұрпайы жасандылық, - қыз кескін - кейпін өзгерте тыжырынып алды, - Сіз жаман адамсыз, - деді содан соң.
- Оны қайдан білдің? – деді Жомарт жылы жымиып.
Жаман адамның бетпердесін киген жақсы адам немесе керісінше,- деп қыз жеңіл ғана күрсініп қойды.
- Бала күнімде менің ата - анамнан артық жақсы адамдар жоқ шығар деп ойлайтынмын.
- Сөйтсең олар жаман адамдар болып шықты ма?
- Жоқ, олардан да басқа жақсы адамдар жер бетінде көп екен. Ал менің ата - анам өзге де жұмырбасты пенделер секілді бетперде киген тіршілік иелері. Артықшылықтары – олар менің ата - анам. Сіз де кішкене кезіңізде қағаздан ойыншық ұшақ жасаған боларсыз?
- Иә.
- Өткенде мен бір кісіге ұшақ сыйладым. Кәдімгі қатты қағаздан жасалған ойыншық ұшақ. Ауыр жұмыстан шаршап - шалдыққан оған үйіңізге жетіп алыңыз дедім. Ертеңінде «ұшақпен қалай жеттіңіз» деп сұрағанымда, «Рахмет! Өте жақсы ұшады екен. Бүгін үйімнің қасындағы автотұраққа қойып кеттім» деді. Білесіз бе, сол адамды қатты жақсы көріп кеттім. Кішкентай армандарға үлкен қанат бітіретін сондай жандар өмірде көп болса ғой! Мүмкін сізге, бұл әңгіме бес жасар баланың былдырлағы сынды шығар. Бірақ менің айтпағым тіптен бөлек. Біз өзіміз жамандыққа құштармыз. Ақ парақтан қара нүктені оңай аңғарғанымыздай, дариядай жақсылықтан тамшыдай жамандықты да жылдам таба қоямыз.
- Тоңбадың ба?
- Жоқ, мүлдем. Ал өзіңіз мынадай қақаған аязда жападан - жалғыз не себепті отыр едіңіз?
- Жалғыз емеспін. Қасымда сен барсың.
- Иә, мен. Мен қазір кетемін,- деп қыз көз ілестірмес жылдамдықпен орнынан тұрды.
- Қорықпаңыз, сіз жалғыз қалмайсыз. Мына жеріңізде, - деп оның жүрек тұсын нұсқады, - Жүрегіңізде Жаратқаныңыз бар. Оны жоғалта көрмеңіз. Бетперде киген қоғам мүшелерінен де алыстамай - ақ қойыңыз. Ешкімге сенуге болмайды, алайда Адамға сену керек!

Жазушының шығармашылық лабораториясын даралай түсетін қасиеті оның кейіпкерлер әлемін оқырманына қалай танытуымен де көрініс табады. Көркем шығармаларда образдарды айшықтап, кейіпкерлерді даралап тұратын ерекшеліктердің бірі – олардың бет - бейнесі, сыртқы келбеті, мінез - құлқы. Қаламгердің жазу шеберлігі, тіл байлығы да осы кейіпкерлер арқылы танылады. Төмендегі тапсырмада студенттер кейіпкерлердің портретін шығармашылық жұмыс арқылы дамытқан.
Шығармашылық тапсырма үлгісі: Берілген сөйлемдерге 3 - 4 сөйлем қоса отырып, кейіпкерлердің портретін жасаңыз:
Асығыс келе жатқан Айдардың ендігі бар үміті Жарқынбекте ғана. Тай құлындай тебісіп бірге өспесе де екеуі бір өңірдің тумасы, бір - бірін сырттай жақсы білетін.
Хатшы қыздан рұқсат сұрай кірген Айдарды құшақ жая қарсы алғандай болғанымен, Жарқынбектің сөзінен салқындық сезілді. Дегенмен сыр алдырар емес...

