Сайтқа кіру Тіркелу

загрузка...

Қазақтың ұлттық ойындары

Қазақтың ұлттық ойындары
Сабақтың мақсаты:
1. Ұлттық ойындардың мәнін, мақсатын теориялық және іс жүзінде ұғындыру, асықтың түрлерімен ерекшелерімен, ұлттық ойын түрлерімен таныстыру.
2. Оқушылардың ой - өрісін кеңейту, ұлттық сана сезімді ұялату, білімін дамыту.
Асық ойнату арқылы оқушыларды дәлдікке, мергендікке, ептілікке баулу.
3. Ұлттық ойындар арқылы оқушыларды белсенділікке, тапқырлыққа, дәлдікке, көрегенділікке және күштілікке тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар:
1. Асықтар, қоржын,. тобық.
Сабақтың түрі – сайыс сабақ.
Сабақтың әдісі - әңгімелесу, баяндау, ойын - жарыс.
Пәнаралық байланыс: тарих, әдебиет, математика, бейнелеу.

Сабақтың барысы: Ұйымдастыру кезеңі
Білу керек:
1. Қазақтың ұлттық ойындары – салт - дәстүрдің бір саласы.
2. Ұлттық ойындардың аттары және олардың мәні мен мақсаты.
Үйрену керек:
1. Салт - дәстүрдің бір саласы, түрі. Ұлттық ойындарды өз мәнінде ойнай білуді үйрену.
2. Ұлттық ойындардың беретін тәрбиелік мәнін үйрену, ұғыну.
3. Сөзжұмбақты толтырамыз.

Ой қозғау: Сөзжұмбақ шешу.
1. Мемлекеттік Туымызда бейнеленген ою атауы.
2. «Герб» сөзі қазақша қалай?
3. Тәуелсіз Қазақстанның бас қаласы.
4. Ұлттық бас киім.
5. Ұлттық музыкалық аспабы.
6. Қазақстандағы ұлт өкілдері.
7. Қазақ халқының ежелгі өнері
8. Қазақтар қандай халық?
9. Ұннан жасалатын ұлттық тағам.
10. «Сок» Қазақша қалай болады?
11. Жылқы еті қандай?
12. Қазақстан жері кең - байтақ және өте бай.
13. Еттен жасалатын ұлттық тағам.

Міне, балалар, бүгінгі біздің жаңа тақырыбымыз «Ұлттық ойындар»
- Неге біз бұл ойындарды ұлттық деп атаймыз?
- Қандай ұлттық ойындарды білесіңдер? (Ақсүйек, асық, алтыбақан, тоғызқұмалақ, көкпар, жасырынбақ, қыз қуу, теңге алу, сақина тастау, тобық, т. б )
Қазақтың салт - дәстүріне жатады, ұлттық киім киіледі, ұлттық тойларда ойналады.
Жаңа сабаққа дайындық.
Интерактивті тақтадан «Қазақтың ұлттық ойындарының» суреттері көрсетіледі. Оқушылар қандай ойын түрлерін көргенін айтады.

Жаңа сабақ.
Қазақ халқы ұлт ойындарына бай халықтардың бірі. Бірақ ол ертеде ауызекі туып, жалпақ жұртқа ауызекі таралып отырған да, сондықтан көпшілігі бүгінгі күнге ұмытылмай жеткен. Қазақ ұлттық ойындарды елдің өмірімен тығыз байланысты, оның шаруашылық, экономикалық, әлеуметтік тұрмысынан туған. Сондықтан оның тәрбиелік мәні өте жоғары, әрі құнды. Қазақтың ұлттық ойындары: Ерлікті, Шапшаңдықты, Тапқырлықты, Күш – қуаттылықты қажет етеді. Қазақтар мал баққандықтан, ойындардың көбі малмен байланысты болған. Олар ойынға мал сүйегін, қой құмалағын пайдаланған. Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлінеді. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлі заттармен ойналатын, зеректікті, ептілікті және икемділікті қажет ететін, соңғы кезде қалыптасқан ойындар. Олардың негізгілерінің өзі жүзден астам.

