Сайтқа кіру Тіркелу

22 наурызға арналған. Жер бетіне жақсылық ұялатқан күн

ОҚО, Отырар ауданы, Темір ауылы,
«С. Әлиев атындағы шағын жинақты жалпы орта
мектеп» коммуналдық мемлекеттік мекемесі
І - санатты бастауыш сынып мұғалімі
Шойбек Жанат Жүнісқызы

Тақырыбы: Жер бетіне жақсылық ұялатқан күн
Мақсаты: Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі туралы білімдерін тереңдету. Оқушылардың тілін, мәнерлеп өлең оқу, ән салу, би билеу, сөйлеу мәдениетін, сөздік қорын дамыту. Оқушыларды елін сүюге, дәстүрлі мерекелерді құрметтей білуге тәрбиелеу.
Мазмұны: Бүкіл тіршілік аталуының түрленіп, жаңаруы паш етіледі. Мейрамның ең қадірлі дәмдері мен қасиетті сөздері кеңінен насихатталады.
Көрнекілігі: Қазақтың киіз үйінің жабдықтары, ұлттық тағамдар, алтыбақан, газеттер, нақыл сөздер, киіз үй керегесі, бесік, домбыра, ұлттық бұйымдар.
Қарашаш - Т. Нұрай:
- Уа, халайық! Бүгін ұлыстың ұлы күні. Ата - бабаларымыздың сөзімен айтсақ, ақ түйенің қарны жарылған күн. Наурыз мейрамы! Наурыз салтанаты! Алдымен «Наурыз» сөзінің өзіне тоқталатын болсақ, бұл - көне парсы сөзі. Қазақша аударсақ, алғашқы буыны нау - жаңа, рыз - күн деген ұғымды білдіреді. Сонда жаңа күн деген сөз шығады екен.
Наурыз - жаңа күн, яғни жаңа жылдың алғашқы күні - жыл басы. Бұл біздің халқымызда күн мен түн теңелер мезгіл - наурыз айының 22 – жұлдызына сәйкес келеді. Бұл - қыс бойғы қар көбесі сөгіліп, жер жүзі көгеріп, көктеп, тіршілік атаулыға жан бітіп, - жасарып жаңаратын шақ. Мал бағуды кәсіп еткен ата - бабаларымыздың қорада қойы қоздап, түйе боздап, бір малы екеу болып аузы аққа тиіп, мол ырысқа кенеліп, қыс қыспағынан арқасы кеңіп, арқа - жарқа мәз - мейрам шаттыққа бөленетін жайдарман шағы.
Бұл күні аталарымыз бен әжелеріміз үй - үйді, ауыл - ауылды аралап, наурыз көжеден дәм татады. Үлкен - кішіге ақ баталарын беріп, ізгі тілек тілесетін. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деп нақыл айтып, ауыл арасын ауызбірлікке, татулыққа, ынтымаққа шақыратын. Жыл басы наурыз күні айтылған бұл тілектер ақ болып, толық орындалады деп ырым ететін.
Ғасырлар бойына атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрлі осы Наурыз тойы бүгін, міне, тағы есігімізді ашып отыр. Құрметті халайық! Қәдірменді жәмиғат! Біздің өткен қой жылына еш өкпеміз жоқ. Солай ма?!..
Көпшілік дауысы:
- Иә, өкпеміз жоқ!
- Жоқ - жоқ! Ризамыз! Дән ризамыз!
Қарашаш – Т. Нұрай:
- Ендеше ең алдыменен «өткенге - салауат, болашаққа - аманат» деген ата жолымен сол қой жылын шығарып салайық.
(Ду қол шапалақтау мен сахнаға қой бейнесінде киінген Маржан сахнаға шығады)
Қарашаш – Т. Нұрай:
- Ал, Қойеке, мына жұртың өзіңе дән риза.
Қадамын құтты болып, Сен біздің елге тәуелсіз елімізге көптеген жақсылықтар алып келдің! Ол үшін мың да бір рақмет саған, Қой жылы! Ал, өзінің мына жұртыңа не айтарың бар?
Қой - Маржан:
- Менде халқыма дән ризамын. Дүние дүрлігіп жатқан алмағайып заманда біздің елімізге өткен жылды өзімдей момақан, өзімдей сабырлы мінезбен бейбіт тыныштықта өткізді. Ел іргесі бүлінбеді. Ауызбіршілігіміз бен татулығымызға селкеу түспеді. Лайым солай болғай.
Өзімнің орнымды басар Мешін жылына да тілерім осы! Әрдайым бақыт, бейбіт өмір болсын! Бөбектеріміздің жүзінен күлкі арылмасын. Аманшылықта, шалқыған шадыман көңіл күйде жолығысайық! Көріскенше күн жақсы, халайық!
(Қоштасып, қол бұлғап, шығып кетеді.)
Қарашаш – Т. Нұрай:
- Ал енді, жәмиғат, ортамызға жаңа жыл - Мешінді шақырайық.
(Ду қол шапалақтау мен сахнаға жүгіріп Мешін шығады)
Қарашаш - Т. Нұрай:
- Қош келдің, жаңа Мешін жылы! Төрлет, Наурыз, елімнің бақ - береке, ырыс мейрамы!
(Иіліп көпшілікке тағзым еткен Мешін бұл кезде мәз - мейрам көңіл күйде секіріп ойнап, асыр салып көрермен көпшілікті аралап кетеді.)
Жаңа жыл есігімізден жақсылық болып енсін! Қадамына нұр жаусын, Мешін жылы!
(Ду қол шапалақтау)
- Ал, халайық! Енді осы ұлыстың ұлы күні ата салтымыз бойынша ортамызға Қызыр бабамызды шақырайық. Қызыр баба баршамызға ақ тілек, оң батасын берсін!
(Сахнаға ақ сақалды, аса таяқты Қыдыр баба шығады. Жұрт оны қол шапалақтап қарсы алады.)
Қыдыр баба – Ә. Мақсат:
- Армысыңдар, жәмиғат! (Қолын жайып.)
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барсақ, жол болсын!
Ұлыс бақты болсын!
Төрт түлігі ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле жала - жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын!
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы - уайым жоқ болсын!
Қуаныштарың көп болсын!
Әумин!!!
(Бетін сипап, бата береді. Жұрт тегіс бетін сипап, айтқаныңыз келсін айтады.)
Қыдыр баба – Ә. Мақсат:
- Қарашаш қызым, ата салтын ұмытпай, ұлыс тойын өткізіп жатқандарың өте жақсы екен. Үлкен рақмет. Ал, қане, енді қандай қызықтарың бар?
Қарашаш – Т. Нұрай:
- Қыдыр баба, Ұлыстың ұлы күні «Наурыз жыры» айтылатынын өзіңіз жақсы білесіз. Ал, қане, жұртым, «Наурыз жырын» айтайық. Қане, кім дайын?
(Екі - үш бала белсеніп алға шығады)

