Сайтқа кіру Тіркелу

Ораза айы 2017

Ораза 2017
Биыл Рамазан айы мамырдың 27 - сі күні басталады.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, мұсылмандар маусым айының 21 - інен 22 - сіне қараған түні Қасиетті Қадір түнін қарсы алады.
25, 26, 27 маусым – Ораза айт күндері.
Хижра күнтізбесі бойынша 1438 жылдың Зульхижжа айының 9 - ы – 31 тамыз Арафа күні.
Құрбан айт мерекесінің алғашқы күні 1 қыркүйекке түсіп тұр.

Ораза ғибадаты
Оразаның сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Шариғат терминінде ораза – ұстауға күші жеткен адамның ниет етіп, екінші шапақтан бастап, күн батқанға дейін оразаны бұзатын нәрселерден сақтануы. Ораза белгілі бір уақыт ішіп - жеуден, нәпсі қалауларынан тыйылу. Мұның парызы – ішіп - жеу мен құмарлық сезімдерден сақтану.
Оразаның уақыты: Таңның атуынан күннің батуына дейінгі уақыт. Күн мен түн болмаған жерлерде сол аймаққа ең жақын жердегі күн мен түні бар аймақты негізге ала отырып ораза ұстайды. Аллаһ Құранда былай дейді: «Таңнан, қара жіптен ақ жіп (қараңғылықтан сәуле) ажыратылғанға дейін ішіңдер, жеңдер, сосын оразаны кешке дейін ұстаңдар» (Бақара, 2/187). Мұнымен күн мен түннің арасындағы шекараны айтқан. Пайғамбарымыз (с. а. у.): «Біләл түн уақытында азан оқиды, ибн Умми Мәктумның азанына дейін ішіп - жеңдер» (Бухари, Азан, 11). Яғни, Біләл сәресі үшін ибн Мәктум болса таң намазы үшін азан оқитын.
Оразаның парыз болуы
Рамазан оразасы – Исламдағы бес парыздың біреуі. Оған Құран мен сүннет дәлел. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Аллаһтан басқа құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Аллаһтың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылыққа бару (Бухари, Иман, 34).
Оразаның пайдалары
1. Рамазан мен айт мейрамы «Рамазан келерде сансыз сезімдер мен толып тасыған ойлар салтанат құрады. Күн мен түн де тұтастай илаһи (құдайлық) рақымдылық пен кешірімділікке толып тасады. Мезгілі біткен сәтте жүректерге өзіне деген қимас сезім мен сағыныш - сазы тұнады. Бірақ сол бір жүректері рамазанға айналған жандарды жасытпай, оларды іші құт - береке мен қуаныш - шаттық толған айт күніне аманаттайды. Рамазаннан кейін айттың келуі біз үшін тосын оқиға болмаса да, бейне бір жаңа атқан таңдай жан - сарайымызды нұрға бөлеп, санамызды сәулесімен қытықтап, көкжиектен көрінеді. Кейде ол бейнебір толған айдай көгімізге көтеріліп жанарымыз бен көңіл - көлімізге сәулесін түсіріп адам жанын тәтті армандарға жетелеп, бойдағы асқақ сезімдерді оятады. Рамазанмен ыстық ықылас құрған адам баласы айтты илаһи шарапаттан төгілген сиқырлы уақыт сезініп, оның терең тылсым - сырын аңғарады. Оның илаһи тартымдылығы мен сиқырына малтып, уақытша болса да, рамазаннан айрылысқан қасірет сезімінен жеңілдегенін сезініп, алып рақым айының қоштасуы мен терең шарапат күнінің мейрамын бірге тартады.
Біз айтты әрқашан тез туып, бір сәтте төбемізге көтеріліп, бейне бір көзді ашып - жұмған жылдамдықпен өмірін аяқтап батуға таянған толған айдай сезінеміз. Әп - сәтте келіп, әп - сәтте кетіп, сағынышымызды ой - санамызда қалған суреттермен оңаша қалдырады. Қысқа уақыт аясына сыйып кеткен айттың аса бай әрі астам жомарттығы сонша – онда апта мен айлардың жасырын екендігін айту әсіре айтқандық емес. Ол қашан да көктен ой - санамызға бейне бір шырақтай жағылып, көңіл - көгімізге шаттық - өзені болып құйылады. Көкірек - көзі ашық жандардың да жанарының рухани жарығы жарқ етіп, өзіне тартып, рамазанмен қимай қоштасқандарға көктердің бейбіт - нұрын ұсынады. Осылайша жалпы бәріне жүрегінің тереңдігіне қарай, рухани әлемнің әсемдіктерін жеткізеді.
Айт – дүние мен ақыретке тән әсемдіктердің бір - бірімен етене араласып, адамдардың рамазан бойы әртүрлі ғибадаттар арқылы бейне бір періштеге айналып, періштелер де осы ұқсастыққа бет бұрып, сол бір рухы саф жандар арасында сайрандап, айнала илаһи әсемдік пен сұлулыққа оранып, осынау ғажайып тылсым дүниені көргендер, өздерін оянғысы келмейтін түс әлемінде деп ойлайтынын айтуға тіл жетпес күн.
Осы мүбәрак күнде рамазан жеткен барлық жер - жүзі періштелер мен рухани жандардың көктегі тылсым әлеміндей көрініп, шаттыққа бөленген рухани ғаламатқа тең бір сиқырлылыққа оранады. Сол сәттен қасиетті айт мұсылмандарды өзіне баурап алып, оларды жүрек пен рухани өмірінің тұңғиығына қарай тартады. Оларға ай мен күн тіпті құс жолын қамти алатын кеңістік дайындап, «құпия қазынаға» жап - жарық айна болу жолдарын көрсетеді... Көңілдері алабұртып, алып ұшқан әркім өз дәрежесіне қарай айттың көрсеткен жолдарымен ұшуға даяр құстай бола қалады. Тылсым сырдың есігі ашыла кеткендей қанаттарын тағатсыз қағады. Ақырында ұша жөнеліп, жеткен яки жететін шыңдардың асқақтығын көріп, тамашалап, тұла бойы нұрға малынады да, осы дүние күнін бейне бір жәннат заманына айналдырады. Иә, олар ғажайып күйге еніп, әрбір заттан Хаққа тиіс әсемдік пен сұлулықты көріп, тамашалап, ақпай тоқтап қалған заманның тілімен ең әдеби хұтпа - жырлар оқиды. Оған барлық мекендерден, айттың нұрымен боялған саф, ғажайып сиқырлы әуен қосылады. Егер айттың жазған осы бір әуені мен айт әлеміндегі адамдардың жүрек сарайынан төгілген жырларын қағазға төгу мүмкін болса, ең ғажап әуен мен аса мағыналы өлең де мұның жанында күзде төгілген сап - сары жапырақтай болып қалар еді деп ойлаймын.
