Сайтқа кіру Тіркелу

Ұлы отан соғысы және «Түркістан легионерлері»

Ақтөбе облысы, Ойыл ауданы,
Ойыл қазақ орта мектебі
Тарих пәнінің мұғалімі
Самаликова Жанылсын Шахидоллаевна

Тақырыбы: Ұлы отан соғысы және «Түркістан легионерлері»

Адамзат тарихына көз жіберсек, тіршілік үшін күрес болғандығы анық куәлар табылады. Әр заманның соғысу себебі де, мақсат - мүддесі де, тіпті соғысу әдіс - тәсілдері де сол қоғамның даму деңгейлеріне қарай түрліше болды. «Заманалар өзгереді, заманалармен бірге адамдар да өзгереді» деген екен ежелгі Эллада даналығы. [1, 14 - б]. Жұмыр жердің тарихында адамзат талай қоғамды, талай «қылышынан қан тамған» кезеңдерді өз қолдарымен жасап табиғат жаратылысына қарсы келіп, талай адам тағдырын ессіздің қолындағы жансыз ойыншықтай жантүршігерлік күйге енгізді емес пе?

Шведтің белгілі саясаткері Пьер Альмарк «Ашылған жарақаттар» атты кітап жазып, дүние жүзіндегі барлық елдер тарихындағы геноцид құрбандары туралы мол мәліметтер жариялапты.
Оның зерттеулері нәтижесінде адамды аяусыз өлім жазасына кескендер басқа елдермен салыстырғанда бұрынғы КСРО бірінші орынға шығады екен. 1917 - 87 жылдар арасында кеңестер елінде 62 миллион адам құрбан болыпты. [1, 14 - б]. 1949 жылы 1 қазанда Пекинде Қытай Халық Республикасы жарияланып, оны бірінші болып КСРО үкіметі мойындайды да, мемлекет басына Қытай коммунистері келеді. Коммунистік бағытты таңдаған Қытай елінде 1949 - 87 жылдары 35 миллион адамның жазықсыз қаны өзендей ағыпты. Осы уақыт туралы мектеп оқулығыда « Қытай коммунистерінің өкімет билігін қолына алуы елдегі жағдайды мүлдем өзгертіп жіберді. 1949 - 1952 жылдары аграрлық реформа ойдағыдай іске асырылды...» [2, 247 - б] дей келе, елдегі жағымды жаңалықтар туралы мәлімет берген. Жалпы, социалистік жүйедегі 23 елде 110 миллион 286 мың адамның қандарын мойындарына таққан. Ал, Германияда 1933 - 45 жылдары 21миллион адамды, 1936 - 45 жылдары Жапония 6 миллион адамды жер қойнына берген.. [1, 14 - б]. Осы кезде «бейкүнә адамдардың қанын мойынына таққан кім, қандай залым, адам терісін жамылған айуан ба?» деген заңды сұрақтар туады.

Сол кезеңге Пьер Альмарктың деректеріне тағы да көз жіберіп, қанқұйлы саясаттың негізгі басшыларын саралайық. Мәлімет басында 42, 6 миллион адамды құрбандыққа шалған Сталин тұрса, 37, 8 миллион адамның көзін жойған Қытай мемлекетінің басшысы Мао Цзе - дун екінші орналасқан, бүкіл әлемді жаулап алып, «таза қанды» арийліктердің мәдениетін орнатпақ болған фашист Гитлер 20, 9 миллион адамның қанын мойынына киген, Қытайдағы генералиссимус Чан Кай - ши 16, 2 миллилн адамды жер жастандырыпты.[1, 14 - б].

Осы деректер арқылы екінші дүниежүзілік соғысқа себепкер болған Гитлердің қанша адамның бейбіт өміріне балта шапқанын көруге болады. Егер 20, 9 миллион адамның қатарына екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан өзге елдердің жауынгерлерінің санында қоссақ, ешкім де қарсы болмасы анық. 1939 жылы ХХ ғасырдағы екінші рет болған әлемді бөлісу мақсатындағы соғысқа тосқауыл болар бір мемлекет, бір тұлға табылғанда, адамзат тарихы мүлде басқа бағытта дамуы мүмкін еді. Тек адам шығыны ғана емес, қаншама табиғат байлығы, кен - рудалар адамзатқа қарсы мақсатта игеріліп, соғыс болған аймақтағы флора мен фауна жапа шегіп, табиғаттың байлықтары жойылды.

Жоғарыда көрсетілген мәліметтер «халықтың тағдыры ел билеген төренің қолында» екендігін тағы да дәлелдегендей. Бүкіл әлемнен жасырылып келген тарих құпиялары Кеңестік жүйенің нағыз ұйығы болған еліміздің тарихында да жеткілікті. Оған Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдарда – ақ зерттеуші тарихшылардың ерен еңбектерінің арқасында «ақтаңдақ беттерінің» перделері ашылып, адамзат баласына қарсы жасалған талай қастандыққа куә болдық. Кезінде кеңестер елінің құрамында болған мемлекеттер 65 жылдығын тойлауға дайындалып жатқан Ұлы Отан соғысының да бізге беймәлім қыры мен сыры көп. Соғысты өз көзімізбен көрмеген біздір үшін кино ленталарындағыдай көріністерді ой елегінен өткізіп, өткен тарихқа нақты баға беру қиын. Кешегі өткен соғыстың зардабы ел есінен өшпейді. Дегенменде, сол соғыстың нағыз куәгерлерінің қатары азайған сайын, уақыт толассыз өткен сайын, ол да қат - қабат тарих болып қалыңдана береді. Әрине, бұл дүрбелеңдегі фашис шапқыншыларының озбырлығын тілмен жеткізу қиын. Олар елге тосыннан лап қойды. Жолындағы қаланы өртке орап, халықты бауша қырды. Кеңес жауынгерлерінің жанқиярлық ерлігі ғана дүниені жалмаған «аждаһаны» тоқтатты.

Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқас шешуші сын болғаны сөзсіз. Жауға қарсы бұл тойтарыста генерал Панфилов дивизиясының атқарған рөлін бүкіл әлем мойындап, жоғары бағалады. Ленинград қаласының тұрғындары да 900 күндік қоршауда болып ажалмен арпалысқанда да қазақ жауынгерлері ерлік көрсетуден кенде қалмады. Тізе берсек шегі жоқ ерліктер мен өлім құшқан тағдырлар... Мектеп оқулықтарына оның бәрін тізіп көрсету мүмкін емес. Төрт жылға созылған соғыс даласында шейіт болған әрбір адамның тағдыры өз алдына бір тарих, бір ерлік.
1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде, (6 - 8 апта) Архангельск - Еділ - Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс – блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда КСРО - ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырылды.

Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын – герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО - ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді... 1941 жылдың соңында түрік - монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ - Жайық» және «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзербайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық - түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын құлдарға айналдыруды көздеді.

Сондай - ақ, Қазақстанның орталық, солтүстік және оңтүстік - шығыс аудандары – Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялық облыстарының» құрамына кіруге тиіс болды. Бұл жерлерге фашистік Германияға қызмет ету үшін украиндар, белорустар мен поляктарды, венгрлер мен Шығыс Еуропаның басқа да халықтарын қоныстандыру жоспарланды. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарын қайта қарап, КСРО - ның орыс емес халықтарына өзін - өзі басқаруға уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтарды Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды.[3, 160 - 161 - б].

Осы тұста оқулыққа енбей қалған «Түркістан легионы» мен «Түркістан полкінің», Мұстафа Шоқайдың жасырын тағдыры тарих бетіне шығады. Соғыс басталған сәттегі сәтсіздікке байланысты шындық ақырына дейін толық айтылған жоқ. Мәселен, соғыс басталған 4 айдың ішінде 4 миллионға жуық адам (анығы - 3 миллион 900 мың), ал бір жылдан соң тағы бір миллион, жалпы соғыс барысында 5, 5 миллион кеңес жауынгерлері тұтқынға түсіп, немістерді осынша адамды не істерін білмей қалғаны туралы дерек көздері әдейі тасада қалдырылып келді. 1941 жылы Үшінші рейхтың шығыс министрі Альфред Розенберг Түркістан мұсылмандарын Кеңес өкіметінен азат ету комитетін құруды ұсынды. Бұл идия Герман армиясының басшыларының жоспарларына сай келіп, бірден қолдау табады да, 1941 жылы күзде төрт ротадан тұратын «Түркістан полкі» құрылады. Фашистер оған жетекші ретінде мұсылмандарға дінімен де, ділімімен де жақын қазақ Мұстафа Шоқай мен өзбек Вали Каюм ханды тағайындайды. 1942 жылы осындай барлығы 24 батальон жасақталады. Бұдан бөлек, 1944 жылы «Жаңа Түркістан» СС дивизиясы және «Шығыс мұсылман» СС полкі құрылды.

Түркістан лигионы бірінші рет 1942 жылы Астрахань бағытындағы соғысқа жіберілді. Көпшілігі Паулюстің армиясында болды. Гитлершілердің ойынша, олар ары қарай Қазақстанға көктей өтуі керек еді. Түркістан легионында «Біртұтас Түркістан» журналы, «Ұлт әдебиеті», «Жаңа Түркістан» газеті шығып тұрды. Ұлы Отан соғысы жылдарында фашистердің арнайы барлау қызметтерінің Орталық Азия елдеріне парашют арқылы агенттер мен терроршылар тастағаны және олардың тылда жасаған ойрандары туралы кеңестік тарих жұмған аузын ашпай келді. Фашистердің «Цеппелин» атты деверсиялық барлау органының 1942 - 1944 жылдары Қазақстанға да әуеден тек қазақтардан құралған бірнеше агенттік топтар түсіргенінен хабарсыз болып келдік. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағат - деректеріне сүйенсек, Қызыл Армияның бұрынғы аға лейтенанты, 35 жастағы қазақ Әлихан Ағаев бастаған 18 жау десантының парашютпен солтүстік Қазақстанға түсірілген құпиясын білген республиканың мемлекеттік қауіпсіздік органы қызметкерлері тарапынан жерімізге ішкірлей енген жау десанттарын қырағылықпен аңду бастады.

1944 жылғы мамыр айының 19 - ынан 20 - сына қараған түні Ағаев басқарған бандылармен ұсталып, Ақшелек деген жерде тың қалтасынан оның өз қолымен жазған 263 түркістан легионердің тізімі табылған. Соғыс аяқталған соң түркістандық легионерлерді Сталиннің бұйрығымен 25 жылдық лагерьдегі айдау күтіп тұрды. Олардың кейбіреулерін американдық және ағылшын барлауы өз қызметтеріне алып қалса, біразы Түркия сияқты шетелдерге бас сауғалап кетті. Соғыстан соң Алматыда 600 легионерге сот болды. Кейіннен КГБ қызметкері Серік Шәкібаевтің «Үлкен Түркістанның күйреуі» атты кітабы жарық көрді. 1987 жылы Әнуар Әлімжанов Г. Колбиннің алдында Түркістан лигионының негізін салушы М. Шоқайды ақтау мәселесін көтерді. Колбин үндемей құтылды. [4, 10 - б].

«Түркістан легионы» туралы тың деректерді Атырау қаласының тұрғыны, зейнеткер, соғыс жылдарында Германияда болған Ғайпен Бейісовтың мақаласынан да көруге болады. «.. 2 - дүние жүзі соғысында Германияның 3 - рейхы соғыста тұтқынға түскен соғыс тұтқындарынан «Түркістан легионын» құрады. Ерікті деп жариялап еріксіз легионға алды. Әуелі миллиондап тұтқындарды аяусыз қырып, азайтып алды. Істемегендері жоқ. Тез өле қоймағасын сүзек ауруын жұқтырды. Тұтқындар адамгершілік бейнеден, бастағы сана - сезімнен айырылды. Керек десе жаратқан құдайды да ұмытты. Соғыста тез арада «жеңеміз» деп бастаса да, жеңе алмайтындықтарына көзі жеткесін тыңнан жаңа күш іздеді. Сондағы тапқандары Легион болды. Састы. Парижде тыныш жатқан Мұстапа Шоқайды алдырды. Оған тұтқында қырылып жатқан кеңес тұтқындарын көрсетті...» [5, 2 - б]. Осылай Мұстафа Шоқайды өз мақсаттарында жету үшін оны, кеңестік тұтқындарға көмек беруші, жақтаушысы, Легион басшысы ретінде көрсетіп, тұтқындарды өз сөздеріне мүлтіксіз сенуге мәжбүр етті. Мұстафа Шоқай олардың қолындағы тек уақытта ойыншықтай болды, кейін ол қайтыс болғанда да оның өлімін тұтқындардан жасырын ұстады.

«... Тұтқындардың келісімін сұраған емес. Әлі дұрысталып болмаған тұтқындарды адамдық кондицияға жақындағасын Легион лагеріне әкелді. Тұтқындардың алдында екі таңдау тұрды. Бірі легион киімін кию, тірі қалу. Екіншісі өлу. Басы айналған тұтқындар әуелгі кезде Легионова мен легионды айыра да алмады...».[5, 15 - б].
Міне, осылай құрылған легион тұтқындарынан өз отандары бас тартуына тура келді, оған себеп Сталиннің №271 бұйрықпен бәрі де сатқындар атағы тағылған үкім болатын. Легион құрылғаннан кейін оның құрамы үшке бөлінген, өздерін өзгелерден артық санап, артықшылығын нацис, ареис екендіктерін мақтан еткен немістер легионның 30 пайызын құраса, түркімен мен тәжіктер жақтас болған өзбектер бір жақ, қырғыздар мен қарақалпақтар жақтас болған қазақтар бір жақ болған. Легион Варшавадан 19 шақырым жерде орналасқан Легионова селосында орман арасында, ағаш барақтар салынып айналасы сым жебелермен қоршалып әскери қалашық болып бой көтерді.

Дарбаза салып, оның алдына немістерден қарауылшы қойылды. Оның себебі, еті үйреніп алған легионерлер киімдерін полшалықтарға тамаққа айырбастады. Қысқа мерзім ішінде Легионовада Түркістанның 1, 2, 3, батальондары құрылды, батальон командирлері таза неміс персоналдары. Бірінші батальон командирі түрік тілін білетін Майор Мадр деген неміс. Сол сияқты басқа батальондары да сондай.
Түркістанның 162 жаяу әскер атқыштар дивизиясы Полтава жерінде, шығыс мұсылман «СС» дивизиясы Чехославакия Миава жерінде құрылды. Сол сияқты әдейі бүлдіргіштер, барлаушылар, деверсанттар Лукенвальдыда, Симферопольде, Востроу, Ромененкода, Топпель т. б. қалаларда жаңбырдан кейін шығатын саңырауқұлақтардай самсап өсе бастады. Осы құрылған әскери құрамалар 3 - рейхқа қандай пайда келтірді. «Ішкен асы мен киген киімінің бұлын ақтады ма?» деген сұрақтар өзінен - өзі жауабын күтеді.
1 - Түркістан 1 - батальон командирі қазақ Уәлихан Құрамысовтың батальоны 1800 легионерімен Майков бағытында кеңеске қарсы соғысқа салынды. Нәтижесінде батальон бір оқ атпастан қызыл армия жағына беріліп кетті.
2 - Түркістан батальон командирі қазақ Амиров Беларус партизандарына қарсы соғысқа салынды. Нәтижесінде Амиров батальонымен партизандар жағына шығып кетті.
3 - Түркістанның 3 - батальон командирі Исин Алимжан – қазақ. Француз альфасында, француздар «сопротивлениясына» қарсы соғысуға салынды. Исин батальонымен соғыспастан «сопротивленияға» қосылып ол кетті. Сол сияқты Сеуіл Мұратов, Төлеу Мұрзабеков, Залин Мирзамир, Дауыл Қосымбаев (шын аты Дәулеш), Темірхан Жангелдиндер отандарына оралды. Чехославакия жерінде таудағы словак партизандарына соғысқа салуға әзірлік жасап жатқан шығыс мұсылман «СС» дивизиясының Түркістан полкінің командирі Ғазизжан Азимов, ол өзі - Алимов.

Бір түн қараңғысын пайдаланып, полкін алып, словак партизандарына тайып тұрды. Бұл сияқты кеңеске, партизандарға өтіп кеткендердің санын кім санап білген. Бұл тек менің білетіндерім. Ал білмейтіндерім, ұмытқандарым қанша. Обалдары не керек одақтастар армиясы ұстаған жоқ, қысым көрсеткен жоқ.[5, 15 - б].
Одақтастар соғыс тұтқындарын отандарында оларды не күтіп тұрғанын ескертіп, сол елдерде қалып бейбіт өмір сүруді ұсынғанына қарамастан, отандарына оралып 10 - 25 жылдан ГУЛАГ - қа айдалды. Осы ГУЛАГ - та тұтқында болған адамдардың басым көпшілігі жазықсыз жандар екендігіне дәлел ретінде Ішкі істер Органдарының мұрағатында жасырын сақталған СтепЛАГ - та болған атақты Кеңгір көтерілісі басшыларының бірі Капитон Иванович Кузнецовтың баласына жазған хатындағы мына бір жолдарға назар аударайық.: «Сендерге бізді (баласына айтқаны - Т. С.) қоғамға, мемлекетке аса қауіпті жау деп көрсетеді. Оған сенбеңдер. Шынында біз кімбіз? Біздің арамызда отырғандар: профессорлар, инженерлер мен техниктер, мұғалімдер, дәрігерлер, агрономдар, генералдар мен офицерлер, солдаттар, нашар тұрмысы немесе құдайға сенгені үшін жазықты болған қарапайым жұмысшылар мен колхозшылар, әйелдер, жасөспірім жігіттер мен олардың қалыңдықтары, ең сұмдығы – шахталар мен карьерлерде, далада, қамауда үнсіз көз жұмып, бұл дүниеден кетіп жатқан қарттар, мүгедектер мен балалы әйелдер. Айналаның бәрінде тұтқындардың қаны сорғалауда» - деп жазды.

Оның баласына «сенің әкең кінәлі болғаны үшін отырған жоқ, жазықсыз отырғаны үшін кінәлі» деген сөзі осы жағдайға алып келген зұлым саясаттың ащы шындығын анық көрсеткендей болады. Ұлы Отан соғысының соңына қарай тұтқындаодың саны 40 мыңнан асқан....[8, 7 - б]. Соғыстан қайтқан тұтқындар 30 - жылдардың басында пайда болған бұл лагерьлерден хабардар болса да, отанға деген ұлы сезім оларды шетелде қалдырмай, кіндік қаны тамған топыраққа жетеледі. Соғыс соңында тұтқындар саны неліктен 40 мыңнан асқаны сөзсіз түсінікті. Олардың қатарында болу кез - келген жауынгердің тағдырына да жазуы мүмкін еді. Сол азапқа төзіп, оңтайлы сәтін күтіп өз Отанына деген сеніміне берік ұстанғандар мен көніп, шынымен де сатқындық жасағандар да болды. Осыны ұмытпай, көпке топырақ шашпай, Ұлы Отан соғысы кезіндегі қатаң Сталиндік жүйенің құрбаны болған тек қазақтың ғана емес, түркі ұлтының өзге боздақтарының адал атын ұлықтау өскелең - ұрпақтың міндеті. Мектеп оқулығына енбей қалған осы тақырып, оқушысы санасында оң көзқараста қалыптасса екен. Мұстафа Шоқайдың тұлғалық бейнесі - өз алдына бір бөлек тарих. Өткен өмір бедерлерін сараласақ, Мұстафа Шоқай сол кезеңдегі кейбір мұсылман ұлттарынан тұтқынға түскендер үшін ажалдан арашалаған оққағардай болғаны анық еді.

Осы келтірілген деректерге ортақ тарихтың ақиқатын ұмытпайық, ол - фашистік Германия үкіметі алғашында Қазақстанды бөлшектеп «индустриялық облыстарының» құрамына енгізіп, өзіне шикізат өндіретін аймаққа айналыруды көздегені, қазақтарды құртып, орнына славян халықтарын қоныстандыруды жоспарлағаны шындық. Тек соғыс барысының күрт өзгеруі олардың «Үлкен Түркістан» атты жоспарларын қайта қарауларына мәжбүр етті. Осының нәтижесінде соғыс тұтқыны болып, өз отандарының тысқары қалған мұсылман халықтарының жауынгерлерінің тағдыры тарихи аренағаға шықты. Дегенмен де, тұтқындар мәселесіне келгенде, әсіресе Түркістан легионының қазақ және өзге түркі мемлекеттерінің тарихындағы алар орнын анықтау қажет. Бәріне уақыт өзі таразы болары сөзсіз, әйтсе де, «Тарихты білмей өткенді, қазірді білу, келешекті болжау қиын» деген Әл - Фарабидың сөзін ұмыптаған жөн.. Техниканың, ақпараттың тез дамыған заманында жастардың қоғамға деген сұранысы да, сауалы да көбейері анық. Соған жауап беретін, сұраныстарын қанағаттандыруға біздер дайынбыз ба?

