Жүсіпбек Аймауытов (1889-1931жж.)
Сегіз қырлы бір сырлы дарын.
Жан-жақты өнер иесі, сегіз қырлы бір сырлы дарын, романшы, драматург, ақын, аудармашы, зерттеуші Жүсіпбек Аймауытов 1889 жылы (кей деректерде 1890 жылы) қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Қызылтау атырабында туған. Әкесі Аймауыт кедей болғанымен, арғы аталары Дәндебай мен Қуан текті, дәулетті, атақ-абырой біткен, ел арасындағы білікті кісілер.
Жас күнінен Жүсіпбек бірге туған бауырлары Ахмет, Жақыпбек секілді арабша хат тану, оқу үстіне, ағаш шеберлігі, темір ұсталығы өнерін қатар үйренеді. Он бес-он алты жасында өзі ұмтылып, үй ішінің рұқсатынсыз Павлодарға қашып барып, орысша-қазақша екі сыныпты мектепке түседі, бір жағынан бала оқытып, қаражат таба жүріп, оқуын 1914 жылы бітіреді де, Семейдегі оқытушылар семинариясына түседі, оны 1918 жылы аяқтайды. Қазақстан Кеңестерінің құрылтайына делегат, Оқу коммисариатының коллегия мүшесі болу, «Қазақ тілі» газетін өңдеу, «Ақ жол» газетінде істеу, Шымкенттегі педагогикалық техникумының директорлығы – міне мұның бәрі Жүсіпбек Аймауытовтың жаңа өмірді орнықтыру жолындағы күрес жолын, өмір белестерін көрсетеді. 1929 жылы басталған зобалаң кезінде қармаққа ілінген Жүсіпбек Аймауытов 1931 жылы атылған.
Астан-кестең ауыр, бірақ ерекше қуатты да қызық, әлеуметтік төңкерістер, ұлы өзгерістер заманында өмір сүрген Жүсіпбек Аймауытов өзінің осы қысқа ғұмырында артына аса бай, бағалы әдеби, ғылыми мұра қалдырып үлгірді.
Ол, В. Шекспир, В. Гюго, Г. Мопассан , А.С.Пушкин, Н.В. Гоголь, Л.Н.Толстой шығармаларын, бірқатар ғылыми еңбектерді аударды, педагогика, психология, методика, тәрбие туралы зерттеулер тудырды; әдеби, эстетика, сын саласына араласты: сан қилы проблемалық мақалалар жазды. Сол сияқты «Күнікейдің жазығы», «Ақбілек» романдары, сан алуан пьесалары – күрделі таланттың қазақ әдебиеті тарихындағы өлмейтін орны бар шығармалар.
Көркем проза.
Қазақ әдебиетіндегі ең алғашқы реалистік проза талаптарына, жанрдың еуропалық шарттарына жауап беретін толыққанды, көркем, күрделі шығармалардың бірі – автор ұзақ әңгіме, орысша аннотациясында роман деп көрсеткен «Қартқожа» 1926 жылы Қызылорда да басылып шықты. Бұл – қазіргі өлшеммен алғанда, аса ұзақ шығарма емес, 7-8 баспа табақ көлеміндегі шымыр, ықшам жазылған дүние. «Бақытсыз Жамал», «Қамар сұлу», «Қалың мал», «Қыз көрелік» қатарлас туындылардағыдай бірде өлең сөз аралас жүретін қойыртпақ стильмен емес, бастан-аяқ салиқалы, сабырлы, ұстамды проза үлгісінде жазылған.
Оқып көрейік: «Сол кезде қожадан талай бала оқиды. Сол балалардың ішінде босаға жақта, астында бір жапырақ тай тері, мұрнын қос-қос тартып, қожасының ақсабауына қарай түсіп, шиеге шанышқан бір жапырақ қағазына үңіліп, құнысып бір бала отыратын еді. Жасы 10-11 шамасы болар ма екен, қалай, екі жеңі де сауыс, бетінің бір жағы да сатпақ, көзінің былшығы да жөнді тазармайды. Сол баланың қақ-соқпен ісі жоқ, момақан, аңқау, көзі бақырайып, аузын ашып, мұрны қоңқиып отырғаны. Жасында болпиған, сүйкімді бір бала болады ғой, тап сол бала осы еді. Құдай оңдап аты да түріне сай бола кетер ме? Қартқожа».
