Сайтқа кіру Тіркелу

Әлихан Бөкейхан - тәуелсіздік жаршысы, ұлт көсемі

Әлихан Бөкейхан - тәуелсіздік жаршысы, ұлт көсемі

Буденова Салтанат Курмангалиевна
Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,
Демейді қандай қазақ оны оң көзі.
Семей тұрсын, жеті облыс - бар қазақтан,
Талассыз жеке - дара тұр ғой өзі.
С. Торайғыров

Қазақ халқының тарихы ұлы тұлғалар мен тарихи оқиғаларға толы. Жүрегі «қазақ» деп соққан әр азамат ата - бабалары қалдырған ұлттық тарихты ұмытпай, келешек ұрпаққа жеткізу «аманат» екенін түсінуі керек. Өткенімізді ұмытсақ, болашақ бізді кешірмейді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев: «Ғасыр басындағы мемлекет мүддесін ойлаған ұлты қазақтардың жеке басының тағдыры да қасіретті болды. Алайда, ұлттық жігер мен толысқан зерде сабағы ұмыт болған жоқ. Жүзжылдықтың алғашқы жартысындағы қазақ зиялыларының жеке басының қасіретімен қатар, өрілген қызметі өзінің бірегей құбылыс ретінде тұжырымды деңгейімен ғана емес, азаматтық һәм адамгершілік деңгейімен де осы заманмен үндес», - деп, Алаш тарихын халыққа толық жеткізуге уақыттың келгенін көрсетті.
Тарихта аттары қалған, қазақ халқы үшін, тәуелсіздік үшін күрескен, ұлт болашағы үшін құрбан болған Алаш арыстарының ұлы жолдарын үлгі ете отырып, келер ұрпақтың санасына сіңіру біздің басты борышымыз.
Ұлт көсемдері Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Нығмет Нұрмақовтардың ел мүддесі жолындағы еңбектері зор.
Қазақтың ХХ ғасыр басындағы ұлт - азаттық қозғалысының негізін салушы, көсемі, халқымыздың тұңғыш саяси Алаш партиясының ұйымдастырушысы және ұлттық Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым - ормантанушы, экономист, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, дарынды публицист Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан халқы үшін, жарқын болашағы үшін аянбай қызмет етті.
Әлихан Бөкейхан 1914 жылы жазған мақаласының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» - деп жазды. Әлихан Бөкейхан соңғы демі біткенше осы сертіне адал болып қалды.
Ол қазақ халқының тұрмыс - тіршілігін, мәдениетін, шаруашылығын, төрт түлік малын, жер - суын, әлеуметтік - экономикалық жағдайын жан - жақты зерттеген санаулы ғалымдардың бірі. «Жер жөніндегі министрліктің»Ф. А. Щербина басқарған экспедициясына алғашқыда статистик ретінде шақырылып, кейін экспедицияның жеке зерттеу тобын басқарып жұмыс істеген. Экспедицияның негізгі алға қойған мақсаты - ХІХ ғасырдың 90 - шы жылдарынан бастап Ресей үкіметінің қоныстандыру саясатының объектісіне айналған қазақ даласын жан - жақты зерттеу болатын. Қазақ шаруашылығын үйді - үй, қора - қора басымен есепке алу, жайлау, қыстау, егіндік - шабындық жерлердің көлемін анықтау, қазақтың жер - суын, орман - тоғайын, шөл - даласын есепке алу еді. Әлихан Бөкейхан Семей облысына қарасты Павлодар, Қарқаралы, Семей уездері мен Ақмола облысының Омбы уезінде жүргізілген жұмыстарға тікелей қатынасып, алуан түрлі деректі материалдарды жинайды. Экспедицияның қорытындылары 1903 - 1905 жылдар аралығында жалпы көлемі 13 том болып жарыққа шықты. Экспедиция қатарындағы атқарған жұмысы Ә. Бөкейханның ғылыми жұмыстарға жан - жақты дайындығын, терең білімін және кіндік қаны тамған туған жеріне деген сүйіспеншілігін аңғартты. Қазақ жерін зерттеуге елеулі үлес қосқан орыстың белгілі ғалымы С. П. Швецовтың 1928 жылы жазылған «А. Н. Букейхан» атты зерттеуінде Әлихан Бөкейханның ғылыми - зерттеу жұмысын жоғары бағалаған.
Әлихан Бөкейхан - қазақтың мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған бірегей ғалым. «Щербина экспедициясынан» кейін 1903 жылы С. П. Швецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналасқан Челябі мен Томск қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясының басы - қасында болады. Әлихан Бөкейхан экспедиция жүктеген мақсатқа сай, қазақтың қой және қой шаруашылығының егжей - тегжейін терең зерттейді. Сол өңірдегі қой шаруашылығымен қоса ол бүкіл қазақ даласының түпкір - түпкіріндегі, атап айтсақ, Жетісу, Сырдария бойындағы қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір - бірімен салыстыра отырып қарастырады. Соның нәтижесінде Әлихан Бөкейхан қазақтың қой тұқымдары және қазақтың қой шаруашылығы жайында бұрын соңды болмаған үздік монография жазып шығады. Монографияда қазақы қойдың түрлі тұқымдары туралы, жем - азығы, жайылымы, малдың түрлі аурулары мен емдеудің әдістері жайында, қазақтың қой шаруашылығына қажетті алуан түрлі мәліметтер молынан берілген. Бұл еңбек экспедицияның басқа материалдарымен бірге «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» деген үш бөлімнен тұратын кітап болып 1904 жылы Томск қаласынан жарыққа шығады. Осы монографиямен қатар жазылып, жарық көрген, Қазақстанның батыс бөлігіндегі ірі қара мал шаруашылығы және қазақтың жылқысы жайындағы туындылары өкінішке орай әлі күнге дейін табылмай отыр.
Әлихан Бөкейхан 1896 жылдан 1901 жыл аралығында далалық - Семей, Ақмола, Торғайоблыстарының12 уездерінде статистикалық зерттеу жүргізген. Семей облысының Ақмола облысынан екі есе және Торғай облысының екі солтүстік уездерінен қойларының саны жағынан бай болған.
Қойлар «салпықұйрық» және «таңқықұйрық» болып бөлінген, мүйіздерінің сақинасы арқылы қойдың және ешкінің жасын анықтауға болады, әр облыстың қойларының етінің, жүнінің, сүтінің, түрлерінің, ауа - райына төзімділігінің өз ерекшеліктері бар. [4, 156 - б.]
Ешкілерді кедейлер асыраған, қойларға қарағанда сүтті көп береді, тез көбейеді, екі немесе үш лақ туады, байлар ешкіні келген қонақтарға сойған және малшылардың еңбекақысына береді.
Малдың жасына және шаруашылық маңызына қарай қойларды 8 және ешкілерді 7 топқа бөлген: қошқар, қозылы қой, ту қой, қозы, сек, тұсақ, бойдақ, еркек қой; теке, лақты ешкі, ту ешкі, лақ, серкеш, туша, серке.
Қойлардың кеңістікті есте сақтауы күшті болған: қозылар жаңа қоныстан бұрынғы қоныстарына қайта оралып отырған, кәрі қойлар күзгі және қысқы жайылымның қай жерінде дәмді шөп бар екендігін жақсы білген. Қасқырдың иісін тез сезген, аяқтарымен тыпырлап, дыбыс шығарып, малшыға немесе түнде ауылдағы киіз үйге қарай қашқан. Басқа отарға қосылып кетсе, өз отарына барғанша мазасызданған.
Қазақтардың отбасы үшін көктемгі қой төлдету ерекше мереке. Алғашқы қозыны әкелген адамға сыйлық берген, шашу шашқан және аузын үрлеп, «мыңның басы бол» деп айтқан. Барлық отбасы мүшелері қойларды ерекше күткен. Қойды төлдетуге балалар да көмектескен. Малшылар түйемен және үлкен қоржындарымен қозыларды ауылға әкеліп отырған.
Қоздаған қойларды 3 - 4 айға дейін, ешкілерді 5айға дейін сауған. Бірінші күні сауып, одан уыз пісірген. Сәуір айынан15 маусымға дейін екі рет сауған: күндізгі 11 - де және кешкі 7 - де. Мамырдың екінші жартысында және кешке қой мен ешкіні сауып, ал қозыларды жайылымға айдап жіберген. Маусымның ортасынан бастап қой мен ешкіні бір рет сауған. Қойдан ғөрі ешкі сүтті көп берген. Қойдың және ешкінің сүтінен әртүрлі тағамдар дайындаған: сүт, айран, қоюсүт, қорытық, ұйытқы, қатық, қойқатық, сүзбе, сарымай, құрт, ақ ірімшік, сарысу, жент, сықба, қаймақ.