Кейде айттың келуімен, көкірек көзі ояу жандарды Ұлы Жаратушы жақтан ескен «илаһи самал» баурап алады. Сол сәтте олар жай адамдардың тамаша еткен әлемінің арғы жағын көргендей ғажайып күйге еніп, бейне бір екі әлемнің ортасында тұрғандай сезінеді. Тақуалықтан жүректері діріл қағып, өздерін «үміт пен үрей» аясынан табады. Кейде адам айтта барлық нәрсені болмысынан басқаша сезініп, өзгеше бағалайды. Тіпті ол өзін баураған кейбір сезім иірімдері арқылы көктер мен жерді бір - бірімен бірігіп кеткендей көріп, жерден ұзап, көкке ұшып, періштелердің арасына кіріп, олардың әлемінде жүргендей сезініп, ашылып, кеңейіп «мекенсіз» күй кешеді. Сонда ол өзін бейне бір түпсіз тереңдікке бойлап, шексіздікке жеткендей сезінеді.
Айтта сезімдер өте жұмсап, адам жаны қатты жеңілдейді де, ақыл мен жүрек бір - бірімен қосылып кетеді. Адам кейде осы бір деңгейдегі өзгерістерге қарап, қатты таңданады. Бәлкім, сол сәтте ол адамдық құндылықтарды еске түсіргені үшін айттың қайта - қайта келуін қалайтын да шығар...
Иә, айтты барлық иманды жандар іштей сезінеді. Біздің өлкемізге аса нәзік, аса сүйкімді, аса тәтті болып келеді. Мыңдаған жылдан бері қадірлі қонақтай келіп, құт - берекесін шашып, мейірім - шапағатымен құшақтаған айтты қашан да үйімізде, мешіт, мінәжатхана мен көшелерде көріп келген сәтте - ақ құшағымызды ашып тұра жүгіреміз. Иә, айт әр келгенінде сана - сезімімізге қатты әсер етіп, өзімізді құшағында тұрғандай сезінеміз. Сонда біз оны бейне бір аңқыған жұпар иіс, тіл мен тамағымыздағы ләззат, жүректе сезілген тәттілік, ой - өрісімізге жаңа атқан таңдай сезіне кетеміз. Ол да күннің әр сағатында бізге тілмен жеткізе алмайтын ғажайып әуенін шарықтатып ала жөнеліп, айналасын баурап алып, бәрімізді өзінің ақыреттік бағына қарай тартады. Ой - сана мен қиял - әлемімізді ғаламат суреттермен безендіреді. Бір күні алыстап кетсе де, ой - санамызда әсем түстердей сол бір суреттер сақталып қала береді...».
2. Ораза жамандықтан сақтайды
Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Аллаһ Тағала былай дейді. «Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерің үшін сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185).
Бұл аятта айтылғандай оразаның мақсаты – мұсылманды тазартып, тақуалық дәрежеге жеткізу. Бірақ тақуалық деген не өзі? Осыны әуелі ұғынып, тұшынып алайық. Тақуа дегеніміз – сақтану, қорқу, сыйыну, Ұлы Жаратушының қорғанына кіру. Тақуалықтың үш дәрежесі бар:
Мәңгілік өлімнен сақтану. Яғни, өзін жаратқан Аллаһ Тағалаға сену, иман ету. Ұлы Жаратушыға иман етпеген адамның басына бақ, қолына құс қонғанмен қашан да жан - сарайы қараңғы болмақ. Өйткені, ертеңгі күн өлімге басы тігілгелі тұрған жанның бүгінгі татқан балы да у болып келеді. Ендеше, бүгіні жоқтың ертеңі де жоқ. Алайда, тілін кәлимаға келтіріп, Аллаһ Тағалаға иман етіп, мойынсұнған жан мәңгілік жаһаннам отынан құтылып, мәңгілік бақыттылық сарайы жәннатқа қарай қадам басады. Яғни, иман еткен өзін мәңгілік өлімге деген соқыр - сенім мен күпірліктен сақтайды.
Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Аллаһ Тағаланың көптеген бұйрықтары бар. Осы әмірлерді орындау – парыз. Және Оның көптеген тыйымдары да бар. Олардан алыс тұру – парыз. Оның тыйым салғандарына қол жүгірту – Оған қарсы келу деген сөз.
Тікелей Аллаһ Тағаланың қорғанына кіріп, Одан өзгені жүрекке алмау.
Ендеше, тақуалық – иманды, көркем мінезді, парасатты жан болып, Аллаһ Тағалаға мойынсұнып, «толық адам» шыңына қарай «нұрлы ақылды» шырақ, «жылы жүректі» пырақ етіп, ыждаһаттылықпен қадам басып қайраттану. Демек, оразаның мақсаты – жанды рухани кірден тазартып, көркем мінезге тәрбиелеу, нәпсіге ауыздық салып, тізгінді қолға алу. Аса ойшыл Ибн Рушд былай дейді: «Егер кімде - кім еркі мен нәпсісіне ие болса, онда ол өзін әлемнің ең бақытты адамымын деп санасын».
Бірақ ораза, аузы берік жанды тақуалық - тауына қалай жеткізеді? Жалпы адам баласының толық адам шыңына жетуі мен көркем мінезді болуының негізі – нәпсіге ие болуында жатыр. Нәпсі – бойдағы құмарлық сезім. Ол өзіне ұнамды келетін барлық нәрсеге қол сұққысы, татқысы келеді. Оның өлшемінде шек жоқ. Бүгінін, тіпті бір сәттік ләззатын ертеңі мен мәңгілік бақытына айырбастап яки сатып жіберуге қашан да құмбыл тұрады. Асылында, ол үшін ертең жоқ. Міне, осы кезде ақыл рөл ойнай бастайды. Ақыл – жақсы мен жамандықты айыра білетін адамның негізгі құралы. Бірақ сол ақылдың да өлшемі шектеулі. Оның бүгінгі жақсы дегені ертең жаман, жаман дегені жақсы болуы әбден ықтимал. Міне, осы кезде ақылға бүгіні мен ертеңінде жаңылыспайтын өлшем қажет. Бұл – илаһи өлшем. Егер адам баласы нәпсісіне ие бола алмаса, нәпсі адамның еркін қалаған жағына бағыттай алады. Кей кезде илаһи өлшемді білген ақылды тұтқындап тастап, еріксіз өзіне мойынсұндырып, тыйым салған нәрсеге қол сұқтырады.
Сондықтан ақыл жүрекпен бірігіп, Аллаһ Тағаланың бұйрығын орындап ауыз бекітеді. Нәпсінің барлық күш - қуаты осы ауыз арқылы өтеді. Нәпсі қаншама ақыл мен ерікті ауыз ашуға қинаса да, ол екеуі Ұлы Жаратушының бұйрығынан аса алмайды. Ашыққан нәпсінің құмарлық сезімі әлсіреп, деңгейі төмендеп кетеді. Осы сәтте адам бойына рухани қарқын жүре бастайды да, жүректің түпкірінде, нәпсінің қалтарысында қалған ар - ождан күллі адамгершілік сезімдерді оятып, туралыққа бастайды. Яғни, негізгі рөл мен тізгінді ар - ождан қолға алып, адам жаны рухани ләззатқа шомыла бастайды. Бәлкім, ол сонда ғана құмарлық сезімдердің татқан ләззатынан, рухани сезімдердің алған ләззаттары әлдеқайда басым екенін аңғарып, оның бұдан кейінгі бар арман - тілегі – толық адам шыңы бола бастайды. Толық адам шыңы – адамның Ұлы Жаратушы мінезіне ұқсауы. Яғни, рақымды, мейірімді, кешірімді болу секілді. Міне, оразаның осындай хикметтері бар.
Нәпсіні тәрбиелеп, жолға салуда аштық пен шөл өте үлкен рөл ойнайды. Бірақ бұл Аллаһ Тағала үшін болуы керек. Кісі өздігінен аш қалып, діттеген мақсатына жете алмайды. Өйткені, ораза – Аллаһ Тағалаға жасалатын ғибадат. Толық адам болу жолындағы барлық қадам Ұлы Жаратушы үшін арналуы керек. Қасиетті (қудси) хадисте Аллаһ Тағала: «Аузы берік адам ішіп - жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремін. Аузы берік құлымның аштық пен сусағандықтан шыққан ауыз исі мен үшін миск әтірінен де тамаша», – дейді.
3. Қоғамдық пайдасы
Оразаның аузы берік адамға ғана емес, сонымен қатар қоғамдық пайдалары бар. Ораза – елдегі дәулетті адам мен жоқ - жітік арасында байланыс жасайды. Көбінесе ауқатты адам жасынан өмірдің ауыр тіршілігін көріп, тауқыметін арқаламай өскендіктен, жанашырлық сезімнен мақұрым қалады. Қазақ «аш бала тоқ баламен ойнамайды, тоқ бала аш болам деп ойламайды» деп дәл тауып айтқан. Жарықтық Абай атамыздың:
«Кәрі қой ептеп сойған байдың үйі,
Қай жерінде кедейдің тұрсын күйі?
Қара қидан орта қап ұрыспай берсе,
О да қылған кедейге үлкен сыйы.
Қар жауса да тоңбайды бай баласы,
Үй жылы, киіз тұтқан айналасы.
Бай ұлына жалшы ұлы жалынышты,
Ағып жүріп ойнатар көздің жасы»,
– дегенінде үлкен мән жатқан жоқ па? Кейде адам байлыққа батқан соң, айналасын ұмыта бастайды. Бірте - бірте аңғалдықтың құрығына түседі. Осы сәтте оның өмірге деген көзқарасы өзгереді. Нәпсісі аттан салып, бойдағы жанашырлық сезімін тұншықтырып тастайды. Дәулетті адамы осындай күй кешкен елден берекет кетеді. Бір мемлекетте өмір сүрсе де, бай басқа әлемде, тұрмысы нашар халық басқа бір әлемде жүреді. Мұндай қоғам ауыр дертке душар болып, елде жүйе бұзылады. Ауқатты адамдар қол астындағы жұмыс істеген адамдарына төбеден қарайды. Алауыздық осындайдан туады. Байлыққа мастанған қашан да бас пайдасын ойлайды. Мұндай кісі ешуақытта жоқ - жітіктің халін ұға да, сезе де алмайды.
Адам ораза ұстап, сәресіден кешке дейін аш қалғанда ғана айналасына басқаша қарай бастайды. Өйткені, ауыз бекіткен ол күні бойы аш қалмақ. Аш адамның бойында тасыған нәпсі бірте - бірте әлсірейді де, жүректің тереңіндегі мейірім - шапағат сезімі оянады. Ол сонда ғана аштықтың қандай екенін аңғарады. Өзінің де жай ғана пенде екенін сезінеді. Ал оянған мейірім - шапағат жалпы адамзатқа, тіпті әлемге деген сүйіспеншілікті өзімен бірге ала келеді. Сонда әлгі кісі адам тұрмақ, жан - жануарға да сүйспеншілікпен қарай бастайды. Рамазан айының – рақым айы болуының сыры да осында жатыр. Адам мен адамның, адам мен әлемнің арасында достық, махаббат байланысы құрылады. Міне, адамның бойында мейірім - шапағат туып, оны айналасына нұрлы шашу етуі – Ұлы Жаратушыға арнаған нағыз шүкірі.
4. Ораза ырыс - берекенің қадірін білдіреді
Негізі адам баласы өзіне берілген нығмет пен ырыс - берекенің қадірін біле бермейді. Сый - сияпат етіп берілген ырыс - берекені бейне бір тегін дүниедей төгіп - шашады. Әр түрлі тәтті тағамдарды да бейпіл жей берген соң, ауыздан дәмі кетіп, бал бал болудан қалады. Мұндай күйге түскен кісі ешуақытта тамақтың қадірін сезе алмайды. Ал адам баласы ауыз бекітіп, күні бойы аш жүргенде, тағамның Ұлы Жаратушының құлына жайған дастарқанындағы үлкен ырыс - берекесі екенін аңғарады. Ол күні бойы аш қалып, кешқұрым ауыз ашқанда, аузына салған қатқан нанның да қаншалықты қадірлі екендігін сезеді. Атам қазақ «Аштықта ішкен ашыған қымыранның дәмі қырық жыл ауыздан кетпес» деуінің сыры осында жатыр. Тоқ адамның дәл солай сезуі әсте мүмкін емес. Мұндай қоғамның экономикасы да оңайлықпен құлдырамайды. Аштықты көп көргендіктен атам қазақтың нанды қатты қадірлейтіндіктері де содан. Иә, аштықты сезбеген, мастықтан айыға алмас.
5. Ораза сабырлылық пен төзімділікке үйретеді
Адам баласы өмірге жылап келіп, жылап кетеді. Неге? Өйткені, өткінші фәниде діттеген мақсатына қолы жете бермейді. Кейде жылдар бойы өз мақсатына қарай қадам басады да, орта жолда болдырып, күдерін үзеді. Кейде шыдамы таусылып, қолын бір - ақ сілтейді. Міне, ораза жүйрік пойыздай жүйткіген ғұмырда асқақ арманына асыққан адамның иығына сабырдан садақ асады. Ай бойы аш қалып, күндіз аузын ашпауға бекініп, әбден дағдыланған адамның бойында сабырлылық пен шыдамдылық сезімі күшейіп, өркен жаяды. Аштық пен құмарлық сезімге сабыр қылған, өзгеге де сабыр ете алады. Бойдағы ашу мен жеңілдігіне сабыр - тізгінін салып, жанарында ойлылық пайда бола бастайды. Бұл ғұмырда нағыз сабыр – өз нәпсісін жеңе біліп, Аллаһ Тағаланың ақ жолында жүруге бел байлау. Ақырет әлеміндегі асқақ шыңнан көз айырмау. Оразаға төзе білген өзге ғибадаттарға да шыдамдылық таныта алады. Сабырлылық күшіне ие болған жан ғана, діттеген мақсатына жете алады. Құранда жетпіске жуық аятта сабыр мадақталған. Мысалы: «Аллаһ сабыр еткендермен бірге», – дейді. «Аср» сүресінде де Аллаһ Тағала: «Заманға ант етейін. Шынында адам баласы сөзсіз қасіретте. Бірақ иман етіп, ізгі іс істегендер, бір - біріне ақиқатты айқындап, сабырлықты насихаттағандар ондай күйге душар болмайды», – деп баян етеді.
Заманының үлкен ойшылы Имам Ғазали оразаның үш түрі бар екендігін айтады:
Жалпыға тән ораза. Яғни, ішіп - жеуден, жыныстық қатынастан аулақ тұру.
Аллаһ Тағаланың елден ерек құлдарына тән ораза. Бұл – көз бен құлағын, аяқ - қолы мен өзге де мүшелерін күнәдан сақтауы.
Аллаһ Тағалаға жақын адамдардың оразасы. Жүрегі мен ой - сана әлемі Аллаһ Тағаладан өзге нәрседен пәк болуы. Осылай ораза ұстағанға Аллаһ пен ақыреттен өзге ой келсе, оразасы бұзылады. Бірақ діннің байрағын желбіретіп, көкке қадау үшін дүниені ойласа болады. Бұл – толық адамның бейнесі.
Оразаның түрлері
Ораза – парыз, уәжіп, нәпіл және мәкрүһ болып төртке бөлінеді.
Парыз ораза
Парыз ораза екіге бөлінеді:
1. Тағайындалған ораза: Рамазан оразасы.
2. Тағайындалмаған ораза: Қазаға қалған ораза мен «кәффарат» ретінде ұсталған оразалар.
Уәжіп ораза
Бұл да екіге бөлінеді. Атау (нәзір) оразасы сияқты. Белгілі бір уақытта тұтамын деп, уақыт белгілеп тұтқан ораза – тағайындалған уәжіп ораза. Нақты уақыт белгілемей кез келген бір күні немесе айда тұтамын деп атаған ораза – тағайындалмаған уәжіп ораза.
Нәпіл ораза
Бұл – сүннет, мұстахап, мәндүп болып үшке бөлінеді.
Нәпіл оразалар мына күндерде ұсталады:
Күн ара тұту
Бұл ең жақсы ораза. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Ең сауапты ораза – Дәуідтің (а. с.) ұстаған оразасы. Дәуід бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамайтын». Абдуллаһ ибн Омар (р. а.) «Мен одан да көп ұстай аламын», – деген кезде Аллаһ Елшісі: «Бұдан жақсысы жоқ», – деп жауап қайтарды (Муслим, Сиам, 192).
Әр айда үш күн ораза ұстау
Әр айдың он үшінші, он төртінші, он бесінші күні ораза ұстау – мұстахап. Әбу Зәрдың (р. а.) риуаяты бойынша, Аллаһ Елшісі (с. а. у.) былай дейді: «Әр айда үш күн ораза ұстағың келсе, айдың 13, 14, 15 - ші күндерінде ұста» (Бухари, Әнбия, 377).
Әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері ораза ұстау
Усама ибн Зәйдтің риуаят етуі бойынша, Пайғамбарымыз (с. а. у.) дүйсенбі және бейсенбі күндері ораза ұстайтын. Одан «Неге бұл күндері ұстайсыз?» деп сұрағанда: «Адамдардың істері Аллаһқа дүйсенбі мен бейсенбі күндері тапсырылады», – деді. Басқа бір риуаятта «Ұлы Раббыма менің істерімнің ораза ұстаған кезімде ұсынылуын қалаймын», – деген қосымша сөзі бар (Әбу Дәәуд, Саум, 60).
Шәууәл айында алты күн ораза ұстау
Бұл оразаны сол айдың ішінде кез келген күні үзбей бірінен кейін бірін немесе үзіп - үзіп ұстауға болады. Бірақ айттың артынша кезекпен дереу бәрін ұстаған абзал. Қаза, атау, т. б. оразаны осы күндерде ұстаса дәл сол сауапты ала алады. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Кімде - кім Рамазанды оразамен өткізіп, бұдан кейінгі шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, жыл бойы ораза ұстағанмен бірдей (Ибн Мажә, Сиам, 33).
Арафа күнінде ораза ұстау
Қажылықта болмаған адамның Зилхижжаның тоғызыншы күнінде ораза ұстауы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Арафа күні ұсталған оразаның бұрынғы және келешектегі бір жылдық күнәлардан арылтатыны Аллаһтан үміт етілген (Ахмед ибн Ханбәл, V, 196).
Мухаррам айының тоғызыншы, оныншы (ашура) және он бірінші күндері ораза ұстау мұстахап немесе сүннет
Пайғамбарымыз (с. а. у.) Мәдинаға келген кезде яһудилердің (еврей) ашура күні ораза ұстағанын көріп, «Бұл қандай ораза?», – деп сұрады. Оған: «Бұл – ұлы күн. Аллаһ бұл күні Мұса мен Исрайл ұрпағын дұшпандардан құтқарған. Сондықтан осы күні Мұса (а. с.) ораза ұстайтын» – деп жауап қайтарды. Пайғамбарымыз (с. а. у.) сонда: «Мен Мұсаға сендерге қарағанда әлдеқайда жақынмын», – деді де, осы күні ораза ұстауды әмір етті (Бухари, Саум, 69).
Харам айларда ораза ұстау
Зилқағда, Зилхижжа, Мухаррам және Рәжап айларының бейсенбі, жұма, сенбі күндері ораза ұстау – мәндүп. Шағбан айында ораза ұстауХазіреті Айша былай дейді: «Аллаһ Елшісі (с. а. у.) Шағбан айында ұстағандай Рамазаннан басқа ешқандай айда ораза ұстамайтын. Ол Шағбан айының бәрін оразамен өткізетін» (Муслим, Салат, 176).
Мәкрүһ оразалар
Мәкрүһ оразалар «тахриман» және «тәнзиһан» мәкрүһ болып екіге бөлінеді.
1. Тахриман мәкрүһ ораза. Рамазан айтының бірінші күні мен құрбан айтының төрт күнінде ұсталған оразалар тахриман мәкрүһ. Өйткені, ол күндер – Аллаһтың бізге ұсынған сый - сыяпатты, қуанышты күндері. Бұл күндері ораза ұстаған адам күнәкар болумен қатар оразасы жарамды. Мұндай ораза бұзылса, қазасы өтелмейді.
2. Тәнзиһан мәкрүһ. Тек қана ашура күні ораза ұстау, жұма күні ғана ораза ұстау және сенбі күні ғана ораза ұстау, наурыз күндерінде ораза ұстау – тәнзиһан мәкрүһ.
Бірақ әдет етіп, ұстап жүрген оразасы сол күнге сәйкес келсе, ештеңе етпейді. Жұма күні жайлы Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Түндер арасында тек қана жұма түнін ғибадатқа бөлмеңдер. Бірақ кімде - кім әдет етіп ұстап жүрген оразасы сол күнге сәйкес келсе, бұдан тыс нәрсе (әш - Шәукани, ІV, 249). Екі күн қатарынан ауыз ашпай ораза ұстау да мәкрүһ. Бұл – уисал оразасы. Пайғамбарымыз (с. а. у.) үмбетіне жаны ашығаны үшін бұлайша ораза ұстауға тыйым салған. «Сен осылай ораза ұстайсың ғой» деп, сұрағандарға Ол: «Мен сендер секілді емеспін. Мені Раббым ішіп - жегізеді», – дейді (Бухари, Саум, 49). Күмәнді күні де ораза ұстау – мәкрүһ. Яғни, Шағбан айының отызыншы күнін Рамазан күні ме, әлде Шағбан айы ма деп аспан бұлт болғандықтан күмән пайда болса, бұл күн «күмәнді күн» деп аталады. Бұл күні ораза ұстау – мәкрүһ. Тіпті екі күн бұрын да ораза ұстау – мәкрүһ. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Рамазанды бір немесе екі күн бұрын оразамен қарсы алмаңдар. Бірақ кімде - кім әдеті болғаны үшін ұстаса (ұстап жүрген оразасы осы күнге сейкес келіп қалса) ұстасын (Бухари, Саум, 5 - 14). Кімде - кім осы күмәнді күнді рамазан оразасынан деп ұстаса, ұстаған оразасы мәкрүһ болумен қатар, кейіннен бұл күннің Рамазан күні екені анықталған жағдайда, бұл ораза – Рамазан оразасы саналады. Әйелдің күйеуінен рұқсат алмай нәпіл ораза ұстауы – мәкрүһ. Ері оған бұзғыза алады. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Ері жанында бола тұрып, рұқсатсыз ораза ұстаған әйелдің оразасы адал болмайды» (Бухари, Никах, 84 - 85). Қажылардың әлсіреп қалулары ықтимал болғандықтан «тәруия» және арафа күні ораза ұстаулары – мәкрүһ. Хайыз немесе нифас кезіндегі әйелдің ораза ұстауы харам болып, оразасы іске аспайды. Қазасын өтейді.
