Тәуелсіз Қазақстан, Елбасы және жастар
«Аңсап жеткен азаттық!»
Мақсаты: Тәуелсіздікке дейінгі еліміз жүріп өткен тарихты, ондағы тұлғаларды шежірелеу арқылы оқушыларды еркіндік, азаттық құнын білуге, бағалауға тәрбиелеу
- Тәуелсіз Қазақстанымыздың азаттығын аялап, алақанда ұстау, ұлан байтақ жерге, ұлан - ғайыр байлыққа ие болу – тамырын тереңнен алатын тарихты ардақтаудан басталмақ!
Тәуелсіздік түскен жоқ қой аспаннан,
Тарихы оның тым әріден басталған.
Тәуелсіздік әперем деп еліме,
Талай боздақ қара жерді жастанған...
1 - оқушы:
Мен, қазақпын,
Еркіндік үшін дүниеге келдім!
Көкбөрінің көкірегін емдім,
Асан қайғымен жаһанды шарладым,
Мұқағалидің мұратына ендім!
2 - оқушы:
Абылайханның ордасын көрдім,
Наурызбайдың соңынан ердім!
Абай болып бір рет туылдым,
Махамбет болып бір рет өлдім!
3 - оқушы:
Қабанбаймын,
Жәнібекпін!
Райымбекпін,
Жауымды жеңдім!
4 - оқушы:
Мен, қазақпын,
Әйтеке, Төле, тілегіндемін,
Қазыбек бидің жүрегіндемін!
Құрманғазының көңіліндемін,
Қажымұқанның білегіндемін!
5 - оқушы:
Ақан серінің Құлагерімін,
Әл - Фарабидің мұрагерімін!
Ойран болған Отырардың,
Өлмейтұғын куәгерімін!
6 - оқушы:
Тұрармен бірге түрмеде жаттым,
Шоқанмен бірге жұлдыз боп ақтым!
Қасым аға шырағым менің,
Қара өлеңнің дарыны едім!
7 - оқушы:
Шәмшінің әнімін,
Үміттің таңымын!
Қожасымын тағдырдың,
Ұрпағымын Жамбылдың!
8 - оқушы:
Мен, қазақпын,
Халқымның қалауымын,
Желтоқсанның мұзға жаққан алауымын!
Пейіліммен кеңмін,
Иесімін киелі Жердің!
9 - оқушы:
Мен, қазақпын,
Жеті қазынам тоналғанда,
Аралдай суалдым.
Тәуелсіздігім оралғанда,
Баладай қуандым!
10 - оқушы:
Табынған ата - бабам көк бөріге,
Алысып ат үстінде өтпеді ме?
Шығарды Нұрсұлтаның тайсалмастан,
Тәкаппар Еуропаның қақ төріне!
11 - оқушы:
Ойшылмын, өнерлімін, дарындымын,
Қабілетті, қайратты, қарымдымын.
Көзге ұрар көк түтін боп бықсымаймын,
Лапылдап жанатұғын жалындымын!
Жеткен арман – жаса Тәуелсіздігім!
Өз қолыма берген ерік – тізгінін.
Ие болған әлем ілтипатына,
Дербес, бейбіт мемлекетпіз біз бүгін!
Қазақстан Республикасының Әнұраны айтылады
ІІ. «Тәуелсіздік қадамдары»
(Мақсаты: еліміздің Тәуелсіздік кезеңіндегі қол жеткен жетістіктерін қысқаша баяндай отырып, патриоттық тәрбиені ұлықтау, саяси - әлеуметтік білім - білік аяларын дамыту)
1 - жүргізуші:
Қазақ халқы қаншама тар жол, тайғақ кешулерден өтсе де, әрқашан қадір - қасиетін жоғалтпай, ар - намыс, абыройын төкпей шығып отырды.
Соның бәрінде оған жігер қосқан, рухын көтеріп, арманын асқақтатқан халықтың еркіндікті, тәуелсіздікті аңсауы, соған деген ұмтылыс, құштарлығы еді. Осы өшпес рухани қасиет әкеден балаға мирас болып, әрдайым алға жетеледі.
2 - жүргізуші:
Сан ғасырлар аңсаған Тәуелсіздік таңы 1991 жылы атты, ақ түйенің қарны жарылды. Сүйінші, халқым, сүйінші!
1 - жүргізуші:
Ендігі жердегі ел мақсаты – ата - бабаларымыздан қалған төрт аманат – Ел, Жер, Тіл, Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтайтын, халқымыздың тағдыр - талайын өз жауапкершілігіне алатын Ел басшысын таңдау еді.
Бүкілхалықтық референдум арқылы Тәуелсіз Қазақстанның Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды!
2 - жүргізуші:
Тәуелсіздік қадамдарын одан әрі сабақтасақ, осы жылы қазақтың бұрын - соңды өңі түгіл, түсіне де енбеген ұлы оқиға болды. Алғаш рет қазақ ғарышкері космосқа жол тартты!
Тәуелсіз Қазақстанды әлемнің бірнеше елдері танып, 1992 жылы халықаралық ең беделді ұйымның бірі – Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болды!
1 - жүргізуші:
Иә, осы жылы еліміздің елдігін бейнелеп, халқымыздың қадірін асқақтататын қасиетті Туымыз желбіреп, Елтаңбамыз еңсеріліп, Әнұранымыз асқақтады!
Ұлтымыздың ұлылығын танытар, еркіндігіміздің басты өлшемі, айбарымыз – Ата Заңымыз 1995 жылы қабылданды. Ата Заңның аясында бірлігіміз бекіп, татулығымыз тұрақтап, бейбіт өмір сүріп келеміз!
2 - жүргізуші:
Бәріне де тәубе, Елбасының көреген саясатының, парасатты пайымының арқасында Қазақ елі тағы бір өте дұрыс шешім қабылдады. Сарыарқаның төсінде сәні мен сымбаты келіскен әсем қала – Астана бой көтерді. Ол бүгін – алты Алаштың айбары, сәулеті мен дәулеті! Астана – бүгін, ертеңнің ғана емес, болашақтың қаласы. Астана қаласы – бейбітшілік пен достықтың, ізгі армандардың, махаббаттары жарасқан жастардың қаласы!
1 - жүргізуші:
Қазір әлем Қазақстанға көз тігіп отыр. Қазақстан жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығының шежірелі тарихын Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төрағалылығы сынды әлемдік аренадағы мәртебелі де маңызды міндетпен бастады. Осы озық орнымызды ұрпақ қана емес, біз де барынша бағаласақ, қандай құрмет!
2 - жүргізуші:
Шаңырағың – шырағым,
Топырағың – тұмарым!
Ғаламда жоқ сыңарың,
Ғажайыбым, жұмағым!
Басы таза бұлағым,
Басылмайтын құмарым,
Қазақстан - қыраным!
Ел болдың, ерік алдың астаналы,
Енді кімнен қазағым жасқанады?
Тәуелсіз мемлекеттің шежіресі,
Нұрсұлтанның атымен басталады!
ІІІ. «Өмірін еттім өнеге...»
(Мақсаты: Елбасы өмірін, оның кезеңдерін оқушылардың өз саналарынан өткізулеріне, ұлағатты өмірін өздеріне үлгі етуге тәрбиелеу)
1 - оқушы:
Елбасының нұрлы да сырлы ғұмыры желі майса, шөбі шүйгін Алматы облысына қарасты Қаскелең ауданының Шамалған ауылынан 1940 жылы 6 шілдеде бастау алған. Көктемгі көк майса табиғаты, аспанмен таласқан заңғар биігі, беймәлім тылсымға толы жартастар, қар суынан қомақты көлге айналған айдындар Үшқоңырдың мәртебесіне мерей қосып тұрғандай. Осыдан - ақ Елбасының биігі тектен тек еместігін түсіндік. Өйткені «Тау баласы тауға қарап өседі» деген өсиет өздігінен айқындала түсті. Бала Нұрсұлтан ананың әлдиін, әжелердің алақаны мен ертегілерін, ауылдағы игі жақсылардың көрегендігі мен көсемдігін көңіліне құйып, жүрегіне түйіп өскен екен.
2 - оқушы:
Бұл жерде Қарасайдай батыр шыққан,
Талқандап жоңғарлардың туын жыққан.
Елбасы да туылған осы жерде,
Өсер елдің мұң - мұқтаж, жанын ұққан!
3 - оқушы:
Өткенін өрнектеп, болашағын дұрыс бағамдауды мақсат тұтқан болашақ Елбасы 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бітірді, экономика ғылымдарының докторы атанды.
4 - оқушы:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл - Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
5 - оқушы:
1960 - 1969 жылдары еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында қарапайым жұмысшылықтан бастаған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1989 жылға дейін жауапты партиялық қызметтерде жүріп, 1990 жылғы ақпан - сәуір аралығында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің төрағасы болды.
6 - оқушы:
Ол - 1990 жылдың сәуір айынан бастап Қазақстан Республикасының Президенті. 1991 жылдың 1 - желтоқсанында тұңғыш рет Қазақстан Президентінің жалпыхалықтық сайлауы өтті. Сайлау нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев басым дауыспен жеңіске жетті!
7 - оқушы:
1995 жылдың 29 сәуіріндегі жалпыхалықтық референдум нәтижесінде Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды. Ал, 1999 жылдың 10 қаңтарында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесінде Нұрсұлтан Әбішұлы басым дауыспен тағы да Қазақстан Республикасының Президенті болды!