Автор қоршаған ортаны, тіршілік тынысын, барлық іс-әрекетті осы басты кейіпкердің ой-түйсігі, сана-саңлауы, талғаубайламы арқылы бейнелейді.кедй-кепшік, жалқы-жарым ортадан шыққан бала ес білгеннен мазақ, қорлық, тепкі көріп өседі. Табиғатынан жуас, момын Қартқожаны жоқшылық тауқыметі шыр жұқтырмай, инеліктей қатырып тастағанмен, ол жарыққа тырбанады, хат танысам, оқысам, білсем деп ұмтылады. Қайта-қайта талабы кесіліп, қанаты қырқылады. Әсіресе, малдан шұрайы кетіп, мәйек алмай, түйеге қом, атқа үйек, қойға шайыр, сиырға әуке бітпей жұт қаптаған кезде, ең алдымен сорлайтын кедей байғұс қой, сол шоқпар Қартқожа шаңырағына тиеді. Шырылдаған аш балапандай ауыз ашқан бала-шаға үшін уыс дән табу қамымен азапқа түсіп жүріп, қалың қар, сақылдаған аязда малтығып жүргенде әкесі Жұманға суық тиіп, ақыры қайтыс болады.
Өңкей өз қолы өз аузына жетпеген сарыүрпек «балапандар» зарлап қалады. Жазушы аштық суретін психологиялық тұрғыдан дәл бейнелейді, бір ретте Кнут Гамсуннің әйгілі «Аштық» романы ойға оралады. Ел басына келген нәубет, зобалаң, селебе тұсында да жуан жіңішкені, бай кедейді, қожа, молда момынды қарға аунатып, домалатып жем қылып жатыр.
Бір ескеретін нәрсе, бұл романда жазушының әлеуметтік көзқарасы айқын, қазақ ауылындағы тап күресі дәл ажыратылып, айқын дараланып, нақты адам тағдырлары жанды тірі тұлғалар арқылы бейнеленеді.
Болыс, билер, молдалар портретін, мінезін, сөйлеу ерекшеліктерін жазушы реалистік дәлдікпен, сенімді бояулармен түсіреді. Көбінесе басқа персонаждар Қартқожа сезімі, ойы, талғамы арқылы сүзгіден өтіп отырады. әкеден айырылып жетім қалған, үй-ішінің ауыртпалығын ағасы Тұңғышбай екеуі көтере бастаған тұста Қартқожа қазақ даласына келген зор кесапат – он алтыншы жыл зобалаңына ұшырайды.
Ру арасында ит жығыс күресі болмаса, кейінгі алпыс-жетпіс жылда аса үлкен қырғынға ұшырап, соғыс-сүргін көрмеген, мал бағып, жай жатып, кеш тұрып, кең сахарада толықсып көшіп жүрген жалпақ жұрт үшін он тоғыз бен отыз бір арасындағы ер азаматтарын солдатқа беру қол-аяқты байлап, зынданға тастағандай, айтып келген ажал, ақырзаман көргені рас. Осы тұстағы әділетсіздік, опасыздық, мал, дүние, пара беріп, кісі салып жіберу, тізім төңірегіндегі таластар, болыс кітапшасын өртеумен бәрін тындырдым санаған көрбалалық, халық наразылығы ушығып келіп, асқынып барып, байларға, отаршылдыққа қарсы көтеріліске ұласу, жасақ құру, содан кейін еріксіз тұсалып, көгенге тізілгендей күйге түсіп, майданға жөнелтілу – осылардың барлығын жазушы үйірім-үйірім оқиғалар, бір-бірімен сабақтас әрекеттер арқылы көрсетеді. Көпшілік көріністерінде диалог, монолог, полилог үлгілерімен қоса, тұрмыс-салт суреттері, күрес, ән салу көріністері шебер бейнеленеді. Әсіресе батыр, әрі әнші Дәрмен тағдыры, Дәрмен – Бәтіш махаббат хикаясы үлкен жазушылық шабытпен жазылған. Дәрмен тағдырынан атақты Мәди өмірінің кейбір сарындарын аңғаруға болады.