Оразаның уақыты мен Рамазан айының анықталу жолы
Оразаның уақыты
Ораза уақыты – екінші шапақтан басталып, күннің батуына дейінгі уақыт. Кейбір фақиһтер бойынша, сақтық үшін алғашқы шапақта ішіп - жеуді тоқтатқан жақсы. Кімде - кім шапақ жайында күмәнданса, сәресіні тоқтатқан абзал. Бірақ кімде - кім тоқтатпай ішіп - жеп, кейіннен уақыты шығып кеткенін білсе, оразасын қаза етуі керек. Рамазан айы – ашық аспанда жаңа туған айды көрумен немесе бұлтты күнде Шағбан айын отыз күнге толтыру арқылы білінеді. Құранда Аллаһ: «Кімде - кім ораза айында болса, ораза ұстасын» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с. а. у.): «Жаңа туған айды көрген кезде ораза ұстаңдар, екінші жаңа туған айды көрген кезде оразаларыңды тоқтатыңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар» (Бухари, Саум, 5, Муслим, Сиям, 4), – деген. Басқа бір хадисінде: «Ай жиырма тоғыз күн. Жаңа туған айды көрмейінше, ораза ұстамаңдар. Егер аспан бұлтты болса, Шағбан айын отызға толықтырыңдар», – дейді.
Аузы берік кісі күннің батып - батпағаны жайлы күмәнданса, аузын ашпағаны дұрыс. Ораза ұстаған адам анық уақытты білмесе, шамалаумен сәреге тұрып, шамалаумен ауыз аша алады. Шапақтың атқанын біле алмаған адам ерте бастан қам жасап, аузын ертерек бекітіп, ал күннің батқанын біле алмаған кезде, кештеу ашқан абзал. Бұл – сақтық үшін жасалған шара. Бірақ қазіргі таңда арнайы жасалған күнтізбелер бар.
Рамазан айының анықталуы
Шағбан айының жиырма тоғызыншы күнінен бастап, жаңа туған айды іздеу – уәжіп. Рамазан оразасының аяқталуы үшін де Шәууәл айын іздеу – уәжіп. Егер Рамазан айы көрінсе, ертеңіне Рамазан оразасы басталады. Егер де аспан бұлтты болса, Шағбан күндері отызға толтырылады. Одан кейін барып, ораза тұтылады. Сол секілді Рамазан айының жиырма тоғызыншы күнінде де Шәууәл айы көрінуін қадағалайды. Жаңа ай көрінсе, ертеңіне Рамазан айты басталады. Ал егер көрінбесе, онда Рамазан отыз күнге толықтырылады. Яғни, ораза ұсталады. Жаңа ай көрінген кезде тәкбір айтылуы керек. Бұл – сүннет. Пайғамбарымыз (с. а. у.) жаңа айды көргенде былай деп дұға ететін: «Аллаһым! Мына айды бізге берекет, иман және амандық пен тыныштыққа арқау ет. Ей, жаңа ай. Сенің де, менің де Раббым – Аллаһ» (Бухари, Саум, 11).
Біздің данышпан ата - әжелеріміздің жаңа ай туғанда – «Жаңа айда жарылқа, ескі айда есірке» – дейтін дұғалары осы Пайғамбар дұғасының мағынасы емес пе? Яғни, Аллаһым! Жаңа айда жарылқап, ескі айда жасаған қателіктеріміз бен күнәларымызды кешір. Дана ата - әжелеріміз ешуақытта айдан бір нәрсе тілеген емес.
Рамазан айы немесе ораза айты аспан ашық болған кезде бірнеше адамның айды көруімен анықталады. Әбу Ханифаның кей сөзі бойынша, екі әділ адам куә болуы жеткілікті. Егер күн ашық болмай бұлт, тұман секілді кедергілер кездессе, тек қана бір әділ, парасатты, шыншыл адам ғана көрсе, оның куәсі жеткілікті. Бұл адам әйел де, ер де болуы мүмкін.
Кейбір ислам ғалымдары астрономия ғылымы арқылы жаңа айдың кіргенін анықтауға болады деп фәтуа берген.
Оразаның шарттары
Оразаның парыз болу шарттары
1. Мұсылман болу: Ораза мұсылмандарға парыз. Сондықтан жаңа мұсылман болған жандарға өткен жылдардағы ораза секілді ғибадаттарына қаза керек емес. Олардың бейне бір жаңа туған сәбидей барлық күнәсі кешіріледі: Құранда Аллаһ Тағала: (Мұхаммед) «Күпірлік еткендерге егер олар жамандықтан тыйылса, өткен күнәлары кешіріледі. Ал егер олар қайталаса, сонда өткендегілердің де үкімі орындалады» де» (Әнфал, 8/38).
2. Балиғат жасында болуы және ақыл - есі түзу болу: Бала мен ақыл - есі ауысқан, талған адамға немесе мас адамға ораза ұстау парыз емес. Бұлардың санасы толық болмағандықтан, мұндай әмір оларға жүктелмейді. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Үш адамға қалам жазылмайды: Балиғат жасына жетпейінше балаға, ақыл - есі түзу болғанга дейін ақылы кеміске, оянғанға дейін ұйқыда жатқан адамға (Бухари, Талақ, 11. Әбу Дәәуд, Худуд, 17). Яғни, сана аса маңызды. Аллаһтың әмірі саналы жандарға келген. Жеті жасқа кірген кезден оразаға күші жететін қыз бала мен ер балаға ата - анасы ораза ұстатып үйрету керек. Мақсат – балаларды оразаға баулу. Ақыл - есі кемтар не есінен танып қалған адамдарға уақытша болса да ораза парыз емес. Ақылға орнына келсе, қазасы өтелмейді.
3. Ораза ұстауға күші жету және тұрғын болу: Науқас немесе жолаушыларға ораза парыз емес. Бірақ ораза ұстаса, оразасы дұрыс. Ал ораза ұстамаса, басқа күндері оразасын қаза етеді. Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде - кім науқастанса яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін» (Бақара, 2/184). Кәрілік жасқа келіп, ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға ораза парыз емес. Сонымен қатар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиуі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар ораза орнына пидия береді. Олар оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан астам жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.
