Сайтқа кіру Тіркелу

Адамгершілік - асыл қасиет

Тәрбие сағатының тақырыбы: Адамгершілік - асыл қасиет.

Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, кішіпейілділікке, әдептілікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу, оқушылар бойына ізеттілік, үлкенге құрмет көрсетіп, әдепті болу, ата - ананы қастерлеу сияқты қасиеттерді сіңіре отырып, адамгершіліктің негізгі қағидаларын үнемі сақтап жүруге үйрету, шапшаң ойлауға, өз пікірін саналы, шебер ортаға сала білуге мүмкіндік беру.

Көрнекіліктер: Нақыл сөздер, сұрақтар жазылған қимақағаздар, сөзжұмбақ.

Тәрбие сағатының барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
- Сәлеметсіздер ме?
- Отырыңыздар.
* Психологиялық дайындық.
Тілек айту. Бір - біріне гүл шоғын беріп, жақсы қасиеттерді айтып, тілек тілеу.

ІІ. Үй тапсырмасын тексеру.
- « Сөздің көркі - мақал» тақырыбында оқушылар мақалдар дайындап, әр оқушы бір мақалға әңгіме жазып келу.(оқушылар үй тапсырмасын оқиды)
- Қорытындылау: Мақал дегеніміз - нақыл - өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі. Олар көбінесе өлеңдік өрнекпен, сабырлы, салмақты ырғақпен, қара сөзбен айтылады.

ІІІ. Жаңа сабақ.
- Мұғалім: Бүгінгі тәрбие сағатының тақырыбы: Адамгершілік - асыл қасиет.
Тәрбие сағатының мақсаты: Оқушыларды адамгершілікке, кішіпейілділікке, әдептілікке, жаман әдеттерден аулақ болуға тәрбиелеу, оқушылар бойына ізеттілік, үлкенге құрмет көрсетіп, әдепті болу, ата - ананы қастерлеу сияқты қасиеттерді сіңіре отырып, адамгершіліктің негізгі қағидаларын үнемі сақтап жүруге үйрету, шапшаң ойлауға, өз пікірін саналы, шебер ортаға сала білуге мүмкіндік беру.
Бүгінгі тәрбие сағатымызда адамгершілікті қалай түсінесіздер, қандай әдеп нормаларын білесіздер, өзара пікірлесіп, ой бөлісеміз.
* Мұғалімнің кіріспе сөзі: Адамның адамгершілік, саналылық дәрежесі оның тәртібі мен іс - әрекетін анықтайтыны әлдеқашан дәлелденген. Адамгершілікке тәрбиелеу баланың жеке басын қалыптастыру мен дамытудың аса маңызды бір саласы, ұжымға, қоғамға, Отанға, еңбекке, өз міндеттеріне және өз басына қатынасын қалыптастыруды көздейді. Адамның бойынан адамгершілік қасиеттер табылса, әрине сымбатты, парасатты көрінеді.
Адамгершілік - адамның асыл қасиеті.
Жүсіп Баласағұн адамгершілік пен инабаттылықтың төрт қасиетін 6600 тармақтан, 72 тараудан тұратын «Құттыбілік» дастанында көрсетіп берді. Шығыстың ұлы ғалымы Әл - Фараби:«Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін» деген екен.