Қойды жылына екі рет қырқады - мамырдың басы және қыркүйектің аяғында. Оны арнайы қайшы «қырықтықпен» қырқады. Қозыларды маусымның ортасында қырқады. Ешкілерді бір рет және көктемде қырқады, сауылатын ешкілерді тарақпен тарап, түбітін алады. Лақтар бірінші жылы қырқылмайды. Жүннен, теріден қазақтар киімдер, бас киімдер, аяқ киімдер, ыдыстар, үйге керекті жабдықтар, арқан, жіп, т. б. жасаған. Отын ретінде қойдың және ешкінің қиы пайдаланылған.
Ә. Бөкейхан бір мақаласында «Қазақтың өсірген әр қойының үстіндегі жүнінен тоқылған тоқыма қазақтың үстіне киім болып ілінуі керек». «Қазақтың қара қойының жүні қазақтың үстіне киім болып киілмейінше, өндірісіміз көтерілмейді» - деген екен.
Далалық өлкенің солтүстік бөлігінің қойлары оңтүстіктен ұсақ болған. Лақтың еті қозының етінен аз. Қойдың, ешкінің, қозының, лақтың еттерінен әртүрлі тағамдар әзірлеген. Қойлар мен ешкілердің аурулары зерттелмеген. Олар - топалаң, құтырған, тентек, қотыр, тышқақ, құрт, түйнек, ішікепкен, емшекіскен, ақболды, жебір, арамза. Ешкі тентек, құрт, топалаңнан басқа барлық аурумен және кебенек ауруымен ауырады. Қойлардың жауы - қойкене, құрт.
Қойлардың қысқы және жазғы қоныстары: солтүстіктегілер қазан айының басынан мамырға дейін шымнан, тастан, ағаштан жасалынған үйлерде, оңтүстіктегілер киіз үйлерде тұрған. Қыста қыстауда, қорықта, жазда қотанда, күзде күзеуде малды ұстаған. Малды қысқы малшы 6 ай, қарашаның басы мен мамырдың басына дейін, жазғы малшы 6 ай, мамырдың басы мен қыркүйектің аяғына дейін баққан, оларға еңбекақысына алты қой және алты киім берген.
Ежелден мал шаруашылығында қойдың маңызы зор болған. Төрт түлік малдың ішінен қой малына ерекше көңіл бөлген қазақтың «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл - көсір» деген аталы сөзі тегіннен - тегін айтылмаса керек. Бүгінде Австралияда, Еуропа елдерінде, Моңғолияда, Қытайда, Канадада қой етінің сапасын жақсартып, көптеп қозы етін экспортқа шығара бастады. Ата кәсібімізді дүниежүзілік стандартқа сай Елбасының агро¬кешенді дамыту жөнінде алдымызға қойған тапсырмасына сәйкес, «Агробизнес - 2020» бағдарламасын [7] және Әлихан Бөкейханның қазақтың мал шаруашылығы туралы ғылыми еңбектерін басшылыққа ала отырып, мал шаруашылығын өркендетуде жаңа жобаларды жүзеге асырсақ, еліміздің дамуына зор үлес қосар едік.
Алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлімхан Ермеков, Нығмет Нұрмақовтардың қазақ халқы үшін атқарған істері болашақ ұрпаққа мұра, оларды тарих қойнауынан жарыққа шығару алдыңғы буын өкілдерінің басты міндеті болмақ.
Н. Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік Ел - ата - бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық...» деген «Мәңгілік ел» идеясы мен Әлихан Бөкейхан мұрасы арасындағы сабақтастықты насихаттау, жүрегі елім, жерім деп соққан, ел еркіндігі мен ұлт бостандығы үшін құрбан болған бірегей тұлғаны үлгі, өнеге ету, тарихта өшпестей із қалдырған ұлы тұлғаның өмірі мен қызметін, еңбектерін келешек ұрпаққа жеткізу біздің парызымыз.
Н. Ә. Назарбаев: «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік!» - деп, халыққа деген сенімін, асқар биіктерден көрінетінімізді, барды бағалап, жоқты жасай білген жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбірейтіндігін, алға нық қадаммен басатынымызды асқан көрегендікпен жеткізе білді.
Ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған, Алаш арыстары жол салып кеткен азаттықтың арайлы таңы атты. Тәуелсіздік - Ұлттың ұлы бақыты. Біз - Мәңгілік елдің бақытты ұрпағымыз!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жыл, 17 қаңтар.
2. Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2015 жыл, 30 қараша.
3. «Қазақстан тарихы» әдістемелік журнал, 2013 жыл, №6, 3 - 4 - беттер. «Қазақ» газетіне - 100 жыл.
4. Әлихан Бөкейхан. Таңдамалы. «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, Алматы, 1995 жыл.
5. Бейсен Сұлтан. Халықаралық ақпараттық агенттігі, 2015 жыл, 29 қараша.
6. Айгүл Ісімақова. Бөкейханов ел басқаруды ғылымды дамытудан бастады."Жұлдыздар отбасы. Аңыз Адам" журналы, № 20, 32 - бет, 2011 жыл.
7. Тынышбай Досымбеков. Қой тұқымын асылдандырудың тың қадамы. 2015 жыл, 16 қазан.
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Құл туралы ұлағатты сөздер

