Сайтқа кіру Тіркелу

Менің, ұстаздық - асыл мұратым!

Шымкент қаласы,
№50 А.Байтұрсынов атындағы мектеп-гимназиясы
6 б сынып жетекшісі Изетова Ханым

Менің, ұстаздық – асыл мұратым!

«Саған құқықтық көмек керек пе?» деген тақырып аясында мектебімізде бірқатар іс-шаралар өткізілуде. Мен сынып жетекші ретінде оқушыларыма «құқық» және «құқықтың адамға жүктейтін міндеттері» жөнінде үнемі түсіндіру жұмысын жүргізіп келемін. Осыған орай, оқушыларыма «Сенің құқығың - менің құқығым», «Өз құқығыңды білесің бе?», «Менің отбасым» деген сияқты тақырыптарда шығармалар жаздыртып олардың құқықтық санасының өсу деңгейін бағамдап отырамын. Сонымен қатар, БҰҰ-ы қабылдаған «Бала құқықтары туралы конвенция» деген не? (Конвенция – латынның «convention», қазақша «келісім», «шарт» деген сөзі) Қазақстанның ол келісімді мақұлдағандағы мақсаты қандай?, - дегендей сұрақтарға жауап беріп келемін. Балалар өздерінің тек ата-анасының ғана емес мемлекет тарапынан да қадағалауда екенін, қоғамға қажеттілігін сезінуі – бұл олардың елжандылық, мемлекетшілдік қасиеттерін қалыптастыруға негіз болары анық.

Елбасымыз бас болып үкіметіміз балалар құқықтарын қорғауға қажетті биліктің құрылымдарына бұрын болмаған жаңа қарқын беріп жатыр. Республикалық орталықтарда ғана қалып қоймай, облыс орталықтары мен аумақтарда балалардың құқықтарын қорғауға қатысты қозғалыстың қарқын ала бастағаны біздерден, яғни, мұғалімдерден нақты іс-шаралардың дәлелдемесі ретінде мәліметтердің және нақты іс-әрекеттердің жиі талап етілуінен байқалады. Бұл, мемлекетіміздің ертеңгі тұтқасы болар азаматтарымыздың бүгінгі қамсыз балалық шағын қамтамасыз етіп, еркін өмір сүруіне қажетті құқықтарының сақталуына кепіл боларлық елдігіміздің, мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі жоғарылағанының айқын көрінісіне айналып отыр.

Әсіресе, үстіміздегі оқу жылы мен жаңа жылдың басынан бүгінгі күнге дейін балалардың құқықтарын қорғауға қатысты іс-шаралардың жандануына үстіміздегі жылы қаңтардың 30-ы күні Астанада Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров, Норвегия Корольдігінің елшісі Даг Малмер Халворсен және Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Радослав Жеках балалар құқығын қорғау мақсатындағы бірлескен жобаны іске асыру жөнінде келісімге қол қоюы да ықпал еткен болар. Осы келісімге байланысты БАҚ конференциясында Радослав ЖЕКАХ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЮНИСЕФ ӨКІЛІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Кез-келген баланы қатыгездік пен зорлық-зомбылықтан қорғау қажет. Сондықтан, біз осы іске өз үлесімізді қосқымыз келеді. Көптеген елдер бұл құжатқа қол қойды. Қазақстанда да аталған құжат барлық аймақтарда жұмыс істейтін болады, - десе,
Асқар ШӘКІРОВ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ:

- Біз өз алдымызға бірнеше міндет қойып отырмыз. Біріншіден, қалалық жерде балалардың құқықтары қаншалықты сақталып отыр деген мәселені зерттеу. Екіншіден, оқу орындарында, әсіресе мектептерде балалардың арасындағы зорлық-зомбылықты болдырмау. Сондай-ақ біз құқықтары қорғалмаған және ішінара сақталмайтын балаларға көмек көрсеткіміз келеді, - деген болатын.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі алғашқы ұйым әлемде 1919 жылы пайда болып, 1924 жылы – Ұлттар лигасының Женева бала құқықтары туралы декларациясы, 1959 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының Бала құқықтары декларациясы қабылданған. 1979 жыл Халықаралық Бала жылы болып жарияланды және тек он жыл өткеннен кейін ғана Бала құқықтары туралы конвенция қабылданды. Конвенцияның негізгі ережелері:

• Өмір сүруге, есімінің болуына, азаматтыққа және т.б. ие болу құқықтары;
• Аман-сау отбасылық өмір құқығы;
• Сәбидің жеке басының еркін дамуын қамтамасыз ететін құқық;
• Денсаулығын сақтау, нығайту құқығы
• Білім алу мен мәдени даму құқығы;
• Төтенше жағадайларда сәбиді қорғау құқықтары туралы бекітілген.

