Сайтқа кіру Тіркелу

Жігіт, жолдас, адам, жол туралы мақал-мәтелдер

Жігіт адамға жетпіс өнер де аз.

Бітісі жаман қамысты, су ішінен өрт шалар,
Туысы аман жігітті, түйе үстінен ит қабар.

Ел малсыз болмас,
Жігіт жарсыз болмас.

Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат.

Ер туған жерінде, ит тойған жерінде

Айырдан туған жампоз бар,
Нар емес десең нанғысыз,
Қарадан туған жігіт бар,
Ханға күнін салғысыз.

Қисық ағаш үй болмас,
Қыңыр жігіт би болмас.

Жақсы қыз –
Жағадағы құндыз,
Жақсы жігіт –
Көктегі жұлдыз.

Алтын белдік — бел сәні,
Асы жігіт — ел сәні.

Аға болар жігіттің
Етек - жеңі кең келер.
Арғымақ болар құлынның
Жал, құйрығы дөңгелер.

Жақсы жігіт,
Бір мінез ат дос сақтайды.
Жақсы әйел,
Бір ішер ас сақтайды.

Жігіттің жақсылығын
Жұрты білер.

Жігіт жақсысын —
Сұлтан дейді,
Ит жақсысын —
Сырттан дейді.

Нар мінезді жігітке
Нарға мінсе, жарасар.

Нар маяның жүні — жібек,
Сүті — бал,
Нар жігіттің аймағы ел,
Алды мал.

Азынаған айғырдың үйірін көр,
Менменсінген жігіттің үйін көр.

Жігіттің жігіті —
Түсінде жылқы көреді.

Алысқа шабар жүйрік бол,
Намысқа шабар жігіт бол.

Аталы айғыр үйірін
Жауға алдырмас.
Ата көрген жігіт
Ауылын дауға алдырмас.

Жігіттің іскерлігі ісінен мәлім.
Жылқы жасы тісінен мәлім.

Соры бар жігітке,
Сортаң жер кез болар,
Айналасы ойпаң жер кез болар.

Су жетпейін демейді,
Жар жеткізбейді.
Ер жігіт жетпейін демейді,
Мал жеткізбейді.

Тамыры терең теректер
Тамызда да қуармас.
Тамыры көп жігітті
Ешкім батып қузамас.

Тайпақ сай — тасқалақ,
Сабырсыз жігіт — сасқалақ.

Жақсы жер — жан тынысы.
Жақсы өнер — жігіт ырысы.

Егін жерге бітеді,
Ер жігіт елге бітеді.
Қоға көлге бітеді,
Көк жантақ шөлге бітеді.

Жаңбыр жауса, жерге сый,
Жігіт туса, елге сый.

Жігіттің жұмсаған күшін сұрама,
Бітірген ісін сұра.

Жақсы болар жігіттің
Жұмыссыз жүрген күні жоқ.
Жаман болар жігіттің
Еш жұмысқа қыры жоқ.

Жарлы білегіне сенеді
Жігіт жүрегіне сенеді.

Аттың сүріншегі,
Жігіттің еріншегі жаман.

Балалығыңды сағынсаң,
Нағашыңа бар.
Жігіттігіңді сағынсаң,
Қайныңа бар.

Үш ағайынды жігіттің
Отарда малы бар.
Екі ағайынды жігіттің
Кере қарыс жалы бар.
Жалғыз басты жігіттің
Шығар - шықпас жаны бар.

Қырын алған жігітті
Қыз қасынан ит қабар.

Жігітке жетпіс өнер де аз.

Бөрі соғар жігіттің
Бөрігінен белгілі.
Балта соғар жігіттің
Көрігінен белгілі.

Жаман етікші біз таңдайды,
Жаман жігіт қыз таңдайды.

Жігітке жеті өнер аз,
Жетпіс өнер көп емес.

Жатып сөйлеген
Жігітке жараспайды.

Жігіт жауда өлер,
Шешен дауда өлер.
Жас жігіттің жарасы,
Жол - жөнекей жазылар.

Жалғыз жігіт басына іс түссе,
Ақылынан адасады,
Сасқанынан қырық құмалақ алып,
Бал ашады.

Жалғыз мая қайымас,
Жалғыз жігіт байымас.

Жалғыз батыр, жауға жоқ,
Жалғыз жігіт дауға жоқ.

Ай толғанын білмес,
Жігіт болғанын білмес.

Жігіттің құны — жүз жылқы,
Ары — мың жылқы.

Адаспаймын деген жігіт,
Талтүсте адасады.

Адам болар жігіттің
Жары өзіне ылайық.
Керуен бастар жігіттің
Нары өзіне ылайық.

Жабағы тайды қорлама
Жазға шықса, ат болар,
Жас жігітті қорлама
Жұртына ертең бас болар.

Шалға қарттық,
Жігітке жастық жарасады.

Ақылды жігіт атқа да мінер,
Таққа да мінер.

Өрлеген балық ауға жолығар,
Өркөкірек жігіт, дауға жолығар.

Азынаған айғырды үйірде көр,
Адамсыған жігітті үйінде көр.

Жігіт — арының құлы,
Жаман — малының құлы.

Жоқшылық — жігіттің
Қолын байлар,
Такаппарлық — жігіттің
Жолын байлар.

Тура ағаш үйге тіреу,
Тура жігіт елге тіреу.

Асауды бас білдіретін жігіт бар.
Адамды аздырмайтын үміт бар.

Жолдасыжоқ жігіттің —
Олжасы жоқ.

Жолы болар жігіттің
Желі оңынан тұрады.

Жолы болар жігіттің
Жөнге басар бәр ісі.
Жолы болмас жігіттің
Ілік іздер әр ісі.

Жолы болар жігітке
Жолдан жолдас қосылар.

Жұлдызы жанған жігіттің
Жүрсе, жолы болады.
Жарқырап оты үміттің
Желі оңынан тұрады.

Ар, намысы бар жігіттің
Жолдасы бар жолында.
Ар, намысы жоқ жігіттің
Ұяты бар қолында.

Батыл жігіт жол бастар,
Ақын жігіт той бастар.

Ұл таппас қатын болмас,
Тұрарын айт.
Мал таппас жігіт болмас,
Құрарын айт.

Қатыны би жігіттің
Қайын елі кәдірлі.

Жаман жігіт – үйкүшік.

Шабан ат дегенше,
Жаман ат десеңші.
Шабан жігіт дегенше,
Жаман жігіт десеңші.

Жаман теке сүзіскек,
Жаман жігіт ұрысқақ.

Жаны жайсаң жігіттер
Дария шалқар көлмен тең:
Жан аян кескен жігіттер
Ел қонбаған шөлмен тең.

Жақсы жігіт сапардан:
Елін аңсап қайтады,
Алдына мал сап қайтады.
Жаман жігіт сапардан:
Пістесін шағып қайтады,
Қалтасын қағып қайтады.

Жақсы жігіт
Ағайынның басын қосады.
Жаман жігіт
Жақсы ағаның жолын тосады.

Атың жақсы болса,
Ер жігіттің пырағы.

Жақсы жігіт
Досының қамын ойлайды.
Жаман жігіт
Басының қамын ойлайды.

Болатын жігіт епшіл,
Болмайтын жігіт кекшіл.

Абырой қонар жігітке
Ажалды қоян тап келер.

Жұпары бар жігіттің
Жанында жүр,
Жұтары бар жігіттің
Малында жүр.

Жігітті — сын шыңдайды.

Жас жастың тілегі бір.
Жібектің түйіні бір.

Жүйрік алысқа,
Жігіт намысқа шабады.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×