Құл туралы ұлағатты сөздер

Бiз құл болып тұра алмаймыз. Бiз ұлт азаттығымызды аламыз. Мұстафа Шоқай Адам баласы – нәпсінің құлы: маңдайы тасқа тимей тоқтамайды. Әлихан...
Әлихан Бөкейханов Алаштың ардақтысы

Әлихан Бөкейханов Алаштың ардақтысы

Сабақтың тақырыбы: «Әлихан Бөкейханов Алаш ардақтысы» сабақтан тыс ашық шара Мақсаты: Оқушыларға алаштың Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхановты...
Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын (Әдеби кеш)

Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын (Әдеби кеш)

Қандай бақыт қуанышты күн бүгін, Дәлелдеуде Қазақстан елдігін. Арман еткен, қыршын кеткен ағалар, Елің алды егеменді теңдігін....
Әлихан Бөкейханов Алаштың ардақтысы дөңгелек үстел

Әлихан Бөкейханов Алаштың ардақтысы дөңгелек үстел

Алаш партиясының бірінші төрағасы Әлихан Бөкейханов туралы жан – жақты түсінік бере отырып, Ә. Бөкейхановтың қоғамға және мемлекетке сіңірген еңбегі...
Ұлт әдебиетшілерінің «Алқа» тұжырымдамасы

Ұлт әдебиетшілерінің «Алқа» тұжырымдамасы

«Алқа» тұжырымдамасының шығу себебі, нәтижесі, ұлттық құндылығы мен тарихи маңызы...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×