«... сталиндік тоқпаққа салынып, отанын сатқан опасыз, сілімтік сатқындар емес, керісінше, ұлт патриоттары, сталиндік жүйенің қас жауы, тәуелсіздік үшін арпалысқан күрескер ретінде қарастыруға болады...».[4, 10 - б] деген пікірге келісуге бола ма?
Оқулыққа бұдан өзге жеке батырлардың ерлігін дәріптейтін нақты тарихи құжаттардан тұратын мәліметтер берілсе, оқушылардың патриоттық сезімдерін оятатындай әсерлі болса, білім мен тәрбиенің ұштасуы сөзсіз болар еді. Ұлы Отан соғысы туралы оқушылар 5 кластың «Қазақстан тарихынан әңгімелер» атты оқулығынан қысқаша мәлімет алады. 9 кластың дүние жүзі және Қазақстан тарихы оқулықтарынан одан әрі білімдерін тереңдетеді. Қазақстан тарихында §14, 15 Қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы деген тақырып бар. Онда Мәскеу, Ленинград, Сталинград қалалары үшін ерлік көрсеткен, батыс майданда Отанын қорғаған қазақ жауынгерлері мен батырлары, майданға және басқыншылықтан азат етілген аудандарға бүкілхалықтық көмек пен ұлтаралық қатынас туралы мәліметтер берілген. 500 000 қазақ жауынгері аттанып, оның 70% қайтыс болған осы соғыс туралы мектеп оқушыларына тереңірек білім беру артық болмас еді.

Оқулық бағдарламасына сыймаса да қосымша деректер кітапшасына ақиқаттың қиын да қызықты тұстарын жазып, оқушылар назарына ұсынса. Мысалға Қазақстанның әр облысының батырларын тақырып соңындағы қосымша деректерге жазса, бүкіл қазақ баласы өз жерлестерінің аты - жөнін біліп, ерлігін мақтан етері анық. Бауыржан, Қасым, Тоқтар, Нұркен секілді батыр аталары олардың өз жерлерінде туып, қаны тамғанын сезіну әр балаға мақтаныш емес пе?
«Мен болашақта ізденем» деген оқушыға қиындық тудармайтындай осы тақырыпқа қатысты мәселелер жарияланған кітаптар дүкен сөрелерінде ғана емес, мектеп кітапханаларына да жетсе деген тілектемін. Оқушы шығармашылығының бастауы бір сабақта алған бір ғана әсерден, бір адамның тағдырына деген қызығушылықтан басталады. Олай болса, шынайы патриоттыққа толы осы тақырыпты жазғанда тек тарихи деректермен ғана емес, оқушы жүрегінен орын алардай әсерлі етіп жеткізсе, қиялын арманмен ұштастыруға дайын тұрған оқушылар үшін артық зат жоқ.

Адамзат тарихындағы қаралы қырғындар болғаны белгілі, оған тарих - куә, уақыт - таразы. Сол Ұлы Отан соғысындағы әлі де болса да жабулы күйінде жатқан құпиялар жетерлік. Оларды көзімен көрген куәгерлер саны азайып бара жатқанын ескеріп, келешек ұрпаққа олардан қалған ұлы істердің ақ пен қарасын ажыратқан күйін ашу қолына қалам алған зерттеуші - тарихшы ағаларымыздың міндеті болса, кейінгі ұрпақ санасына оның өнеге, өсиетін сол қалпында тәлім тәрбие ретінде жеткізу - тарихшы ұстаздар қауымының міндеті. Олай болса өз еліміздің тарихын оқытуда олқылықтарға жол бермей, өзгелердің беделін биіктете отырып, өз ұлтымыздың намысын шыңдай түсейік.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Жаппай қырғынға жазықты кімдер» Ақ Жайық. 3 ақпан, 2000 жыл
2. К. Қожахметұлы, Ә. Шүпеков, М, Ғұбайдуллина, Р. Бекіш
Қазіргі дүние жүзі тарихы, 9кл. «Мектеп» баспасы. 2006
3. Б. Ғ. Аяған, Қазақстанның қазіргі заман тарихы, Алматы «Атамұра» 2005
4. Төреғали Тәшенов «Алаш» батальоны..., Айқын 31 тамыз, 2005
5. Ғайнен Бейісов «Түркістан легионы», «Атамекен» желтоқсан, 2000
7. М. Қозыбаев, К. Нұрпейіс, Қ. Жүкешев 2005 жылы «Мектеп»
8. Тілеген Садықов «Халықтар түрмесі», Егемен Қазақстан, 27 мамыр, 2009.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, нақыл сөздер, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×