Сайтқа кіру Тіркелу

Сен тарихты білесің бе?

Сыныптан тыс шараның мақсат – міндеттері:
Білімділігі:
Оқушылардың өткен сабақтарда алған білімдерін пысықтау арқылы білімдерін қайталау.
Дамытушылығы: Оқушыларды өз ойларын ашық айтуға, шапшаңдылыққа, топпен жұмыс жасау қабілеттерін дамыту.
Тәрбиелілігі: Оқушылардың тарих пәніне деген қызығушылығын арттыра отырып, оз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеу.
Сыныптан тыс шараның көрнекілігі: интерактивті тақта, сызбалар, түрлі тапсырмалар.
Сыныптан тыс шараның түрі: Сайыс
Сыныптан тыс шараның әдіс – тәсілі: Сұрақ – жауап, сызбалар толтыру, тест тапсырмасын орындау.
Сыныптан тыс шараның барысы: І Ұйымдастыру кезеңі:
5 «А» сынып оқушылары «Батырлар» тобы.
5 «Ә» сынып оқушылары «Хандар» тобы.
Сабақтың кезеңдері:
І кезең «Білсең тап!»
ІІ кезең «Кім жылдам?»
ІІІ кезең «Сөйлеме, бірақ түсіндір!»
Армысыздар құрметті ұстаздар және оқушылар. Бүгінгі 5 – ші сыныптар арасында өткізілетін «Алтын қақпа» ойын сайысына қош келдіңіздер. Сайысымызды бастамас бұрын әдәл – қазылар алқасын тағайындап алайық.
Ендеше сайысымызды бастаймыз.
І айналым. «Білсең тап»

Мына суретте не бейнеленген? Тарихын айтыңыз.

Жауабы: Александрия маягы
Фарос аралының шығысындағы Египеттің эллиндік орталығы Александрия қала - сының маңында орналасқан. Қала атын әлемге танытқан Фарос маягы біздің заманымыздың III ғасырында салынды. Тұтастай мәрмәр тастан қашалған, асқан шеберлікпен қаланған маяктың биіктігі – 150 метр. Сол заманда бұдан биік құрылыс жоқ еді. Бүкіл грек әлеміндегі мұндай үлкен көлемдегі құрылыстың авторы – Книдтен шыққан Сострат. Мәрмәрдан соғылған құрылыстың бір қабырғасына ол: «Книдтен шыққан Дексифананың ұлы Сострат, бұл құрылысты теңізшілерді құтқарушы құдайларға арнадым», - деп ойып жазған. Оның үстіне саз балшықтың жұқа қабатымен патша Птоломей Состердің жорық жырынан үзінді келтірген. Уақыт өте келе сылағы түсіп қалған соң, ұлы инженердің аты белгілі болады. Маяк құрылысын салу кезінде Александрия ғалымдары ойлап тапқан құрылғылар пайдаланылған. 120 метрлік үш қабатты мұнараның төменгі қабаты төрт қырдан тұрады. Бұл төртеуі төрт бағытқа – батысқа, шығысқа, солтүстікке және оңтүстікке қараған. Екінші қабаттың сегіз қыры сегіз жақтан соққан жел бағытына ыңғайластырылған. Үшінші қабатта биіктігі жеті метр Посейдон мүсіні мен күмбез арасын жалғаған шырақ тұр. Металл айналардың күрделі жүйесі шамның шырағын ұлғайтып, жарқырата түседі. Бұл теңіз кеңістігін бақылауға мүмкіндік берді.

Мына суретте не бейнеленген? Тарихын айтыңыз
Жауабы: Артемида ғибадатханасы
Ғибадатхана гректердің аңшылық құдайы болған Артемида құрметіне б. з. д. VII - VI ғасырларда Эфес жерінде салынған. Херсифрон атты сәулетші ғибадатхананы сол кездегі құрылыс әдістерінің бірі – ионика ордерінің стилімен тұрғызған болатын. Құрылыстың сәтті шыққаны соншалық, Грекияның түкпір - түкпірінде осы ғибадатханаға стиль жағынан ұқсас құрылыстар да салына бастады. Алайда Артемида ғибадатханасының ғұмыры ұзаққа бармады. Біздің заманымызға дейінгі 356 жылдың 21 шілдесінде атаққа шөлдеген есер Герострат деген біреу түн ішінде ұрланып келіп, сәулетті сарайды өртеп жібереді. Аңыздар желісі бойынша, Ескендір Зұлқарнайын дәл осы ғибадатхана жалын құшағына оранған түні өмірге келеді. 25 жылдан кейін Ескендір патша ғибадатхананы қайта тұрғызуға әмір береді. Сәулетші Дейнократтың басқаруымен салынған жаңа құрылыс алғашқы ғибадатхананың жобасын сақтағанымен, одан сәл биіктеу болатын. Ғибадатхананың ауданы 110х55 метр, құрылысты қоршап тұрған бағаналардың биіктігі (барлығы 127) 18 метр болған. Артемида сарайы мәрмәр тастармен әшекейленген. Әйгілі грек шеберлері құрылысқа белсенді түрде ат салысқан: бағаналарды безендіру жұмысымен Скопас айналысса, ғибадатхана ішіндегі картиналар Апеллес суретшінің қолынан шыққан. Қаладан қасиетті орынға қарай арнайы порт салынған. Бұл ғибадатхананың да ғұмыры ұзаққа барған жоқ. III ғасырда, дәлірек айтсақ, 263 жылы Кіші Азияға басып кірген гот тайпалары ғибадатхананы қиратып кетеді. 1869 жылы ағылшын археологы Дж. Т. Вуд жүргізген қазба жұмыстары кезінде ғибадатхана болған жерден тірек тақталар мен сарайға әкелінген біраз нәрселер табылған.

Жауабы: Семирамиданың аспалы бағы
Тигр және Евфрат жарыса аққан қос өзен аңғарын жайлаған Месопотамия өз қойнауында талай кереметті жасырды. Тарихы бай Шумер мен Аккад мәдениетінің керемет туындысы – Вавилон патшасы Навуходоносордың (б. з. д. 605 - 562) сүйікті жары Семирамидаға арнап салдырған аспалы бағы. Оның тарихы былай еді: кәмелетке толған Навуходоносор патша алыстағы тау елі – Мидияның ханшасы Шамурматқа (грекше Семирамида) құда түсіп үйленеді. Сүйікті жарымен бірге Вавилон шаһарына оралады. Бірақ көркіне ақылы сай ассириялық ханшайым сол елге келгелі бір жадырап күлмейді, ешкіммен сыр ашып сөйлеспейді. Жатса, тұрса елін, жерін аңсайды. Көк шалғын желектері мен хош иісті райхан гүлдерін, кәусар бұлақ суларын сағынады. Ал Вавилон шаһарында аңызақ жел мен аптап ыстықтан өзге ештеңе жоқ. Күндіз де ыстық, түнде де ыстық. «Қайткенде сүйіктімнің бабын табам» деп көп ойланған патша «туған жерін көз алдына келтірем» деп, айрықша әсем бақ салуды бұйырады. Сөйтіп, патша сарайының кең ауласында кірпіштен әсем террасалар орнатылады. Кірпіш үстіне жанартаудың лавасын құйып, оның үстіне қорғасын плиталар қояды, оған қоса құнарлы май топырақ төгіледі. Құнарлы топыраққа әлемдегі бар әдемі жасыл желекті отырғызады. Мыңдаған құлдар күн сайын төменнен жоғарыға су айдап, жасанды тоғандарды толтырады. Бақшаның беті солтүстік батысқа қарайды, күнбатыстан соққан самал жел Семирамида ханшайымның жабырқаған көңілін жадыратады...

Жауабы: Галикарнас кесенесі
Кіші Азиядағы шағын қалалардың бірі Галикарнастың әкімі патша Карий Мавсол б. з. д. 351 жылы дүние салады. Патша мұрагерлері жер - жерлерден әйгілі құрылысшы, қолөнершілерді шақыртып, патшаның зиратын тұрғызады. Кесене салу ісінде шығыстың құрылыс стилі (көп қырлы пирамидалар) мен гректің ионикалық стилі байланыстырылған. Кесене екі қабаттан тұрады, биіктігі 40 - 45 метр. Ол тек биіктігімен емес, грек еліне белгілі Скопас, Леохар, Бриансид, Тимофей секілді әйгілі мүсіншілердің қолынан шыққан әр алуан мүсіндер арқылы көркемделуімен де ерекшеленеді. Мавзолей шамамен алғанда 1800 жыл сақталып келді. Ағылшын археологы Ч. Т. Ньютонның айтуынша, ХV ғасырда крестшілер мавзолейді бұзып, оның құрылыс материалдарын Эгей теңізінде қасиетті Петр сарайын (қазіргі Түркияның Бодрум қаласы) салуға пайдаланған.
Мавсол патша мен оның әйелі Артемисаның табыттары, мүсіндері және басқа дүниелері қазір Лондондағы Британ мұражайы мен Стамбулдың археологиялық мұражайында сақтаулы

Жауабы: Зевс мүсіні
Әлемнің жеті кереметтерінің бірі – Зевс мүсіні Олимпия қаласының орталық алаңындағы Зевс ғибадатханасында болған. Оны әйгілі грек мүсіншісі Фидий піл сүйегі мен алтынды қиыстырып жасаған. Мүсіннің биіктігі 17 метр. Кейіпкердің бір қолында жеңіс құдайы Никаның шағын мүсіні, ал екінші қолында алтын мен піл сүйегінен жасалған қасиетті қыран бейнеленген ұзын балдақ бар. Құдайлардың құдайы Зевстің отырған орын - тағының арқасы мен аяғы піл сүйегінен жасалған әр алуан өрнектермен әдіптеліп қана қоймай, онда Олимп құдайларының бейнелері алтынмен безендіріліп салынған екен. Балдақтың төменгі жағында әйгілі суретші Панэн шығармалары мен билеп жүрген Никалар бейнеленген. Еденге қара көк элевсин тастары төселген. Піл сүйегін құрғап кетуден сақтау үшін зәйтүн майы құйылған арнайы су алабы салыныпты. Мүсінді көру үшін Грекияның түкпір - түкпірінен халық таңның атысы, күннің батысы ағылып келіп жататын болған. Сол заман жазушыларының айтуына қарағанда, Зевс мүсінін көрген жан жарасынан жазылып, дертіне шипа табады деген сенім болған.
Зевс мүсіні ІV ғасыр шамасында Константинопольдағы орталық ипподромға көшіріліп, үлкен бір өрт кезінде жойылып кеткен деген жорамал бар.

Жауабы: Мысыр пирамидалары
Жеті кереметтің ең ежелгісі де, әрі біздің бүгінгі дәуірімізге жеткені де осы Мысыр пирамидалары. Пирамидалар Нілдің солтүстік батыс жағалауындағы сансыз қабірлер мен ғибадат - ханалар тұрғызылған өлілер қаласының үстіне салынды. Пирамидалардың ең көнесі – 5000 жыл бұрын тұрғызылған Джосер пирамидасы. Сәулетшісі ежелгі Египетте дәрігерлік, философиялық және ғылыми еңбектерімен танылған Имхотеп атты шебер еді. Джосер пирамидасы – көп сатылы құрылыс. Сансыз басқыштар арқылы аспанға өрлей береді. Мұның идеясы перғауындардың жердегі қарапайым халықтан биік, құдіретті екенін бар әлемге паш ету еді. Қаншама қажырлы еңбек пен адам өмірі жұмсалған бұл құрылыс Хеопс, Хефрен және Микрен пирамидаларымен жалғасын тапты.
Көлемі жағынан ең үлкен пирамида – Хеопс пирамидасы. Бүкіл жиған - тергеніне көзінің тірісінде Хеопс перғауын 20 жыл ішінде осы пирамиданы салдырды. Биіктігі 147 метр, әр қырының ұзындығы 232 метр бұл құрылысқа 2, 5 - 3 тонналық 2 миллион 300 мың тас блоктары қолданылды.

