Сайтқа кіру Тіркелу

Мінез - құлық әліппесі

Тақырыбы: Мінез - құлық әліппесі
Мақсаты: 1. Оқушыларға адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарын білуге үйрету;
2. Адамгершілік қасиеттерге бағыттай отырып, оқушының рухани білімін байыту, логикалық ойын дамыту, ойын еркін, дәлелді түрде жеткізе білуге жетелеу;
3. Адамгершілік қасиеттерді сезіне білуге және үлгі ете білуге тәрбиелеу, имандылыққа, инабаттылыққа баулу.
Көрнекілігі: интерактивті тақта, нақыл сөздер, техникалық құралдар, гүл, шарлар.
Түрі: өнеге сағаты
Әдісі: сұрақ - жауап, топтастыру, тренингі, жағдаятты сұрақтар, үнтаспа
Жүрісі:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
ІІ. Шаттық шеңбері. Музыка ойнап тұрады.
Мұғалім:
Қайырлы күн, балалар!
Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,
Бізге келсін қуаныш нұр іздеген,
Шуақ толған жанымыз жүрегіміз,
Үлгі алсын көрген жан мына бізден.

Балалар, «Адамгершілік амандасудан басталады»- дегендей ең алдымен күлімдеп бас иіп қонақтармен, бір - бірімізбен амандасып алайық. Рахмет. Енді әсем әуен сазымен бір - бірімізге тілегімізді айтайық.
Мысалы: Қайырлы күн! Сабағыңды жақсы оқы! Әрқашан жүзіңнен күлкі кетпесін! Адал бол! Қайрымды бол! Жүрегің жақсылыққа толы болсын! Алланың нұры жаусын!

Соңынан бір оқушы шоқ гүлді ұстазға ұсынады.
Бірге: Ал біз сізге бақыт тілейміз.
Мұғалім: Рахмет оқушылар, осы гүл шоғырлары біздің тәрбиелік шарамыздың сәтті өтуіне көмектеседі деп ойлаймын.
Ұл мен қызды дәріптеу мақсатында өлең шумақтары оқылады.
Білектей арқасында өрген бұрым,
Шолпысы сылдыр қағып жүрсе ақырын.
Камшат бөрік, қара қасты,
Сұлу қыздың көріп пе ең мұндай түрін?!- деген Абай атамыздың өлең жолдарын қыздарымызға,
Атадан жақсы ұл туса,
Елінің туы болады.
Атадан жаман ұл туса,
Елінің соры болады - деген Қазбек бидің нақыл сөздері ол балаларға арнай отырып, бүгінгі «Мінез - құлық әліппесі» атты тәрбиелік шарамызды бастаймыз.
А. Құнанбаевтың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқитын Ақтоты, Еркежан, Диана.
ІІІ. Тренинг.
Алдымыздағы параққа адам бойындағы жаман қасиеттерді жазыңыз. Болғасын жазған қағазды алдарыңызға бүктеп қойыңыз. Ал енді жақсы қасиеттерді жазыңыз.

Топтастыру стратегиясы.
І топ (адамгершілік, имандылық, адалдық, әдептілік, әділдік)
ІІ топ (әдептілік, ізеттілік, қайырымдылық, инабаттылық)
ІІІ топ (қамқорлық, үлкенге ізет, кішіге қамқор болу, ұяттылық, шыншылдық)
Балалар, қазақта мынадай тілек бар екен. Қыздарға ибалы, инабатты болсын, ұлың иманды, жүректі болсын, адамгершілігі мол болсын, қайырымды болсын! Адам бойында жақсылық пен жамандық, имандылық пен имансыздық қатар жүреді. Енді осы жаман қасиеттерден мүлде аулақ болу үшін манағы жазған жаман қасиеттерді жазған парақтарды жыртып тастайық.
Бүгінгі тәрбие сағатымызда тек жақсы қасиеттерді сөз етіп, ұл мен қыздың тәрбиесіндегі адамгершілік, имандылық қағидаларына тоқталамыз.
Осы өз пікірлерімізді ортаға салайық. Балалар пікірі тыңдалады.

