Сайтқа кіру Тіркелу

Наурызым мерекем, наурызым берекем

Мақсаты:
- Ата - бабаларымыздың мыңдаған жылдардан бері мерекелеп келе жатқан жыл басы туралы білімдерін жетілдіру.
- Оқушыларды өз халқының, өз елінің салт - дәстүрін жақсы біліп, оны іс жүзіне асыра білуге тәрбиелеу.
- Оқушылардың ауызекі сөйлеу, ойлау қабілеттерін арттыру, өмірге, болашаққа деген сүйіспеншілігі мен ұғымдарын қалыптастыру.

Сабақтың түрі: Әдеби - музыкалық монтаж.
Көрнекілігі: Нақыл сөздер, суреттер, гүл, шарлар, қазақтың ұлттық бұйымдары.

1 - оқушы:
О, жараңдар, жараңдар!
Бәрің мұнда қараңдар!
Наурыз тойы басталды,
Текке қарап тұрмаңдар.

2 - оқушы:
Әуелесін армандар,
Үміт от боп жанғандар.
Бақ дарып, Қызыр қарасын,
Мерекеден қалмаңдар.

3 - оқушы:
О, жараңдар, жараңдар!
Тамашадан қалмаңдар.
Құс қанатты көңілмен,
Жер - әлемді шарлаңдар.

4 - оқушы:
Оятып шыңмен асқарды,
Ерітіп мұз бен ақ қарды.
Нұрландырған даланы,
Наурыз көктем басталды!

Ән: «Дабыл қаққан»
1 - жүргізуші: Наурыз құтты болсын, елімізге береке әкелсін!

2 - жүргізуші: Бармысыздар, қадірменді халайық! «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын» десіп, өткенге салауат айтып, келер күннен береке тілеп, ақ көңіл адал жүрекпен дос құшақтарды айқастырып табысатын қасиет күн - Наурыз мерекесі құтты болсын!

1 - жүргізуші: Бұл күн алдағы күндерге арналып ізгі ой, арман - мақсат айтылып, тілектер тіленген.
Ендеше: Баста - елдің көсемі,
Сөйлесе - сөздің шешені.
Ақылы асқан абыздай,
Бар түйінді шешеді, - дей отырып, мектебіміздің басшысын ортаға шақырамыз.
Сөз: Мектеп басшысына беріледі.

2 - жүргізуші:
Армысыз қасиетті Жер - Ана!
Табысып сізге тәу етемін.
Өркендеп өссін көк шыбық
Мерейіңді төге көр!
Тәу - тәу - тәу!

1 - көгершін:
Билігі әлемнің өзіңде, жер - Ана!
Көктемнің нұрына шомылған өзіңе,
Тәу - тәу - тәу!
Молшылық бер еліңе,
Кеудеңнен өнген дәніңе,
Қар жауып шөптің қайта өнгеніне,
Тәу - тәу - тәу!

1 - жүргізуші:
Армысыз қасиетті Су - Ана!
Нәр болып тарайтын далаға.
Табынып тәу етем өзіңе,
Жақсылық оянып санамда.
Тәу - тәу - тәу!

2 - көгершін:
Армысыз, сарқыраған Су - Ана!
Нұр сеуіп берген суына,
Тәу - тәу - тәу!
Жаңбыр жауып далама,
Нұрдың бізге жауғанына,
Тәу - тәу - тәу!

2 - жүргізуші:
Армысыз мерейлі Күн - Ана!
Шуағы таранған ғаламға,
Тәу - тәу - тәу!
Табынып тәу етем өзің,
Тыныштық болсын деп даламда,
Тәу - тәу - тәу!

3 - көгершін:
Армысыз құрметті Күн - Ана!
Жылуына тәу еттім,
Тәу - тәу - тәу!
Әлемді жарық еткен,
Қасиетіңе тәу етем,
Тәу - тәу - тәу!

1 - жүргізуші:
Армысыз жалынды От - Ана!
Жылуды мол шашқан далаға,
Тәу - тәу - тәу!
Мұздаған жаныма жылу бер,
Табынып тәу еттім өзіңе,
Тәу - тәу - тәу!

4 - көгершін:
Жалындап ұшқын шашып,
Жарылқаған От - Ана!
Отыңмен бой жылытшы,
Тәу - тәу - тәу!
Денімізге саулық бер.
Ел - жұртымызға жылуыңды дарыта көр,
Тәу - тәу - тәу!
Ән: «Наурыз»
1 - жүргізуші: Дүниенің құпиясын тани білген дана халқымыз жана жыл келетін күні түнде «Жалғыз шала сәуле болмас, жалғыз шырақ тәуба болмас» - деп төрге қос шырақ жағып қояды екен. Бұл түні үйдегі ыдыс атаулыға ақ құйып, оларды дәндерге, бұлақ суына толтырып қоятын болады. Оның себебі, осы жылы біздің үйімізде молшылық болсын дегенді білдіреді.

2 - жүргізуші: Аластау – халқымыздың әдет - ғұрпы бойынша «өткен күндерде ауырлық, реніш, сырқат бәрі ескі жылда, басқан ізде, жанған отта қалсын» деген ниетпен орындалатын басты рәсімнің бірі.
Алас, алас, пәледен қалас, қалас, қалас!
Жаңа жыл жарылқа,
Ескі жыл есірке.
Пәле - жаладан сақтай көр,
Жамандық әрмен әкет, айдан аман болайық,
Желден есен болайық,
Алас, алас, алас пәледен қалас, қалас, қалас!

2 - жүргізуші: Уа, халайық! Ұлыстың ұлы күні даланы Қыдыр баба аралайды екен. Қыдыр бабаға жолыққан жанның бақ жұлдызы биікте жанбақ. Оның белгісі оң қолының бас бармағында сүйек болмайды деседі білгендер. Бәрімізге де Қыдыр баба жолыққай деп тілейміз.

1 - ұлан: Армысыз, Қыдыр баба!
Қыдыр баба: Бар бол жарқыным! Жанарыңда нұр ойнаған қай баласың жарқыным?!
1 - ұлан: Көңілі жарқын, ниеті ақ, ұзында өші, қысқада кегі жоқ, досына құшағы ашық, дархандығына дос қана емес, дұшпаны да ғашық қазақ деген халықтың ұланымын, әз Баба!
Қыдыр баба: Бәрекелді, бәрекелді өренім! Алатаудың мұзбалақ қыранындай даусың саңқылдап тұр екен. Тек ұзағынан болғай, самғар аспаның кең болсын, ұлым! Иә, не тілейсің жас ұлан?
1 - ұлан: Өз көңіліме салсаң, алып ұшқан жүрегім күллі дүниедегі жақсылық атаулыны құшқысы келеді. Игілікпен ізгілік атты барлықтың бауырымда болғанын қалар едім, әз Ата. Бірақ менің Қазақ халқы атты ұлы анам, Қазақ халқы атты ұлы әкем бар. Сол екі бірдей ардағым аман болсын деп тілеймін, Баба!
2 - ұлан:
Кеңдігі ұшқан құстың қанатын,
Жүгірген аңның тұяғын тоздырған.
Көгінде қыран, жерінде ұлан ойнаған,
Теңдік пен татулықтың киелі бесігі, Қазақстаным - Отаным аман болсын деп тілеймін Баба!
3 - ұлан: «Ырыс алды - ынтымақ», «Татулық түбі береке» деуші еді үлкендер. Халқым үшін ынтымақ пен береке, татулық сұраймын, қасиетті Қыдыр баба!
4 - ұлан: «Бірлік түбі - тірлік», «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған, ынтымағы күшейген озады» деуші еді үлкендер. Халқым үшін бірлік тілеймін, әз Баба!