Жауабы: Родос алыбы
Мүсінші Харестің қолынан шыққан күн құдайы Гелиостың алып мүсіні – Родос аралында салынған теңдесі жоқ ескерткіштердің бірі. Ро дос тұрғындары Гелиосқа айрықша табынған. Күн құ - дайы Гелиос аралды өз қолымен теңіз түбінен алып шыққан деген де аңыз бар. Бұл мүсіннің әлемнің жеті кереметтерінің бірі ретінде саналуы тегін болмаса керек. Аралдың кіре берісінде орналасқан биіктігі 35 метр болатын мүсін құрылысы 12 жылға созылған. Мүсін негізінен балшық пен металлдан жасалған. Ал жоғары жағы қоламен көмкерілген. Мұндай алып мүсінді тұрғызуға шамамен 13 тонна қола мен 8 тонна темір пайдаланылған көрінеді. Зор ескерткіштің кереметтігі соншалық, алып мүсіннің екі аяғының арасынан үлкен желкенді кемелер еркін өтетін болған. Бар - жоғы 56 жыл «өмір сүрген» мүсін б. з. д. 220 жылы аралда болған қатты жер сілкінісі кезінде қирап қалды. 977 жылы Родос аралын жаулап алған арабтар алып мүсіннің қирандыларын бір бай көпеске сатып жібереді.

ІІ айналым «Кім жылдам?»
І топ «Батырлар» тобының сұрақтары.
1. Әйгілі қазақ билері қатысқан заң. (Жеті жарғы)
2. Ұлы Жібек жолы қай ғасырда қалыптасты? (Б. з. б. ІІ ғасырдың соңы)
3. Әлемнің екінші ұстазы кім? (Әл - Фараби)
4. Қаланың қолөнершілері мен егіншілері тұратын бөлігі қалай аталды? (Рабат)
5. «Қытай тарихының атасы» деп кімді атаймыз? (Сыма Цянь)
6. «Тарих – и Рашиди» кімнің еңбегі? (Мұхаммед Хайдар Дулати)
7. Халықтардың тұрмыс – тіршілігін, рухани мәдениетін, шежіресін зерттейтін ғылым (Этнография)
8. Абылай «Дарабозым» деп атаған батыр кім? (Қабанбай)
9. Қола қандай металдың қосындысынан дайындалды? (мыс пен қалайы)
10. Б. з. б. 530 жылғы шайқаста парсы билеушісі Кирді жеңген сақ патшасы кім? (Томирис)
11. «Алтын киімді адам» мәдени мұрасы қай тайпаға тиесілі? (Сақтарға)
12. Ғұн мемлекетінің негізін қалаушы кім? (Мөде)
13. Түркістан қаласының ежелгі атауы? (Йасы)
14. Сайрам қаласының бұрынғы атауы? (Испиджаб)
15. Шыңғысханның шын аты? (Темучин)
16. Отырар моңғол шапқыншылығы кезінде жалпы неше ай қорғанды? (6ай)
17. Қазақ хандығын құрған кімдер?
18. «Қазақ» атауы көне түркі тілінен аударғанда қандай мағына берді? (Еркін адамдар)
19. Батый 1243 жылы Шығыстан Европаға дейінгі жерде қандай мемлекет құрды? (Алтын орда)
20. Алтын Орда ыдырағаннан жалпы неше хандық құрылды? (7. Ақ Орда, Ноғай Ордасы, Өзбек хандығы, Сібір хандығы, Қазан хандығы, Қырым хандығы, Астрахан хандығы)

ІІІ айналым. «Сөйлеме, бірақ түсіндір».
Бұл айналымда оқушылар интерактивті тақтадағы суреттерді бірінші топтың оқушысы интерактивті тақтаға мүлдем қарамай тұрған екінші топтың оқушысына сөйлемей түсіндіруі қажет, ал қарсы топтың оқушысы суреттегі бейнені табуы керек.
Мына суреттер берілген болатын.

Оқушыларды марапаттау.

Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданы,
№3 жалпы орта білім беретін қазақ мектебінің
тарих пәні мұғалімі Ахметкереева Анаргуль Кайровна
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×