Оразаның дұрыс орындалу шарттары
1. Хайыз бен нифастан таза болу: Хайыз бен нифас жағдайындағы әйелдер уақыты өткеннен кейін оразаның қазасын өтейді. Бірақ бір адамның түнде немесе күндіз жүніп күйінде болуы, ораза ұстауына кедергі емес. Бірақ мүмкіндігіне қарай, ауыз бекітпес бұрын, ғұсыл алу – абзал.
2. Ниет: Барлық оразаға жүрекпен ниет ету – жеткілікті. Бір адам түн жарымында ертеңгі күннің ораза екенін біліп, бұл айда ораза ұстайтынын жүректен өткізсе немесе сәреге тұрса, бұл ісі ораза ұстауға ниет саналады. Бірақ тілмен айту мәндүп. Барлық оразаға түнде немесе таң уақыты кірмей тұрып ниет ету – абзал. Рамазан оразасына ниет етерде әрбір күніне жеке - жеке ниет ету шарт. Себебі, әрқайсысы өз алдына жеке ғибадат. Бұл – фақиһтердің басым көпшілігінің пікірі.
Оразаға ниет ету екіге бөлінеді. Бірінші – түнде ниет ету. Бұларға қарыз болған оразалар жатады. Яғни, Рамазан қазасы ұстап, бірақ аяқталмай қалған нәпіл оразаның қазасы және кәффәрат оразасы мен жалпы атау (нәзір) оразасы осы топқа жатады. Міне, мұндай оразаны ұстайтын адамдар түнде немесе таң атпай тұрып ниет ету шарт. Ақшам уақытында шешім қабылдау мен сәреге тұру да ниетке жатады. Екінші – түнде ниеттену мен анықтау шарт емес оразалар: Бұған Рамазан оразасы, уақыты белгіленген атау оразасы және мұстахап, мәкрүһ, сонымен қатар, барлық нәпіл оразалар жатады. Мұндай оразаларға ақшамнан бастап, ертесі күні түске дейін ниет ете алады. Бірақ бесіннен бұрын мұндай оразаға ниет ететін адам екінші шапақтан бері еш нәрсе ішіп - жемеген болуы керек. Бесіннен бұрын нәпіл оразаға ниет ете алуға мына хадис дәлел: Аллаһ Елшісі бір күні Айшаға былай деді: «Бесінге тамақ бар ма?». Айша: «Жоқ», – деп жауап қайтарды. Сонда Аллаһ Елшісі: «Онда мен ораза ұстаймын», – деді.
Кісі түнде қандай да бір оразаға ниет етсе, бірақ екінші шапақ атпай тұрып, ниетінен бас тартса, бұл бас тартуы дұрыс саналады. Сол секілді оразасын бұзуға ниет етіп, аузын ашпаса, оразасы дұрыс болып саналады.
Ниет еткенде екі ойлы немесе шарт қою арқылы ниет етпеу керек. Мысалы: «Ертең пәленше қонаққа шақыра қалса, аузымды ашуға, егерде шақырмаса, ораза ұстауға ниет еттім» дегендей ниет жарамсыз. Рамазан түні немесе күндіз есінен танып қалып, түс уақытынан бұрын айығып ниет етсе, оразасы жарамды. Бір адам Рамазан айында уәжіп немесе нәпіл оразаға ниет етсе, ол Рамазан оразасына ниет еткен болып саналады. Бұл мәселеде мейлі тұрғын, мейлі жолаушы, тіпті науқас адам болсын ешқандай айырмашылық жоқ. Сол секілді бір оразамен әрі кәффарат, әрі нәпіл оразаға ниет етсе, оразасы кәффарат ниеті үшін жарамды. Бірақ бір оразамен әрі қазаға, әрі ант кәффаратына ниет етсе, екеуі де жарамсыз. Мұндай ораза нәпіл оразаға айналады. Бір әйел хайыз кезінде түнде оразаға ниеттенсе, екінші шапақтың атуынан бұрын хайыз мерзімі аяқталса, оразасы жарамды. Қапастағы жандар Рамазан айының келгенін біле алмай күмәнданса, өздерінің иштиһаттар – болжамдары бойынша, шешім қабылдап, бір ай ораза ұстайды. Бұл – құбыла мен намаз уақытының анықталуына ұқсайды.
Кейіннен рамазан күнінен кем ұстаған болса, ұстамай қалған күндерінің қазасын өтейді. Егер Рамазаннан бұрын ұстаған болса, бұл тек нәпіл оразаға жатады.
Ораза ұстағандар үшін мұстахап нәрселер
Ораза ұстағандарға мына нәрселерді жасау – мұстахап.
1. Бір жұтым су да болса сәресіде тұрып, ішіп - жеу. Пайғамбарымыз (с. а. у.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» (Бухари, Саум, 20). Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Аллаһ сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» (Ахмед б. Ханбәл, ІІІ, 44), – дейді.
Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру де – мұстахап. Пайғамбарымыз (с. а. у.) «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта» (Бухари, Саум. 45), – деген.
2. Ауызды ақшам намазынан бұрын ашу. Намазда адамның көңілі ауыз ашуға ауып тұратындықтан, ауыз ашуға асығу – мұстахап. Бұған жоғарыда айтылған хадис куә. Сонымен қатар, ауызды құрма немесе сумен ашу – сүннет. Пайғамбарымыз (с. а. у.) осылай ашқан.
3. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет: «Аллаһумма ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә әләйкә тәуәккәлту уә әлә ризқикә әфтарту уә сәумәл ғади мин шәһри Рамадан нәуәйту, фәғфирлии мә қаддәмту уә мәә әххарту». Мағынасы: «Аллаһым! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
4. Аузы берік жандармен бірге ауыз ашу және жоқ - жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беру – мұстахап. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді.
5. Таң уақыты кірмей жүніптік, хайыз және нифастан тазалану: Мұндағы мақсат – оразаны таза бастау. Бірақ аузы берік тұрып, жуынуға да болатынын ескере кетейік. Мұндай кезде судың тамаққа кетіп қалмауын қатты қадағалау керек. Әйелдің хайыз яки нифас мерзімі түнде аяқталып, оразаға ниет етсе және жүніп кісі жуынбай ораза ұстаса, оразасы жарамды.