Студенттердің шығармашылық жұмыстары:

****************

Асығыс келе жатқан Айдардың ендігі бар үміті Жарқынбекте ғана. Тай құлындай тебісіп, бірге өспесе де екеуі бір өңірдің тумасы. Бір - бірін жақсы біледі. Бұл күнде Айдардың жанары жас күніндегідей емес, көздері шүңірейе, өткен уақыт жүзіне із қалдырған, қиындықтар жүдеткен. Ақ көңіл жігіттің киген қара жейдесі тіпті арық көрсетіп, келбеті абыржығанынан сыр береді. Он жыл бұрын қайыра қоятын қайратты шаштарына да ақ түсе бастаған. Тағдырдың сан соқпағында адам не көрмейді. Қапелінде қашанда арам ойсыз ер есегінен емес тұлпарынан жығылған соң сенгені бір Жарқынбек болып еді. Екеуі қатар болғанымен жасынан Жарқынбек өзін үлкен кісілерше ұстайтын. Кез келген жағдайда да қалыпты мінезі көңіл күйіндегі ешбір өзгеріс бетінде біліне қоймасты. Көк көзі қадалғанда алдындағы жан өзінен ыңғайсызданып, именердей тік қарасы, әлде бір белгісіз үрей тудыратын. Жүзіндегі болмашы жымиыс анда - санда пайда болса да мейірімді етіп көрсетпес еді. Бойын қашанда тік ұстап, қақпақтай жауырыны қағып кетсе оңдырмастай тұлғалы жігіттің болмысы жұмбақ. Хатшыдан рұқсат сұрай кірген Айдарды құшақ жая қарсы алғандай болғанымен Жарқынбектің сөзінен салқындық сезілді. Дегенмен сыр алдырар емес.

Керімхан Мереке

Шығармашылық жаттығулардың тағы бір түрі диалогтарды мүмкіндігінше баяндау түріндегі әңгімеге айналдыра отырып, кейіпкерлердің портретін беруге арналған. Тапсырма үлгісіне назар аударайық:
- Ассалаумағалейкум, ата!
- Уағалайкумасслам. Амансың ба, балам!
- Ата, мұнда келіп отыра тұрасыз ба... андағы орындықтардың жанын тазалап алсам деп едім.
- А, айтқаның болсын, балам. Жұмысыңа бөгет болмайын... Қарағым, бұрын көрмеген баласың ғой?
- Иә, ата, бұл жұмысқа жаңа тұрдым.
- Ауылдан келдің бе?
- Иә.
- Жұмыстың жаманы жоқ, балам. Еңбек еткен адам ғана өз мақсатына жетеді. Дегенмен де жас екенсің, жоғары оқу орнына түсуге талпынбадың ба?
- Ондай жоспар бар, ата. Арманым орындалып, жоғары оқу орнына түссем деп жүрмін. Ауылда қарт әке - шешем бар. Бұйыртса биыл оқуға құжатымды тапсырып көрем, ата
- А, шырағым, дұрыс екен. Тілегіңе жет.

Студенттер бұл жаттығуды төмендегіше орындап шықты:
Түс ауғаннан бері есік алдында отырған орта бойлы, қалың ақ шашты, қою қара қабақты қарт атаның көгілдір көздері бұрын өзі көрмеген жас балаға түсіп отыр. Өзі бет пішіні ақ сұр, қысыңқылау қой көзді, жазық маңдай, ерінді келген келбетті жігіт екен. Бірақ шөлден бе, еріндері шыт - шыт тілініп кетіпті. Жас адамға қол емес дәл осы бір жұмысты неге таңдаған екен?! Оқыса болмады ма деген ойлар қарияға маза берер емес. Бір мезетте жас жігіт атаның отырған орындығын тазалауға көшті. Қол - аяғы серейген ұзын бала үлкен алақанымен қоқыстарды бір - ақ жинап салды. Жаңадан бері өзіне тесіліп қарап отырған қарияның ойын оқығандай, жас бала:
– Ата, не ойлап отырғаныңызды білемін. Жоғарғы оқу орнына түссем деп жүрмін. Ауылда қарт әке - шешем бар. Бұйыртса, биыл оқуға құжаттарымды тапсырып көремін. Сол бір - екі тиын жинасам деген оймен уақытша осы жұмысты істеп жүрген себебім бар.
– А - а, шырағым, дұрыс қой, тілегіңе жет, - деп мазалаған сұрағына жауап алғанына дән риза болған қария, есікті қиқылдатып үйіне кіріп кетті.