8 - оқушы:
2005 жылдың 4 желтоқсанында сайлаушылардың 91, 5 пайыз дауысын алып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды. Сонымен қатар Елбасымыз – Қазақстан халықтары ассамблеясының төрағасы. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы. Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының, «Нұр Отан» халықтық демократиялық париясының төрағасы!
9 - оқушы:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тек Президент, қоғамдық қайраткер ғана емес, Қазақстандағы үлгілі бір отбасының отағасы. Жұбайы Сара Алпысқызы – Халықаралық «Бөбек» балалар қайырымдылық қорын басқарады.
Елбасының да үкілеп, мәпелеген үш қызы бар. Тұңғышы Дариға – саясат ғылымдарының докторы, Динара – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы білімді қолдау қорын басқарады, ал, кенжесі Әлия – бизнеспен айналысады.
10 - оқушы:
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – еліміздің 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясының, Қазақстан Республикасы Әнұранының жаңа мәтінінің, «Ғасырлар тоғысында», «Жер кіндігі», «Нарық және әлеуметтік – экономикалық даму» тәрізді бірнеше кітаптардың, ғылыми еңбектердің авторы. Бос уақытында үлкен тенниспен айналысады, өлең шығарады, сүйікті әндерін тыңдайды.
1 - жүргізуші:
Мемлекеттік тәуелсіздігімізді жария еткен алғашқы сәттен бастап – ақ бүгінгі күнге дейінгі жеткен жетістіктеріміз, пайымдап отырсақ елімен етене Елбасының еңбегімен байланысты екен.
2 - жүргізуші:
Иә, оның себебі – Нұрсұлтан Әбішұлының жаһанның жаңа кезеңінде қазақ елінің жаңа дәуірін, ұлт рухының шарықтап, қайта өркендеп өркениетке ұмтылуын кемеңгерлікпен ұйымдастыра білуінде.
1 - жүргізуші:
Елбасы қазақ елінің әлемдік бәсеке дәрежесіндегі даму жарысына батыл араласып, ғасырлар тоғысында мың құбылған толқындардың дүрмегіне ілеспей, ерекше дараланып, әлемдік аренада өз орнын, өз жолын таба білуі жолында еңбек сіңірді. Осы ойларымызды қазақ және шетел зиялылырының зайырлы сөздерімін өрнектесек.
Даласында достық іздеп жүр екен,
Дуалы ауыз, басқан ізі гүл екен.
Өз халқының кең пейілі сияқты,
Күллі әлемді құшаққа алған – Нұрекең!
1 - жүргізуші:
Әр сөздің астарына осы арада,
Жастарым, ой жіберіп жете қара!
Тәуелсіз Қазақстан тарихында,
Тұлғасы Елбасының жеке дара!
2 - жүргізуші:
Біз – бейбіт елміз, бай елміз, бақытты елміз! Осы қасиетті рухымыз әрбірімізге Отанды сүюге, елді қорғауға, білімді болуға жол бастап, Тәуелсіз Қазақстан алдында азаматтық үлесімізді өрістетуге тұмар болсын, шыңға шығар шынар болсын! Ел көркейіп, Елбасымыз бізді бұдан да жарқын өмірге бастай берсін! Көріскенше күн жақсы!
Тәуелсіз Қазақстан, Елбасы және жастар
- Гү
- 16 мам 2013
- 9995
- 0
- 0
Ілмек сөздер: тәрбие сағаты, Тәуелсіз Қазақстан, елбасы, жастар
Ұқсас жаңалықтар:
Елім менің – еңселі!
Еліміздің тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі жеткен жетістіктерімен таныстыру. Тәрбиеленушілерді отаның сүюге, байлығын қорғауға, әдет - ғұрпын...Елімен бірге Елбасы
Мақсаты: Қазақтың Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы, туып - өскен, оқып білім алған, қызмет еткен жерлері туралы мағлұмат...Елбасы
Мақсаты: бүгінгі жас ұрпаққа Елбасының ерекше қадір - қасиетін, тұлғалық тұғырын түсіндіру, Елбасымыздың ерен еңбегін мақтаныш сезіммен оқушылар...1 желтоқсан - Тұңғыш Президенттің күні
Мақсаты: оқушыларға тұңғыш президент туралы мәлімет беру; Н. Ә. Назарбаевқа арналған мұражайға сырттай саяхат жасау; президентті құрметтеуге, оны...Ел ертеңін ойлаған Елбасы
1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күні мерекесінің мәнін ашу; Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмір жолы, туып - өскен, оқып білім алған, қызмет еткен...Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.