Абайдың он бесінші қара сөзі
ОН БЕСІНШІ СӨЗ
Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім.
Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен.
Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай - ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда - ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен.
Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне - міне, жетер - жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен.
Әрбір мастық бойдан оғатты көп шығарып, ақылдың көзін байлап, төңіректегі қараушылардың көзін ашып, «ананы - мынаны» дегізіп, бойды сынататұғын нәрсе екен. Сол уақытта есті кісілер үлкен есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер - тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының к... н жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім.
Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?
Абайдың басқа да қара сөздері
Қара сөздер. Абайдың он бесінші қара сөзі
- ramuk_b
- 25 қараша 2018
- 1761
- 0
- 0
Ілмек сөздер: Абайдың он бесінші қара сөзі, адамның қасиеті, абай құнанбаев қара сөздері, абайдың қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, Абайдың он бесінші қара сөзі
Ұқсас жаңалықтар:
Қара сөздер. Абайдың жиырма сегізінші қара сөзі
Ей, мұсылмандар! Біреу бай болса, біреу кедей болса, біреу ауру, біреу сау болса, біреу есті, біреу есер болса, біреудің көңілі жақсылыққа мейілді,...Қара сөздер. Абайдың он тоғызыншы қара сөзі
Адам ата - анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп...Қара сөздер. Абайдың бесінші қара сөзі
Көкірек толған қайғы кісінің өзіне де билетпейді, бойды шымырлатып, буынды құртып, я көзден жас болып ағады, я тілден сөз болып ағады....Қара сөздер. Абайдың төртінші қара сөзі
Әрбір байқаған адам білсе керек: күлкі өзі бір мастық екенін, әрбір мас кісіден ғафил көп өтетұғынын да, әрбір мастың сөйлеген кезінде бас...Сабақтың тақырыбы: Ұлы Абай - нар тұлға
Қарағанды облысы Абай ауданы Құрма ЖОББМ БӨКЕН Қазбек Маратұлы...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.