Ғалымдардың пайымдауынша, ата - бабаларымыздан бізге жеткен ұлттық ойындарымыздың тарихы Қазақстан жерінде б. з. б. бірінші мың жылдықта - ақ қалыптасқан. Ұлт ойындарының жалпы қалыптасу кезеңі біздің заманымызға дейінгі ғасырдағы қазақ жеріндегі көшпелі тайпалардың құралу дәуіріне сәйкес келеді Олардың ішінде тоғызқұмалақ, қуыршақ, асық ойындары Азия елдерінде тайпалық одақтар мен алғашқы мемлекеттерде кеңінен тарады. Біздің қоғамымыздағы ұлттық ойындардың негізгі, шығу тегі халқымыздың көшпелі дәстүрлі шаруашылық қарекеттерінен бастау алады. Бұлардың көбісі мал шаруашылығына, аңшылыққа, жаугершілікке негізделген.
Сол заманнан келе жатқан асық ату ойынының болашағы мол екеніне мамандар көз жеткізіп отыр. Асықтарды атқан кезде өте бір ептілік керек, егер ойламай, қалай болса, солай, қолдың дөрекі қимылдарымен ататын болса, онда ол ойыншы ешқашан да асық ұтпайды. Сондықтан әр нәрсеге епті болу адамның асыл қасиеттерінің бірі екенін осы ойыннан көруге болады Ұлттық ойын түрлерінен слайд көрсету.

«Ақсүйек» Жігіттер мен қыздар жиналып, жаздың айлы түнінде ашық далада ойнайды. Ақсүйек ойнына малдың ақсөңкелеп қураған жілігі немесе қабығы аршылған, ұзындығы екі қарыстай жұмыр ақ таяқша пайдаланылады. Жиналғандар екі топқа бөлінеді. Ойынды бастау жеребе тастау арқылы анықталады. Содан кейін ойын бастаушы ақсүйекті бар пәрменімен алысқа лақтырады. Жастар таяқты іздеуге кіріседі. Оны тапқан ойыншы өз серіктеріне дыбыс беріп, сөреге қарай жүгіре жөнеледі. Серіктері оның тосқауылға тап болмауына көмектеседі. Қарсыластары қалайда ақсүйекті тартып алудың амалын жасап бағады. Ақсүйекті тартып алса, өздері де біріне - бірі қол жалғап, сөреге жетуге ұмтылады. Бұл тартыста ақсүйекті сөреге жеткізген топ жеңген саналады. Ойын шапшаңдыққа, ұйымшылдыққа баулиды. Ақсүйек бірін - бірі ұнатқан жастардың оңаша кездесуіне дәнекер де болған. Ертеде «Ақсүйек» ойынын той - томалақ жасаған үй иелері ұйымдастыратын. Ондай кезде алдымен айтыс, ән - жырға кезек тиеді. Үлкендер жағы жастарға тәлім айтып, қисса - дастандар оқитын болған. Соңында, тықыршып тұрған жастардың ойынына кезек тиеді. Ақан сері Ақтоқтысымен, Абай Әйгеріммен, Біржан Ләйлімен ақсүйек арқылы табысқан деседі.

«Тобық» ойыны. Мұны кей жерде «Тобық», ал кей жерлерде «Есімде» деп атайды. Бірақ, сайып келгенде, бұлардың негізі бір арнаға келіп құяды. Ойынның мақсаты: есте мықтап ұстау, жаңылшақтыққа, ұмытшақтыққа жол бермеу. Мұны көбінесе ересек адамдар ойнайды, олар өзара уәделесіп бәс тігіседі. Ойынның мерзімі қысқа болса, тобықты қолға қысып жүруге, ал мерзімі ұзақ болса, қалтаға салып жүруге де болады.
Жақсылап, тазалап мұжылған қойдың тобығын бір ойыншы екінші кісіге береді. «Бұл екеуі кезкелген уақытта жолыға қалса, бірінші ойыншы: «Есімде»— деп әңгімесін бастайды. «Есімде!» демесе, ол ұтылады. Ал екінші ойынша тобықты көрсетуге тиіс, егер тобықты көрсете алмаса, онда екінші ойыншы ұтылады. Ұтқан адам тиісті жүлде алады.
Тобық ойыны, сонымен қатар, өте сақ болуды керек етеді. Өйткені, қай уақытта, қай жерде болсын, тобықты сақтаған жақ оны бәс тігіскен кісіге көрсетуі қажет. Ешқайсысы жаңылмаса, ұмытпаса әрі сақ болса, ойын созыла береді, сөйтіп бірін - бірі жаңылдырып, қапыда қалдырғанша ойын тоқталмайды.

Жаңа сабақты бекіту.
Асық ойыны баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатынан шыға бермейді. Асық ойыны, баланың күн ұзақ қимылына тигізер әсері мол. Ойын барысында: жүгіру, жүру, иілу, секіру, көздеп тигізу, лақтыру, ату т. б, жатады

Асық атаулары:
1. Құлжа - арқардың аталығының асығы
2. Сақа - арқардың асығы
3.. Жабайт – еліктің асығы
4. Асық - қой мен ешкінің асық жілігінен
5.. Шүкімайт - қозы мен лақтың асығы
Асықты иіріп тастағандағы жатысы бес түрлі аталады:
1. Ең сәтті тұрғандағы атауы «алшы». /барлығын бірден ұтасың /
2. Төңкеріліп тұрғаны тәукі /тәуекел мағанасы/ (тәйкі)
3. Екбетінен жатқаны «бүк» /бүк түсіп жату/
4. Шалқасынан түскені «ішік» /іші көрініп жатуы/
5. Егер еңкейіп, тұмсығымен тік қадалса «омпа» / омақаса құлаған /
6. Таза тұрмай - алшы тұрғаны қисайып, не тәйкі қисайып тұрса «қырта» дау туғызатын /қырынан жату/ деп аталады.

Практикалық жұмыс. «Асық ату» ойынының ережесімен танысайық.
Асық ойынында асықтың берекесі де, басшысы да «сақа». Асықтарды атқанда сақамен көздейді. Бас бармақпен сұқ саусаққа қысып ұстап жоғары сілкіп, салмақтап айландырады. Айландырып тұрған сақаны сағаттың тіліне қарсы иіріп атады. Ірі әрі салмақты иіріліп тиген сақа асықтарын бірнеше домалатады. Шебер иіріліп атылған сақа, асыққа тигенде 10 сантиметрден 150 сантиметрге жерге дейін ұшырып жібереді.
Асықпен ойналатын ойындар: бүк - шік ойыны, үштабан, ханталапай ойыны, алшы, шеңбердегі асықты ату, көтеріспек, атбақал т. б ойындар.
1. Бүк - шік ойыны. Бүл ойынды екі не үш бала ойнайды. Ортаға 2 - 4 - 6 асық тігіледі. Үш бес - метр жерден ортадағы асықты атады, егер сақа ортадағы асыққа тиіп, шік - бүк түссе, онда асықты арқан бала ұтып алады. Егер сақа ортадағы асыққа тиіп, сақа алшы түссе, барлық асықты ұтып алады. Егер бүк – шік түспесе, басқа балаларатып, ойынды жалғастырады, кім көп асық ұтса сол жеңіске жетеді.
2. «Шеңбердегі асықты ату» ойыны. бұл ойында екі - үш, төрт бала ойнайды. Шеңбердің диаметрі 2, 5м, ал асық ататын сөре 3м қашықтықта болады. Бір бала сақаларды жинап жерге тастайды, кімнің сақасы ашық түссе, сол бірінші, кімнің сақасы тәйке түссе, сол екінші, кімнің сақасы бүк, не шік жатса, солар үшінші және төртінші болып, кезекпен шеңбердегі асықты атады. Ал егер бірінші атқан баланың сақасы шеңбердегі асыққа тиіп, оны шеңберден сыртқа шығарса, асық атқан баланікі болады. Егер асық шеңбер ішінде қалса қалған балалар кезегімен жаңазы жығылған асықты атып сыртқа шығарады. Бұл ойында шеңберден кім көп асық атып шығарса, сол жеңіске жетеді.

5. Үйге тапсырма беру: Асыққа байланысты ырымдар, мақал - мәтелдер жазып келу.
«Қазақтың ұлттық ойындары» туралы жазып келу. (реферат)

6. Сабақты қорытындылау. Жеңімпазды анықтау.
- Компьютер ойындары баланы ашушаң, қатігез, мейрімсіз етеді. Көз жанарын бұзады. Қазір екі баланың бірі көзілдірік киеді, ал асық ойыны мергендікке, ептілікке тәрбиелейді.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
загрузка...
Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Күнделікті сабақ жоспары, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, ана тілі, ашық сабақ жоспары, ашық тәрбие сағаты, ағылшын тілі, бала бақша, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, ертеңгілік, математика, орыс тілі, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, технология, тәрбие, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, әдебиет, әдебиеттік оқу

Барлық тегтерді көрсету