ІV. Жаңа ақпарат.
І топ
Иман - араб тілінде сенім деген ұғымды білдіреді. Халық адамгершілігі жоғары кісіні «иманды» деп құрметтейді, адамгершілік қалыпты бұзған адамды «имансыз» деп жек көреді. Адамгершілігі, ар - ұяты бар адамның бет - бейнесі, иман жүзділігі жарқын, биязы парасатты болады. Ондай адамды халық «иман жүзді кісі» деп бағалайды. Абай атамыздың даналығы - адамдықты жақтайды.
Адам болам десеңіз
Бес нәрседен қашық бол....,-
Бес нәрсеге асық бол,- деп Абай атамыз айтқандай адамның ішкі рухани қазынасының молығуы өз қолында.
ІІ топ
Ата - бабаларымыз адамның ішкі дүниесіне зер сала отырып, өздерінің көз жеткізген ой - пікірлерін өсиет етіп кейінгі ұрпаққа қалдырып отырған. Қазақ далаларының тұжырымдауынша, адамгершілік, имандылық мынадай 10нәрседен тұрады: біріншіден; адамдарға кішіпейіл және нәзік сезімталдықпен қараудан, екіншіден; өзінің ісінің бұрыс екенін біліп, соған орай әрекет жасаудан, үшіншіден; халқыңа қызмет етуден, төртіншіден; өз сырларын басқаға білдіру - білдірмеуді білу, бесіншіден; өзінің және басқалардың сырын сақтаудан, алтыншыдан; әр жағдайда сақ бола білуден, жетіншіден; тілге ие болып, артық сөйлемеуден, сегізіншіден; әдеп сақтаудан, тоғызыншы; қатеңді бірден мойындап, кешірім сұраудан, оныншы құлаққа жағымсыз сөзді айтпаудан.
ІІІ топ
Инабаттылық - әдептіліктің әсем көрінісі.
Инабаттылық рәсімдері: қарапайымдылық, сыпайылық, тіл алғыштық, адалдық, әділдік, жауапкершілік. Инабатты, биязы мінезді қатардағы қарапайым қамқоршы адамды халық нағыз перзентім деп үлгі тұтады. Ұлы ғұламалардың еңбектерінің қайсысы болсын имандылық, инабаттылық, адамдық қасиет қалыптастыруды көздеген. Сондай еңбектердің бірі - Қожа Ахмет Яссауидің «Даналық кітабы». Онда 149 өсиет аса қымбат тәлім тәрбиелік тұжырымдар. Халқымыз ежелден ұлдарын батырлыққа баулып, түзде өсірсе, қыздарын үй шаруасына үйретіп, «қырық үйден тыйым салған».
Имандылық қасиеттер:
Қарапайымдылық,Сыпайылық, Мейірімділік, Кішіпейілділік, Ізеттілік, Адалдық
V. Ойланайық пікірлесейік.
Ұлдарға сұрақ:
1. Қыздың көркі деп нені түсінесің? (ең біріншіден мінезі, әдептілігі, әрине сыртқы келбеті)
2. Қыздарды неге өмірдің гүлі дейді? (Гүл табиғаттың сәні, оны баптап, бағып күтсең, әдемі хош иісті болып өседі. Қыз балада, солай кішкентай кезінен бастап бағып, жақсы тәрбие беру керек. Отбасында берген тәрбие қалай болса, өскенде солай қалыптасады).
3. Қызға қандай қылық жараспайды? (ерсі күлгені, дөрекі сөйлегені, өтірік айтқаны)
4. Қыздарға арнап мақал айт.(Қыз өссе елдің көркі, Таудың көркі тас, қыздың көркі шаш. Қызға қырық үйден тыю. Анаға қарап қыз өсер)
5. Өзіңе қыздардың қандай қасиеті ұнайды?(қылықты, әдепті болса, сыпайы, биязы болса)

Қыздарға сұрақ
1. Ұлдарға қандай қылық жараспайды? ( бұзақылық, сотқарлығы, кісіні сыйламайтындығы)
2. Ұлдарға арнап мақал айт.
(Атадан жақсы ұл туса,
Қар үстіне от жанар.
Атадан жаман ұл туса,
Ат үстінде ит қабар