Тәжібек Гүлбану

**********
Қарттар үйінде жетінші көктемін қарсы алып жатқан қарт әкей ауладағы көп орындықтың біріне жайғасып, жастық шағын, мәрт кезін көз алдынан елестетіп отырғалы бірер сағат уақыт болды. Жас күнінде ақкөңіл, қабағына қақ тұрмайтын ойнақы, жомарт мінезді алғыр бала еді. Әкесі мұның он төртінде қайтқан соң, шешесінің қас қабағына қарап өскен жас жігіт ана жүрегін онан әрі езгілеп алмайын деп қос бауырына бас - көз болып, ішінде бір тамыры үзілсе де, сыртқа сыр бермей жадырап жүруші еді...
Бала күнінен бастап күні кешегі аяулы жары қайтқан күннен соң келінінің жанарына сия алмаған әкейдің осы үйді алдағы өмірінің естеліктері қалар мекен еткеніне дейінгі өмірі көз алдынан толассыз сырғып, қозғалыстағы пойыз терезесіне үңілгендегі көріністей өтіп жатты. Қарттың жүзінде өкініш жоқ, бірақ. Өз өміріне разы. Өз өзіне риза. Осы сәтті басынан кешіп, жүрегінің сезінері үшін керегі – осы мекен болғаны да..
Ауылда қалған қарт әке - шешесіне өз қажетін тауып болсын көмек болайын деген ниетпен екі қолға бір күрек іздеп келіп, осы қарттар үйіне тазалық жұмыстарын жүргізуші болып жаңадан орналасқан Мақсат әжім басқан қабағы жапқан көздерінен от шашып, ойға шомып отырған қартқа қарап қалыпты. Қолындағы шелегі мен су шүберегін алып өзіне қарап тұрған сұңғақ бойлы, қыр мұрын, қоңыр көзді қара баланы әкей оң жағына көз тастағанда байқаған еді. Манадан бері қарттың отырысына сүйсінген баланың, мүсіні өз алдына, қартқа жақын келіп амандасқан қоңыр үні көз алдына елес болып келетін жастық шағын қарсы алдына әкелгендей. Бұрын бұл маңнан байқамаған бұл баланы бірден жақын тартып, екеуі біраз әңгіме құрды. Баланың ауылда қарт әке - шешесінің барын, мұнда жұмыс іздей келгенін білген әкей бұл ісіне қарап сүйсінгенімен, алдыменен айтқаны – жас балаға бұл жұмыстың қол емес екені, оқуға барғанын құп көретіні. Маңайдағы орындықтарды тазалап болған бала әкейге сыпайы ғана өтініш білдіреді: орындығын тазалап алмақшы. Шелегіне қол созып жатып, әңгімесін жалғаған жас бала биыл оқуға құжат тапсырарын айтып жымиды. Ойлы жас. Атына заты сай Мақсаттың мақсатына жетеріне сенімі мол қарт әкей оған өз батасын берді. Бұл сәт өз балалығы мен қарттығының кездесу сәті іспетті.

Оспаналы Мәдина

**********
Қорыта айтқанда, әдеби жаттығулардың студентке (оқушыға) шығармаға бір жақты ғана емес, жан - жақты, түрлі бағытта талдау жасауды үйренуіне бағыт беріп, қызығушылығын арттырады деп тұжырым жасауға болады. Әрине, жаттығуларды пән мұғалімі өзінің ой - қиялының ұшқырлығына орай сан түрлі етіп қолдана алады. Жазушының шығармашылық лабораториясы, қаламгердің сөз саптауы мен теориялық мәселелерді түсіндіруде оқушыға әдеби жаттығулар жазғызудың нәтижелі болары сөзсіз.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×