5 - ұлан: «Елдің атын ер шығарады, ер анадан туады», деуші еді халық даналары. Ел басына алмағайып күн туғанда атқа қонып, ел қорғаған ерлерден қалған ұрпақты, жақсыдан қалған көздерді тәрбиелеп өсірген аналарымыздың саулығын тілеп кеп тұрмын әз баба!
6 - ұлан:
Жаны жамандықтан қашық,
Құшағы досына ашық,
Шат көңіл жомарт Қазақ деген халқымның
Несібесін шалқытып, ризалығын тасыта көр,
Деп тілек тілеймін, Қыдыр баба!
Қыдыр баба:
Қабыл болсын тілегі ұландардың,
Тағдырын бер оларға қырандардың.
Елім, жерім, отаным дейді олар,
Болашақ иесі бол замандардың.
Жалыны бар алаулаған жанарда,
Сұңқар ұлан қатарынан қалама?
Дәл осындай ұлдары бар қазақтың
Бақыт оты тек биікте жанар да!
Баладай таза жүректерің,
Жасөспірім, көк шыбық өрендерім,
Қабыл болсын тілеген тілектерің! Әумин!
Қыдыр баба: Уа, халайық! Менімен ілесе келген жылды жақсылап қарсы алыңдар. Кел, төрлет, қасиетті Жылым! Жұртыңмен ризашылықпен қауыш! Барар бағыт, сапарларың сәтті болсын!

2 - жүргізуші:
Аралап келген сапар шегіп жер бетін,
Жақсылықпен нұрландырған келбетін.
Мол шуағын пейіштің ала келген,
Бұл жылы қуанышпен төрлесін.

1 - жүргізуші:
Кел, төрле қасиетті жыл көптен күткен,
Өзіңменен нұрланып келді көктем!
Шашау шашып қарсы алайық өзіңді,
Қырсық, қиянат кетсін деп жылмен өткен.

2 - жүргізуші:
Шашу, шашу, шашу!
Көп шашайық шашуды,
Ұмытайық мысық тілеу ашуды,
Теріп алған несібеңді уа, халқым!
Ару қыздар арнап шашқан шашуды.

1 - жүргізуші:
Шашу шаштық болсын деп аман халқым,
Болған соң мұндай дәстүрлі жақсы салтым.
Шашуды тергін, мол болсын деп несібем,
Келер жылға жетсек деп аманшылықпен!
Би: «Қара жорға»
2 - жүргізуші:
Халқымыз ежелден тұрақтылық пен бейбітшілікті, ел арасындағы татулық пен бірлікті ерекше бағалаған. Келесі жылы да басымыз аман, жұртымыз тыныш, жайлы болсын, халайық!

1 - жүргізуші:
Алтын күн төгеді шуағын,
Шырқаймыз өмірдің жырын біз.
Мың алғыс өзіңе туған ел,
Мың алғыс өзіңе отаным!

2 - жүргізуші:
Жасай берсін жаңа күн!
Туа берсін жаңа нұр!
Дүр сілкінсін дала бір.
Құтты болсын Наурыз той,
Құтты болсын жаңа жыл!
Ән: «Қазақы дастарханым»
Кері қайту
Ұқсас жаңалықтар:
Армысың, әз Наурыз!

Армысың, әз Наурыз!

Наурыз көктемнің ең көркем айларының бірі. Наурыз айын қазақ халқы ерекше құрметтейді. Себебі, наурыз қыстан шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды...
22 наурызға арналған тәрбие сағаты. Наурыз - берекем, Наурыз - мерекем!

22 наурызға арналған тәрбие сағаты. Наурыз - берекем, Наурыз - мерекем!

Наурыздың 22 - сінде күн мен түн теңеледі, қыс өтіп, көктем келеді. Тіршілік басталады. Ол - тіршілік арқауы - тамақ. Малдың қыстан аман шығуы, оның...
Ұлыстың ұлы күні (мектеп пен бала бақша сахнасына)

Ұлыстың ұлы күні (мектеп пен бала бақша сахнасына)

Авторы: Ақылбек Шаяхмет Ұлыстың ұлы күні (мектеп пен бала бақша сахнасына)...
Қош келдің, Әз - Наурыз!

Қош келдің, Әз - Наурыз!

Наурыз - өте көнеден келе жатқан мейрам. Наурыз сөзі парсы тілінің Нау – жаңа, рыз – күн деген сөздерінен шыққан, жылдың бірінші күнін білдірген....
Наурыз мейрамы

Наурыз мейрамы

Семей қаласы, Қ. Рысқұлбеков атындағы №33 орта мектеп бастауыш сынып мұғалімі Ажмагамбетова Бакжамал Ногайбаевна...
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×