Сайтқа кіру Тіркелу
загрузка...

Заман туралы ұлағатты сөздер

Адамның бір атаның баласы екені рас болса, белгілі бір заманның баласы екені де даусыз.
Мағжан Жұмабаев

Замана сипаты: білімі көптер жұрт билемей, малы көптер жұрт билер заман.
Ахмет Байтұрсынұлы

Заман талабының деңгейінде болу үшін біздер — мәдениет қайраткерлері өмірге барынша терең бойлап, оны жан - жақты тануымыз керек, ең жоғарғы шеберлікке жетіп, ерінбей - жалықпай еңбектенуіміз қажет.
Ғабиден Мұстафин

Ақын ғаріп емес пе,
Байды өтірік мақтаса.
Заман ғаріп емес пе,
Әділеттен аттаса.
Жамбыл Жабаев

Әр замананың өз рәсімі, өз салты бар. Біздің замандағы салт: әркім құқына таласу, құқына тартысу болады. Жылау салты артта қалды.
Әлихан Бөкейханов

Бұл заман байқағанға күштінікі,
Азулы, тырнақты мен тістінікі.
Дүниенің патшалығы, батырлығы,
Тыпырлап, тыныш жатпаған істінікі.
Сәбит Дөнентаев

Ханның бағы таярда -
Дұшпаны сырттан көбейіп,
Жаны ашыр досы аз қалар;
Бидің бағы таярда -
Үлгілі сөзден айырылып,
Әркімнің мінін қазбалар;
Байдың бағы таярда -
Танабын құдай тарылтып,
Қасынан қоңсы қозғалар.
Базар Оңдасұлы

Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Дүниеде не болса да бірте - бірте аздап ілгері басып болады.
Әлихан Бөкейханов

Заманды жаралыс билейді.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Заман емес - адам ренжітеді.
Иүгінеки Ахмед

Таза жүрген жол таба алмай торығып,
Өсіп жүр ғой арам жолға түскендер.
Иүгінеки Ахмед

Жаман әйел – жігіттің тайдырады табанын,
Тар қылады заманын.
Жақсы әйел – жігіттің жақсы қылар жаманын,
Ұшқыр қылар шабанын.
Майлықожа Сұлтанқожаұлы

Заман қартайтқанға - бояу айыпты емес.
Махмұд Қашқари

Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы!
Ахмет Байтұрсынұлы

Біздің заманда бейқам кісі ғана түрін жасқа бермейді. Күрес, бейнет, ой күйігі, ашу - ыза адамдардың бетіне қашан да із түсіреді.
Бауыржан Момышұлы

Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Мұқағали Мақатаев

Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман.
Нұрсұлтан Назарбаев


Көкіректе сайрап тұр, қолды заман байлап тұр.
Әлихан Бөкейханов

Өз білімін өмірдің, өндірістің тәжірибелерімен нығайтып, байытып отыратын, тапқан ілімін үлкенді - кішілі ашқан жаңалығын халықтың қажетіне беріп отыратын ғылым ғана өз дәрежесінде заман талабының өресінде болады.
Қаныш Сәтбаев

Кезінде Мөңке би келешек туралы былай депті:
"Кер заман кезінде: -
Көлдің суы бітіп, табаны қалар,
Аттың жүйрігі кетіп, шабаны қалар,
Жақсының атағы кетіп, азабы қалар
Әулиенің аруағы кетіп, мазары қалар,
Сөйтіп, ақылы жоқ санасыздың заманы болар.
Кер заманның кезінде: -
Құрамалы, қорғанды үйің болар,
Айнымалы, төкпелі биің болады,
Халыққа бір тиын пайдасы жоқ,
Ай сайын бас қосқан жиын болады.
Ішінде шынтақ айналмайтын,
Ежірей деген ұлың болады,
Ақыл айтсаң ауырып қалатын,
Бедірей деген қызың болады.
Алдыңнан кес - кестеп өтетін,
Кекірей деген келінің болады.
Табалдырықтан биік тау болмас.
Кер заманның кезінде су тартылыр,
Таң мен торпаққа жүк артылар,
Ар - ұяттың бәрінен жұрдай болып,
Қарап тұрған жігітке қыз артылар.
Ішкенің сары су болады,
Берсең итің де ішпейді.
Бірақ адам оған құмар болады.
Қиналғанда шапағаты жоқ жақының болады,
Ит пен мысықтай ырылдасқан
Еркек пен қатының болады...
Кер заманның кезінде: -
Ертеңіне сенбейтін күнің болады,
Бетіңнен ала түсетін інің болады.
Алашұбар тілің болады,
Дүдәмалдау дінің болады.
Еркегің қазаншы болады,
Әйелің базаршы болады.
Жылқы жұлдыз болады,
Қой құндыз болады.
Кебір жерге теңеледі,
Әйел ерге теңеледі.
Көл теңізге теңеледі,
Сиыр өгізге теңеледі.
Ақырзаман адамы -
Сағынып тамақ жемейді
Ащыны ащы демейді.
тапқанын олжа дейді,
Алһам білгенін молда дейді.
Бір - біріне қарыз бермейді,
Шақырмаса көрші көршіге кірмейді.
сарылып келіп тосады,
Құны жоқ қағазды судай шашады.
Ақырзаман халқының -
Шайдан басқа асы жоқ,
Жақыннан басқа қасы жоқ.
Лағынет қамыты мойынын да
Жұмыстан қолының босы жоқ.
Әрқашанда олардың
Көңілінің қошы жоқ.
Бар шауасы түп - түгел,
Енді мұның иесі жоқ.
Заман ақыр болады,-
Жер тақыр болар,
Халқы пақыр болар.
Балалар жетім болар,
Әйелдер жесір болар,
"Ә" десе "Мә" дейтін кесір болар.
бас қосылған жерлерде
Әйел жағы ден болар.
Жаман - жақсы айтса да
Өзінікі жөн болар.
Мөңке би