Жақсы бала әкесін басын төрге сүйрейді, жаман бала әкесінің төрдегі басын есікке сүйрейді, жақсы бала - сүйік, жаман бала - күйік)
3. Саған ұлдардың қандай мінезі ұнайды? (салмақты, кішіпейіл, адамгершілігі мол)
4. Атадан жақсы ұл туса, елінің туы болады дегенді қалай түсінесің? (Отан үшін отқа түс күймейсің дегендей, ұл бала еліне Отанына қызмет етуі тиіс. Ол үшін тәртіпті, саналы, адамгершілігі мол болуы керек деп ойлаймын)
5. Ұл бала үшін қасиетті борыш деп нені атар едің? ( Ата - анасын сыйлау, өз елін қорғау)
VІ. Ситуациялық жағдаяттар.
І топ.
Елдостың қылығы
Велосипедпен жарысып келе жатқан Елдос жолдың шетінде тұрған қарияны көреді. Не істеуі керек? Жол беріп, өткізіп жіберсе, жолдастарынан қалып қояды. Жарыстың аты жарыс, Елдос қарияның жолын кесіп өтеді. Елдостың қылығы дұрыс па? Бұрыс па? Сен қайтер едің?
ІІ топ.
1 сұрақ. Сіз автобуста отырсыз. Келесі аялдамадан қарт адам кірді. Бос орын жоқ. Не істер едің?
2 сұрақ. Көшеде қарт әже құлап қалды. Сен не істер едің?
3 сұрақ. Сіз мектепте біреудің сөмкесін тауып алдыңыз? Қандай әрекет жасар едіңіз?
ІІІ топ.
1 сұрақ. Сіз дүкенде кезекте тұрсыз. Сізден кейін егде тартқан қарт адам келіп тұрды. Сіз қайтер едіңіз?
2 сұрақ. Сыныптас екі құрбың театрда отырып, қатты күліп, дөрекі сөйлеп, басқалардың көңілін өзіне аударып отыр. Құрбыларыңа не айтар едің?
3 сұрақ. Көшеде, мектепте, үйде таныс адамдармен кездескенде не істеу керек?
1 - көрініс. «Бейтаныс бала».
Асылтас әжей зейнетақысын алып, дүкенге барды. Қажетті керек жарағын алып, үйіне келді. Ішке келген соң, алғандарын сөмкесінен шығарды. Әмиянын іздеп еді, таба алмады. Сөмкенің тесіліп қалғанын әлден уақыттан кейін байқады.
Қайта киініп, дала шықты. Аялдамаға дейін көзін жерден алмай қарағанмен, таба алмады. Қомақты зейнет ақысынан айырылып қалғанына қатты қапаланды. Жүре - жүре шаршап қалыпты есіктен кіре диванға келіп құлады. Соның арасында көзі ілініп кеткен екен безілдеген қоңырау үнінен оянды. «Жұмыстан оралған балалардың бірі шығар» деп есікті ашып еді, мектеп жасындағы бір бала тұр екен.
- Әже, әмияныңызды тауып алдым,- деді қолындағы затын ұсынып. Абыржып қалған әжей.
- Менің мекен жайымды қайдан білдің?- деді таңырқай қарап.
- Әмияныңыздың бір қалтасында мекен жайларыңыз жазылған қағаз бар екен, сол арқылы таптым. Ақшасы сол қалпында. Қуанып кеткен әже:
- Көп жаса, балам..... бақытты бол!- деді әмиянынан ақша алып ұсынып.
- Міне мынаған тәтті алып же.
- Ақшаны алмайтынын білдіріп, басын шайқаған бала,- жоқ әже, қажет емес. Ақшаңызды тағы жоғалтып алмаңыз,- деді бұрыла беріп.- Сау болыңыз!
- Шырағым, кімнің баласысың?- деді әже кетіп бара жатқан баланың арт жағынан.
- Атамның - деген дауыс шықты аздан соң бала кеткен жақтан. Ол бірінші қабатқа түсіп, көрінбей кеткен еді.
- Қап, мына баланы - ай жөндеп атын да, кімнің баласы екенін де айтпай кетті - ау
ӘӘ.... өзі бір тәрбиелі, мың болғыр ғой... – деп күбірлеген әже орнынан қозғалмастан бала кеткен жаққа сүйсіне көз салып тағы біраз аялдады.