6. Аузы берік адамның жақсы сөздер сөйлеуі, бос сөз бен орынсыз іс - қимылдардан бойын аулақ ұстап байсалдылық танытуы – мұстахап. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Жалған сөйлеу мен жалған сөздермен әрекет етуді қоймаған адамның ішіп - жеуді ғана доғаруы Аллаһқа қажет емес (Ахмед ибн Ханбәл, VІ, 34). Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Олардың оразасында шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайдасы болмайды. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды» (Ибн Мажә, Сиям, 21). Сонымен қатар, Рамазанда «Мен оразамын» деу – сүннет. Пайғамбарымыз (с. а. у.) былай дейді: «Кімде - кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін (Бухари, Саум, 2).
7. Аузы берік адам бос уақыттарын нәпіл ғибадаттармен, ғылыммен, Құран оқумен, зікір, салауат айтумен өткізу керек. Пайғамбарымыз (с. а. у.) Рамазанда Жебірейіл екеуі бір - біріне кезекпе - кезек Құран оқып, тыңдасатын» (Бухари, Бәдул - Уахи, 5).
8. Жалпы Рамазан айының ең соңғы он күнінде иғтиқафқа кіру – сүннет. Пайғамбарымыз (с. а. у.) Рамазанның ең соңғы он күнінде көп ғидабат жасайтын (Муслим, И’тиқад, 8).
Аузы берік кісіге мәкрүһ және мәкрүһ емес нәрселер
1. Себепсіз бір нәрсенің дәмін тату немесе шайнау – мәкрүһ. Бұл оразаның бұзылуына себеп болуы мүмкін. Бірақ көп кісіге пісірілген тамақтың дәмін қадағалау үшін, тамақтың дәмін көріп, түкіріп тастауға болады. Дәмін татқан уақытта тамаққа кетпеуі шарт.
2. Аузы берік кісіге сулы мисуакты қолдану – мәкрүһ.
3. Дәрет алған кезде аузына, мұрнына суды көп пайдалану – мәкрүһ.
4. Бал немесе май секілді сатып алатын нәрселердің қандай екенін білу үшін дәмін татып көру – мәкрүһ.
5. Шайналып тәттісі кеткен ақ сағызды шайнау – мәкрүһ. Ал, жаңасын шайнауға мүлдем болмайды.
6. Аузы берік адам әлсіреп өзін сақтай алмайтындай болса, қан алдыруы – мәкрүһ. Егер көтере алса, мәкрүһ емес. Ең жақсысы, күн батқан соң қан алдыру.
7. Рамазанда қатты ыстықтап салқындау үшін ауыз бен мұрынды сулау және суық сумен жуыну – Әбу Юсуп бойынша, мәкрүһ емес. Өйткені, мұндай уақытта адамға жеңілдік туады. Фәтуа осы үкімге берілген.
8. Өзіне сене алмаған аузы берік жанның әйелін сүюі – мәкрүһ. Өзіне сенсе, мәкрүһ емес. Хадисте Пайғамбарымыздың (с. а. у.) зайыбын сүйгені және әзілдегені жайлы айтылады (Ибну Мажә, Сиям, 19).
9. Аузы берік адамның жүніп күйінде таң атыруы немесе күндіз ихтилам болуы оразаға зияны жоқ.
10. Аузы берік жанның гүл не әтір секілділерді иіскеуі, сүрме жағуы, мұртын майлауы – мәкрүһ емес.
Ораза бұзылғанда қазасы ғана өтелетін жағдайлар
Емдік мақсатта денеге бір нәрсе кірсе, ораза бұзылады. Қазасын өтеу керек.
Қателесіп, бір нәрсе ішіп - жеу оразаны бұзады. Яғни бір адам ораза екенін біле тұрып, қателесіп бір нәрсе ішіп - жесе, оразасы бұзылады. Мысалы, дәрет алып жатқан кезде байқаусызда тамағына су кетіп қалса, қарды аузына салып, ол да тамағынан өтсе, оразасы бұзылады. Қазасы өтеледі. Егер де ораза екенін ұмытып істесе, ораза бұзылмайды. Тістерінің арасынан шыққан қан түкірікпен бірдей немесе одан көп болып тамақтан өтсе ораза бұзылады. Аз болса, бұзылмайды. Өйткені, көлемі аз қаннан сақтану қиын.
Ұмытып бір нәрсе ішіп - жеу немесе ұмытып ерлі - зайыптылардың бір - біріне жақындауымен ораза бұзылмайды. Өзінің ораза екенін білмей бір нәрсе жеген адамның есіне ораза екендігін салмау – мәкрүһ. Егер әлсіз, кәрі біреу болса, есіне салмау абзал. Сол секілді өздігінен іштен келген ауыз толмаған құсық өздігінен қайта кері қайтса, ораза бұзылмайды. Бірақ адамның өзі жұтса, ораза бұзылады
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Мен бүгiн Оразамын!

Мен бүгiн Оразамын!

Отыз жыл бойы Ораза ұстаған бір адам құдық басына келiп, су алу үшiн кезекке тұрады....
Ораза 2022 жыл

Ораза 2022 жыл

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 2 мамырда аяқталады. Ораза 30 күн болмақ. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған...
Ораза ұстағанда сәресінде және ауыз ашарда оқылатын дұғалар

Ораза ұстағанда сәресінде және ауыз ашарда оқылатын дұғалар

Оразаның үш парызы бар: 1) Ниет ету. 2) Ниетті алғашқы және соңғы уақыт арасында жасау. 3) Имсак уақытынан күн батқанға (ақшамға) дейінгі аралықта...
Ораза және намаз уақыттарының кестесі (2017 жыл)

Ораза және намаз уақыттарының кестесі (2017 жыл)

Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы назарларыңызға 2017 жылғы Қазақстан қалаларының Рамазан айындағы ораза және намаз уақыттарының кестесін ұсынады....
Имандылық – ізгіліктің негізі

Имандылық – ізгіліктің негізі

Маңғыстау облысы, Бейнеу ауданындағы, Күйкен орта мектебінің қазақ тілі әдебиеті пән мұғалімі Икенова Тілектес...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×