Бұған дейін де Қазақстан Республикасы Балалардың ең абзал мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында бала құқықтарын қорғау мақсатын көздейтін неғұрлым маңызды конвенцияларға қосылды: Бала құқықтары туралы конвенция 1994 жылы ратификацияланған болатын. Содан бүгінгі күнге дейін мемлекетіміз бала құқықтарын қорғауға қатысты көптеген Халықаралық Конвенциялар мен Хаттамаларға қол қойыпты. Елімізде біртіндеп болса да балалардың өмірін жан-жақты қорғау ісі жүргізіліп келді. Мемлекетімізде Балалардың құқығын қорғайтын Комитет те, оның облыстық департаменттері де арнайы Ережелері бекітіліп жұмыс жасап жатыр.

Қазір, қоғам болып нақты іске кірісетін уақыт келді. Әсіресе, мектеп ұжымдары мен сынып жетекшілерінің атқаратын ісі мен көтеретін жүгі жеңіл емес. Мектеп жасындағы балалармен тікелей қарым-қатынаста болатын сынып жетекші – оқушылардың әр бір жарық күнінің жарты бөлігіндегі іс-әрекетінің куәгері, бақылаушысы және баланың рухани дүниесінің бағытын бағамдаушы ерекше тұлға. Сынып жетекші жұмысының жауаптылығын күшейтетін тағы бір қыры, ол - сынып оқушылары мен сыныпқа сабақ беретін пән мұғалімдерінің және мектеп пен ата-аналардың арасындағы дәнекер. Мектепте бала тәрбиесіндегі нақты іс-әрекет етуші - сынып жетекші болса, отбасыда бала мінез-құлқының іргетасын қалайтын ата-ана. Ата-ана мен сынып жетекші мүдделес екендіктерін бір сәт те естен шығармауы тиіс. Екі жақ ынтымақтаса отырып әрекет етуі -міндет. Сынып жетекші баламен де, ата-анамен де рухани-ағартушылық және педагогика-психологиялық жұмыстар жүргізуге мәжбүр. Өйткені, мектепте оқитын балалардың отбасылық-әлеуметтік деңгейлері сан қырлы болатыны белгілі. Сондықтан сыныпқа жетешікшілік етудің құзыреттік ауқымы мен әлеуметтік маңызына мемлекет көбірек көңіл бөлуі керек. Балалар құқықтарын қорғау Комитетінің жұмысы нәтижелі болуы үшін әлі де болса мемлекеттік және жергілікті уәкілетті органдардың қызметін жандандыратын заңнамалық өзгерістер жасау қажет деп білемін. Бұл тақырып билік қаперіне жеке ұсыныс ретінде мақала жазуды қажет етеді. Қазіргі сөзімнің арқауы болып отрған «балалар құқықтарын қаншалықты біледі және олардың құқықтары қажетті деңгейде қорғалып отыр ма?» деген сұрақтарға жауапты «Ия, балалар құқықтарын біледі және мемлекеттің қамқорлығын сезініп келеді» дер едім.

Қазақ халқы ежелден-ақ бала тәрбиесіне терең мән берген. «Балаң жақсы болса есіктегі басыңды төрге сүйрер, жаман болса, төрдегі басыңды есікке сүйрер» деген халық даналығы өзінің мәнін жоймақ емес. Жарқын болашақтың азаматтарын тәрбиелеп, елімнің дамуына үлес қосып жүрген азамат екенімді, өз мамандығымды мақтаныш етемін. Мектепке кездейсоқ келе салған адам болмағандықтан, балаларға берген білімім мен тәрбием текке кетер деп ойламаймын. Алайда, қоғамдық құрылыстың өзгеруі, информациялық-ақпараттық заманның есігі айқара ашылып, жаһандану үдерісі белең алуы – даму мен қатар кері әсерін де алып келіп отырғаны анық. Балалар арасындағы зорлық-зомбылық, қыз балалардың ерте жыныстық қатынасқа түсуінен туындайтын зардаптар, өзіне-өзі қол жұмсаудың (суицид) жиілеуі және суық қару қолданудан өмірлердің ерте қиылуы секілді қасіреттердің алдын алуда әр бір қазақстандық жауаптылығын терең сезінсе. Қазақтың әр бір отбасының әл-ауқаты артса және әр бір ата-ана өз баласының, әсіресе, рухани-адамгершілік және имандылық тәрбиесіне жауаптылығын арттырып әрекет етсе - мелекетіміз өркениетті елдер санатында болары анық. Барымызды бағалай, жоғымыздың орнын толтыру тек өз қолымызда екенін қоғамымыздың әр бір азаматы (әлеуметтік деңгейіне, шен-шекпеніне қарамастан) түсінсе «бала – болашағымыз» деген асыл мұратымыз жүзеге асар еді. Менің, ұстаздық асыл мұратым – елімнің келешек тұтқасы да кірпіші де бола алатын азамат тәрбиелеу.
Кері қайту
Ілмек сөздер: Менің, ұстаздық, асыл, мұратым
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×