2 - көрініс. «Адал дос».
Үшінші сыныпта оқитын Досан мектепке келе жатып тайып жығылып, аяғын баса алмай қалды. Абырой болғанда артынан алтыншы сыныптың екі баласы келе жатыр екен. Солар қолтықтап, сыныбына жеткізіп салды. Кешікпей сабақ басталды. Шәкірттерін түгендеп, жүздеріне барлай қараған апайы Досанның қабағы салбырап, әлденеге қиналып отырғанын байқады.
- Досан, саған не болды? Өңің бұзылып кетіпті ғой,- деді артынша.
- Жығылып аяғымды ауыртып алдым,- деді Досан одан бетер қиналып.
- Онда тезірек үйіңе қайта ғой. Барған соң дәрігер шақырт. Досан сөмкесін алып, орнынан көтерілді. Бірақ аяғын баса алмай қайтадан отыра кетті. Оны көрген мұғалімі:
- сен мына түріңмен қалай үйіңе жетесің. Қасыңа балалардың біреуі еріп барсын. Кәне Досанды жеткізіп салуға кім барады?- деді сыныпқа қарап.
Ешкім баратын ыңғай таныта қоймады.- Бағылан сен ширақ едің ғой. Осындайда досыңа жәрдемдесіп жіберуге қалайсың?- деді мұғалім.
- Апай, Досанға көмектесер едім - ақ, бірақ бір сабақтан кейін әкем келіп сізден сұрап аламын деген еді. Бір тығыз шаруамен ауданға баратын болғанбыз,- деп ол тайсақтанып шыға келді. Сыныптың орта тұсында отыратын Назгүл жан - жағына қарады. Ешкімнің қол көтере қоймағанын көрген ол:
- Апай, мен барайын. Менің атам – сынықшы. Досанның аяғын әуелі атама көрсетейік. Сонан соң үйіне жеткізіп салармын,- деді батылдау сөйлеп.
- Назгүлжан, жарайсың! Атаңның үйі алыстау еді ғой. Көшеге шыға салып бір көлік ұстаңдар. Мен қазір жолдарыңа ақша берейін,- деп апай да бәйек болып жатыр.
- Апай рахмет! Жолға ақшам жетеді.
- Ақшаңды жұмсап қойғаныңа апаң ренжіп қалмай ма?!
- Жоқ. Апам өте қайырымды кісі «Біреу қиналғанда, оған қарайласып, шамаң келгенше жәрдемдесіп жібер»- деп үнемі айтып отырады.
- Міне бұл нағыз достық!- деді мұғалім Назгүлдің пейіліне сүйсініп.- Адал достар тосын жағдайда бір - біріне көмек көрсетіп, қолғабыс жасауы керек. Сендердің бір - бірлеріңе ықыласпен қол ұшын беріп жатқандарың қандай жақсы!

Құлаққа кіріп бойды алар,
Жақсы ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсен менше сүй - дей отырып,
Ән «Ақбұлақ» Ә. Тәжібаев. Орындайтын: Әлден Анель

VІІ. «Жалғастыр» ойыны.
Енді балалар, біраз сергіп алайық.
Не істеуге болмайды?
Не істеу керек? Не істер едің?
Үлкендердің алдын кесіп өтуге болмайды
Үлкендерді сыйлап, амандасып жүру керек Адамдарға қамқор болар едім
Сабақтан кешігуге болмайды
Кішілерге қамқор болу керек Туған жерімді көркейтер едім
Сыныпта жүгіруге, кішілерге тиісуге болмайды
Сабақты жақсы оқу керек Өз Отанымның мақтанышы, қорғаны болар едім
Үлкен кісілердің сөзін бөлуге болмайды
Тәртіпті болу керек Иманды ұл болар едім
Тәртіпсіз болуға болмайды Әдептілік қағидаларын сақтау керек
Инабатты қыз болар едім

VІІІ. Қорытынды.
Мұғалім. Сонымен балалар бүгінгі тәрбие шарамыздан не түйдік?
Бүгін біз адамгершілік, имандылық туралы мағлұмат алдық. Сіздер қай жерде болсаңдар да әдепті, тәртіпті, ақылды болып, жамандықты жақсылыққа баурап жүрулерің керек. Өмір сіздерден осыны талап етеді.
Сонымен, иманды ұлмен, инабатты қыздың бойында қандай қасиеттер болуы керек?
Топтастыру.
Иманды ұл, инабатты қыз
Тәртіпті ибалы
Қайырымды, сыпайы
Әдепті биязы
Адамгершілігі мол кішіпейіл
ІХ. Жүректен жүрекке
Балалар, енді бір - бірлеріңе тілек жазып, қалаған адамдарыңа ұсына қойыңыздар.
Аң жортар аяғымен, жер еркесі
Құс ұшар қанатымен көк еркесі
Халқыңа қалаулы ұл болам десең.
Адам бол! Болма адамның көлеңкесі - Абай атамыз айтқандай. Сіздерге адамгершілігі мол, еліміздің иманды да, инабатты ұл - қызы болып өсіңіздер деп тілек айтамын.
Кері қайту
Пікірлер: 0
Пікір білдіру
Ақпарат
Қонақтар,тобындағы қолданушылар пікірін білдіре алмайды.
Абайдың қара сөздері, Ашық сабақ, Бастауыш, Информатика, Мақала, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері, Ресей, Русский язык, Сабақ жоспары, Тәуелсіздік, Физика, Химия, абай құнанбаев қара сөздері, абай құнанбайұлының қара сөздері, ана тілі, ағылшын тілі, бала-бақша, балабақша, бастауыш сынып, баяндама, биология, география, дүниетану, жыр, математика, презентация, сайыс, сайыс сабақ, сауат ашу, сценарий, тарих, тақпақ, технология, тәрбие сағаты, Қазақ әдебиеті, Қазақстан, қазақ тілі, қазақ тілінен сабақ жоспары, қысқа мерзімді жоспар, өлең

Барлық тегтерді көрсету
×