- Мадина: Адам тумысынан жамандыққа үйір емес. Жақсылық адам бойына бала кезде егіледі. Ол жылдар өте келе өніп шығады. Жақсылық өнімнің шыққаны немесе оны жамандықтың арам шөптері басып кеткені сонда ғана белгілі болады. Ізеттілік пен сыпайылық сияқты адамгершілік түрлері отбасынан басталады.
- Дана: Отбасындағы тәрбиені адам өз өмірінің «Алтын бесігі» мектеп қабырғасында жалғастырып, өмір заңдылықтарын үйренеді. Мектепте халқымыздың әдептілік, әдемілік, имандылық, қайырымдылық, яғни рухани адамгершілік тағылымдарын - еліміздің дәстүрін ата - ана мен ұстаз тағылымдарын өз білімдерімізбен жалғастырамыз.
- Марғұлан: Адамгершілік қасиет ең бірінші әр оқушының отбасын сыйлаудан басталады. Әке - шешеге ешқашан дауыс көтеруге, сөз қайтаруға болмайды. Ата - анасын сыйламаған адам басқа біреуді сыйламайды. Ата - ананы ренжітпеу - әр баланың өмір бойғы міндеті. Адам қандай жоғары лауазымда қызметте жүрсе де ізеттілікті жоғалтпауы тиіс. Үлкен адамдарға қоғамдық көліктерде орын беру, сұрақтарына дұрыс жауап беру қажет.
- Мұғалім: Адамгершілікке байланысты проблемалық жағдаяттарды шешу үшін қима қағаздағы сұрақтарға жауап берейік.
1. Мектептен үйге қарай жүгіріп келе жатқанда, алдыңнан бір үлкен кісі шықты. Сен не істер едің?
- Айгерім: Үлкен кісімен амандасып, жол беремін.
2. Өзіңнен үлкен кісілер әңгімелесіп отырған кезде сен не істеуің керек?
- Нұрбек: Үлкендердің әңгімесін бөліп, сөзге араласуға болмайды. Егер тығыз шаруам болса, «кешіріңіздер»- деп айтар едім.
3. Көшеде біреу жөн немесе жол сұраса не істер едің?
- Мадина: Асықпай түсіндіріп беремін.
4. Автобуста, қоғамдық орындарда егде адамдарды көрсең не істеген жөн?
- Дана: Үлкен кісілерге әрдайым орын беру керек.
5. Үлкен кісілермен қалай сөйлесу керек?
- Марғұлан: Үлкен кісімен «Сіз» деп сөйлесу керек.
6. Әдептілік деген не?
- Нұрбек: Адамдардың жүріс - тұрысы мен өзара қарым - қатынасының ережелері.
- Мұғалім: Адамгершіліктің негізгі қағидалары қандай?
- Мадина: Кешірімді болу, кек сақтамау, сөйлесе білу, әділ болу, ізеттілік. Рұқсат сұрау, кешікпеу, амандасу, өсек айтпау, уәдеде тұру, имандылық, мейірімділік, сабырлылық, қайырымдылық, т. б.
- Айгерім: Ізеттілік - айналасындағыларды құрметтеу, кішілік мінез таныту. Амандасу - бейбіт пейілдің, достық ықыластың белгісі, мінез – құлықтың нормасы.
- Марғұлан: Әділ болу - адамшылықтың асыл белгісі. Әділетті қоғам адамдар имандылық қағидаларын қатаң сақтағанда ғана құрылады. Әдет – ғұрып дәстүрлеріне қалыптасқан қағидаларға, құқықтық нормаларға, заңға сүйенгенде ғана әділдік жеңеді.
- Дана: Рұқсат сұрау - адамдар қарым - қатынасындағы ішкі мәдениетті айғақтайтын этикалық қағидалардың бірі. Адамның меншік құқығын құрметтеу және оған қол сұқпау. Әр адам бір - бірінің құқығын құрметтей білуді үйренгендері жөн.
Имандылық - әр адам ұлтына, нәсіліне, жынысына, дініне қарамастан иманды болып туады. Иманды бала дөрекілікке бармайды, ата - анасын ардақтайды, кісіге қиянат жасамайды. Имандылық бар жерде рухани тазалық бар, сенім бар.
- Нұрбек: Кешікпеу - бұл дағдыны адам өзіне бала жастан дарытқаны жөн. Кешігу адамдарды сыйламау. Жұмысқа немесе туған күнге, кештерге кешігіп бару - барып тұрған мәдениетсіздік. Уәделі жерге ерте бару керек, кешіккен жағдайда кешірім сұрау керек.
- Мадина: Сабырлылық - адам бойына екі жолмен дариды, бірі туа біткенде, екіншісі адам өзін – өзі тәрбиелеу жолымен келеді. Сабырлылық адамның өз мінез - құлқына ие бола алатынын көрсетеді.
- Айгерім: Қайырымдылық - айналадағы адамдарға ізгілікті іс жасау. Қайырымдылық бар жерде қатігездікке жол жоқ. Өзгелер үшін жасалған ізгілік адам жанын нұрландырады, адамдық мәртебесін көтереді. Қайырымды бала қашанда ата - анасының мақтанышы.
- Мұғалім: Адамгершіліктің басты қағидаларын орындау адам құқықтарын қастерлеу шарттарының бірі. Оның баптары қандай?
- Дана: Барлық адамдар тең құқықты, ерікті, қадірлі. Азаматтар нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне, тегіне, дініне, мүліктік және лауазымдық жағдайына қарай заң алдында бірдей. Өмір сүру құқығы, адамның бас бостандығы мен жеке өмір сүру еркі қасиетті болып табылады.

ІҮ. Қорытындылау.
* Дәптермен жұмыс.
1. Алған мағлұматтарды қорытындылап, «Адамгершілік» атты кластер құру.
2. Адамгершілік жайында мақал - мәтелдер, нақыл сөздер жазу.
3. Тақтадағы нақыл сөздерді дәптерге жазу.
* «Адамгершілік» тақырыбында сөзжұмбақ шешу.
1. Ақыл, сана, бостандық иесі болып табылатын табиғаттың бір бөлігі.(адам)
2. Адамды аңдар қауымынан ажырататын сөз. (сана)
3. Адамның өмір сүру ортасы. (қоғам)
4. Адам бойындағы жағымсыз қасиеттердің бірі. (қатігездік)
5. Ішкі рухани адамгершілік қасиеттердің бірі. (сенім)
6. Адамгершілік қағидаларының бірі. (шыншылдық)
7. Адам бойындағы асыл қасиет. (әділдік)
8. Ең асыл қасиеттердің бірі. (ерлік)
адам
сана
қоғам
қатігездік
сенім
шыншылдық
әділдік
ерлік
Ү. Үйге тапсырма:
1.«Адамгершілік - асыл қасиет» атты эссе жазу.
2.«Алдымен анаңды сыйла» атты дөңгелек үстелге дайындалу.

* Мұғалімнің қорытынды сөзі: Бөгенбай батыр атамыздың мына өнегелі өсиетін есте сақтаңыздар: Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі - талап, шолушысы - мінез, сыншысы - халық болсын.
* Бүгінгі тәрбие сағатымызды Т. Молдағалиевтің өлеңімен аяқтаймын:
Әркімнің өз биігі бар шығатын,
Әркімнің өз білігі бар ұғатын.
Әркімнің өз кемшілігі бар әсте,
Көкейінде жасырынып тұратын.

Нақыл сөздер:
* Адамның адамшылығы ақыл мен ғылымда, жақсы ата - анадан, жақсы құрбы, ұстаздан. Абай.
* Адамның басшысы - ақыл, жетекшісі - талап, шолушысы - мінез, сыншысы - халық болсын. Бөгенбай батыр.
* Тәрбиесіз адам адамгершілік жағынан надан, дүмше - бұл да бір, ақаулы двигательмен ұшырылған самолет те бір, өзі өледі, өзгені де ала кетеді. В. А. Сухомлинский.
* Адамгершілік - асыл қасиет.
* Адамгершілік - ар, намыс, адалдық, достық, жақсылық жасау.
* Адамгершілік - деген ұлы сөз. Адамның игі іс - әрекеті, еңбек, достық, татулық - осының бәрі адамның адамгершілік қасиеті.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×