Аласапыран, ақ қар, көк мұзда Қартқожа үлкен әрекет, зор қимылмен көріне алмайды, ол қосақ арасында жүрсе де, оң мен солын танып, көзі ашылып, марқая бастайды. Бұл эволюция, әсіресе, солдатқа алынып, Рига түбінде тыл жұмыстарына жегілген кезде өрістей түседі. Андрей атты орыс дос табады. Әділін айтқанда, соғыс көріністері келте, шолақ қайырылған, майдан өмірін көрсететін бір-ақ елес бар. Ақпан революциясы, жігіттерді Мәскеу, Омбы арқылы елге қайту тарихи шолу түрінде, атүстілеу бейнеленеді. Романның бірінші, екінші бөлімдерінде тиянақтылық, тәптіштей суреттеу, әлдік, оқиғалардың дөңгеленіп аяқталып отыруы разы етсе, үшінші бөлімде әліптеме (очерк) сарындары әр нәрсенің басын шалу, асығыстық қылаң беріп қалады. Қартқожа басынан көп оқиғалар өтеді. Зорлап жеңгесіне үйлендіру бір қайғы болса, Баянауыл, Семей, Омбы барып, оқуға түсу әрекеттерін көп қиындық, азап шектіреді. Алаш қозғалысы тұсындағы сан алуан оқиғалардың ішінде де Қартқожа бел шешіп, білек сыбанып кірісіп кете алмайды. Қазан төңкерісінен кейінгі дәуірдегі Қартқожа әрекеттерінде лоқ етіп түсіп кету, көз жұмбай, нар тәуекел мінездері жоқ. Жазушының табиғатынан бұйығы, ұстамды, сабырлы, жоқ-жітік, кедей-кепшіктен шыққан адамның бірте-бірте оянып, жарыққа ұмтылып, зор қиындықпен білім алып, әлеумет күресіне тартылып, ақырын-ақырын өзгере жүріп жаңа заман күрескерінің қатарына қосылуын психологиялық тұрғыда сенімді бейнелеуін «Қартқожа» романының ең басты, кемелді олжасы деп білеміз. Мұның үстіне суреткерлік тұрғыда кейіпкерлерді мінездеу, даралау, айқындау үстінде сан алуан көркемдік тәсілдер сәтімен қамтылған.
Таза көркем проза тәсілдерінің үстіне кейде жазушы оқырманға тікелей тіл қатады, сырласады, кейде көсемсөз құралдарын да пайдаланады. Шығармада тарихи белгілі адамдардың, оның ішінде Сұлтанмахмұт Торайғыровтың да көрінетін тұстары бар. Романның өмірлік материалы нақты, дәлді ортаны қамтиды; негізгі әрекеттер Баянауыл төңірегінде, Семей, Омбы қалаларында өтеді.
Бас кейіпкер – Қартқожа өмірде болған адам, мұғалім болып, ұстаздық еткен екен. 1937 жылы қан қырғында мерт болған Қартқожадан қалған ұрпақ – Төлеш Қартқожаұлы Тоғанбаев техника ғылымының кандидаты, Қазақ ауыл шаруашылық институтында доцент
Қазақ әдебиетінде реалистік роман принциптерін алғаш меңгерген қаламгердің бірі – Жүсіпбек. Ол стиль, композиция тәрізді көркемдік құралдарға ерекше көңіл бөлді, әсіресе, халық тілінің сан алуан байлығын еркін қолдана отырып, Еуропа, орыс толғауларды көрсету дәстүрлерін еркін пайдаланды. Жазушының талант мүмкіндіктері, қабілет ерекшеліктері әсіресе оның «Ақбілек» романында айқын көрінеді.