Бірінші бала - Рахат:
- Ұлыс күні кәрі - жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өріскен.

Екінші бала - Асылзат:
- «Сақтай гөр»,- деп терістен,
«Кел, таза бақ, кел!»- десіп.
«Ием, тілек бер!»- десіп,
Шалдар бата беріскен.

Үшінші бала - Альбина:
- Ұлыстың ұлы күнінде
Бай шығады балбырап,
Қасында жас жеткіншек
Тұлымшағы салбырап.

Төртінші бала - Нұрасыл:
- Бәйбіше шығар балпиып,
Күндігі баста қайқиып.
Келіншек шығар керіліп,
Шашбаулары төгіліп.

Бесінші бала - Нүркен:
- Ұлыс күні қар еріп,
Сай - салалар гүрілдер.
Көк шөбі шығып желкілдеп,
Дүние біткен күлімдер.

Алтыншы бала - Нұрсұлу:
- Күлімдер дүние, ойнарсың,
Күрең тайың ат болып,
Бәйгеге қоссаң, келерсің
Жұрттан жеке тақ болып.
Қыдыр баба – Ә. Мақсат:
- Ой, рақмет, айналайын балапандар! Өркендерің өсіп, талаптарыңа нұр жаусын!

Қарашаш – Т. Нұрай:
- Ал, Қыдыр баба, енді өзіңіздің жолыңызды қуған тағы бір өнерлі өрендеріңіздің наурыз күні айтылар жыр батасын тыңдап көріңіз.
Қыдыр баба – Ә. Мақсат:
- О, жөн - жөн! Тыңдайық.
(Домбыра ұстаған жыршы бала шығады.)

Жыршы - Гүлжан:
- Уа, құдайым, оңдасын,
Жаманшылық болмасын,
Аруақ біткен жар болып,
Қыдыр бабам қолдасын,
Аман сақтап төл басын,
Еккен егін солмасын.
Орта толып ырысқа,
Бейбіт өмір орнасын.
Бостандықтың ордасын
Періштелер қолдасын.
Бесіктегі бөбектің
Бақайшағы тоңбасын.
Ұлыс күні ұл мен қыз
Тайпалдырсын жорғасын.
Көш бастаған көсемдер
Өрге тартсын арбасын.
Сөз бастаған шешендер
Әділдіктен танбасын.
Көл жиналып тамшыдан
Теңіз толсын қаңсыған.
Атамекен тазарып
Асығы түссін алшыдан.
Құт - береке кетпесін
Диқаншы мен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын,
Мәңгі бақи жаппасын.
Пәле - жала қазақты
Іздесе де, таппасын!
Әумин!

Толық нұсқасын жүктеу
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×