Бұ заманда не ғаріп - ақ қалалы боз ғаріп, жақсыларға айтпаған асыл шырын сөз ғаріп.
Асан қайғы

Мына заман қай заман,
Қаскүнемге жай заман.
Араздық пен өсекке,
Өлшеуі жоқ бай заман.
Шәкәрім Құдайбердіұлы

Айтылған сөз, уәденің байламы жоқ,
Өтірікке шындықтың қайраны жоқ,
Шындық айттым осылай шырқыраған,
Құл Қожа - Ахмет сөзінің жалғаны жоқ.
Қожа Ахмет Йассауи

Мен ағайынды екеумін: біреуі - өзім, екіншісі - халқым.
Сырым Датұлы

Тірі болсақ - алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар!
Әлихан Бөкейханов

Жамағаттың жақсыға құрметі жоқ,
Кішілердің үлкенге ізеті жоқ,
Патшалардың әділдік міндеті жоқ,
Бұл не деген заман болды, достар?!
Қожа Ахмет Йассауи

Заман азар уағында - патша айналар залымға.
Қожа Ахмет Йассауи

Заман түзелгенде - ғылымға да, әдебиетке де татымды талап қояды. Сонда көзедей көп академиктердің талайының аты да, заты да ұмытылады.
Шерхан Мұртаза

Халықтан мейірім кетті,
Момынға телі - тентек тақымы өтті,
Талтүсте талапайда ақым кетті,
Бұл не деген заман болды, достар?!
Қожа Ахмет Йассауи

Кеңістік пен уақытты,
Жеңген қандай бақытты.
Заман соған соғады,
Даңқ деген тақытты.
Мұзафар Әлімбаев

Түзу қалам - қисайған, өткір қалам - мүжілген заман.
Әлихан Бөкейханов

Әлі күнге дейін кешегі империя етігінің темір өкшесін аңсайтындар бар.
Шерхан Мұртаза

Заманның көз сал халіне.
Халқыңның ойла пайдасын,
Өзің үшін налыма...
Басыңды тік бәйгеге,
Бір халқыңның қамына...
Қиянаттан бой тартып,
Шық әділет жағына.
Міржақып Дулатұлы

Кешегі қара күндерде,
Жұлдызсыз, айсыз түндерде,
Жол таба алмай сенделіп,
Адасып алаш жүргенде,
Бұл күнгі көп көсемдер,
Сұраймын сонда қайда едің?
Міржақып Дулатұлы

Австралия қойының еті төрт ай мұхитта кемемен жүріп келіп, Петербург базарында сатылады. Малы көшіп жүр, адамы қала болып отыр.
Әлихан Бөкейханов

Бұл заманның жақсысы: бірін - бірі көре алмас, жұртына пайда бере алмас.
Дулат Бабатайұлы

Бұл заманда жылап мұратқа жетем деу - аш түйенің күйсеуі сынды дәрменсіздік.
Әлихан Бөкейханов

Бұл болып тұрған заман - Алаштың азаматына зор жүк.
Әлихан Бөкейханов

Ақын заман: бір күндік те емес, бүгіндік те емес. Оның кешегісі – бүгіндік, бүгінгісі – ертеңдік.
Ғабит Мүсірепов

Заманға таң қалма − адамға таң қал.
Әбіш Кекілбаев

Ей, көңілім, сыйлық күтпе бұл заманнан қараңғы,
Уақыт озар барлығынан шаң қаптырып адамды.
Дертің әр сәт күшейеді, ауырады тынымсыз,
Күткенменен мына уақыт емдемейді жараңды.
Омар Хайям

Үлкен - кіші адамнан иба кетті,
Қыз - бозбала жастардан әдеп кетті,
Мінез - құлық бұзатын әдет жетті,
Бұл не деген заман болды, достар?!
Қожа Ахмет Йассауи
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Мұқағали Мақатаев, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, математика, математикадан сабақ жоспары, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету